Ұлтына қызмет ету – мінезден…..


«Әулиекөл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің №28 Құсмұрын орта мектебі» ММ

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Асемгуль Багитбаевна Абуталипова

Ұлтына, жұртына қызмет етуді білімнен емес, мінезден бастап, қайтпас қайсарлығымен, тауылмас күш-жігерімен  аяғына дейін жеткізген ұлы тұлғаларымыздың бірі – Әлихан Бөкейханұлының туғанына биылғы жылда 150 жылдың қарасы болды. 2015 жылғы қарашаның басында өткен ЮНЕСКО-ның бас конференциясының 38-сессиясы «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туңанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің  ұсынысын бекіткен еді. Осы үлкен жиынның қаралған мәселесі бойынша Әлихан атамыздың барша әлемдік деңгейде танылған тарихи саясаткер тұлға екендігін барша жұртқа тағы да айта кету артық емес. Сонымен бірге, өзіміздің депутаттарымыздың да арнайы ресми ұсынысымен, өтінішімен және де Үкіметтің қолдауымен Алашорда көшбасшысының мерейтойы   мемлекеттік деңгейде  аталып, шашбауы кесілгендігіне куә болдық.  Аталған шаралардың ішінде мәдениет, білім, саясат саласында түрлі деңгейде бірталай іс-шаралар атқарылып, біраз келелі мәселелер толқын бетіне шығып, тарихымыз мен ұлтымыздың жанашырлары үшін бір көңіл тойған сәт болды. Ұлт мүддесін қорғау оның бас бостандығын, еркіндігін, егемендігін қорғаудан басталса, тіліне жанашырлық жасап, тілін жаңғыртумен, арттырумен жалғасатындығы айқын. Сол сұм жылдардағы ұлтымыздың бастан кешкендігін тайға таңба басқандай жеткізе білген Алаштың ардақтысы Әлихан атамыздың ерен еңбегі, төккен тері көптеген бұқарамен қазіргі таңда насихатталса да, жас ұрпақ өз санасымен қайталанбаса – аздық секілді. Облысымыздың 80 жылдығы да, Ыбырай атамыздың 175 жылдығы, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы – барша мерейлер біз үшін, ел үшін үлкен қуаныш, егемендік белгісі деп білемін. Осыған байланысты, әрбір жалпы білім беретін білім ордаларында Әлихан атамыздың 150 жылдығын атап өтуде өз жоспарлары болды. Біздің мектептің «Шоқан шәкірттері» дебат клубы, алдымен, мектепішінде, соңынан облыстың көлемінде Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті  аясында өткізілген пікірталас жарысында шәкірттеріміз алға озып, білімімен және шешендік қабілетімен сөз бәйгесінен бас жүлдені алғандығы Шоқан туған жердің қазақ мектебі үшін үлкен мәртебе.  Ата берсек, аудан және облыс, республика болып дүйім жұртшылықтың атқарған ісі  көп екендігіне көз жеткізуге болады.  Алаш орданың кезіндегі мақсаты мен міндетін жүзеге асыру бойынша сол уақытта атқарған қызметтерін қазіргі кезге дейінгі аралыққа 90 жылға басым болар медиа жоспар ретінде қабылдасақ, ол жоспардың әрбір тармағының орындалғандығын көре аламыз. Әли атамыздың  өткен ғасыр бойынша атқарған жұмысын талқыға салып, сараптаған ұлы тұлғалардың бірі Қошке Кемеңгерұлының: «Әлиханның қазақ еліне сіңірген тарихи қызметі: әдеби  тіл тууына себеп болды» – деген сөзі саясаткер атамыздың  тіл тағдырына жетене араласқандығы жөнінде кеудені көтере нақты айта аламыз. Бұған себеп болған жағдаяттар некен-саяқ. Әлихан атамыз «Қазақша-орысша тілмаш» (Мәскеу, 1925 ж.) тәрізді  ғасыр басында жарық көрген едәуір көлемді  сөздіктің редакторы болғандығы куә секілді. Сонымен бірге, «Грамматика казахского языка» (1927) сынды еуропалықтарға арналған оқу құралының  және «Жауропалықтарға арналған оқу құралы» (1-кітабы Ташкент, 1928; 2-кітабы Қызылорда, 1929) кітаптарының авторы, тіл мәселесіне арналған «Қотыр сөздер», «Жат тілді оқыту әдісі», «Мектеп қай тілде болу керек?», «Қазақша ай аттары», «Дұрыс па? Бұрыс па?»  және тағы  басқа да бірқатар мақалалар жазған,  тілдің жайын жақсы білген Алаш оқымыстысы екендігі тарихпен дәлелденген. Осы тілдік құралдарға қатысты жазған жұмыстарын атап өте келе Әлихан атаның Ахмет Байтұрсыновпен бірге қоса айтуға тұрарлық алып тіл қамқоршысы деген пікірге ден қойсақ та болады. Осы орайда «Әлихан Бөкейхан және қазақтың жазба әдеби тілі» деген пікірталас мәселесін өткізіп, қазақ  тілі оқулықтарындағы «әдеби тіл» тақырыбына Бөкейханов туралы  тапсырмаларды қосса нұр үстіне нұр болар деген пікірдемін. Жалпы, мектеп бағдарламасындағы қолданбалы курстардың біріне гуманитарлық бағытқа «Әлихантану» атты курс сабағын енгізсе де болады екен. Себебі, қазақ тілін, қазақ жазба әдеби тілін алып қарағанда Әлихан атамыздың есімі қоса жүреді, Әлихан Бөкейханның тілді қалптастырудағы, дамытудағы, жаңғыртудағы көкейкесті мақалаларын зерттеу бойынша оқушылар тарапынан ғылыми жұмыстарды бастауға болатындығы да ойға келуде. Сонымен бірге, Алаш ардақтысының өзімен бірге қоса алып жүрген ермегі мен елеулі еңбегінің бір саласы – аудармашылық мұралары.  Аудармашылық оның шығармашылық  қызметінің маңызды қыры. Көркем аудармамен, ғылыми, ғылыми-танымдық, саяси әдебиеттер мен түрлі пән оқулықтарын, оқу-ағартуға  арналған құралдарды  аударумен де айналысқандығын айта кеткен жөн. Алаш зиялысы  әлем   әдебиетінің   жауһарлары саналатын Ги де Мопассан, О. Уайльдтің, көрнекті орыс классиктері Л.Н. Толстойдың, А.П. Чеховтың, И.С. Тургенев,  В.Г. Короленконың, Д.Н. Мамин-Сибиряктің шығармаларын, көне гректің әйгілі  ақын-мысалшысы Эзоп мысалдарын, орыс генералы, этнограф,    археолог,    тарихшы,     фольклор     зерттеушісі,   профессор Н.А. Маркстің «Қырымның ескі әңгімелерін» аударды.  Қазақ жазба әдеби тілін, ғалым тілін қалыптастыруға қосқан атамыздың үлесінің бірі – ол жасаған терминдер. Аудармалары мен еңбектерінде ол жазған бірталай терминдерді кездестіруге болады.

Қорыта айтқанда, Әлихан атамыздың 150-жылдығы, облысымыздың және Ыбырай атамыздың мерейлері тәуеліздіктің мерейімен тұспа-тұс келгендігі  біздің еліміз үшін атулы жақсылық нышаны деп білемін. Ұлтымыздың мүддесін ойлайтын жас ұрпақтар көптен көп болғай!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *