Абай шығармаларындағы мораль философиясы немесе Абай атаға арнау….

«Әулиекөл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің №28 Құсмұрын орта мектебі» ММ

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Абуталипова Асемгуль Багитбаевна

Әуезов өзінің ерте және кеш көрсеткен жұмыстарында Абайдың мораль философиясын үйретуге  деген қатысы туралы мәселеге көп көңіл аударған. Осы философияның идеялары негізгі көзін қарастыра келе, Абай адамгершілік жеке таным мәселелерін өте тығыз байланысты ұстаған, ал ол идеялары қоғам мүшелерін гуманистік тәрбиеге бағыттаған.  Ойшыл ақын осы танымдарын, дін мен гуманизм туралы білімін «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде сипаттаған. Абай дінге, тәрбиеге, гуманизм және мораль философиясына қатысты көзқарастарын 12, 13, 27, 28, 35, 36, 38, 43, 45 қара сөздерінде көрсетіп отырған, осы жазбаларында діни сенімнің маңыздылығын ашқан. Абайдың барлық концепциялары, оның танымдарының теориялық негіздемелері гуманистік идеяларына кеп тіреледі. Бірінші боп қарағанда, Абай оларда діни тақырыптарды ашып отырғандығы көрінуі мүмкін. Әлбетте, оның ойларының негізгі логикасы мораль философиясына әкеп соқтырады, не болмаса тұлғаның адамгершіл сипаты  мәселесін құрастыруға әкелетіндігі сөзсіз.

Әуезов өзінің эпопеясында Абайдың шығармаларын зерттеуде, Абайдың адамгершіл қасиеттері туралы көзқарастарына  негізделе жасаған  жазбаларын ерекше атайды. Ал Абайдың ерекше көзқарастары оның философиялық танымында терең нәр алған. Абай: «Тәлімгерліктің және әлеуметтік талпыныс әрекеттердің  соңғы мақсаты – жекеленген тұлғаларды түрлі «дерттен» тазарту; осы арқылы түрлі дәуірде қоғам өмірін түзу жолға дұрыстап қою қажет, ақырында ол халықтың тұрмысы мен тағылымын түбегейлі өзгерту», – деген.

Абайдың осы сөзін талдай келе «Абай неліктен гуманистік тәрбие тақырыбына үнемі тоқтала берді» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл тақырыппен қоса, оның негізінде – философиялық моральді көп қозғауына не себеп? Осы сұрақтарға жауап іздей келе, қоғамның жеке мүшелерін түрлі «дерттен» айықтыру арқылы өмірді өзгерткісі келген еңбегі үшін Абайды демократ-ағартушы деп те Әуезов таныған. Абай секілді мораль философиясына көз тіге қарап, өз ойларын жазбаша қалдырған Л.Н. Толстой да бар. Екеуінің байланысып жатқан бағыт жолдары да осы болар. «Абай жолы» романында кейіпкерлер арасындағы мораль философиясы өте ерекше көрсетілген.

Абайдың шығармасындағы «Адам болу…» талаптары туралы сөз айта кетсем, Абайдың тұлғаның адамгершіл қасиеттермен толықсулары  туралы алғашқы идеялары «Ғылым таппай, мақтанба…» өлеңінде байқалады.

Ғылым таппай, мақтанба

Орын таппай, баптанба,

Құмарланып, шаттанба

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз…….

Осы жерде «Адам болам десеңіз…» деп, адам болу үшін қандай шара қолдану, қандай шек қою керектігін ерекше атап көрсеткен. «Адам болам десеңіз…» деген тезисі әрі қарай жүйелік дамуын жалғастыруға жетелейді.

Гуманизм идеяларын жүзеге асыруға деген талпыныс барша адам назарында бірнеше ғасырлар бойы келе жатқан басты мәселелердің бірі.

Жеке тұлғалардың санасын және тәртіп нормаларын жетілдіру үдерісінде тұлғаның адамгершіл толығуы жетістігі жолдарындағы көзқарастар күресі үздіксіз жүргізілуде.  Әр уақыт пен әр дәуір гуманистері, философтары, әлемдегі ең құнды және ең құдыретті  ол – адам екендігін айтып кеткен. Осы ойлардан шыға келе, мораль философиясы қағидаларын негізге ала келе  «Адам ары /совесть/ қандай қасиеттерден тұруы қажет?» деген сұраққа көптеген ғалымдар мен философтар жауап беруге тырысқан. Абайды да бұл мәселе қозғаған.  Әсіресе, жас ұрпақтың ар-намысы биік және берік болуы үшін қандай қасиеттерге баулу қажет екендігіне жауаптар іздене келе, Абайдың гуманистік танымының биігі болып  оның «иманигүл» концепциясы танылады. Осы ілім негізінде Абай мораль филососфиясы қағидасын қолданады: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», өзін де, өзгені де   барша жұртты  өз бауырындай сүюге шақырып, мораль философиясын жоғары қойды. Бұл идеялар Абайдың бар шығармасын шарлаған. Адам бойына жақсы қасиеттерді  өз шығармалары арқылы сіңіріп, жаман қасиеттерді ысырып тастауда көп еңбек етті, ізденді. «Түзетпек едім заманды»,  – дейді. «Ғылым таппай, мақтанба…» өлеңінде Абай бар арманын білдірген.

Қазақ халқының жарқын болашағын, жастарды гуманистік рухпен тәрбиелеу, «адам қылу», бір сөзбен айтқанда тұлғаны адамгершіл қасиеттермен толықтыру мәселелерін Абай атамыз өз шығармаларында толықтай аша түскен.

Жыл өте келе Абай атамыздың мерейі үстем, артта қалған әдеби-мәдени мұрасы кеңінен таралуда. Былтырғы жыл 170 жылдығын тойлаумен ерекшеленсе, биылғы жылда мектепте шәкірттеріммен бірге «Абай оқулары» мектепішілік әдеби-сазды кеш ұйымдастырмақпыз.  Абайдың 176 өлеңін бірден жаттамаса да, жыл сайын бас ақынның шығармаларын жатқа оқу арқылы қазақтың мол мұрасын дәріптеу – парызымыз деп білемін. Абай атамызды сан-қырлы жағынан сипаттау әрбір жылды қамти берері сөзсіз. Өскелең жас ұрпаққа Абайды философ-ақын ретінде танытудың өзі де ерекше әсерлі жұмысты қажет ететін үдеріс болған соң, осындай аздаған мақаламды білім алушы жас өркенге арнадым. Сонымен бірге, көңіл толқып, атамыздың шексіз-дария іліміне деген ризашылық сезімімді бірнеше өлең жолдарымен сыртқа шығаруды жөн көрдім:

Барша жұртқа  тірек болар пана болдың

Ақыл айтып, бар халыққа  дана болдың.

Еңбекті насихаттап қыз-жігітке,

Кеңес берер әрқашанда аға болдың.

 

Көйлек пенен күртелерге салыстырсам,

Сән берер, әсем, көркем жаға болдың.

Ешкімге ұқсамай-ақ ерек болған,

Абай ата, өзің, өте дара болдың.

 

Қара жұртқа қиын кезде ақыл берген,

Таусылмайтын, бітпейтін сана болдың.

Болмашы, өзекті мәселе деп,

Шығатын түзу жолды таба білдің.

 

Ел іші арасында ұрыс болса,

Бейбіт өмір әділдікке бара білдің.

Бай болсын, кедей болсын – барша жұртты

Бірдей, теңдеу екенін көре білдің.

 

171 жылдан кейін болар жайтты

Абай дара сол кезде біле білдің.

Ұлтаралық рухани келісімге

Сол кездің өзінде-ақ ене білдің.

 

Қазақ тілі мәртебиесін өз заманда

Өзектілік мәселесін аша білдің.

Көзі ашық, әділ қоғам қатарына

Көп тілменен шатаспай ере  білдің.

 

Қиын қыстау, шешілмес мәселеге

Сап көңілмен, сабырмен көне білдің.

170 жыл өтсе де, Ұлы Абайым

Жас ұрпаққа мәнді ойлар бере білдің.

Leave a Reply

Your email address will not be published.