Эссе «Тәуелсіздік тұғырым»


Рыхсуллаева Мафтуна, 16 жаста

Оңтүстік Қазақстан «Арыстанбаб» колледжі

ОҚО,Сарыағаш қаласы

Жетекшісі: Байқұтова Алима Асқарқызы, өзін-өзі тану пәні оқытушысы

Оңтүстік Қазақстан «Арыстанбаб» колледжі

«Пай, пай, пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп, төккен тер,

Ғашықтар бір – бірін өпкен жер,

Сарылып сал – сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!» – деп М.Мақатаев айтқандай, ең бірінші, туған жерім Қазақстанға тағзым етіп, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын. Мен өз ұлтыммен, әрі осындай тәуелсіз, егемен елде дүниеге келгеніммен, қатты қуанамын. Себебі мен тәуелсіз елдің патриотымын!

Ақиық ұлы ақынымыз:

«Ой-хой, қазақ даласы, не көрмедің?!

Қанша қурап, қаншама көгермедің?!

Қорқыт ата қобызымен боздаттың ғой,

Асанның шерге толы өлеңдерін!

Ой – хой, қазақ даласы не көрмедің?!» деп жырлағандай халқымыз қазақ болып, ұлт болып қалыптасу  жолында да, одан кейінгі кезеңдерде де, талай қиямет-қайым күндерді де, талай қилы замандарды, кескілескен шапқыншылықтарды да бастан өткерді. Білектің күшімен, найзаның ұшымен, соңғы демі қалғанша туған жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған ұлы даланың ұлы кемеңгерлерінің арқасында бақытты өмір кешудеміз. «Тәуелсіз Қазақстан!», «Қазақстан Республикасы» неткен керемет, киелі ұғымдар десеңізші?! Бұл ұғымдардан Отанымыздың тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады. Бүгінде біз қанатын кеңге жайған егеменді елміз. Көк туымыз желбіреп, сол жағымыздағы мақтаныш сезіммен дүрсілдеп тұрған жүрек әнұранымызға әуен қосып, әнұранымыз асқақтай шырқалуда. Тәуелсіздік туының желбірегеніне де,  міне биыл 25 жыл толады. Тоғыз жолдың торбындағы алпауыт елдер қатарындағы алып мемлекетімізді әлем жұршылығы құрметтейді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та Қазақстанның 25 жылда биік тұғырға көтерілуіне үлкен үлес қосты. Ерең еңбегіне  Қазақстанның әр азаматының жүрегінен орын алғандай осындай көшбасшымыздың болғанына да мақтанамын. Ешқандай қиыншылық көрмей жүргенімде, ата –анамның жүздерінен қуаныш пен шаттық іздерін байқағанда, көкірегімді керіп «Тәуелсіз елдің патриотымын»  – деп, айта бергім келеді. Еліміздің бейбітшілігінің, тәуелсіздігінің арқасында күліп-ойнап, еркін білім алып жатқан ерікті елдің еркін ұланының бірімін!

Н.Ә.Назарбаев: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйытқи соққан желдер бар. Бел де талар, желде беттен қағар. Бәріне де төзу керек, бәріне де көну керек, жас ұрпақ!» – деп, айтқандай біздер жас ұрпақ тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екенімізді, аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын түсінуіміз керек. Бүгінгі партада отырған оқушы – ертеңгі азамат, ел патриоты. Сол азаматтардың ең бірінші міндеті – сол елдің іргетасының берік болуына үлес қосу, тәуелсіз елдің патриоты екенін дәлелдеу.

2016- жылдың 16- желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылды мерейтойы. Бұл мемлекетіміз бен әрі халқымыз үшін ең басты, құнды мереке. Тәуелсіз еліміз дәл осы дәрежеге жету жолында көптеген қиыншылықтарды бастан өткізді. Еліміз ширек ғасырға  жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына төзе білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік шыңдарды, бағындырды, толағай жетістіктерге жетті, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды, мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен тыс жүзеге асып келеді. Мұның барлығы да тәуелсіз ел атанғанымыздың арқасында.

Осы кезең ішінде не тындырдың? 25жылда жеткен жетістіктеріміз қандай? Биыл осы сұрақтарға жауап беретін, өткен жылдарға қорытынды жасап,  Мәңгілік Ел болуға бекінген мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын еліміздің есепті жылы,- десек қателеспейміз.

Елбасымыз   Н.Ә.Назарбаев 2015 -жыл 15 – желтоқсан күні Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген құттықтау сөзінде: «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыр шешті таңдары болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991-жылы 16- желтоқсанда атты, жаңа жұлдыз жарқырай түсті» – дей келе, халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас, тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрғанын атап өтті.

Елімнің ертеңгі болашағынан жүрегім қорықпайды, керісінше қуанады, ендеше, келешегім нұрлы болмақ. Оған негіз – бүгінгі «Арыстандай», «Жолбарыстай»,  «Қырандай» күшті жас ұрпақтың, біздің бүгінгі әдемі әрекеттеріміз ұтымды ұмтылыстарымыз. Мен дәл осындай қазақ жерінде туылғаныма, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын, өйткені, мен Тәуелсізбін, Тәуелсіз елдің патриотымын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *