Эссе «Ұстаз-ұлы тұлға»


Байқұтова Алима Асқарқызы,

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, өзін-өзі тану пәні оқытушысы

Оңтүстік Қазақстан «Арыстанбаб» колледжі

ОҚО,Сарыағаш қаласы

Нағыз мұғалімшырмаушы емес,еркіндік беруші,

ол балалардыбасып тастамайды, керісінше көтермелейді,

бұзбайды, керісінше қалыптастырады, жатқа айтқызбайды,

оқытады, талап етпейді, керісінше сұрайды, баламен бірге көптеген серпіліс сәттерін басынан кешеді…

Януш Корчак

 

 

Ұстаз ұлы тұлға-бұл тақырыпты таңдауымның себебі ол менің мамандығым. Ұстаз болу менің бала күнімдегі арманым. Бірақ,жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Әрбір адам қандай да бір іс үшін туады, жер басып жүрген әрбір адамның өмірде өз міндеттері бар» деген нақыл сөзін оқығанда, өмірде өз міндетімді тапқанымды  түсініп төбем көкке жетті.Абай атамызда  «дүниеге кірпіш болып қаланып» өз ізін қалдыруды арман етеді. Ендеше мен ұстаз болу үшін туылдым, міндетім балаларға білім беру, өмірде өзін тануға, өз орнын табуға көмек беру.

Шынайы ұстаздар қайдан пайда болады? Алладан жаратылған ұстаз бола алам ба? Ішкі дүниеме үңіліп осы сұрақтарға жауап іздеймін.

Ия, ұстаз көп, ал менің мақсатым – шынайы ұстаз атану, өйткені Алла мен ана-анадан кейінгі ұлы сөз бұл-Ұстаз!

Ұстаз болу үлкен жауапкершілікті талап етеді, себебі ата-аналар өздеріне  ең қымбаттысын яғни балаларын бізге табыстайды. Менің күнде көретінім балалар. Мен оларды шексіз сүйемін.Мені өз сүйіспеншіліктерімен рухани сауықтырады, қолдайды, тыңдайды, ойларын ашық айтады, сенімдерін білдіреді, сырласады. Әрбір бала керемет рухани күш иесі. Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі деп қараса, баланың белсенділігі арта түседі. Өмірге, білімге деген құштарлығы жоғарылайды. «Балаға сеніммен қарау – баланы тек қуаттандыра түседі» -деген белгілі педагог Ш.Амонашвили.Яғни балалармен қарым-қатынасқа түскен кезде:

-үйрете отырып, өзімізді үйрету, тәрбиелей отырып, өзімізді тәрбиелеу, білім беру арқылы өзіміздің білімімізді меңгерту заңдылығын сақтауымыз керек. Осы заңдылықтарды ұлы педагог Ш.Амонашвили барлық ұстаздарға арнап жазған болатын.

 

Шынайы ұстаз атану жолында жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі педагогтың үш стилін қарап шықтым:

  • авторитарлық (өктем) мұғалім – оқушыларға қатал болады, өктемдік көрсету арқылы білімді талап етеді. Бұл жерде педагог жоғары, ал оқушы төменгі сатыда болады;
  • либералдық педагогтар үшін ешқандай мақсат-мүдде болмайды,

яғни тек қана дәрісін өткізсе болғаны;

  • гуманистік (ізгіліктік) – бұл педагогтар шәкірттерін адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейді.

Әрине мен гуманистік жолды таңдадым. Гуманистік тәрбие беру жолы балалардың сезіміне әсер етіп, ішкі жан-дүниесін ояту нәтижесінде оның бойына рухани адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Шәкірттерімді білім нәрімен сусындатып тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беру – менің басты мақсатым.

Халықта «Ағаш түзу  өсу үшін оған  көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.

Қазақ халқы әрқашан да ұстаз мәртебесін көтеріп, қастерлеп аса жоғары бағалаған: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», «Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан». Әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Бала жүрегі-кішкентай күйсандық.  Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кез сол кілт жүруі керек»,- дегендей, баланың бойындағы қалыптан тыс ойлай алатын, шығармашыл қабілеті бар болса, соны көре біліп, соны әрі қарай дамыту ұстаздың мақсатының бірі немесе ұлылығы болар.

Ақын несімен мақтанады?

Жүрекке жететін өлеңдерімен.

Суретші несімен мақтанады?

Көз жауын алатын шығармаларымен.

Композитор несімен мақтанады?

Жанды тербететін әуенімен.

Мұғалім несімен мақтанады?

Жеке тұлға тәрбиелеп шыққан сабақтарымен….

Сабақ-бұл сүйіспеншіліктің  бастауы болып табылатын процесс. Сабақ тек оқыту формасы емес, білім беру формасы, тәрбиені ұйымдастыру формасы. Шынайы ұстаз – балалардың өмірін сабақ кезінде құрастыратын, өмірге  керек қабілеттерін аша алатын ғажайып құбылысқа айналдырушы.

Өмірде болған жағдайды айтатын болсақ, бір ұстаздың педагогикалық практикасында1990 жылдары жүргізілген зерттеулері бойынша ата-аналардың 70 пайызы  өз балаларының бойынан мына қасиеттерді көргісі келген, олар:мейрімділік, сыпайылық, қарапайымдылық, жанашырлық, өз бетінше жұмыс жасай алуы. Заманына қарай адамы демекші, қазіргі таңда басты орынға: табандылық, іскерлік, батылдық,  шыдамдылық сияқты т.б. қасиеттер басты орын алып тұр.Ең бір қызығы – бұл жерде ешкім адам бойындағы ең қымбат қасиет рухани байлық туралы жақ ашпаған.

Қазақ халқының өте құпия ой пікірлерін ашып көрсеткен, гуманист, ойшылы, ұлы ақын Абай Құнанбаев үшін ең маңыздысы-бұл адамгершілік қасиеті, адамның өміріндегі құндылықтары, өзінің өмірдегі орнын табу.Ол «Кімнің білімі көп, махаббаты мол, шыншыл болса-сол адам ақылды, ғалым, бүкіл әлемді билейді» деген. Ал Шәкірім Құдайбердіұлы барлық білім беру мекемелерінде «Ар -ұждан ілімін» енгізу керектігін атап айтқан. Қазіргі кездегі «Өзін-өзі тану» сабақтарын ар-ұждан сабақтары деп айтуға болады.Өйткені ар-ұждан ол барлық рухани адамгершілік қасиеттердің белгісі. «Өзін-өзі тану» пәні ол жастардың қоршаған ортаның мәнін түсінуіне, сол ортадағы өзінің орны мен міндетін сезінуіне, болашақ өмірлік бағытын дұрыс таңдауына, өзін-өзі  жетілдіре түсіп, өмірдің рахатын сезініп, оның мән-маңызын түйсінуге үйретеді.Бұған дәлел – студент жастардың «Өзін –өзі тану» пәні туралы жазған хаттары.

Иманқұлова Мадина: «Мен өзін-өзі тану пәнінен өмірдің қиыншылығымен күресуді, қуанышымен бөлісуді және де мейрімді әрі әдемі болуды, сондай-ақ қиналған адамдарға көмек беруді үйрендім.Бастысы өмірде өз орнымды таптым деуге болады. Бұл пән көптеген балалардың армандарының орындалуына көмектесетініне сенімдімін. Мен ұстазым Алима апайыма алғысымды білдіргім келеді»

Таирова Мохира: «Я научилась быть доброй, сдержанной и не показывать свой характер другим. Ценить, любить, уважать и понимать других. Иметь чувство юмора, не сплетничать и не завидовать людям. Не падать духом, когда трудно. Самое  главное никогда не сдаваться и двигаться только вперед несмотря ни на что. Самопознание-это любовь,  преданность, доброта, счастье и человечность».

Тастанова Арай: «Өзін-өзін тану пәнінен алған әсерім күшті, себебі бұл сабақта өзімді жақсы сезінемін, шаршағанымды ұмытамын. Пән өте қызықты әрі әсерлі. Өйткені бұл пән мейірімділікке, сыйластыққа, кішіпейлділікке үйретеді. Осы пән арқылы адамдар өзін танып, өз бойындағы қателігін түсініп, біреуге айта алмаса  да іштей  мойындайды. Өзін-өзі тану сабағы одан әрі қызықты болып көркейе берсін!»

Есенбек Әсем: «Маған өзін-өзі тану пәні өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Адамдардың барлығына мейрімділікпен қарау керек екен. Ал мен бәрін ұрсып жеңуді ғана ойлайтын едім.Осы жаман қасиеттімнен арылдым.Болашақта өзін-өзі тану пәнін тағы оқығым келеді.

Көз алдымызда мына бүгінгі заманның күн санап тез өзгеруі білім беруге деген талапты күшейте түсуде. «Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», – деген екен Қытайдың дана ойшылы Конфуций. Сондықтан  мұғалімнің басты міндеті оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологиялардың түрлерін меңгеру болып табылады. …

Осыдан кейін «Мұғалім болу –талант па, ол әркімнің қолынан келе бермей ме? –деген сұрақ туады. Ұстаздың барлығы талант болып тумайды. Егер кез келген мұғалім  ынта-ықылас қойып,  табандылық танытатын болса,  өз бетімен көп еңбектенсе, идеялық жағынан сенімді,  саяси жағынан есейген азамат болса, өз пәнін жақсы білсе,  оқытудың әдістемесін меңгеріп,  бала психологиясын жете білсе,  педагогикалық техниканы қалыптастыра алса,  педагогикалық шеберлікке жету қасиеттеріне ие бола отырып, педагогикалық кәсіпті меңгерсе, педагогикалық әдепті бойына сіңірсе, онда талантты, шынайы ұстаз бола алады.

Ойымды қорыта келгенде,«Балаға білім ұшқынын сыйлау үшін, мұғалім жарық сәулесімен өзі  нұрлана білуі керек» демекші,жаңа ғасыр мұғалімінің  бойында  сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, іскерлік,табандылық пен ұстамдылық сияқты қасиеттер  тоғыса  келе, олар мейірімділік  атты  ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана  біз діттеген мақсат – мүддемізге  жетіп, «ұлы ұстаз» деген ардақты атаудың шын  иегері болатынымызға  кәміл сенемін.

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *