Сыныптан тыс сабақ: «Бөлме гүлдерін күтуде ескерілетін жағдайлар»


Қорғанбаева Майра Тәждәулетқызы,

Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

           Белгісі – әдемілік, сұлулықтың

Гүлдердің сан алуан сырын ұқтым.

                                                                                            Әсем гүлдер айналды бесігіне

                                                                                                    Махаббат сезіміндей ұлылықтың.

 

Үйде болсын, жұмыс орнында болсын, кез келген адамның көңіліне қуаныш сезімін сыйлайтын бөлме өсімдігін өсіруге жандары нәзік әйел заты түгілі ер-азаматтарымыз да құштар. Бірақ оны қалай өсіру, күтіп-баптау, қоректендіру, т.б. жұмыстары туралы көптеген адамдар біле бермейді.  Сондықтан осы бөлме өсімдіктері туралы жинақтаған өз тәжірибемді болашақ маман, болашақ ата-ана ретіндегі қазіргі жас жеткіншектерімізге де көрсетіп, үйретуде септігі тисін деп, сыныптан тыс сабақтың сценарийін жолдап отырмын.

 

Тақырыбы: Бөлме гүлдерін күтуде ескерілетін жағдайлар

 

Мақсаты: 1. Бөлме өсімдіктері туралы біліктерін молайту.

  1. Оқушыларға өсімдіктердің пайдасын біліп, оларды өсіруге, күтіп баптауға,

қорғауға, әдемілікке құштарлықтарын арттырып, эстетикалық тәрбие беру.

  1. Оқушылардың өз ойларын жүйелі түрде баяндау, ойлау, есте сақтау

қабілеттерін дамыту.

 

Көрнекілігі: интербелсенді тақтада көрсетілетін слайдтар, видео үзінділер, тірі бөлме

                        гүлдері, құрал-саймандар, т.б.

 

Сабақтың түрі: кездесу, сұхбат.

 

Сабақтың барысы

 

І. Ұйымдастыру: Бөлме іші әр-түрлі әсем бөлме өсімдіктерімен безендірілген. Оқушылар мүмкіндігінше гүлді маталардан тігілген киімдер киеді немесе өңіріне, мойнына, бас киіміне тірі немесе жасанды гүл элементтерін тағады. (Әркім өз талғамымен өзгертуге болады)

 

ІІ. Негізгі бөлім

 

1-жүргізуші: Кенелтіп айналаны әсемдікке,

                        Көрікті көктем келді гүлін алып.

Сол гүлдер табиғаттың көркі емес пе,

Аңқыған жұпар исі мұрын жарып, – дегендей,

 

Әрбір отбасы өзінің алтын шаңырағы – пәтерін, жеке үйін сәндегенді, көріктендіргенді қалайды.

 

2-жүргізуші: Біреулер үй ішіне қылқалам шеберлерінің туындыларын, қолөнер бұйымдарын ілсе, өзгелер бөлмелерді қымбат жиһаздарға толтырады. Басқа отбасылар бөлмелерінде темір тор ішінде тотықұстарды ұстауды немесе аквариумдарда алтын түстес, өзге де түр – тұлғадағы балықтарды өсіріп, көбейткенді ұнатады. Тек, солардың қай – қайсысы да үй өсімдіктерін өсіруге, онымен бөлмелерді көркейтуге қарсы емес.

 

Ендеше экранға назар аударайық: БӨЛМЕ ӨСІМДІКТЕРІ – слайдтар көрсетіледі.

 

1-жүргізуші:  Адамзат дамуының алғашқы дәуірінде олардың негізгі қорегі өсімдіктер болғаны мәлім. Тағам үшін ішіп – жейтін өсімдік түрлерінің көбеюіне байланысты адамдар олардың әрқайсының ерекше дәмі, иісі, қасиеті барын да байқаған.

 

ДАЛА ӨСІМДІКТЕРІ – слайдтар көрсетіледі.

 

2-жүргізуші: Ертедегі египеттіктер де алоэ, қараған, анис, медуница, зығыр, лотос, көкнар, жалбыз, тал, аршаның шипалық қасиеттерін біліп үй бөлмесінде, үй ауласында өсіре бастаған.

 

ДӘРІЛІК ӨСІМДІКТЕР – видеоүзінді көрсетіледі.

 

1-жүргізуші: Мұнан 4 мың жыл бұрын үндістандықтар 760 дәрілік өсімдіктікті пайдалана біліп, гүлдер отырғызумен де әуестенген. Кейін өсімдіктердің далада, үй ауласында, үй бөлмесінде өсетін түрлері пайда болып, олар сәндік қызмет атқарды.

 

2-жүргізуші: Адамдар үйінде, ауласында өсетін гүлдерді бір – біріне сыйлап, оның жұпар иісінен, әсем түрінен ләззат алады. Оны әнге қосып, би де билейді.

 

          Олай болса, қыздарымыздың орындауындағы «Аппақ гүлдер» әніне «Әсем гүлдер» биін тамашалаңыздар.

 

1-жүргізуші: Енді колледждегі тірі табиғат мүйісінің меңгерушісін (таныстырып өту) қонаққа шақырған болатынбыз. (таныстырып өту, сөз беру):

 

Гүлдердің қандай түрі болмасын, мейлі ол бөлмеде өсетін түрі, мейлі аулада немесе далада өсетін түрі болсын айналаға әдемілік пен әсемдік сыйлап, жайлылық тудырады. Мысалы: осы бөлмені қарасақ, қаншама әсем гүлдер көз қуантып тұр. Эстетикалық қанағаттан басқа да, гүлден пайда аз емес. Мысалы, алоэ – «тірі ағаш» – ол әрқашанда қолжетімді өсімдік, қазоты – қара күйемен күресуде таптырмайтын көмекші, ал азғантай лавр ағашы бізді әрқашан да хош иісті дәммен қамтамасыз етеді. Жалпы гүлдер туралы айта берсек таусылмайды. Сондықтан сіздердің сұрақтарыңыз болса, сол сұрақтар төңірегінде сөйлейін.

 

2-жүргізуші: Ендеше оқушылар, ойымызда жүрген сұрақтарымыз болса қояйық.

 

1 сұрақ: Бөлме гүлдерінің ұзақ уақыт «ауырмай», жайқалып тұруының сыры неде деп ойлайсыз?

 

Жауап:        Бірінші, махаббатта. Гүлдермен де тірі жанмен сөйлескендей сөйлесіп, өз ілтипатыңды білдіріп, баптап, күтіп, махаббатпен қарап,  еркелетіп тұру қажет, олар да өздерінше қуана да, мұңая да алады екен.

Екінші, жақсылап баптауға тырысыңыз:

Көктемде өсімдіктер белсенді өсу фазасына енеді, олар қоректі қажет етеді, ал тамырлары – өсу үшін қосымша жазықты қажет етеді. Сондықтан, наурызда – сәуірде гүлдерді қайта отырғызумен айналысу қажет. Отырғызғанға дейін, мейлі олар жаңа болсын немесе бұрын қолданылсын, ауыртатын атқұлақтардан және микробтардан құтылу үшін қыштарды суда қайнату керек, пластмасса болса, жақсылап жуып алу қажет.

Гүлдер үшін ең қолайлы орын – ол терезенің алды. Барлығы жарықпен қамтамасыз етілуі үшін, кішкентай гүлдерді терезеге жақын орналастырып, кейін биіктерін рет-ретімен орналастыруға болады. Жапырағы үлкен бөлме гүлдерін төменге, еден үстіне қоюға тырысыңыз. Салмағын көтере алмай, морт кетуі мүмкін.

Бөлме өсімдіктерін тек қана өсу кезеңінде (наурыз – тамыз) қоректендіру қажет, қыста қоректендіру қажет емес. Балғындық беру үшін бөлме өсімдігіне ақырын ғана қант араласқан су құйыңыз.

Бөлме өсімдіктері үшін тамаша тыңайтқышты өзіңіз жасауыңызға болады: уатылған жұмыртқаның қабығын қант опасымен арастырыңыз. Сондай-ақ құю үшін ашылған жұмыртқа қабығы бірнеше күн болған суды пайдалануға болады.

Бөлме өсімдіктері тікелей күн көзі түскенді жақтыра бермейді. Гүлдерді батареядан алыс ұстаңыз.

Гүлдер жел өтінде (сквозняк) тұрып қалмауы керек. Жылы дымқыл топырақ

пен суық жел гүл тамырын тез шірітіп жібереді.

                     Гүл егілген құмыраны теледидардың, музыкалық орталықтың және сол

сияқтылардың жанына қоймауға тырысыңыз, вибрацияның да гүлге кері әсері бар.

 

2 сұрақ: Бөлме гүлдерін таңдауда қандай негізгі кеңестер бере аласыз?

 

Жауап: Өсімдіктерді үйде өсіруге дұрыстап іріктеп алу үшін, олардың өсуіне қажетті жағдайларды (жарық, температура және ауаның ылғалдылығы) жақсы білу керек. Оны табиғат жағдайларына сәйкестендірген жөн. Өсімдіктің өсіп-өнуі үшін ең бірінші жарық қажет. Өсімдіктің жарықты сүйетін, көлеңкеге төзімді, сондай-ақ жарықтың шашырап түскенін қажет ететін түрлері болады.

 

3 сұрақ: Өзіңіз айтып отырғандай жарық сүйетін немесе сүймейтін өсімдіктерді атап өтсеңіз.

 

Жауап: Жарық сүйгіш өсімдіктерге шөл дала мен таулы жерлерде өсетін өсімдіктердің барлығы – кактустар, сондай-ақ жапырағында немесе сабақтарына ылғал сақтайтын басқа да өсімдіктер (суккуленттер) – сүттіген, сенецио, стапелия, литопса, фаукария, толстянка, каланхоэ, очиткааталасансевиериязониум т. б; әсем гүл жаратын өсімдіктердің көпшілігі (амариллисжасминкливияпанкрациумпеларгония); қараңғыда және көлеңкеде өңін жоғалтатын көптеген теңбіл жапырақты өсімдіктер колеус, кротон, сеткреазия, кордилина, стробилантес) жатады.

Жарықтық шашырап түсуін қажет ететін өсімдіктерге – парагус, бегония,  глоксиниясенполияфуксия, эухариспенеромия жатады.

Көлеңкеге төзімді өсімдіктер – қырыққұлақтар, тікенекті өсімдіктер, монстер, филодендронсингониум, сциндапсус, спатифиллум, руэллия, аспидистра, шырмауық,  традесканциязебринасаркококкафикус т. б. көптеген қылқан жапырақты өсімдіктер.

 

4 сұрақ: Бөлме өсімдігі үшін бөлме температурасының маңызы бар ма?

 

Жауап: Өсімдіктерді өсіруде үй температурасының маңызы ерекше. Жылу сүйетін өсімдіктерге тропиктік өсімдіктер жатады, мысалы, бегонияпеперомияароид тұқымдас өсімдіктер (антуриумдер, аглаонемдер, диффенбахия, сингониум), кордилиндер, драцендербромелия, менгеснерия тұқымдастар. Олардың барлығы қыста 20°С температурада жақсы өседі. Субтропиктік өсімдіктердің көпшілігі кактустар, суккуленттер, хлорофитум, бересклет, фатсия, шырмауық, лавр, тікенекті мюленбекия үшін қыста температура 6°С-тан 12°С аралығында болуы керек. Егер температура режимі бұзылса өсімдіктер сарғайып , жапырағы түсіп қалады.

 

5 сұрақ:  Гүлдерді суару ережелері туралы кеңестер бересіз бе?                  

 

Жауап: Гүлге суды ұстамдылықпен құю керек, себебі артық ылғалдық құрғақшылықтан да қауіпті, өсімдіктің тамырын шірітіп, өсуін тоқтатады. Гүлдерге су құйған кезде қайнаған суды пайдалануға болмайды. Сондай-ақ, суық су қоюға да болмайды. Ол бөлме температурасынан сәл жылы болуы тиіс. Су құбырынан алынған суды, одан хлор және дезинфекциялайтын заттар ұшып кетуі үшін кемінде шамамен бір тәулік сақтап қою керек. Сонымен қатар гүлдерге еріген су өте пайдалы. Ол үшін тоңазытқышқа суды қатырып, мұзды бөлме температурасында ерітіп, жылытыңыз және гүлге құйыңыз.

Егер сіз үйден біршама уақытқа кететін болсаңыз және гүлдерге су құю мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда қышқа ылғалды жұмсақ ысқыш салыңыз. Су біртіндеп тамырға барады. Өсімдіктің айналасындағы құмды картонмен жабуға болады – ылғал біртіндеп буланады. Бір шелек суды орындыққа қоюға да болады, шелектің айналасына гүл бар қышты қойыңыз, оның деңгейі төмен болсын. Дәкенің тілімін шелекке салып, екінші жағын әрбір қышқа саламыз. Біз болмаған кезде өсімдік өзіне қанша ылғал қажет болса соны алады.

Бөлме өсімдіктерін жазда жиірек кешке, ал қыста сирегірек таңертең суарған жақсы. Құмырадағы топырақтың құрғап кетпеуін қадағалап тұру керек. Суаратын мезгілді оп – оңай білуге болады. Гүл салынған құмыраны сыртынан шерткен кезде, сыңғырлаған ашық үн шықса, онда топырақ құрғақ, суару керек деген сөз. Егер көмескілеу дыбыс шықса, онда топырақ дымқыл, суарудың керегі жоқ.

Тамырына ауа жетіп тұру үшін топырақты таяқшамен қопсытады. Қопсытқанда таяқша өсімдіктің тамырын зақымдамайтын болсын.

 

1-жүргізуші: (қонаққа қарап) Сізге осы сұхбатқа қатынасып отырған барлық оқушылардың атынан үлкен алғысымызды айтамын. Бізге өте жақсы және қажетті мәліметтер бердіңіз. Көп нәрсені біліп қалдық. (сыйлық ретінде гүл беріледі).

 

Қонақ: Мен де сіздерге осы нәзік табиғатты аялап, жақсы көргендеріңіз үшін рахмет айтамын, тірі табиғаттыа ялай білген адам әрқашан да кішіпейіл, қамқор, мейірімді, жүрегі кең болатынын психологтер айтады. Және мен де сіздерге бос қол келген жоқпын, мына өз қолыммен өсірген әдемі гүлімді сыйға тартамын.

(Әрі қарай бөлме өсімдігінің топырағы, көбейту жолдары, т.с.с.мәселелер туралы қосуға да болады).

 

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *