Эссе «Тәрбиеші болу – бақыт»


Майемерова Толкын Зейнуллиновна. Екібастұз қаласы әкімдігі білім бөлімінің КМҚК

№3 «Гнездышко» санаториялық бөбектер бақшасының  тәрбиешісі

«Ел есінде бір жыл қалғың  келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе –                        ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді халық даналығы.                                       Мен Майемерова Толқын Зейнуллиновна 1974 жылы  28 маусымда  Павлодар облысы, Баянауыл ауданында  дүниеге келдім. Балғын балалық шағым қазіргі Жаяу Мұса савхозы, Мұрынтал бөлімшесінде өтті. 1981 – 1984 жж алғаш мектеп табалдырығын аттап, Мұрынтал бастауыш мектебінде оқып, ең алғаш қолға қалам ұстатқан, әліппені оқытқан, менің санама бастауыштың негізін қалап, бойыма адамгершілік қасиеттерді қалыптастырған алғашқы ұстазым Роза апайдан білім алдым. Алғашқы ұстазыма мың алғысмды айтамын. 1985-1988 жж Қарағанды қаласындағы№ 7  Жамбыл Жабаев  атындағы  мектеп интернатында білімімді жалғастырдым. 1989 – 1991 жж қазіргі Жаяу Мұса савхозындағы Бақыт Хайдаров  атындағы   жалпы орта білім беретін мектебінде оқып, осы мектепті «жақсы» деген бағамен аяқтадым. 1992 – 1995 жж Павлодар педагогикалық училищесіне түсіп, «жақсы» деген бағамен аяқтадым. Қолыма арнайы орта білімді дипломымды алдым. Мамандығым «мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиеші». Тәрбиеші мамандығын таңдаудағы себебім: бұл менің бала күнгі арманым, ашып айтар болсам, ауылда мектептен бос уақытта, каникулда  көрші маңайдың барлық кішкентай балаларын жинап алып, соларға өзімше тәрбиеші  болатынмын. Шеңберге тұрғызып ойын ойнатып, өлең-тақпақтар  айтқызып би билететінмін. Бұл маған өте ұнайтын. Бәріміз ауылда өстік қой, ауыл деген шіркін «керемет» қой. Кең дала, таза ауа, кұлын-тайдай тебісіп асыр салып ойнаған құрбылар. Кіп-кішкентай қара домалақ балалардың былдырлаған балдай тәтті тілдері, қылықтары өте қызықты. «Адам өмірінде екі жағдайда қателеспеуі қажет, бірі-жар таңдауда, екіншісі-мамандық таңдауда» деген сөз бар ғой. Сол бір бала күндегі арманым бүгін де орындалып отыр. Сондықтан, тәрбиеші болу шындығында да, бақыт.           Өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие сіңіру, болашаққа жарқын бағыт-бағдар беру, келешекке кемел боларлық ақыл-парасат меңгерту аса жауапты іс екені мәлім.

Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын  менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажеттігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен  айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен  сезіндіреді.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген  күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарын, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Балаларды ана тiлiнде әдемi сөйлетуге  олардың ой-сезiмдерiн анық, еркiн, көркем жеткiзе алуына, танымдық қабiлеттерiнің  дамуына ерекше мән беремін. Мөлдiр бұлақтың бастауын, көзiн ашып, тұнығына қану үшiн қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек десеңізші! Балабақшада жұмыс істеу кезінде мен өз мамандығымды таңдағандығыма ешбір күмән келтірмедім. Менің ойымша, тәрбиеші – өте қызықты мамандық: сені балалар жақсы көреді және сенен әрдайым қандай да бір жаңа нәрселер күтеді, ал мен болсам, олардың өмірімен бірге өмір сүремін, табыстарына қоса қуанамын. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне” бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты..                                                                                                                                                                                                           Сондықтан да балалар, маған тек  бауыр басып қана қоймай, олардың ата-аналары да жиі келіп жатады.

Егер «Неліктен тәрбиеші болу – бақыт?» деген сұрақ қойылса, мен былай деп жауап берер едім:

– әр тәрбиеші таң нұрымен ілесе келген әр сәбидің мөлдіреген көздерін көруімен бақытты;

– әр тәрбиеші сол балалардың періште тілінде сөйлеген бал тілін естуімен бақытты;

– әр тәрбиеші бүлдіршіндердің шынайы да сыңғырлаған күлкісін естуімен бақытты;

– әр тәрбиеші біріне-бірі ұқсамайтын балалардың тәтті де, ерке қылығын сезінуімен бақытты;

– әр тәрбиеші икемсіз саусақтарға жан бітіріп, түрлі дағдылар үйретуімен бақытты;

– әр тәрбиеші қанша балаға қызықты ертегі айтып, қиялын самғатып-ұшыруымен, алғашқы білім беруімен, сауатын ашуымен бақытты;

– әр тәрбиеші бүлдіршіндерінің тәтті ұйқыға енген сәтін көруімен бақытты;

– әр тәрбиеші сол кішкентай бүлдіршіндерінің ұядан ұшып, өмірдің толқынына қосылып, үлкен, мықты, дарынды азаматтар болғандығына куә болып, сол балалардың тағдырына аз да болса, өзінің үлесін қосқандығымен бақытты.

Мен де сол бақытты тәрбиешілердің бірімін. Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің  дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні.

Менің жалпы педагогикалық өтілімім – 10 жыл. Қазіргі таңда 2008 жылдан бастап Екібастұз қаласы әкімдігі білім бөлімінің № 3 «Гнездышко» санаториялық бөбектер балабақшасында жұмыс істеймін. Біздің балабақшамыз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қаламызда алғаш рет жаңадан салынған замануи талаптарға сай санаториялық балабақша. Бұнда  балалар оқыту, тәрбиемен қатар, туберкулезге қарсы профилактиқалық ем алады.

Мен «Балапан» кіші тобындағы балалармен жұмыс жасаймын. Кішкентай балалармен жұмыс жасау маған өте ұнайды. Оларға айналадағының бәрі қызық, бәрін танып, білгісі келеді, көп сұрақтар қояды. Сондықтан оларды «негешелер» дейді, былдырлаған тілдері мен балдай  тәтті қылықтары өте қызықты. Оларды  кішкентай кезінен бастап, адамгершілік нормаларына,  өзіне – өзі  қызмет етуге, құрбы – құрдастарымен қарым-қатынас жасауға, мінез – құлық ережелеріне, мәдени – гигиеналық дағдыларына үйрету өте маңызды. Адам өзінің тандаған мамандығын жан-тәнімен сүйе білу керек, сонда ғана ол өз мамандығының иесі бола алады. Тәрбиеші ең алдымен балаларды өте жақсы көруі керек, жұмысқа деген ынтасы мен балаға берер мейірімі, жылуы, адамгершілігі  мол болуы керек.  Қазірге кездегі мектепке дейінгі балабақша мекемелерінің тәрбиешісі –  жоғарғы білімді, тәрбиелі, сабырлы, мейрімді, тәжірибелі, жұмысына адал, ақппаратты технологияларды меңгере білетін, компитентті маман болу керек. Балабақшаішілік  және қалалық іс-шараларға белсенді түрде қатысып тұрамын. Түрлі сайыстарға, интернет конкурстарға қатысып, алған жүлделерім де бар.

Тәрбиеші мамандығының қызығы мен қиындығы қатар жүреді, себебі біз әр баланың өміріне жауаптымыз.  Бірақ мен өз мамандығымды сүйгендіктен, одан ләззат аламын, бақыт табамын.

Біздің балабақшамыз маған өте ұнайды, басшымыз Подзорова А.П. өте ақылды, парасатты, әділ жан. Ұжымымыз да өте ұйымшыл, әріптестерім де білімді, мейірімді жандар, өзара тәжірибе алмасып тұрамыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Метки: ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *