«Тілім менің…»


Бағдат Айымгүл

9 орта мектебі

Ақмола облысы, Степногорск қаласы

                                          Анамыздың ақ сүтімен                                                                                                                                                                                                    бойымызға   дарыған тілімізді                                                                                               ұмыту-бүкіл ата-бабамызды,тарихымызды ұмыту.

                                                                                                                                                                                                                       Б. Момышұлы

Жоспар:

І .Ұлттың тілі – ұлттың ділі

ІІ. Сүйемін туған тілді – анам тілін…

  1. Тіл – адамдар арасындағы қатынас құралы.
  2. Ана тілім – баға жетпес мұра.
  3. Ана тілім – ар өлшемі.
  4. Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы.
  5. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.

ІІІ. Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі – қазақ тілі.

 

Қазақстан – егеменді тәуелсіз ел. Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына енгізетін болашақ – біз, яғни бүгінгі жастар. Біздің міндетіміз – еліміздің намысын қорғап, оны әлемге паш ету. Әлемге таныту үшін  әрқайсымыз еліміздің тарихын, тілімізді жетік білуіміз керек. «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт болмасын,оның ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып, басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңдемемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың міндеті.

Тіл – адамдар арасындағы қатынас құралы. Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деген осыдан шыққан болар. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы,өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деп, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Менің ана тілім – шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер – сол ана тілім! Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл.                                                                                                                   Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ана тілімді:

Сүйемін туған тілді – анам тілін,                                                                                                            Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.                                                                                                        Шыр етіп жерге түскен минутымнан,                                                                                                           Құлағыма сіңірген таныс үнін,                                                                                                                                – деп жырға қосқан.

Ана тілім-ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды да, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г. Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.

Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген жолдауындағы сөздерін барша қазақстандық құптайды. Мен әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің құдіретіне әрдайым сенемін. Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы.                                                                                                                       Қазір Елбасымыз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл үлкен мәселе болмақ. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы  кеңейеді. Сондықтан мен өз замандастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»- деп ақын Қадыр Мырза  Әлі  айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын және бәріне:

Мейлі, сен көп тілді біл «қой» демес ем!                                                                                 Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.                                                                                                             Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын                                                                                                                          Туған ана тіліңде сөйлемесең, – дегім келеді.

Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың  жазықтығы да сенде…

Жыл сайын әлемде ондаған ұсақ тілдер «алпауыт тілдердің» жемтігіне айналып, жұтылып отырады екен. Тілдің ұсақты-ірілігі оның қолдану аясымен түсіндірілетіндігін ескерсек, қауіптің қара бұлты қазақ тілінің көгіне де төніп тұр деген сөз.
Біздің тіліміз – шұрайлы тіл. Басқаны айтпағанда, қазақтың қарабайыр түйесінің 80 түрлі атауы бар. Осыдан –ақ сөздік қордың қауқарын долбарлай беріңіз. Осынша теңдессіз қазынаны игере алмай жатқандығымыз өзекті өртейді.

Қорыта келгенде, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қала бермек!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *