Психологиялық дайындық


КМҚК № 3 «Гнездышко» санаториялық бөбектер бақшасының

психологі – Мұсина Гүлдана Алламбергенқызы

     Әр бір  бала мектепке алғаш келгенде «жақсы оқушы болсам екен, жақсы оқысам екен» деген ниетпен келеді. Бірақ мектепке келген дайындық деңгейінің әртүрлілігі кейбір балалардың оқуға деген мүмкіндігін төмендетеді. Баланың мектепке келуі және алғашқы кездегі мектептің тәртібі, талабы оның өмір салтын және іс-әрекетін өзгертеді. Бұл кезең мектепке келген 6 және 7 жасарлар үшін бірдей қиын болады.Физиологтардың, психологтардың, педагогтардың байқауынша, 1-сынып оқушыларының көпшілігінде жаңа ортаға  бейімделу қиын өтеді. Мектепке дейінгі баланың өмірінде әлеуметтік, психологиялық жағынан және физиологиялық жағынан да қиын кезең.Бұл кезеңде мектеп өмірімен танысады, әлеуметтік ортасы өзгеріп және оқушының жаңа әлеуметтік рөлін меңгере бастайды.

Осыған байланысты оқу – тәрбие  барысында әрбір баланы мектептегі оқу және әлеуметтік ортаға еркін бейімделе алатындай жағдай жасау аса маңызды міндет. Демек, қазіргі талап бойынша мектептің бірінші сыныбына келетін балалардың физиологиялық жағынан мықты, адамгершілік, мәдениеттілік, еңбексүйгіштік қасиеттері мол, ерік-жігері күшті, жұмыс қабілеттеріне ие, білімге қызығушылық сипаттары мол болуы қажет. Сондықтан да мектеп пен мектепке дейінгі мекеменің, ата-аналардың басты міндеті – баланы мектептегі оқуға, мектеп өміріне даярлау.

Мектепке алғаш бару – бала өміріне үлкен жаңалық, өзгеріс енгізеді, қоғамдағы жаңа орынға көшуі мен өсіп-жетілуінің бір бастамасы. Баланы мектепке дайындау дегенде көптеген ата-аналар балаға әріптерді және санауды үйретумен ғана шектеледі. Әрине баланың оқуға дайындығын ақыл-ойының даярлығымен ғана шектеліп қоймай, оның оқуға психологиялық жағынан даярлауды қарастыру қажет. Яғни, бұл баланың мотивациялық-қажеттілік және психикалық үрдістерінің дамуы оқуда, қарым-қатынаста қиындыққа кезікпеуіне мүмкіндік береді. Бұл қауырт кезеңде мектеп бірінші күннен бастап оқушыға бірнеше талаптар қойып және баланы ұқыптылық пен зейінділікке тәрбиелейді. Сондықтан да балалар оқу ісіне машықтануға, қимыл-әрекетерінің ықтиярлы басқарылуы қабілетін, ақыл-ой еңбегін, мақсаткерлігін, дағдысын қалыптастыруға аса көңіл бөлінеді.

Болашақ  мектеп  оқушысы  қызығушылығының  қалыптасу  жүйесіне  қарай  өзінің  мінез – құлқын, танымдық  іс-әрекетін  басқара  алуы  керек.Сонда  ғана  оның  оқуға  деген  құлшынысы  пайда  болады.

Сонымен  қатар, жеке  дайындық  баланың  эмоциялық  жай – күйінің  даму  деңгейінде   көрсетеді.Мектепке  барар  алдында  баланың  көңіл-күйінің  көтеріңкі  болғаны  жөн.

Мектепке келген бала физиологиялық және әлеуметтік жағынан жетілген, ойлау мен эмоционалды дамуы қажетті деңгейге жеткен болуы тиіс. Бұл жастағы бала ойлау операцияларын меңгеріп, заттар мен қоршаған орта құбылыстарын жалпылап, сараптай біліп, өз әрекетіне жоспар құрып, өзін бақылай алады. Оның сөйлеу арқылы қарым-қатынас дағдыларың, қолдың ұсақ моторикасының және көру-қозғалыс координацияларының дамуына да мән беріледі.Сондықтан  «баланың мектепке дайындығы» дегеніміз- бұл кешенді, көп жақты және бала өмірінің түгел сферасын қамтитын процесс.

Мектепке психологиялық дайындықты зерттеген психологтар, педагогтар бала тәртібінің икемділігіне ерекше мән берген.

Бүгінгі күнде  мектептегі оқуға дайындық кезіндегі негізгі шарттар: 

– Балалардың өз әрекеттерін саналы түрде ережелерге бағындыру;

– Берілген талаптар жүйесіне бағдарлана алу;

– Айтушыны дұрыс тыңдай алу және ауызша формадағы тапсырмаларды орындай білу.

Мектептегі оқуға дайындықтың басты бағыттары:

  1. Әлеуметтік дайындық – жаңа ортаға енуі, қарым – қатынасқа түсуі;
  2. Ақыл-ойының даярлығы. Бұл мектепке дейінгі баланың білімі және біліктілігі. Кез-келген бала жазып және санаумен ғана шектеліп қана қоймай, ең маңыздысы салыстыра білуді,талдауды, ойлай білуді, өздігінен қорытынды жасай білуі тиіс.
  3. Биологиялық кемелденуі. Мектептегі оқу әрекеті – бұл ағзаның барлық жүйелерінің қатты жұмыс істеуін қажет ететін үрдіс. Баланың ағзасында жаңа ережелер мен іс-әрекеттерге үйрену өзгерістер туғызады. Оқушы мектептің талаптарын орындап, жаңа күн режиміне, сабақтарда тәртіп сақтап отыруыға дағдылануы қажет. Алайда кез-келген баланың денсаулық жағдайы мұндай өзгерістерге бірден бейімделе алмайды. Сондықтан баланың денсаулық жағдайы (дене салмағы, бойының ұзындығы т.б.) нормадағы 6-7 жасар баланың дене көрсеткіштеріне сәйкес болуы тиіс. Сонымен бірге көру ,есту, моторикасының дамуы және жүйке жүесінің физиологиялық жағдайын жатқызуға болады.
  4. Ерік сапаларының қалыптасуы мен эмоционалдық даярлығы. Бұл баланың шешім қабылдай алып, мақсат қоя білуі.

Егер баланың мектептегі оқуға дайындығы осы бағыттармен ұштасып жатса, баланың оқуға тез бейімделіп, жақсы оқып кетуіне мүмкіндік туғызады.

Мектепке дейінгілердің негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, оларға бірден оқу әрекетіне ауысу біршама қиындықтар туғызады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала педагогтармен және балалармен кезіккенде мазаланады, оқу үрдісінің өзіне жағымсыз эмоция сезініп, қорқыныш пайда болады. Осыдан келе нашар оқитын балалар және екінші жылға қалып қоятын балалар пайда болады. Сонымен бірге баланың көңіл-күйінің болмай, себепсізден жиі ауыруы мектеп неврозы сипатында көрінеді, яғни мектепті еске алса болғаны жылап, уайымдайды. Сөйтіп, мектеп бала үшін стрессогендік факторға айналып, денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады.

Сонымен балаларды мектепке психологиялық даярлау бағыттарын тәжірибеде жүзеге асыратындар – ата-аналар, мұғалімдер және мектеп және балабақша психологтері.

Демек, баланы мектепке даярлау мәселесі өз өзектілігін жоғалтпайтын әлі де зерттеуді қажет ететін міндетті мәселелердің бірі болып қала бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *