Қазақ тілім, өркенде, Бола бер күшті, көркем де!


Әубәкірова  Айша-Бибі Нұрланқызы Рудный қаласының “№7  мектеп-гимназиясы”КММ 4 сынып оқушысы

жетекшісі Молдабекова Бахытжамал Коренқызы

 Менің терім “туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Міне, осындай керемет сөздердің мағынасын  сынып жетекшіміз Бахытжамал Қоренқызы бастауыш сыныптан бастап санамызға  сіңіруде.  Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым екенін тек мерекеде ғана емес  күнделікті өмірде сезінуге баулу біздің  басты  парызымыз екенін түсіне түскендейміз.   

О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың  жазықтығы да сенде…Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу – әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілімізді шұбарламай құрмет тұтуымыз міндет.

Білім негізі бастауыштан қаланады. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю деп түсіндіреміз. Тіл – ынтымақтастықтың құралы екенін өзге ұлт өкілдерімен достығымыздың дәлелі. Сонымен қатар ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отырғанын ұғындық. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады. Иә,мен үшін ана тілім әрқашан  басты орында  тұрмақ деген ой санамда тұрады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *