Ең бірінші бақытым, тілім менің…


Мұрат Жансая  Аширбекқызы Қостанай облысының, Жангелдин ауданының, Торғай селосының “Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебі” КММ 5 сынып оқушысы

жетекшісі Есекеева Айгерим Токешовна

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды. Бесінші сыныпта оқысам да ана тілі туралы өз пікірім бар.  Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю.

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін, – деп С.Торайғыров ағамыз жырлап өткен. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: “Өнер алды – қызыл тіл”, “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”,   “Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар” сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді.Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады.Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруімүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты  себепкер – ана тілі.

ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың  жазықтығы да сенде…Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі.Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл.

Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу – әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз. Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *