Тың бастама, жаңа бағдарлама


Кулмуратова Алия  Мырзабергеновна Рудный қаласы әкімдігінің “№19 орта мектебі”КММ бастауыш сынып мұғалімі 

Жаңа мазмұнда білім беру – XXI ғасырдың басты талабы. «Білімдінің күні  жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген халық мақалына орай,  XXI ғасыр – білім мен оқудың ғасыры, сондықтан мұғалімдерден жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сапалы білім беріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру талап етіледі. Жалпы, түйіндей айтқанда, жаңартылған білім беру бағдарламасының жаңаша оқыту жүйесі нағыз жаңа ғасырдың шығармашыл ұстазы мен бәсекеге қабілетті, рухани дамыған жеке  тұлғасын даярлаудың бірден-бір қайнар көзі деп ойлаймын. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру      бағдарламасы –  заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын  қанағаттандыратын тың бағдарлама. Аталған білім беру  бағдарламасы туралы  түсінгенім мен ұғынғаным мол. Кәсіби тұрғыда жаңа  сатыға қадам басып, білім жүйесіне енген жаңалықтың қыр –сырын зерттей  бастаған сәтімде арнайы курсқа баруым бағдарлама туралы туындаған сұрақтарымның жауабын табуға берілген мүмкіндік секілді көрінді. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдістәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі – құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ – ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) курс барысында ұғындық. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спираль­ді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттарын зерделей отыра, тапсырмаларды ықшам­сабақ­тарды құрастыру барысында көз жеткіздік.Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушы­лардың үлгерімі алдын ала белгіленген кри­терийлердің нақты жиынтығымен өлше­неді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Ең жоғары балл 60 ұпай, орташа балл 48 ұпай деп белгіленеді. Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Қалыптастырушы баға­лау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқ­сан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалып­тастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ та­қырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады. Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пәнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орна­ластырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарлама­ның мәні, баланың функционалды сауатты­лы­ғын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қа­жетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп.Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі. Қазақстан  2030 стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *