Баланы жастан (ата -аналар үшін кеңес)


     Нарембаева Айсауле  Жаугаштиевна преподаватель казахского языка               

ГККП “Ясли сад № 11 ” Кәусар”   Мангистауской области  г.Актау 

Ата – бабамыз оқуы мен сызуы жоқ заманда – ақ дүние есігін ашқан шарананың пайымын болжап, оған бесік жырын арнады. Бесік жыры – баламен тілдесудің алғашқы қадамдары. Сәбидің үш айлығынан басталатын уілі – құлағының естуі мен дұрыс сөйлей алуға деген дайындығы. Бес – алты айында өзіне ұнайтын сөздердің алғашқы буынын айтады. Бір жасқа толғанда онға тарта сөз білуі оның дұрыс өсіп келе жатуының айғағы.

Бұдан азғана уақыт бұрын «р» әрпіне тілі келмейтін балаларды ұшыратсақ, бүгін күллі әріптерді  бұзып сөйлейтін бұзықтардың  қарасы артты. Денсаулығында ақауы жоқ төрт жасар бала жеті жүз сөзге дейін сөйлей білуі  тиіс болса, осы жастағы бүлдіршіндеріміз оның жартысын да білмейді.Қазір «Алты жасар Алпамыстар» аталмыш кинодағы дай саңқылдап газет оқымайды. Оқуды былай қойғанда балабақшаның ересектер тобында жиырма бала болса, оның бесеуі  ғана дұрыс сөйлей алады.

Кешегі қазақ жас балаға сүйек ұстатады екен, сүйек мүжу арқылы таңдай мен тілге түрлі жаттығулар жасайды. Ал ұдайы құрт сорып жүру тіл мен таңдай үшін жаттығудың таптырмайтын түрі. Емізікті көп емген баланың таңдай бұлшық еттерінің тартылысы төмендеп әріптердің дұрыс дыбысталмауына  себепкер болады.

Баланың дұрыс сөйлеуі  қалыптасу үшін ең бірінші үлкендер оған дұрыс сөйлеуі керек. Асықпай – аптықпай, сөзді анық айтқан ересек балаға  жақсы үлгі. Үш жасар баладан шешендік дәреже күтетін  ата – аналар да бар: «Көршінің бұдан кіші баласы тақылдап тұр, ал біздікі  әлі «мама,пападан» аса алмай жүр»,- деп бөбекті логопедке сүйреу педагогикалық тұрғыда нағыз ақымақтық. Баланың сөзді жеткізуге дыбыстық қателіктері  бес жастан кейін ғана жоғалатынын ескерсек, дені сау, ешқандай тіл мүкістігі жоқ сәбидің үш жасында да дұрыс сөйлей алмауы мүмкін. Оны жетілдіру үшін түрлі ертегілер тыңдап, санамақ, жаңылтпаштармен тілін жаттықтырғаны жөн. Санамақ – халқымыздың қара тануға жасы жетпеген сәби ойын жетілдіру үшін ойлап тапқан тамаша педагогикалық  тәсілі. Халқымыз ұлттық – этнографиялық , тұрмыс – салт – дәстүрін ауыз әдебиетінің көркемдеуші құралына жүктеді, мұның қатарында баласының сан үйренуімен қатар, тілдік жаттығуларын да есепке ала білуі бар. Осыған орай ауыз әдебиетінің жауһарларының кейбіреуіне тоқтала кеткен  жөн болар деген ойдамыз.

«Бір дегенім – білім. Екі дегенім – еңбек. Үш дегенім – үскі.Төрт  дегенім – төсек» , – деп жалғаса беретін санамақтың өн бойынан баланың тілін жаттықтыруға арналған ашық және ұяң дыбыстардың үндесуін көре аламыз.

Жаңылтпаш – интеллектуалды ойын  санатындағы әдеби түр. Жаңылтпаш – баланы жаңылыстыру үшін емес, жаңылыспауға үйрету үшін жазылады, айтылады. Бір – біріне ұқсайтын және қайталанатын сөздерден құралған бұл түр тек шапшаңдықты арттырып қоймайды, тәрбие құралы ретінде де маңызды рөл атқарады. Мұнда біріншіден бала ойнайды, екінші  басқатырарлық тұрғыда есте сақтау қабілетін  шынықтырады,үшінші кезекте дұрыс сөйлеуге машықтанады. Балабақша мен бастауыш мектеп оқушылары үшін жаңылтпаш, санамақ  секілді әдеби жанрлардың орны ерекше, баланың танымы мен психологиясы, зердесін шыңдап, жетілдіруде ерекше мәңге ие екенін  түсіндіру  артық болмайды деп ойлаймыз.

«Ара , ара, аралар, Орманның бойын аралар.Гүлдер сорып бал алар, Алысқа ұшып бара алар, Бал тәтті ғой балалар!», – дейтін жаңылтпаш «р» әріпін айта алмайтын балалар үшін тамаша жаттығу. Жаңылтпаш сабақтарын күнде екі- үш мезгіл ойнау жеткілікті, дұрыс айтқан балаға сыйлық беріп ынталандырудың артықшылығы жоқ.

Біз түрлі шаруаларды сылтау етіп баламен шүйіркелесе бермейміз. 3,5 – 5 жастағы  балдырғандар бір күнде анасына  жүзге тарта сұрақ қояды екен. Бұған толық жауап ала алмаса да оның зейіні  мен сөйлеу  мәнерін осы толассыз сұрақтар толықтырады екен. Ата –ана мен тәрбиеші баламен шүйіркелесуге уақыт тауып, заттың айырмашылығы, немесе өзара ұқсастығы туралы сұрақтар қойып , баланың өзі байқағанын айтқызу да пайдалы.

Баланың дұрыс дамуына саусақтарының қимылы көмекші деген пікір бар. Құмда сурет салу, түрлі кубиктермен ойнау да пайдалы. Қазақтың асық арқылы атқарылатын ойындарының көбі саусақты жандандыруға    бағытталған екені талас тудырмайды.

Дұрыс сөйлей алмайтын бала өсе келе қоғамнан алшақтайды , оның тіл мүкістігіне басқа балалардың  күлуі, немесе бөгде жұрттың аңтарылып қарауы психикасына әсер етіп, тұйықталады. Көпшілікпен араласудан шектеліп, қоғамдық белсенділігі жоғалады.  Қазақстан азаматының бұндай ержеткен адам  өсіруге қай жағынан болса да құқы жоқ екенін ескерген жөн. Елімізде психологиялық һәм  экологияның кері әсерінен тілдік тұрғыдан сырқат балалардың саны күн өткен сайын артуда. Бұл мәселені шешу тұсында ата – ананың рөлі басым, «балам кекеш немесе сақау, тұтықпа» деп дәрігерді жағалағаннан балаға меірімділік пен қолдауды арнап, түрлі жаттығулар жасап, тіл мүкістігінің алдын алуға ұмтылғанымыз дұрыс. «Баланың жастан…» –деген атадан қалған баталы сөзді  тәрбиенің қарақшысы етіп, санада ұстау лазым!

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *