Бүгінгі қоғамдағы мұғалім рөлі


Әліпбекова Торғын Талғатқызы «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №11 орта мектебі» ММ

бастауыш сынып мұғалімі

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»-деп Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтпаса керек.  Мектеп жүрегіне айналған мұғалім мамандығы менің өзіме де ыстық. Жаныма жақын болғандықтан мен осы мамандықты таңдап , сүйікті ісіммен айналысып келе жатқаныма 5 жыл болады. Таңдаған мамандығым- жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететінін түсінемін. Аталған қасиеттерді өз бойыма сіңіріп, бүгінгі таңда  жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келемін. Әрқашан шәкірттеріммен жақсы  қарым-қатынаста болып, олардың білсем, үйренсем деген армандарына қол жеткізуге бағыт-бағдар беріп, басшылық етудемін.

Жалпы мұғалім деген бір сөздің ішінде қаншама педагогикалық ұғым бар.

Мұғалім деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап бағайық.Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу, сыйлау,ерекше сезіммен жақсы көру және  оның жан дүниесін түсіне білу. Бұл мұғалімнің терең  дүниетанымы мен үлкен жүрегінің кішіпейілділігінен  келіп шығады. Әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Алдына қандай іс  түссе де оны жеңу жолдарын іздестіре білетін, қиындықты мойымай жеңіп шығатын адал мамандық иесі. Мұғалім – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. Осы тұста Абайдың: Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?!

Бүгінгі қоғамдағы мұғалімнің рөлі-шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Қазіргі ақпаратты көздер мен техниканың дамыған заманында оқушыға берілетін білім де сол техникалармен байланысты болу керек деген ойдамын.

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді. Ендеше білім алуға құштар жанды шабыттандыру нағыз ұстаздың, ұлы ұстаздың ғана  қолынан келетін іс. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті, болашағы.

Жалпы  бүгінгі қоғамдағы мұғалімнің ерекшеліктеріне тоқтала кетсем:

Мұғалім бүгінгі қоғамда «қозғалтқыш», катализатор (үдеткіш) рөлін атқарады.

Себебі: жас ұрпақтың  тәрбиесіне, жаңа және озық технологиялардың дамуына, қоғамның прогрессивті дамып, қалыптасуына үлкен үлес қосуда.Бұл өте ұзақ әрі күрделі процесс.Осы аталған ұзақ процесске мұғалім елеулі үлесін тигізеді.

Әлеуметтік тәжірибе жинау барысында «батарея» рөлін орындауға – мұғалімнің нақты функциясы бар. Бұл рөлін, ол қорғаншы және әр түрлі әлеуметтік құндылықтарды қолдау ретінде пайдаланады.

Кейін сол әлеуметтік құндылықтар жас ұрпаққа өтеді. Сондықтан, бұл жерде мұғалімнің рөлі жинақтауға ғана емес, ол жинақталған құнды тәжірибені әрі өрбітуші тетігінің негізгі буыны болып табылады..

Мұғалімнің әлеуметтік рөлінің тағы бірі ол, содан кейін жасаған қоғамдық қатынастарды, қарым-қатынас және мінез-құлық тәжірибесін, қоғамның мәдениетін бағалау, сарапшы ретінде әрекет болып табылады.

Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн. Ұстаз жолы қиынырақ басқадан, Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған. Шаршаса да осы жолдың бойында, Қандай рақат,шын бақытын тапса адам.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *