Ана тілі – ұлтымыздың анасы


«Шымкент аграрлық колледжі» оқушысы Пәзіл Гүлфайруз

Жетекшісі Әбдіғаппарова Гаухар

      Тіл – адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар  қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі. Пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы адам баласы ғылым, білім, мәдениетпен  танысып, парасаттылыққа ұмтылады. Болашақтың негізін қалап, таңдаған  мамандығын игереді. Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем, асыл ойдың бұлағы, ұлттың жан дүниесі. Тілдің құдіреті ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын  мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді. Сол себепті, тіл- қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге бойға сіңіп, қалыптасатын, атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра, елдің ұлттық мақтанышы. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да, қарсы тұруы тиіс. Ана тілі –  ең басты байлығымыз. Қазақ ұлтының ана тілі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті. “Дүниедегі ең асыл тіл — араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары — қазақ тілі”, – деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек. Тіл – ұлттың жаны. Ол халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі.

Жазушы М. Әуезов тіл туралы: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деу де болады, себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса, рухани-ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады. Тегінде, қай мамандық саласында жүрген адам болса да, шын интеллигент дәрежесіне жету үшін әдебиетті білу жалпылығы ортақ шарт. Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел “азған” ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес”,- деген болатын.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Әр халықтың тағдырына табиғатпен тартылған сыйы: біріншісі – жері, екіншісі – тілі. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің  түп тамыры, қатынас құралы.  Демек, тілдің, сөздің орны ерекше екені бесенеден белгілі. Міне, осы орайда ана тілімізді қастерлеу  әрқайсымыз үшін парыз.  ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Осынау құнды сыйды бағаламасақ, қазақ болып не керек? Халық болып не керек?  Осы орайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», деп тілдің мәртебесі нақты анықталып көрсетілген. Ал Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4 – бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматтың парызы» деп көрсетілген. Қазақ тілі – халқымыздың тарихы, шежіресі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні. Қазақ тілі – халқымыздың өткен ұрпағын тарихи біртұтастық, ажырамас бірлік жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Мұны елбасымыз Н. Назарбаевтің сөзімен айтқанда «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл – аз уақыттың аясында тындырып тастайтын іс емес. Бұл мемлекеттік тұрғыдан, ұзақ жылдар бойы, ұдайы айналысатын іс», –  деген.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп көрсетуінде үлкен мән бар. Республика Президентінің Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Біздің міндетіміз-2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп ашып айтып,  осы жолда еліміздің мемлекеттік тілін одан әрі дамытуға барша күш-жігерімізді жұмсауымыз керектігін азаматтық  борыш ретінде жүктейді. Елбасымыздың  аталған нұсқауларын жүзеге асыруда, мемлекеттік тілдің өз тағына нық отыруы үшін, төменде аталған жағдайларды басшылыққа алсақ игі болар еді: Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыратын уәкілетті органның өкілдігін кеңейту және оның  өзіне жүктелген міндетті тиесілі деңгейде жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Басқару тетігіндегі тілдік ахуал әр салаға тура ықпал етеді. Сондықтан, қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын мемлекеттік органдар арқылы басқарылатындығын ескеріп,  мемлекеттік органдарда іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшірудің үлкен стратегиялық маңыздылығына көңіл бөлу. Қазақша ойлауды жетілдіру. Ол үшін буыны қатаймаған балаға патриоттық тәрбие беру. Баланың санасын ояту, өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейту үшін, олардың қызығушылығындағы әлемдік әдеби шығармаларды мемлекеттік тілге сапалы етіп аудару,қазақша сайттар санын көбейту т.б. жолдармен  мемлекеттік тілге қызығушылықты арттырып, сол тілдегі ұшқыр ойлардың егесі болуға жетелеу. Егемендіктің нышаны болып табылатын мемлекеттік тілді сүюді, оны құрметтеуді, сол мемлекеттің азаматы болып табылатын әрбір тұлғаға азаматтық айнымас борыш ретінде жүктеу. Біз бүгін Тәуелсіз Қазақстанда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп келеміз. Өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы мен бірлігінің үлкен жемісі.

Біздің мемлекеттік  тіліміз, ана тіліміз осы тілді жасап  келе жатқан халқымыздың өткені, бүгінгісі, ертеңі. Қазақ тілі өзінің даласындай дархан, көңіліндей кең, халқымыздың қасиетті қара домбырасының үнімен үндесіп жатқан тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Ана тіліміз – әкеміздің қанымен, анамыздың бесік тербеп салған әнімен бойымызға сіңген, туған халқымыздың небір асыл жәдігерлерін заманымызға жеткізген қастерлі тіл.  Расында  қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі.      Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттар да атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен  бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Халқымызға сан  ғасыр арман болып келген Тәуелсіздіктің ең басты тірегі, белгісі де – ана тіліміз, ұлттық мәдениетіміз. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттық рухына, баға жетпес қазынасы мен байлығына балайды. Оның себебі неде? Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтың қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі екенін ұмытпауға тиіспіз. Тас бұлақтың тұнығы да, ана сүтінің  жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да, назды сұлудың нәзіктігі де, сахара даланың жазықтығы да қасиетті қазақ тілімізде!

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *