ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР: АНЫҚТАУ, ОҚЫТУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ


Камбарова Райхан Жаугашаровна  Рудный қаласы әкімдігінің “№15 орта мектебі” КММ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Қоғамның өркендеуіне, дамуына, онда болып жатқан өзгерістерге байланысты біздің мемлекетіміздегі білім саласының алдында жүйеленіп, дайындалып берген білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Бұл міндетті шешу жолында алдыңызда отырған оқушылардың барлығын бірдей деп есептегенмен, ойлауы, дамуы, шығармашылығы жоғары дамыған, өзіндік жұмыстарды орындауды жақсы көретін, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап іздейтін, өз құрдастарынан ерекшеленетін, даму деңгейі жоғары оқушылар кездеседі.

Бұл оқушыларды «дарынды» оқушылар деп атап жүрміз. Оқыту үрдісінде  кездесетін қиындықтың бірі –  «дарынды оқушы және оның икемділігін әрі қарай арттыру жолдары»  ұстаздар мен психологтар назарын аударуда. Көптеген жағдайда дарынды оқушылардың танымдылық қабілетін арттырумен шектелсек, кей уақытта ондай оқушымен пәнді тереңдетіп оқытумен айналыстық. Дарынды оқушы туралы және оның қабілеттері туралы білмегендіктен бір жылда екі сыныптың бағдарламасын оқытып, көшірген жағдайлар да кездескен. «Дарындылық» деген ұғымның нақты анықтамасы ешқандай әдебиетте берілмеген, ғылыми еңбектерде дарындылықтың әр түріне тоқаталады: интеллектуалдық, академиялық, шығармашылық, берілген.Дарынды оқушымен жұмыс жүргізуді неден бастау қажет?

Бірінші кезең дарынды оқушыны анықтаудан басталады.  Дарынды оқушыны психологиялық ерекшеліктеріне қарай, сөйлеу, есте сақтау, қисынды ойлау деңгейлеріне қарай анықтайды. Жоғары деңгей көрсеткішін көрсеткен оқушыларды дарынды және қабілетті оқушылар қатарына жатқыздық. Себебі, Л.А.Венгердің, Ю.З.Гильбух, Н.С.Лейтес; Г.В.Бурменскаяның «Дарынды балалар» еңбегінде «Егер оқушы кез-келген еңбегінде, шығармашылық жұмысында жоғары көрсеткішке жетіп, өз құрбаларынан ерекшеленсе, ондай оқушыны дарынды деп атауға болатынын» – айтады. Дарынды оқушыларды анықтауда оқушының интеллектуалдық, академиялық және шығармашылық даму деңгейіне баса назар аудару қажет. Бұл кезеңде А.И.Доровскидің «Дарындылықты анықтау жолдары» еңбегін басшылыққа алуға болады.

Екінші кезеңде дарынды оқушылардың бойындағы ерекшеліктерді білу қажеттігі туындайды.

Дарынды оқушылардың ерекшелігі:

  1. Ойлау ерекшелігі:

– шапшаң ойлау, тез нәтижеге жету, тез ілгерілеуі;

– әдеттен тыс қызығушылық, сауалды көп қою, «Неге», «не үшін» деген сұрақтарды көп қойып, жауап іздеудегі үлкен талабы;

– көп көлемді білімді меңгеру, ұмытпау, есте сақтау қабілетінің жоғары болуы.

  1. Ішкі сезім ерекшелігі:

– сезім сүшелерінің ерекше қабылдауы (дыбыс, түс);

– интеллектуалдық дамуда ерекше бір ілгерілеу шапшаңдығы (ойлауы, байқағыштығы өте жоғары, білімге, жаңалыққа құмар, оқу жеңіл, өз ойын жақсы жеткізе алады, алған білімдерін кез-келген уақытта еске түсіріп, пайдалана алады, құрдастарынан көп біледі);

– жан дүниесінің тереңдігі;

– кейбір пәндер бойынша өте үздік үлгірім таныту:

  1. Әлеуметтік тұрғыдан ерекшелігі:

– өз талап – тілектерін орындау, адамгершілік мәселесінде ерте даму;

– жоғары дәрежедегі әділдік сезімі.

  1. Академиялық тұрғыдағы дарындылық аясында :

– оқуда  – есте ұзақ сақтап, жаңғырта алады;

– математика пәнінде оқушы өлшеу, сызу, математикалық ұғымдар арасындағы байланыстарды ашуға берілген тапсырмаларды зор қызығушылықпен орындап,  математикалық белгілерді есте сақтап, өздеріне қажет жағдайда қолдана алады;

– қоршаған дүниені танып-білуде сұрақтар қояды, заттардың пайда болуы, құбылыстар туралы зерттейді, тәжірибе жасайды, арасындағы қарым-қатынасты жақсы түсініп, өзіндік жаңалықтар ашады;

– шығармашылық жұмыстарда мәселені өз бетімен шеше алады, көбінесе өзі тың нәрсе жасайды, көркемдік – қолданбалы еңбекте заттарды өзі жасап аяқтайды.«Дарындылық дамуының  бастауы – оқушының танымдық қабілеті» – дейді А.И.Матюшкин, В.С.Юркевич өздерінің теориялық еңбектерінде. Танымдық қабілетттің дамуы: баяу және белсенді болып екіге бөлінеді.

Баяу формасы – жаңалықты игерудің жай жаттанды түрі мен жай сабақтармен шектелсе, белсенді формасы – шығармашылық қабілеті қалыптасатын зерттеу жұмыстары түрінде көрінеді.

Біз психологиялық тестілер, психо-педагогикалық әдебиеттер көмегіне сүйене отырып, дарынды оқушыны анықтау және даму ерекшеліктеріне тоқталдық. Кейбір оқушының танымдық қабілеті өте жоғары, басқа оқушылар алдында өнеге – үлгі болып, көмектесіп жүрсе,   кейбір оқушыларға оқу өте жеңіл болғанымен, өз жолдастарымен тіл табыса алмайды, оқу жалықтырып жіберетін жағдайлар кездеседі. Біздің алдымызда тұрған міндет –  кейінгі оқушымен жұмыс жүргізіп, жағымсыз қылықтарды жою, қажеттілігі мен қабілетін қалыптастырып, дамыту, белсенділігін арттыру.Мұны жалпыға білім беру жағдайында қалай жүзеге асыруға болады?Дарынды оқушымен жұмыс тек сабақ үстіндегі тапсырмалармен шектеліп қалмайды. Ол мектептен тыс, мектеп ішіндегі шаралармен жалғасын тауып, сабақтасып жатады. Бұл жұмыстар оқу процесіндегі игерген білім, білік дағдыларын әрі қарай тереңдете отырып,  зерттеу, шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында қолданады. Оны жеке оқушымен де, шағын топпен де жүргізуге болады. Дарынды оқушылар қатысатын көңілділер, тапқырлар, ойшылдар сайысы, түрлі үйірмелер, олимпиада, білім сайыстарын жоспарлы түрде өткізіп тұру олардың өздерін тануға, жаңа білімді игеруге деген құлшынысын қалыптастыратын таптырмас құралдың бірі болмақ.Дарынды оқушының шығармашылығын қалыптастыруда белгілі бір тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізу қажеттігі туындайды. Зерттеу тақырыбын алуда:

  1. Оқушыға қызықты болуын, оны қызықтыруын.
  2. Шешімі болуын, зерттеушілерге ол тақырыптың пайдасы болуын.
  3. Кездейсоқ, таңқалдыратын, күтпеген жағдаяттар кездесетіндей.
  4. Оқушылардың қызығушылығын ескере отырып, өзіңіз талдай алатын, өзіңізді осы тақырып төңірегінде дарындымын есептей алатын орта туралы.
  5. Жұмыс тез аяқталатын болуына назар аудару қажет.

Зерттеу тақырыбы бойынша жұмысты жүргізгенде оқушыға мақсатқа жетуге бағыттайтын  барлық мүмкіншілікті, жолды көрсетіп беру, қалыптасқан, белгілі және белгісіз, зерттеуді қажетсінетін жолдарды анықтап, талдау, таңдау жасау, әрбір әрекетті бағалау қажет. Олардың зерттеу тақырыбы қиялдауға ұласып кетсе де, нәтижеге жеткендігі болып табылатынын естен шығармау керек.

Зерттеу тақырыбын оқушының өзі қорғауын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Ол тақырыпты ата – аналар және өз құрдастары алдында қорғай алады. Қорғау кезеңінде оқушы ашқан жаңалығын ұсынуға үйренеді, басқалардың ой-пікірін тыңдап, өзінің көзқарасын дәлелдеуді үйренеді.

«Шығармашылықпен оқыту» аясының маманы Д.Треффингер балаларды шығармашылыққа баулитын ұстаздарға мынандай ережелер ұстану керектігін ескертеді:

  1. Балаларды міндеттемеңіз; оны өз бетімен әрекет етуге үйретіңіз, оның немен шұғылданатына нұсқау бермеңіз.
  2. Тез шешім қабылдамаңыз; тыңғылықты зерттей отырып, баланың әлді және әлсіз жақтарын біліңіз, оның базалық біліміне сүйеніп шектеліп қалуға болмайды.
  3. Оқушылардың бастамаларын шектептастап, олар өздері атқаратын жұмысты өзіңіз орындап қоймаңыз.
  4. Қорытынды жасауға асықпаңыз.
  5. Оқушыларды пәнаралық байланысты бақылап отыруға дағдыландырыңыз.
  6. Мәселені өздері шеуге, жағдаятты өздері саралауға үйретіңіз.
  7. Оқушыға мектепте және үйде туындаған келеңсіз жағдайды шешуде өздерінің бойында қалыптасқан дағдылар арқылы қол жеткізу.
  8. Қалыптасқан білімді қолдана білуге үйретіңіз.
  9. Бәріне шығармашылықпен қараңыз.

Балалардың жұмысқа қабілетін бағыттап отыру жеткіліксіз, дарынды оқушыларға жағдай жасап – болашақ басшыларды, өздерін қорғай білетін, білімді, тапқыр тұлғаны қалыптастыру үшін оларды анықтап, жұмыс жүргізу жолдана тоқталдық. Бұндай оқушыларға керемет бір жаңалықты ашып, әлемді таңғалдыру міндетті емес. Бірақ олардың интеллектуалдық даму деңгейі өте жоғары, қабілетті, жеке басының дамуында ерекшелігі бар болғандықтан, біздің  міндетіміз – қолымыздан келетін барлық мүмкіндіктер арқылы олардың  кез-келген пайдалы ортадан табылуына көмектесу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *