“Үш тілді білу-заман талабы”


Касымбаева Салтанат Арыстановна

преподаватель русского языка и литературы

Рудненский политехнический колледж

Осы орайда тіл саясатына өзімнің пайымдауым да бар. «Тiлдердiң үштұғырлығы», дәлiрек айтқанда, үш тiлдi, қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiн меңгеруге ұмтылыс жасауым мемлекеттiк қазақ тiлiнiң халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тiлдерiмен тең қолданылатын биiкке қол созу. Елбасымыздың  «Бiз бүкiл қазақстандықтардын басын бiрiктiретiн басты фактор – мемлекеттiк тiл – қазақтардың туған тiлiн дамыту үшiн барлық күш – жiгерiмiздi жұмсауымыз керек» – деген даналық  сөздері  маған ой салды.      Мен болашағымның  мемлекеттiк тiлмен тiкелей байланысты екенiн жақсы түсiне отырып,   әлемдiк үдерiстiң талабына сай көп тiлдi меңгерудiң де өмiр талабы екенін түсіндім.Үш тұғырлы тiл мәдениетiн қалыптастыру үшiн басқа шетел тiлдерi iшiнен не себептi ағылшын тiлi таңдап алынды?   Менің ойымша бiрiншiден, ол бiлiмдердi бiр тiлден екiншiсiне аударып тарату қызметiн атқарады; екiншiден, халықаралық коммуникация мен ақпарат құралдары қызметiн атқарады; үшiншiден, адамдар арасында бүкiл әлемдiк ой-пiкiрлер алмасу түрi және төртiншiден аса мол ақпараттарды сақтау құралы қызметiн атқару тiлi болып табылады.

Сондықтан “Мәңгілік елдің” тәлімді ұрпағы ретінде   «үш тұғырлы тiл» саясаты заманның зәрулiгiнен туындаған қажеттiлiк деп есептеп, оны игеруден қорықпауымыз керек. Әсiресе, өскелең ұрпақтың жастар алдында бiрнеше тiл бiлу мiндетi тұр. Олай болса, бүгiнгi Қазақстан азаматтарының парызы – «өзге тiлдiң бәрiн меңгерiп, мемлекеттiк тiлдi құрметтеу» деп бiлемiн. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Яғни,тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы, ұлттың тірегі болып отыр.  «Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-сананың негізгі өнеге, нағыз белгісі…» деген Бауыржан Момышұлының тіл туралы айтқан сөзіне үңілсем, ана тілі – өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал екендігіне көзім жетеді. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс.Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқы болған   тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз деп жырласам да артық болмас деген ойдамын. Өйткені Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы.

Қазіргі таңда  мемлекеттік тіліміз ұлттарды бір – бірімен  жақындатып туыс етіп, бірлігін нығайтып отыр. Яғни,  кез – келген  мерейлі шарада  өзге ұлт өкілдерінің  ана тіліміздегі сайысқа белсенді   қатысып,  тіл арқылы бірлігі, ынтымағы арта түскеніне куә болып жүрміз.  Міне, осы орайда  тіл – адамзат қоғамындағы ортаны біріктіруші, ұйымдастырушы  ролін атқарып, нәтижесінде   басқа ұлт өкілдері қызығушылық танытқандықтан  қазақ тілінің келешегі кемел екендігіне сенімдімін.

Тіл мен тәуелсіздік егіз ұғым. Мәңгілік елге бет бұрған сәтімізде  тәуелсіздік, азаттығымызбен бірге ана тіліміз де   өміршең бола бермек. Өйткені, менің  ана тілім – дара тіл, Отанымның тілі.  Сондықтан халық ауыз әдебиетінің дәстүрлері мен тілдік нормаларында қалыптасқан, қазіргі таңда  ақындар, жыраулар мұрасы арнасына құйылған, ұлы Абай мен Ыбырай шығармашылығы арқылы бізге жеткен тілім мен үшін аса қымбат.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларындағы «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халықтарын біріктіру мен одан әрі топтасты-рудың негізгі тұғыры», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тіл мен мәдениетін сақтап түлете береміз» деген ұстанымдары Қазақстандағы тіл саясатының бүгіні мен болашағын айқындап отыр емес пе? «Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған,  өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!»-деп тілге берген бағасының әділдігін айтсаңызшы!

Иә, осындай  құдіретті тілімізге деген құрмет отбасынан, колледж қабырғасынан басталуы тиіс. Құрғақ  сөзбен тілімізді өркендете алмасымыз хақ. Сондықтан тіл жанашыры  ретінде мектеп қабырғасынан қазақ тілі сабақтарында  сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, айтайын деген ойдың айқын әсерлі болуы, сөздің синонимінің көп болуын басты назарда ұстанамын.  Сөз және сөз тіркесін білу үшін, дыбыстардың үндесуінің заңдылығын білу – қазақ тілінде дұрыс сөйлеудің ең басты шарты.  Міне, үштілділікке оң көзбен қарай отырып,қазақ тілінің басым болуына  белсенді түрде ат салысып жүрмін. Олай болса, Егемен еліміздің дәл бүгінгі дамуы мен қалыптасуының өзекті мәселелерінің бірі – мемлекеттік тіл саясаты, – деп тұжырымдай келе, мемлекеттік тілдің тұғырын әрқашан биікке жеткізейік, тілімізді, дінімізді, қастерлейік.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *