Ұлттық ойындардың маңызы.


Астана қаласы, №79 «Шабыт» балабақша тәрбиешісі:

Юнусова Гульжамал Сабировна

Балаларға рухани-адамгершілік тәрбие берудегі ұлттық ойындардың маңызы

Дана халқымыз, данышпан халқымыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Елдің, халықтың болашағы бала тәрбиесін өте маңызды екенін түсіне отыра, балаға жан-жақты рухани жан-дүниесі таза болсын деп адамдыққа үйреткен. Жас бала жас шыбық секілді, қалай исең солай майысады, қалай айтсаң солай көнеді.

Жаңадан нәрестелі болған екі жас қарияның алдына келіп: — Баламызға тәрбие берсеңіз деп едік, — дейді. Сонда кемеңгер: — Сәбилеріңнің туғанына қанша болды?» — деп сұрайды.

 

— Үш ай.

— Ей, құлындарым, балаға тәрбие беруден үш ай кешігіп қалыпсыңдар, — депті. Шынымен де, бала тәрбиесі бір сәтті де қалт жіберуге болмайтын ұлы да игі іс. Ал сол тәрбие беруде баланың көңіліне, ішкі жан-дүниесіне қатты тимейтіндей етіп берудің өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Себебі, жас бала жаратылысынан ата-анасының қамқорында болып, өмірдің барлық келбетін ойын арқылы қабылдайды. Баланың негізгі іс-әрекетінің өзі – ойын. Халқымыздың баланы «ойын баласы» деп те атауы бекерден бекер болмас.

Балаға дүниенің қызығы сол – ойын, барлығын ойынға айналдыру. Сондықтан балаға тәрбие бергенде ойын мен тәрбиені ұштастырып, баланы ойната тұра, оның бойына рухани, адами құндылықтарды сіңіру ата-ананың да, ұстаздардың да, бір сөзбен айтқанда жөн сілтеушілердің міндеті. Халық даналығы да соны меңзейді.

Бала мен жеткіншекті ойнатып қана қоймай, бойына ұқыптылық, адамгершілік, татулық, намысшылдық, ептілік, шапшаңдық және т.б. секілді адами қасиеттерді сіңіретін негізгі құрал – ұлттық ойындар. Сонау ерте замандардан бері талай батырларымыз, ақын-жырауларымыз, бозбала-бойжеткендеріміз сол ойындарымызды ойнап, халық даналығынан сусындап келді емес пе?!

Педагог ретінде қысқа мерзімді даярлық топтары балаларына тәрбие мен білім беруде, құндылықтарды үйретуде халық ойындарының маңызы өте зор екендігіне көзім жетіп отыр. Себебі, бұл балалар – үйде болған, балабақшаға бармаған, мектепалды даярлықтан өтпеген биязы балалар. Ата-анасының етегінен асып көрмеген олар балабақшаға келгенде бөтен ортаға, бөтен адамдар арасына түседі. Отбасы, ошақ қасынан басқа да дүние бар екенін, балаға басқа өмірге аяқ аттап келе жатқанын аса бір педагогикалық шеберлікпен, шынайылықпен жеткізген жөн. Ойнай отыра тәрбиелеу, білім беру.

Ахмет Жүнісовтың айтуынша (Фәниден бақиға дейін, Алматы, «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке, т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен». Ал «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындары туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған», — дейді. Бұл сөздер алынып отырған әдісіме, айтылған сөзіме жан бітіріп отырғандай.

Ұлттық ойындар: айгөлек, ақсерек-көксерек, ақсүйек, алакүшік алтыбақан, ақшамшық, арқан аттау, арқан тартпақ, асық, аттамақ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, епті жігіт, дауыстап атыңды айтам, қыз қуу, күміс ілу, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, шалма, соқыр теке, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, түйілген орамал, бес асық, сұрақ-жауап, жасырынбақ, орын тап, тақия тастау, ұшты-ұшты, т.б. түрлері өте көп. Соңғы кезде қалыптасқан ойындар: әріп таңдау, нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Сондай-ақ қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *