Гүліңізді күте біліңіз, ол сізге жақсы көңіл-күй сыйлайды


Айнур Сулейменова

Қызылорда құрылыс және бизнес

колледжінің химия және

 биология  пәнінің оқытушысы

 

Көшпенді өмірді тіршілігіне тіреу еткен қазақ халқы ерте заманнан дала табиғатында өмір сүріп, көгалдандыруды әу бастан қажет етпеген. Ал, бүгінгі күні отырықшылыққа айналып отырған тәуелсіз елімізге бұл саланың зор қажеттілігін тудырып отырғаны рас. Табиғат әлемінің тіршілік иелері бір – бірімен қандай қарым – қатынаста болса, адам да осы әлемнің саналы бөлшегі екенін естен шығармағанымыз  абзал. Ауадағы зиянды газдарды бойына сіңіріп, өзінен таза оттегін бөліп шығаратын жасыл өсімдіктер екенін, барша адамзат баласы білгенімен, сол әлемге деген аяушылық, қамқорлық жетіспей көңілге қаяу түсіріп жататыны өкінішті.

Гүлдер, ағаштар жалпы жасыл өсімдіктер әлеміне шынымен де бір сәт назар салып көрейікші. Байыбына жете қарасаңыз, біз күнделікті қарбалас өмірдің  түйіткілімен жүріп-ақ, өз табиғатымыздың қалауын ескерусіз қалдырамыз.

Дегенмен, гүлді күтіп-баптау, өсіру, көбейту әсемдеу сияқты әдіс-тәсілдерін гүл өсіру барысында пайдаланып, жақын адамыңа, туған-туысыңа, достарыңа әсем гүлден сыйлық жасасаң, еш ұтылмайсың. Себебі сыйлыққа  гүл беру  сол адамның жүйкесіне, көңіл күйіне  жақсы  әсер беретінімен қатар  әдемілікті уақытша болса да, шынайы қабылдайтыны сезіліп жатады.

Қазіргі кезде  шоқ гүлден гөрі  ыдыстағы  гүлді сыйлыққа беру  үрдіске айналуда. Олай дейтін себебіміз, ыдыстағы гүлдің  өмірі ұзақ, көбейтуге  тиімді және жанға жағымды. Біздің жеріміз құрғақ болғанымен, өсіретін гүлдің  күтімі, топырағы, орналасуы, басқа  ыдысқа ауыстыру  мен көбейту жұмыстары дұрыс жүргізілсе, ол гүлдің өсіп, өркен жаюы әбден мүмкін. Мысалы, кейбір гүлдер суды  мол қажет етеді, кейбірі жарықтың мол  түскенін қажет етпейді. Басқа  жердің топырағынан  әкелінетін  гүлдердің кейбіреуін біздің топырағымызға жерсіндіріп  өсіруге болады. Мысалы: юкка, монстера, фикус, сингониум т.б.

Егер гүлді  ыдысының көлеміне қарай уақытылы ауыстырмаса, олардың топырағының астыңғы бөлігі  тамырға   айналады да,  соның салдарынан топырақ азайып    құнарын жоғалтады.

Гүлді бизнеске айналдыру ХІХ ғасырдан басталғанымен, ыдыста өсірілетін  гүлдерді сату, сатып алу біздің елімізде  өткен ғасырдың аяғында  бастау алды деуге болады. Гүлдерді  күтіп-баптау  кезінде өзінің ережелері сақталмаса, гүл ауруға ұшырайды жапырақтары сарғаяды, тамыры  шіриді. Топырақтың  құнарлылығы маңызды орын алады. Егер топырақ құнарсыз болса, гүлге берілетін тыңайтқыштарды пайдалану керек.

Тыңайтқыштарды  ерте көктем мен күз айларының соңына  дейін беруге болады. Қазіргі гүл сататын  дүкендерде әр гүлдің өзіне арналған тыңайтқыштарын көре аламыз. Сонымен  қатар гүлдің зиянкестерімен күресу де өз ережелерімен жүру керек. Мысалы: кәдімгі үй бөрітарағының зиянкесі аққанаттыларды жою үшін өзінің арнайы дәрісін су  бүркігіш арқылы жапырақтарының астыңғы жағына он күн сайын шашып отыру қажет. Осы әдісті тағы екі  қайталағаннан кейін ол зиянкестерден құтылуға болады. Ал көбейтілуі жылдың кез келген уақытында қалемшелер арқылы жүргізіледі.

Кейбір  гүлдердің қасиеті  ерекше болады. Мысалы: диффенбахия (Dieffenbachia) гүлін балалар  бөлмесіне өсіруге болмайды,  себебі оның жапырағындағы  шырын өте улы болып келеді.Үй жағдайында  ол  сирек кездеседі. Отанында 1,5 метрден асса, Қазақстанның үй жағдайында  оның  биіктігі 1 метрге  жетер-жетпес  болып өседі. Ал көбейту жұмыстарын көктем мезгілінде  түбін бөлу арқылы немесе  қалемшелеу арқылы  жүргізуге  болады.

Үй гүлдерін аптасына бір рет су бүркіп  немесе   жапырағын дымқыл шүберекпен шаңнан арылтып отыру керек. Алайда,  кейбір гүлдерін  жапырағына су бүркуге болмайды.  Олар – жүсіптің сұлулығы (Сoleus), шегіргүл (Viola), глоксония сияқты жапырағы түкті өсімдіктер. Су тамшылары олардың жапырақтарының үстінде дақтар қалдырады.

Жұлдыздарға қарап үй гүлін таңдауға болады. Мысалы, Таразы жұлдызындағылардың гүлдері адамдарға салмақтылықты меңзейді. Таразының гүлдері – жалпақ жапырақты ананас, айдаргүл, бақыт гүлі, бөрітарақ, лала. Ал Сарышаян жұлдызындағылардың гүлдері – шөл кірпігүлі, кәдімгі талгүл, қалпақ тәрізді алоэ. Гүлдердің сұлулығы шаршаған кезде, жүйке құлазыған кезде, көңіл-күйдің бұзылған кезінде жақсы әсер етеді.

Мерекелер мен қуаныштарда кісілер бір-біріне басқа сыйлықтан гөрі гүл сыйласа, адамдар сұлулық пен нәзіктіктің қадыр қасиетін ерекше сезінеді. Гүл өсіріп гүлді күтіп – баптауға уақыттың тапшылығы әсер етпейді. Егер өзіңіздің өсіріп жатқан гүліңіз  жапырағын кең жайып, гүлдеп, көркейіп жатса, онда еңбегігіңіздің еш болмағаны.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *