Эймериоздың патологиялық морфологиялқ өзгерістері


Камардинұлы Азамат

Шымкент аграрлық колледжінің оқытушысы

Кокцидиоз – жіті, жітілеу және созылмалы өтетін, Coccidiida тегіне жататын ішкі торшалық қарапайымдылар туғызатын, әртүрлі мүшелерді зақымдаумен сипатталатын адамдар, жануарлар және құстарда кездесетін протозооидты ауру [3].

Құс эймериоздарының қоздырғыштары қарапайымдылардың тобына Protozoa, споралылар (Sporozoa) классына, Coccidiida тегіне, Eimeriidae тұқымдасына, Eimeria туысына жататын паразиттер.

В.Л.Якимовтың хабарына қарағанда, алғаш 1870 жылы бұл паразитті Gregarina falciformes деген атпен тышқаннан тапқан Eimer. Ал, 1875 жылы Aime Jchneider зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұл паразиттерді Eimeria туыстығына жатқызып, оның негізін қалады. Жалпы, Eimeriidae тұқымдасына жататын қарапайымды паразиттердің дамуындағы ерекшелігі, олардың ооцисталарында 4 спора түзіледі, онан соң әр спордан екіден спорозоиттар пайда болады. Eimeria туыстығына паразиттің көптеген 1000-нан аса түрлері жатады [4].

Құс эймериясын 1878 ж. алғаш тапқан S.Rivolta. Ол тауық ішегі кілегей қабатының дәнекер ұлпасынан 40-50 мк. көлемде спорозоялар тауып, оны Gregarina avium intestinalis  деп атаған. Кейін бұны ғалымдар эймериялардың даму сатысының бірі деп санаған. Кейін бұл паразитті  тауықтан Ресейде В.Л.Якимов пен Е.Ф.Растегаевада тапқан (С.К.Сванбаевтың нұсқауы бойынша). Паразитті тереңірек зерттеп, 1912 жылы оны Eimeria tenella деп, ат берген E.E.Tyzzer. Бұл паразитпен зақымданатын тауық, қаз, үйрек, күркетауық, қырғауыл, тауыс және жабайы құстар.

W.T.Johnson 1927 жылы ғылымға бұрын белгісіз эймериялардың E.necatrix және E.praecox деген түрлерін тапты. Ал, 1938 жылы P.P.Levine Америка құрама штатында эймериялардың жаңа екі түрі E.hagani, E.brunetti туралы жазды [3, 5].

В.Л.Якимов және Е.Ф.Растегаева Ленинград облысынан құс эймерияларының 3 жаңа түрін тапты: E.tyzzeri, E.johnsoni E.beachi. 1945 жылы H.N. Ray Үндістанда 4 – 6 жетілік балапандардан ооцисталарының жаңа түрін тауып, оған Wenyonella gallinae деген ат берді. О.Я.Плаан 1951 жылы Эстон республикасында тауықтың жаңа эймериясын тауып, оны E.zpozadiea деп атады.

С.К.Сванбаев, В.И.Кошкина, А.И.Чубис, М.К.Утебаева деректері бойынша, олар Қазақстан аумағынан тауық эймерияларының бұрыннан белгілі 6 түрін тапқан (E.tenella, E.necatrix, E.maxima, E.mitis, E.praecox және E.acervulina). Олар Алматы, Қарағанды, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында құс шаруашылықтарын эймериоздарға зерттей отырып, табылған эймериялардың 6 түрінің де морфологиялық ерекшеліктерін жан- жақты зерттеген.

Кокцидиялардың түрлерінің көптігіне байланысты, олардың өз иелеріне телімділігін білудің эволюциялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да маңызы зор. В.А.Догельдің түсінігі бойынша телімділік, паразиттің белгілі бір иеде немесе топта тіршілік етуінің қалыптасуы. Е.Н.Павловский кездескен паразиттің өз иесінен басқа, қанша иеде кездесуі мүмкін екендігін біз жете білмейміз, ол одан да көп болуы мүмкін деген. Ол үшін зерттеу жұмыстары кең көлемде жүргізілуі шарт.

С.К.Сванбаев өз жұмысында қаздардан алынған E.truncata және E.parvula эймерия түрлерін 40-күндік үйрек балапандарына жұқтырған. Ал, керісінше үйректен бөлінген E.koganae және E.perniciosa түрлерін 50 күндік қаз балапандарына жұқтырған. Нәтижесінде қаздарға үйрек эймериялары, ал үйректерге қаз эймериялары жұқпаған. Осы жұмыстың қорытындысына сүйеніп, ол құс кокцидиялары өз иелеріне телімді, деп санайды.

Сонымен, әдеби деректерге қарағанда кәзіргі кезде ғылымға тауық эймерияларының 17 түрі белгілі. Олардың морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері әртүрлі әдістемелер арқылы зерттелініп, ғылыми әдебиеттерде жазылды. Бірақ, көптеген эймериялар морфологиялық және биологиялық тұрғыдан бір-біріне өте ұқсас. Сол себептенде эймерия түрлерін қайта генетикалық тұрғыдан зерттеудің ғылыми маңызы зор деп санаймыз [6, 7].

 

 

 

1.2 Құс эймериозының эпизоотологиясы

 

Ғылыми әдебиеттердің деректеріне қарағанда құс эймериозы Үндістанда, Германияда, Польшада, Чехияда, Словакияда, Францияда, Жапонияда, Румынияда, Америка Құрама штаттарында және ТМД елдерінде кеңінен таралған инвазия [8, 9].

Тауық кокцидиясын Ресейде Мәскеу облысында алғаш тапқан Р.А.Цион және С.Т.Щеников. Соңынан В.Л.Якимов, В.Ф.Гусев бұл паразиттерді тауықтан Ленинград облысында, В.Г.Шидловский Белоруссияда, А.А.Абиджанов, И.М.Мадьяров, Х.Рузиев Өзбекстанда тіркеген.

Құс эймериоздары ТМД елдерінде де кең таралған инвазия. Құс шаруашылықтары, көптеген мәліметтер бойынша, жыл сайын миллиондаған ақшаны құрайтын экономикалық зиян шегеді. М.Д.Лукьянова, В.И.Кошкина, И.Е.Гончаров, Р.К.Заринь тауық кокцидиозынан келетін өлім 40 %-дан 100 %-ға жететінін хабарлады. М.В.Крылов, Кириллов А.И., Лоскот В.И., Радчук В.А. Дағыстанда, Қырымда және Ленинград, Мәскеу облыстарындағы жүргізілген жұмыс нәтижесінде, тауық кокцидиозынан болатын балапандардың өлімі 14,3% құрағанын жазды. Олар құс етінің сапасы 24,5%  төмендейтінін, жемге жұмсалатын қаржы 2-3 есе көбейетінін анықтаған.

Қазақстанда алғаш тауық эймериозымен шұғылданған және оны Алматы облысынан тапқан В.И.Кошкина. Паразитті Қарағанды және Ақмола облыстары тауықтарынан тіркеген – А.И.Чубис, ал, Шымкент, Жамбыл облыстарынан – М.К.Утебаева .

А.И.Чубистің мәліметі бойынша Қарағанды және Целиноград облыстарындағы өндірістік құс фабрикаларында эймериоздың шығуы мен өтуіне жыл мезгілдері әсер етпеген.

В.И.Кошкина Алматы облысында тауық балапандары эймериозының мамыр-маусымда, қыркүйек-қазанда жиі тіркелетінін, ал желтоқсанмен наурыз айлары арасында аздап кездесетінін жазған.

М.К.Утебаева Оңтүстік Қазақстанда эймериоздың ең жоғарғы экстенстивтілігін жаз айларында (62 %), төмендегенін – күз айларында (43,5 %), азайғанын – көктем айларында (33 %) байқаған.

Сонымен, құс эймериозының шығуына, өршуіне, таралуына әсер ететін факторлардың бірі – ауа райының жағдайы. Ауа райы әр жерде, әр аймақта әртүрлі. Сол себептенде құс эймериозын ауа райының өзгеру жағдайына және жыл маусымының өзгеруіне байланысты зерттеудің ғылыми тұрғыданда, практикалық жағынан да маңызы зор.

Көптеген ғалымдар (В.А.Васильева, П.А.Небайкина, И.М.Минаев, П.Л.Бютиков, А.С.Плотников, А.П.Мачинский, K.Elwinger, I.Samberg, I.Gardiner және т.б.) құс эймериозының таралуы, өршуі олардың жасына байланысты деп, санайды.

С.К.Сванбаев 1971-1972 жылдары эймериоз инвазиясының таралуын зерттеп, Қазақстанның 12 облысында 3086 әр түрлі жастағы тауықтардың 1172 (38 %) эймериямен зарарланғанын анықтаған. С.К.Сванбаевтың мәліметінде осы жылдары эймериоздың таралуы ересек тауықтарға қарағанда балапандардың зарарлану пайызы жоғары екендігі көрсетілген. Яғни, эймериялармен зарарланған балапандар 43 %, ал ересек тауықтар 17,2 %- ды құраған.

В.И.Кошкина Алматы облысындағы тауықтарды тексеру нәтижесінде 27 күндік балапандардың зақымдалу көрсеткішінің жоғары болғандығын тіркеген.

А.И.Шмулевич, В.И.Кошкина эймериоз инвазиясының эпизоотологиясын зерттей отырып, зарарлану пайызы балапандарда 72,8 %, ал тауықтарда 18,9 % құраған.

Қарағанды және Шымкент облысы бойынша сыртқы орта факторында эймериялардың экзогенді дамуын С.К.Сванбаев зерттей отырып, ооцисталардың споралануы Шымкент облысында 81,5 % деңгейде, ал Қарағанды облысында 19,6 % болғанын хабарлайды. Иегер эймериялардың ооцисталарының дамуын климаттық жағдаймен байланыстырады.

В.И.Кошкина зерттеулерінде қыстап шыққан тауықтардың эймерия ооцисталары Алматы облысында өзінің инвазиялық қабілеттілігін 88,2-93,4 % сақтап, зертханалық балапандарға жұғу мүмкіндігі бар екендігі көрсетілген.

 

 

 

Сонымен ғылыми әдебиеттер құс эймериозы жан-жақты зерттелінген инвазия екендігін көрсетеді. Әр елде құстардың эймериялармен зақымдануы әр түрлі деңгейде екенін хабарлайды. Құс эймериозының таралуына, экстенсивтілігіне, интенсивтілігіне үлкен әсер ететін сыртқы орта факторлары екендігі дәлелденеді. Міне осыларға байланысты, әр географиялық жергілікті аймақтарда құс эймериоздарымен күресу үшін, алдымен оның

 

эпизоотиялық немесе энзоотиялық деректерін ғылыми тұрғыдан толығымен зерттеп, сонан

соң оған қарсы  емдеу, сақтандыру шараларын белгілеу керек деп, санаймыз.

 

1.3 Құс эймериозының патогенезі және клиникалық белгілері

Құс эймериозының патогенезі және клиникалық белгілері паразиттің эндогендік даму сатысымен өте тығыз байланысты. Өйткені құс ішегінде жыныссыз өсіп, көбею кезеңінде миллиондаған эпителий торшалары жойылады [10, 11].

Құстардың эймериялармен аздаған мөлшерде зақымданғанында, көбінесе ауру белгілері білінбейді. Ал, керісінше эймериялардың көп мөлшерімен интенсивті түрде зақымданған құстар эймериозбен ауырады, тіпті шығынға ұшырайды.

А.И.Кирилов құс саңғырығынан 30-дан аса ооцисталар бөлінген жағдайда ғана ауру туындайтынын жазады.

В.Ф.Крылов инвазияның клиникалық белгілері – паразиттің эндогендік мерогониялық даму сатысында біліне бастайды дейді. Ал, инвазияның инкубациялық кезеңі қоздырғыштардың түріне байланысты 4-7 күнге созылады.

В.Д.Алимов тауық балапандарының жалпы жағдайының нашарлауы, олардан эймерия ооцисталары бөліну кезеңімен тұспа-тұс келеді деп, санайды.

Ю.П.Илюшечкин эймериозбен ауру құстардың эпителий жасушалары жаппай талқандалу кезеңінде ішекте улы заттар жиналады, олар организмге ішек арқылы қайта сорылып, бүкіл организмді уландырады, ішектің және тағы басқа ағзалардың физиологиялық қызметін бұзады деп, санайды.

А.П.Мачинский, В.С.Орехов эймериоздың алғашқы кезеңінде, балапандардың қанындағы ақ уыз, қант төмендейтінін хабарлайды.

С.К.Сванбаев, В.Ф. Крылов құс эймериозының алғашқы белгісі – балапандардың шөліркеуі, жемсауы суға толып, күйзелуі, саңғырығы сұйық жасыл түсті деп, санайды. Соңынан құс саңғырығы қан араласуына байланысты қара – қоңыр түске айналады. Құс эймериозының осындай клиникалық белгілерін В. Донев, А. Владимирова да байқаған.

Тауық балапандары эймериозының ішекті қатты зақымдайтыны, іштің тоқтамай, қан аралас болып өтетіні жөнінде, балапандардың шөліркейтіндігі, салмағының өспейтіндігі туралы тағы басқа көптеген зерттеушілер жазды [12, 13].

Ю.П.Илюшечкиннің деректеріне жүгінсек, тауық балапандары эймериялармен көптеп зақымданған жағдайда қан құрамы өзгереді, қандағы кальций деңгейі көтеріледі, натрий – төмендейді. Осының әсерінен қандағы электролиттік тепе-теңдік бұзылады, нәтижесінде балапандар өлімге ұшырайды.

В.С.Орехов тауық балапандары эймериозын зерттеудің нәтижесінде, тіпті эймериялардың кез-келген мөлшері қандағы ақуыз деңгейінің төмендеуіне, қан құрамының өзгеруіне әкеп соғады деген қорытындыға келген. Ол, қандағы эритроциттердің, гемоглобиннің, лимфоциттердің төмендеуін, лейкоциттердің көбеюін байқаған.

Н.А.Колабский тауық эймериозының клиникалық белгілерінің білінуі, құстың физиологиялық жағдайына, оларды азықтандыру, бағу технологиясына, қоздырғыштың түрлік құрамына және организмге жұққан ооцисталар санына байланысты болатындығын сараптайды.

 

 

 

Аурудың жіті түрінде құстардың жемге тәбеті болмайды, жалпы жағдайы күйзелген,

 

шөліркегіш, балапандар көп қозғалмайды, іші өтеді, басында саңғырығы сұйық, соңынан қан, шырыш аралас. Осындай жағдайда құстар 4-7 күні өлімге ұшырайды, шығын 70-100 % дейін жетеді.

Инвазияның жітілеу түрінде аталған клиникалық белгілердің бәрі білінеді, бірақ олардың көрінісі сәл бәсеңдеу. Инвазиямен ауырған тауық балапандарының іші өтеді, нашар жетіледі, қанаттары салбыраған, жем-суға жөнді қарамайды. Балапандар ем шаралары қолданбаған жағдайда, алғашқы клиникалық белгілері білінгеннен соң 7-10 күндері өлімге ұшырайды. Мұндайда балапандар арасындағы шығын 50 %-ға жетеді.

Эймериоздың созылмалы түрінде көбінесе ересек балапан-шөжелер, ересек тауықтар ауырады. Эймериоздың клиникалық белгілері бәсең, тек тауықтардың іші өтіп, азып-тозады. Мекиендердің жұмыртқалауы төмендейді. Инвазия бірнеше аптаға созылады. Тауықтар арасында шығын өте сирек кездеседі.

Көптеген зерттеушілер эймериоздың клиникалық белгілерінің пайда болуын, организмге енген паразит санымен байланыстырады. А.Б.Степин және А.Г.Дербышеваның тәжірибесінде эймериоздың клиникалық белгілері тауықтарға 120 мың спораланған ооцист жегізгенде ғана біліне бастаған. Ауырған тауықтардың күйі төмендеп, жалпы жағдайы нашарлаған, шөліркеген, іші өтіп, саңғырығы сұйылған.

Сол сияқты А.И.Соколов, Н.М.Омаровтарда тауық эймериозында, инвазияға көбінесе 2-3 айлық балапандар шалдығады, клиникалық белгілері тауықтардың жүнжуімен, қан аралас шырышты саңғырықтың өтуімен сипатталатынын хабарлайды.

Сонымен қорытындылай келгенде, эймерия паразиттері құс организміне әртүрлі жолмен патогендік әсер етеді. Олардың патогендік әсерінің дәрежесі құс жасына, олардың төзімділігіне және құс организміне енген инвазиялық ооцисталардың сандық мөлшеріне және олардың түрлеріне тығыз байланысты. Осыларға қарамастан көптеген зерттеушілер эймериоз инвазиясындағы аурудың өрбуін әлі жете зерттелмеген деп, санайды. Дегенмен, құс эймериозына қарсы ғылыми тұрғыдан негізделген шаралар ұйымдастыру үшін, инвазияның патогенезін, клиникалық көріністерін жете зерттеудің маңызы өте зор.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *