“МӘҢГІЛІК ЕЛ ТАРИХИ – ТАҒЫЛЫМ”


 Байтикенова  Үмітгүл Кәкімбекқызы «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің Сырбай Мауленов атындағы гимназия»

тарих пәнінің мұғалімі 

«Ұлы Дала елі», «Қазақ елі», «Мәңгілік ел» деген киелі ұғымдар талайлы тарихында басынан қилы қиындықты өткерген қазақ халқының бұрыны мен бүгінінен хабар беріп тұрғандай.Ұлт жасампаз болу үшін ұлтты ұйытатын ұлы идея қажеттілігін болмысымен сезінетін, мақсатсыз елдің тарих көшіне ілесуі неғайбыл екенін тереңнен пайымдайтын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз.      Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Ендігі ұрпақ, яғни мына біз  – мәңгілік қазақтың перзентіміз. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел», – деп елді елең еткізген«Мәңгілік Ел» идеясы мені де елеңдетуі тиіс. Тарихқа тағзым жасап, бабалардың ұлы істерін ұлықтау – мемлекеттілік ұғымын ұлттық идеологияның алтын қазығына айналдыру менің басты парызым.

Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы – ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасы, елдің болашағына қызмет ететін жасампаз озық ой.Көптің бірі болып тасада қалмай, дамыған, ықпалды мемлекет құруға ұмтылу – елдігімізге сын, ұлтымызды әлемге танытудың мүмкіндігі, қазіргі ұрпақтың асыл мұраты десек, мен шәкірттерімді терең білімді, елжанды болып өсуіне күш салуым  керек деген ойдамын. Өйткені, әлемдік қатерлерге төтеп бере алатын  қуатты мемлекеттің ұрпағы бәсекеге қабілетті тұлға болуы тиіс. Осы орайда Елбасымыздың кемел ісіне сүйсінемін.

Ғажап ізденіс ғаламат жаңалық жасайтынын дәлелдеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында қазақстандық жолдың келешекте қалай кемелденетінін, ең бастысы қандай ел құрумен тиянақталатынын түсіндіріп, жаңа дәуір келбетін сөзбен сомдап жеткізді. Мәңгілік ұғым түсінігі – барша адамзатқа ортақ қазына.

Оның негізінде саналы-санасыз тіршілік иесінің өмірге, қоршаған ортаны игеруге құштарлығы жатыр. Мәңгілікке ұмтылған арман-мақсаттың нышанына, ескерткішіне Египет пирамидаларын, мәңгі қала Рим тәмсілін, суға батпайтын, отқа жанбайтын батырлар жайлы тарихқа дейінгі аңыз-ертегілерді жатқызуға болады. Біздің пайымдауымызша, әлемдік және дәстүрлі діндердің бастау-бұлағында да мәңгілікті бейнелейтін түпжаратушы тұр.Демек, байырғы түркі қоғамында дүниеге келген қысқа да нұсқа «Мәңгі Ел» ұстанымы, біріншіден, арғы бабаларымыздың адамзат өркениетіне, оның ақыл-ой қазынасына қосқан айрықша интеллектуалдық үлесін айшықтаса, екіншіден, адамдардың әрқайсының һәм баршасының мүддесін, әрекетін, ұрпағының сабақтастығы мен жалғастығын жарасымды үйлестіруге септесетін әмбебап формуласы.

Үшіншіден, осынау кемел пайым-тұжырым қазақ жерінен, Ұлы дала елінен ешқашан табан аударған емес. Ол Қорқыттың ажалдан қашқанынан тартып ақын Ж.Молдағалиевтің: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдарымен санамызға шегеленген. «Мәңгі Ел» – арғы бабаларымыздың ұлы интеллектуалдық серпілісі. Күлтегін жазуында «Мәңгі» сөзі бес рет қолданылған. Қандай жағдайға байланысты қолданылғанына назар аударумен де мәні мен маңызына көз жеткізе аламыз.. Ендеше, мәңгілікке тірек боларлық орда керек екен. Ең кереметі – «Мәңгілік Ел» идеясы да Қазақстанның жаңа Елордасы Астанада паш етілді ғой.

«Мәңгілік ел» – Тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан, мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық, философиялық идея.       Көреген хандарымыз бен дана билеріміз, Алаш арыстары елін қайырымды қоғамға, қазақ жерін жайлы мекенге, Жерұйыққа айналдыруды арман етіп, сол үшін жанын да аямағаны тарихтан белгілі.Көпұлтты әрі көпдінді Қазақстанның алған асулары мен жеткен жетістіктерінің бастауы – бейбітсүйгіш халқымыздың ақ-адал пейілі мен  қонақжайлылығы, төзімділігі мен еңбекқорлығы, елімізді мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қадірлеген дос пейілділігі.

Иә, сондай-ақ, жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкілдерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтаса өмір сүруі – еліміздің бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы ұтымды саясаты мен ауқымды еңбектерінің жемісі.Елбасымыз «Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы – бір бөлек, сол бақытты бағалай білу – бір бөлек.         Осы орайда дана Елбасымыздың мына бір сөздері көкейіме оралады. Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдыңдағы зор жауапкершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, Тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз. Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебінен сенімді өтіп келеміз», – деген еді. Иә, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арманы, бүгінгі ұрпақтың ақиқаты болған қасиетті тәуелсіздігімізді, елдігімізді сақтап, дамыған елдердің қатарына қосылу – Мәңгілік ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсысымыз ортақ құндылыққа үлесімізді қосуымыз шарт.Бабалар арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізген соң, оны сақтап қалу үшін ел ішіндегі алауыздыққа жол бермейтін біртұтас идея, алға жетелейтін бағыт-бағдар, мақсат-мұрат болу керек.          Алдына асқақ мақсаттар қоятын, тілі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар, ертеңіне сеніммен қарайтын халық қана тарихта «Мәңгілік ел» болып қалатыны анық.          Олай болса,  елжандылық қасиетті жасымыздан бойымызға сіңіріп өскеніміз абзал. «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың мүддесіне, қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол, бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaп, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.Оның біріншісі – сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың болмысымен, мақсат-мүддесімен толық сәйкес келуі;

Екіншісі – мемлекет тарихымен сабақтасып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда қалыпты, жетекші идеологиялық мәні болуы.Ұлы қағанат құрған түркілер осы екі қағиданы да ұстанған екен.Қазақ халқы Түркі қағандары мен Қазақ хандарының, Абай мен Алаш қайраткерлерінің ізгі арманы болған ұлттық идеологияны қалағандықтан, «Мәңгілік Ел» идеясын ту етіп көтеру қажеттілігін сезінді.

Қазақ елінің бүгінгі басты мақсаты –бірлігі жарасқан, экономикасы мығым,әлеуеті жоғары, бәсекелестікке қабілетті, алдыңғы қатарлы отыздыққа ену. Қазақтың біртуар перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алған күннен бастап құндылықтарымызды қадірлеп, асылымызды ардақтауға үндеп келеді. Бүкіл әлем қызыға қарайтын елдегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық – халқымыздың салқынқанды сабырлылығы мен Елбасымыздың сындарлы саясаткерлігінің жемісі.

Мемлекеттің тірегі – халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы. Осы үш тұғыр бекем болса, Мәңгілік елдің шаңырағы биік, келешегі кемел.

«Мәңгілік ел» – кемел келешектің жобасы, сондықтан оның ұрпақтар сабақтастығына ұласатыны мәлім. Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен қайталанбас құндылықтарын ұрпаққа ұлағаттап, үлгі болатындай игі істер атқару – бүгінгі күні бізге міндет, келешекке – аманат.«Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруды бастау бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырса, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың алдындағы парызымыздың орындалғаны.     Яғни, Қазақ хандығын құрған бабалар тағылымы, Ұлы Жеңіске жеткізген аталар ерлігі, елді біріктіруші күш – «Мәңгілік ел» идеясы жаңа Қазақстанды тың серпіліске бастап, арман ақиқатқа айналса, келешек ұрпақ ретінде  отаншылдық рухымды  күшейте түсуім аса қажет.

Отаншылдық – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну, өз елінің бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғау, Отанының тарихын құрметтеп, өзінің адал еңбегін туған елінің гүлденуіне арнау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *