«Мектеп жасына дейінгі балалармен ұлттық ойындарды ойнатудың тәрбиелік мәні»


Калымова Айман Тлеубековна КГКП  педагог дополнительного образования Образовательно-досуговый комплекс «Кайнар» отдела  образования города Экибастуз 

 Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» – деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, олардың мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған екен.

Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып, халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі әрі көрінісі болған. Қазақтың ұлттық ойындары жүгіру, секіру элементтеріне бай. Ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас ағзаның дұрыс та сергек өсуінің көзі болған және де балалар ойын ойнаған кезде  ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты сонымен қатар, мінез-құлық ерекшеліктерін, білек-күшін, дененің сомданып шынығуын қалыптастырады. Сондықтан ұлттық ойындарды оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану қоғамымыздың ұлттық идеологиясын нығайтудағы  өзекті мәселелердің бірі.

        Бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беру – қазіргі қоғамның басты  міндеттердің бірі. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді, өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, қоршаған адамдардың іс-әрекетіне еліктейді. Ендеше «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің «Балбұлақ» 6 жастағы балаларды интеллектуалды-шығармашылық дамыту студиясында оқу-тәрбие үрдісінде ойналатын ұлттық ойындардың қысқаша мазмұны былай:

1.«Асық жинау»   

Ойын шарты: балалар екі қатарда тұрады. Шашылған асықтарға бір аяқпен секіріп барып, бір асықты қоржынға сала салып, жүгіріп отырып қатардың соңына тұрады. Қай топ бірінші боп келіп, асықты көп жинаса, сол жеңімпаз.

  1. «Орамал тастамақ» 

Ойын шарты: Қыз бала орамалмен билеп тұрады.  Балалар  қызды  айнала билеп  жүреді. Ән аяқталғанда, қыз орамалды лақтырады, сол кезде балалар орамалды бірінші болып алуға тырысады. Бірінші алған бала жеңімпаз.

3.«Түйілген орамал» 

Ойын шарты: Жүргізуші орамалды балалардың біреуіне ұстатады. Балалар жүргізушіні айнала шеңбер құрады.  Жүргізушінің бір, екі, үш деген командасы бойынша балалар жан-жаққа қашады.  Жүргізуші орамал ұстаған баланы қуып жету керек. Бала ойын үстінде  орамалды басқа балаларға ға бере алады.  Жүргізуші орамал ұстаған баланы ұстап алса,  ол өзінің өнерін көрсету керек. 

4.«Тақия тастамақ» 

 

Ойын шарты: 10 не одан да көп  бала шеңберге тұрады. Жүргізуші шеңбердің сыртынан келіп  тақияны баланың басына кигізіп қаша жөнеледі. Тақия киген бала жүргізушіге жетіп алу керек. Ал жүргізуші сол баланың орнына тұру керек.

5.Соқыр теке

Ойын шарты: Ойыншылар шеңбер құрып тұрады. Ортада көзі орамалмен байланған бір баланы қалдырады. Балалар:

Соқыр теке бақ-бақ,

Біз айтамыз тақпақ.

Мықты болсаң кәнекей!

Мына бізді тап-тап! – деп әндетіп соқыр текені қолымен түртіп одан айнала қашып жүреді, егер ол баланы  ұстаса, ұстаған бала соқыр теке болады. Ұстамаса өз өнерін көрсетеді.

 6.«Ұшты, ұшты»

Ойын шарты:  Жүргізуші ұшты, ұшты …..  деп ұшатын заттарды айтқанда қолдарын сермеп қалықтап тұрады. Жүргізуші балаларды шатастыруға тырысады. Дұрыс айтпаса балалар қолдарын көтермеу керек. Жеңілген бала өнерін көрсетеді.

7.«Шаңырақ»

Ойын шарты:  Балалар билеп жүреді. Әуен тоқтаған кезде, олар қолдарымен бірнеше шаңырақ құруы керек.

  1. «Теңге алу»

Ойын шарты:  Балалар шыбық атпен шауып жүріп, жерде жатқан теңгені шыбық атпен шауып келе жатып іліп алу – үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабандоздық тә­жірибені қажет етеді. Жерден көп теңге іліп алғандарға бәйге бе­ріледі.

9.«Ақ серек, көк серек»

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Топтың біреуі: «Ақ серек пен көк серек, жалындаған күн керек, анау тұрған ұл керек, оның аты …………., келсін бізге ертерек» деп баланың атын атап ұрандап  шақырады. Ол жүгіріп келіп, ұстасып тұрған қолдарын қиып өту  керек, қия алмаса сол топта қалып қояды, қиса өзімен бірге бір баланы алып кетеді. Қай топтың баласы көп жиналса сол топ жеңімпаз.

10.«Сақина салу»

Ойын шарты:  Балалар бір қатарға тұрады.  Алақандарын қысып алдына ұстап тұрады. Жүргізуші қолымен олардың алақандарының арасына сақина салған болып жүргізіп өтіп, біреуінің алақанына сақинаны білдірмей салады. Жүргізуші артқа шегініп: «Сақинам сақинам шық!» дегенде сақинасы бар бала жылдам жүргізушіге жету керек, оның қасындағы бала сақинасы бар баланы ұстап алуы керек.

              Қорыта айтқанда ұлттық ойындар – салауатты өмір салтын мұрат тұтқан арманшыл, елі мен жерінің қамын ойлайтын, ұлтқа тән барлық қасиетті қадір тұтатын,  дара тұлға – жаңа адамды тәрбиелеп шығарудың маңызды  құралы. Сабақ барысында немесе сабақтан тыс кезде баланы ұлттық ойын арқылы өмірге тәрбиелеу үздіксіз процестің жалғасы. Халықтың ұлттық ойындары –  жас ұрпақтың қалыптасып өсіп-өнуіне әсер ететін факторлардың бірі және дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты. Ойын – дене қозғалысы, шыныққан денесінің шеберлігі, көңіл көтеру, дем алу, бас қосып бірлесіп әдет-ғұрыпты жалғастыруға үндесу болып табылады.

         Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен мұра сияқты өткен күн мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, өнеріміз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті өмірде пайдаланудың пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өмірімен жалғаса береді. Ойын сан ғасырлар өтсе де адамзат баласына ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы болып қала береді.

         Ойын баланың денесін, тұлғасын жетілдіріп, дамытып, қоймайды. Сонымен бірге ақыл-ойын, ұлттық рухын, сана-сезімін, намысын да қалыптастыратын тәрбие құралы.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Құрманбаева С.К. Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі / Қазақстан мектебі. – Алматы, 2004.
  2. Атабаев А.С. Ұлттық ойындар –  халық мұрасы  /Ұлт тағылымы. – Алматы, 2006.
  3. Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты / Ана тілі. –  Алматы 1995.
  4. Сағындықов Е. Қазақтың ұлттық ойындары / Оқулық. – Алматы, 1991.
  5. Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары / Оқулық. – Алматы, 1994.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *