Балалардың шығармашылық қабілетін театрландырылған ойын түрлерін қолдану арқылы арттыру


Жетписова Айгуль Касымовна
Тәрбиеші
“№ 37 «Аленушка» балабақшасы” МКҚК

Мектепке дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін театрландырылған ойын түрлерін қолдану арқылы балалардың тілін дамыту, сөйлеу мәдениеті мен ой-өрісін, дүниетанымын жетілдіруде үлкен нәтиже беретіні сөзсіз.

Білім мен тәрбие бастауын жас жеткіншектер ең алдымен балабақшадан алады. Бүгінгі таңда қоғамымыздың даму бағытында мектепке дейінгі тәрбие беру саласы мамандарының алдында жан – жақты дамыған, сауатты, саналы, өзіндік орны бар үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін азаматты тәрбиелеу мәселесі жүктеліп отыр. Бүлдіршіндердің білімді, білікті, саналы болуында ойынның алатын орны ерекше. Н. К. Крупская: «Мектепке дейінгі жастағы балалар үшін ойынның ерекше маңызы бар: олар үшін ойын – оқу, олар үшін ойын – еңбек, олар үшін ойын – тәрбиенің маңызды түрі».

Ойын – баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, танымдық қасиеттерін, зейінін, есте сақтау қабілетін, ауызекі сөйлеу мәдениетін дамытады. Ойын-баланың өмірді танудағы алғашқы қадамы. Ойынның түрлері көп, әсіресе, қазақ тілін үйретуде театрландырылған ойындардың орны ерекше. Театрлық іс-әрекетте ертегілерді, әңгімелерді пайдалана отырып баланың ой-өрісін дамыту, сонымен бірге зер салып тыңдай білуге, есте сақтау, түсіну, рөлге бөліп сомдау, мәнерлеп оқуға, қазақша әдемі сөйлей білу мәнерін арттырамыз.

Балаларға театр, әртістік өнер, сахналау, қойылым, сахна туралы түсінік бере отырып, күнделікті сабағымызда ойын түрлерін, соның ішінде театрландырылған ойын түрлерін сомдау арқылы жасөспірімдердің қызығушылығын оятамыз. Ертегілерді ойнауда, әңгімелерді әңгімелеуде, өлеңді нақышына келтіріп оқу жұмыстарын жүргізгенде, балалардың өзара сөйлесу дағдыларын дамыта отырып, бүлдіршіндердің тілді меңгеруіне деген сүйіспеншілігін арттырамыз. Театр әлемі –әр балаға қуаныш, ұмтылмас әсер сыйлайды, оның көркемдік талғамын, еліктеуі мен қиялын дамытады. Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады екен. Сондықтанда да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуын театрландырылған ойындар арқылы жетілдіруге болады.

Бұл тақырыпты таңдаудағы мақсатым:

–  Мектеп жасына дейінгі баланың шығармашылығын театрландырылған ойын түрлері арқылы дамытып, сөйлеу қабілеттерін жан–жақты жетілдіру;
–  Қазақ тіліне деген құрмет, еліне деген құрметін жадынына сақтап, патриоттық сезімдерін ояту.

Міндеттерім:
•  Балалардың тілін, сөйлеу мәдениеті мен дүниетанымын дамыту.

•  Балаларды адамгершілікке баулу.

•  Баланың қиялын, есте сақтауын, шығармашылық қабілетін дамыту, ойдан әңгіме, ертегі, өлең шығарып айтуға үйретіп, дағдыландыру.

•  Театрлық іс-әрекетте ертегілер мен әңгімелерді пайдалана отырып ойлау қабілетін дамыту.

•  Баланың әлеуметтік және эмоционалдық дамуына жағдай жасап, әр баланың жеке дара әртістік, шығармашылық қасиеттерін ескере отырып, өзін қоршаған ортаға, адамдарға, достарына, өзіне деген қарым – қатынас мәдениетін қалыптастыру.

Күтілетін нәтиже:

–         Театр, оның түрлері туралы түсініктері болады;

–         Қазақ тіліндегі сөздік қоры молаяды;

– Диалог жұмысын жүргізу арқылы балалардың сөйлесуі тіл мәдениетін жетілдіреді.

Театрландырылған ойындар ойын – қойылымдары болып саналады, бұл жерде балаларға арналған көркемдік шығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретінде қатыстырудың маңызы өте зор. Баланы сахнада болсын, сабақтан тыс іс-шараларда болсын кейіпкер ретінде ойната отырып, оның жеке тұлғасын жан – жақты дамыту. Оның бойында әдебиетке, мәдениетке, өнерге деген құштарлық сезімдерін ояту. Бүлдіршіндер сахнада шағын рөлдерді ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, әдемі киініп, жинақы жүруге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуге үйренеді. Өзге ортада өзін еркін ұстай білуге дағдыланады. Жетілген диалог балалардың өз пікірін жеткізе білуге жетелейді. Театрландырылған ойындар балалардың ой – өрісін кеңейтеді, балаларды әңгімеге араласуға, қойылым туралы ата – аналарына, достарына, араласатын ортасына әңгімелеп беруге итермелейді. Бұның бәрі менің ойымша, сөйлеу қабілетінің дамуына, диалог түрінде сөйлеп жеткізуге септігін тигізеді.

Балабақшада қуыршақ театрын пайдаланудың тиімділігі –әлем  бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не коршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған, түйгенін тәжірибесіне жинақталып көбейе түседі. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл жастағы балалар ересектерге қарағанда, қызығушылықтары жоғарырақ болып келеді. Бұл
баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген, не білсем екен деген құштарлық сезімдері арта түседі.

Ойын –баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән-мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы, дана ақыны, дара ақыны Абай атамыз: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», – деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің орнау беріктігіне негіз қалайды. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың куанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі – баланың шығармашылық қабілеті мен дарындылығын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын көруге болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген тұжырымдары дәл, нақтырақ келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Грузин педагогы Ш.А.Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш.А.Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, балалармен бірге олардың әлемдеріне ене отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті –баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойындар, драматизациялық ойындар пайда болды. Берілген әр түрлі сипаттағы ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады, шығармашылық жеке-дара дарындылығын, логикалық тұжырымдарын ұштастыруға әкеледі. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай театрландырылған ойын түрлерін пайдалануға болады. Сондықтан, балалардың жас ерекшелігіне, қызығушылықтарына байланысты ойындарды ойнау, драмалық қойылымдарды сомдау, кейіпкерлер рөліне ену балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. Ойын барысында ойын ситуациясына бейімделу, алғашқы да жекелеген элементерді, кейінен рөлді толығымен ойнау арқылы баланың ой-өрісі, қиялы дамиды. Рөлде ойнау арқылы өз кейіпкерін алдына елестетіп қана қоймай, бала оның әрекеттерін, сезімдерін сезінеді. Осындай эмоциялық күйлер баланы бұрын байқамаған өмір көріністеріне таңқалдырып, өз сезімін мимика, ым-ишара, тағы басқа көріністер арқылы біреуге үйретеді.

Балабақшадағы театрландырылған іскерлік бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрады. Балаларға театр өнерінің шынайы сезімдерін меңгерту. Бөлімнің негізгі тақырыптары: театр өнерінің ерекшеліктері, театр өнерінің түрлері, қойылымның жасалуы, сыртқы және ішкі театр, көрермендер мәдениеттілігі.

Көркем шығармалар түрлерімен жұмыс – жанама бөлім, авторлық саханалауға негізделген. Көркем шығармалармен жұмыс істеу жүйелілігі мыналар:

-шығармамен таныстыру;

-таңдап алынған шығарманы мазмұндап, мән-мағынасын түсіндіріп талдау, кейіпкерлендіру;

– Шығарманы сахналауға қажетті құралдар дайындау. Көріністі заманауи құралдармен безендіру;

-Дайындық;

-Қойылымды саханалау;

Сол сияқты саусақтар ойын драматизациясы. Балалар атрибуттарды саусақтарына киеді. Ертегінің мәтінін айта отырып саусақтарын қимылдатып сюжет жасайды. Көріністі ширманың сыртында тұрып, немесе топта еркін қозғала жүріп көрсетеді.

Балалар театрының бірнеше түрлері бар. Соның ішінде ең көр тараған түрі:ойыншықтар театры. Бұнда балалар қысқа тақпақтарды жаттап, оның өзіне тән орындау кезінен бастап-ақ кішкене көлемді спектакльдер ойнайды. Ондағы адамдар рөлін ойыншықтар орындайды.

Келесі бір түрі: саусақ театрында– саусақтардың көмегімен қандайда болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын саханалау болып табылады. Саусақ театры арқылы баланың сөйлеуге деген құлшынысы, қабілеті дамып, дарындылығы, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашылады. Саусақ ойынын сомдай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс қимылына қарап, бала қуанады шаттанады, сөз айтуға тырысады және өлеңде үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сонымен қатар балалар екі қолын қимылдата отырып, оң, сол, жоғары, төмен т.б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренеді.

Үстел үстіндегі театры – сәбилер тобынан бастап тақпақ пен қысқа өлеңдерді айтқызғанда көркем сөздер әсерлі естілу үшін стол үстіндегі театрды қолданған дұрыс. Үстел үсті театрында да ойыншықтар қолданылады

Суреттер (картиналар) театры – декорация мен кейіпкердің – суреттері. Олардың әрекеттері шектелген. Ойнаушының дауыс ырғағы (интонация) арқылы кейіпкердің мінез-құлқы беріледі. Кейіпкер әрекет барысында пайда болады, балалардың қызығушылығын арттырады.

Кітапша театры – бірін-бірі ауыстыратын иллюстрациялық оқиғалар көрсетіледі. Стенд-кітапшаның беттерін ашу арқылы жүргізуші әр түрлі сюжеттерді көрсеттеді (оқиғалар, кездесулер, т.б). Және де бәрімізге жақсы таныс «Фланелеграф» театры – суреттер мен кейіпкерлер бейнеден көрсетіледі. Оларды фланельдер ұстап тұрады. Мұндағы суреттерді балалар мен бірге ескі кітаптардан, журналдардан қиып алуға болады. Бұл көріністер балалардың шығармашылықтарын арттырады, ой өрістерін дамытады, қиялдарын ұштастырады.

Театрландырылған шеберлік арқылы нәтижеге жеткізетін өзімнің педагогикалық жұмысымнан мысал келтірейін. Мысалыға, Ертегіден «сиқырлы құбылыстар» арқылы «ертегіге жол бастау». Балалардың қиялдауын қалыптастыру. Балаларға көздерін жұмғызып, ертегі әлеміне бір шолу жасап, көздерін ашу. Одан кейін балалардың көңілін қандайда бір затқа аудару, мысалы; үстелге (одан бауырсақ жерге құлап түсті ме?), тегешке (осы тегешке бауырсақты пісірді ме? т.б.) балалардан сұраймын бұлар қай ертегідегі заттар. Ертегілерді оқу және оны бірігіп талдау. Бастапқыда мен ертегіні бастамас бұрын сол ертегіге апарар жол мысалдар келтіре отырып, әңгіме өткіземін. Кейіпкерлердің эмоциялары мен сезімдерін жеткізе отырып, үзінділерден мысалдар ала отырып, ондағы кейіпкерлердің эмоциясымен және сезімдерімен таныстырамын, одан кейін әр түрлі мінез-құлықтары бар бейнелерді бөліп алуға және олардың біреуінің орынына өздерін қоюы туралы айтамын. Өздерін көру үшін айна қолданылады.

Театрландырылған ойынды басқару негізіне әдеби шығармашылық мәтінмен жұмыс істеу жатады. Мәтінді оқығанда әдеби тілмен анық, мәнерлеп оқу керек, нақышына келтіру-шеберлікке апарар жолы.

Театрлық ойынға қатысушы ортаңғы, ересек тобының балалары кейіпкерлердің мінезін, жүріс-тұрысын, әдеттерін айнытпай салып көрерменге иланымды етіп ойнауы үшін, әр түрлі танымдық жаттығулар жасау міндетті. Сахналық өнерге баулыған балалар жаттаған сөзінің мағынасына сәйкес, күйінікті-сүйінікті сезімдеріне сәйкес тебірене мәнерлеп айта білуге үйренеді. Соның нәтижесінде олардың шығармашылық қабілеттері оянады. Бейнелеу, көркем әдебиет, тіл дамыту сабақтарын байланыстырып өткізгенде, әр сабақтың соңы әрқашанда ертегі сюжетімен байланысты қойылымдармен аяқталып отырды. Сонымен қатар, балалардың сөздік қоры толықтырылды, сөйтіп олардың белсенділігі артады, сабақтар мен ертеңгіліктер еркін де, қызықты түрде өтетін болды. Балалар өздерін еркін де бос ұстап, сабаққа ынталана, құштарланып, қызығушылықпен қатысып отырды. Осы жұмыстарды өткізген кезеңде ұлттық халық ертегілерінен көріністер, тәлім-тәрбиеге тұңған қойылымдар, сюжеттер қойылды. Балалар өз беттерімен ойнаған дербес іс-әрекетінде де театр ойындарының түрлерін жиірек қолданатын болды. Драмалық жанрға бейімделген ойындар өздігінен туындап тәрбие жұмыстарының барысында ертегілер, сюжетті көріністер де жиі қолданылып, тіпті кейде ертегінің кейбір бөліктері өзгертіліп, шығармашылық жұмыстармен толықтырылып отырылды. Топ ішінде емін-еркін жүріп, өздеріне сабақ уақытында керекті ойын құралдарын өздері таңдап алып отырды.

Балалардың шығармашылығы тек рөлдерді орындаған кезде ғана емес, сонымен қатар ойыншықтармен жұмыс жасағанда да көрінеді. Әр түрлі жұмыс түрлері балалардың ұйымшылдығы мен белсенділігін арттырды. Балалардың шығармашылық қабілеттерін, сөйлеу мәдениеті мен ой-өрісін, дүниетанымын жетілдіруде театр ойындар түрі тиімді нәтиже береді.

Балабақшадағы балаға берілетін бүгіңгі тәрбиенің өзектілігі –ол ата-бабадан қалған асыл мұрамызды бойларына сусындату. Балаларды адамгершілікке тәрбиелеп, тілдерін дамыту мақсатында халық ауыз әдебиетінің асыл- мұралары – ғажайып ертегілер, жұмбақтар, мақал- мәтелдер, жаңылтпаштар, тәрбие әліппесі, аңыз әңгімелер, жырларды қолданудың маңызы зор тиімді тәсілі екені белгілі.

Мен баланың тілін дамытуда көркем шығармаларды, сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің түрлерін де ала отырып жүргізген өзімнің жұмыс тәжірибем туралы сіздермен бөліскім келеді.

Бұл материал тақырыптық жүйеде берілгендіктен мазмұнға сәйкес сұрыпталып берілді. Ондағы мақсатымыз балалардың білімін бекітуде сөздік қорын байытуда, дүниетанымын қалыптастыруда. Сонымен қатар театрландырылған ойын түрлері-бала тілінің мәнерлігін дамытудың қайнар көзі. Бала тілін дамытуда театрландырылған ойын түрлерін орынды, жүйелі пайдалана білген әрбір тәрбиеші баланың санасын арттыра отырып, түсінігін кеңейтіп ұғымын байытады. Сонымен қатар баланың ойлау белсенділігі артады, өз бетімен жұмыс түрі дамиды, сөз топтарын меңгереді, өз ойын еркін жеткізе алады деп ойлаймын.

Жоғарыда айтылған мақсаттарды шешуде нәтижесі ұтымды болу үшін балалардың қарапайым түсініктерін қалыптастыруда, сөйлеу шеберліктерін арттыруда, дүниетанымын қалыптастыруда драма сабағына арнап әдістемелік құралды ұсынамын.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қаженбаева А.Е. Бала танымын ойынмен дамыту //Отбасы және балабақша, 2002, №1.-Б. 9-10

2.     Меңжанова А.Н. Мектеп жасына дейінгі педагогика Алматы 1992

3.     Жұмабекова Г. Баланың шығармашылығын ойын арқылы дамыту//Отбасы және балабақша .- 2003. -№8. – 28 б.

4.     Ембергенова Ә.С Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың танымдық құзыреттілігін дамытуға ықпал ететін ойындар.

5.      Қаженбаева А.Е. Бала танымын ойынмен дамыту. /А.Е.Алдабергенова. // Бала мен балабақша. – 2002. – №1. – 9 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *