Ашық сабақ «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті»


Кыпшакбаева Гульвира Куанышевна

Арқалық қаласы білім бөлімінің

«№2 жалпы орта білім беретін мектеп” ММ-нің мұғалімі

Білімдік: оқушыларға тәуелсіздік алған жылдардан бергі қазақ  әдебиетіне келген жаңа есімдер мен шығармалар жайлы түсінік беру.Олардың қаламынан шыққан әрбір шығарманың елінің егемендігі төңірегінде тарқатылған шер сияқты, жүрек жарды лебіздері мен тілектері туралы айту.

Дамытушылық:  көркемшығарма оқуға қызығушылықтарын арттыру.

Тәрбиелік: Отансүйгіштік қасиеттерін қалыптасыру,замандастарына деген құрмет сезімін,мақтаныш сезімін ұялату. Тәуелсіздік кезеңінде шыққан кітаптарды оқу, ой өрісін кеңейту.

Түрі: ізденіс, шығармашылық жұмыс

Әдісі: конференция -сабақ

Көрнекілігі: презентация, баяндамалар, кітап көрмесі

 

Сабақ барысы

І.Ұйымдастыру. Оқушыларды бөліп отырғызу.

Бір баяндамашы мен оны толықтыратын баяндамашылар.

ІІ. Кіріспе. Мұғалімнің конференцияны жүргізу тәртібі мен талаптары айтылады.

ІІІ. Баяндамашылардың сөздері.

IV. Пікірталас.

V. Конференцияны қорытындылау. Оқушылар баяндамасына баға беру.

Құрметті оқушылар, қатысушы мұғалімдер, қазылар алқасы бүгінгі қазақ әдебиеті пәні бойынша өтетін сабағымыз конференция- сабақ  түрінде өтетін болғандықтан  тәуелсіздік жылдарының әр жылдарындағы өзгерістер мен кіргізілген жаңалықтар жайлы баяндамашылар зерттеулерін қорғайды. Конференцияның өту  тәртібі бойынша әр баяндамашыға 5 минут уақыт беріледі. Толықтырулар мен енгізулерге 3 минуттан уақыт белгіленеді.

Конференция барысында  төрешілер алқасы сайланып, әр баяндамашының жұмысын сараптау.Үздік баяндамашыларды атап, оларды бағалау.

Алқа төрағасы:____________________________________________________________________

Мүшелері:______________________________________________________________________

 

Кіріспе бөлім.  Мұғалім сөзі :

Бүгінгі  Қазақстан  –  бейбітшілік  пен  тұрақтылықтың Отаны.  Көшпенділердің  рухын  сақтаған  Ұлы  дала  сан  қилы оқиғаны басынан өткізді. Халықтың басына қандай қиындықтүссе  де, еркіндікті  аңсады.  Халықтың  бұл  арманын  Ұлт Көшбасшысы,  Елбасы  Н.Ә.  Назарбаев  шындыққа айналдырды.  Оның  қайраткерлігі  –  патриотизмнің,  еңбексүйгіштікпен халыққа

қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болып табылады. Бүгінгі  Қазақстан  –  бейбітшілік  пен  тұрақтылықтың Отаны.  Көшпенділердің  рухын  сақтаған  Ұлы  дала  сан  қилы оқиғаны басынан өткізді. Халықтың басына қандай қиындық түссе  де,  еркіндікті  аңсады.  Халықтың  бұл  арманын  Ұлт Көшбасшысы,  Елбасы  Н.Ә.  Назарбаев  шындыққа айналдырды.  Оның  қайраткерлігі  –  патриотизмнің,  еңбек сүйгіштік пен халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болып табылады.

Тәуелсіздік  –  көп  ғасыр бойы  қазақ  халқының  көксеген  арманы,  оның  мүддесі  мен үмітінің жемісі, қазақстандық патриотизмнің нышаны. Қазақстан  Республикасының  Конституциясында көрсетілгендей, қазақстандық патриотизм мемлекеттің негізін қалаушы ұстанымдарына  жатады. Патриотизм бастаулары өз отбасына,  Отанына  деген  сүйіспеншілікте,  ел  тарихын  терең меңгеруде,  оның  егемендігі  мен  өркендеуіне  күш  салған  аға ұрпақтың еңбегін түсіну мен құрметтеуде көрінеді. ( «Тәуелсіздік толғауы» әдістемелік нұсқау) 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастап қазақ әдебиеті «Тәуелсіздік» сөзімен қатар жазыла бастады. Тәуелсіздік кезеңі әдебиетке қандай жаңалық әкелді? Қандай өзгеріс, ерекшелік болды? Тәуелсіздік әдебиетке «жаңа» есімдер әкелді. Бұлар – азат ойдың иелері. Олар кімдер?

Дәл осы жылдары еліміздің экономикалық жағдайы да қара халыққа үлкен ауыртпашылық әкелді. Нарық кезеңінде ұлттық әдебиетке алтын көпір болып келіп, аға буыннан әдеби жалғастық эстафетасын үлкен сеніммен қабылдап алып, тұрмыстық жағдайға қарамай, тіршіліктің мың тірлігімен санаспай, әдебиетке адалдық танытқан бұлар – «өлара» кезеңнің қайсар сарбаздары еді. Тәуелсіздік алғаннан бері атамекеніне қандастарымыз келе бастады. Олар – қазақтың байырғы салт-дәстүрі мен тілін, дінін сары майдай сақтаған нағыз қазақы бауырларымыз. Олар – қазақ әдебиетіне үлкен серпіліс әкелді.Бұл талантты ақын-жазушы замандастарымызды бірінші,екінші онжылдық  деп бөлетін болсақ келесі кестедегідей болады. Тақтаға қарап аталған адамдардың аты-жөні , шығармашылығы жайлы түсініктерін кеңейту.

 

 

 

 

 

Тәуелсіздіктің онжылдығында (1991-2001) танымал болған ақын-жазушыларымыз
Светқали Нұржанов, Жанат Әскербекқызы, Айгүл Кемелбаева, Нұржан Қуантай, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Әділ Ботпанов, Әмірхан Балқыбек, Думан Рамазан, Маралтай Райымбекұлы, Нұрлан Мәукеұлы, Дидар Амантай, Қуат Бораш, Талғат Ешенұлы, Әділбек Ыбырайымұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Берікқажыұлы, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр, Бақыт Беделхан, Есей Жеңісұлы, БекжанӘшірбаев, Саят Қамшыгер, Алмат Исаділ
Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында (2001-2011) белгілі болған ақын-жазушыларымыз
Ырысбек Дәбей, Дәулеткерей Кәпұлы, Қанағат Әбілқайыр, Жанар Әсадық, Торғын Тұрлыбаева, Нұрлан Жұмахан, Данияр Саламат, Асхат Жалбағай, Бану Дәулетбаева, Өміржан Әбдіхалықұлы, Алмас Темірбай, Айнұр Әбдірәсілқызы, Бауыржан Халиолла, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлей, Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс, Дархан Бейсенбек, Ринат Қайыртайұлы, Ерғали Бақаш, Мирас Мұқашев, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәліков, Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар, Жандос Байділда, Бақытгүл Бабаш, Мадина Омарова, Аягүл Мантаева, Құралай Омар, Айнұр Шамшейітова, Лира Қоныс, Назира Бердалы, Танакөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Айжан Табаракқызы, Мақпал Мыса, Эльмира Ерікқызы, Индира Кереева, Ерболат Әбікенұлы, Мирас Асан, Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол, Арман Әлменбет, Қанат Тілепбергенов, Жеңісбек Кәкенов, Сержан Зәкерұлы, Сағадат Ордашева, Ақерке Асан, Әсем Қоспағарова, Динара Мәлік,Үміт Зұлхарова, Жанат Жаңқашұлы, Қуат Қиықбай, Саян Есжан, Жасұлан Серік, Алтыншапақ Хаутай, Шарафат Жылқыбаева, Ержан Тоқтар, Азамат Тасқара, Олжас Қасым, Қайсар Қауымбек
2011- жылдан бергі еліне шығарамалары танымал  болған ақын-жазушыларымыз
Мерген Тоқсанбай, Мақпал Сембай, Мақпал Төребек, Құндыз Жұбаева, Ботакөз Бексары, Салтанат Қожа, Шерхан Талап, Айбол Исламғалиев, Асылан Тілегенов, Батырхан Сәрсенхан, Нұртас Тұрғанбекұлы, Манас Қайыртайұлы, Әлішер Әлімжан, Еламан Хасен, Марғұлан Ақан, Тұрсынбек Башар, Жандарбек Жұмағұлов, Мейіржан Жылқыбай, Серік Қантаев, Алпамыс Файзолла, Жанайдар Болатбекұлы, Жәнібек Қойтай, Ләззат Мақаш, Нұргүл Қалимолда, Дина Бөкебай т.б
Еліне оралған ақын –жазушы  қандас – бауырларымыз
Шүкір Хамай, Абай Мауқарұлы, Құл Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсын, Жәди Шәкенұлы, Есенгүл Кәпқызы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ырысбек Дәбей, Бақытгүл Баймолдақызы Шүкір Хамай, Абай Мауқарұлы, Құл Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсын, Жәди Шәкенұлы, Есенгүл Кәпқызы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ырысбек Дәбей, Бақытгүл Баймолдақызы
Тәуелсіздік тұғырына бірге көтерілген айтыскер ақындарымыз
Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Талғат Мықи, Тоба Өтепбаев Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев,Аманжол Әлтаев,Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева
Ақын-жазушылармен бірге  айтыскер ақындарымызда  өз орындарын таба білді. Айтыс – төл өнер. Айтыскер ақындардың арасында да жазбалық дәстүрді дамытып жүргендер бар. Айтыскер ақындардың поэзиясы ерекше. Кейбір ақындардың   поэзиясы кәнігі жазба ақындарынан артық болмаса, кем түспейді.
Тәуелсіздік кезеңінің алғашқы онжылдығы мен екінші онжылдығының бас кездерінде қазақ айтыс өнері өте жоғары дәрежеде дамыды. Кәсіби көркемдік деңгейі өсті. Тәуелсіздік кезеңінде «қос айқай» атанған қасиетті суырып салмалық сөз өнеріне, қазақ айтысына үлкен жаңалық, серпіліс әкелді. Тәуелсіздік кезеңінің алғашқы онжылдығы мен екінші онжылдығының бас кездерінде қазақ айтыс өнері өте жоғары дәрежеде дамыды. Кәсіби көркемдік деңгейі өсті.

(әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай)

Ендігі сөз кезегін 1-ші  баяндамашыға береміз.

Баяндама тақырыбы: «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы»

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы- бұл кеңес империясының бұғауынан құтылып, еліміз өз еркіндігін алып, өз тағдырын өзі шешетін, өзінің келешегін өзі жобалап, өз еліне, өзінің материалдық және рухани байлығына билік етіп, өзі баға беретін жылдарда  жарық көрген қазақ поэзиясы.  Тәуелсіз қазақ поэзиясының  осы жиырма жылдан астам даму бағыты, негізгі идеялық тақырыбы, әдебиетке келген ақындар, жаңа шығармалар, жаңа  жанрлық- көркемдік ерекшеліктері, стильдік іздену, жаңа бағыттары, жаңа тенденциялары айқындалды.Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясының басты ерекшелігі – қазақ әдебиеті тарихында әдебиеттің идеяларға тола, еркіндік сарынын барынша жүрегін толқытқан барлық рухани күшімен жырлаған поэзия. Тәуелсіздіктің қуанышын ғасырлар бойы тәуелді болған  халық ғана біледі және оны өз мазмұнында, өзіне лайық әуенмен жырлай алады. Сондықтан болар тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы идеялық  жаңашылдығы,  тақырыптық ерекшелігі, лирикалық кейіпкерлері, көркемдік сарындары жағынан бұрын қазақ поэзиясында болмаған жаңа  парақтарды ашты.
Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қолы жеткен  қазақ халқының поэзиясында жаңашылдық лебі есті. Дәстүрлі даму арнасынан  ауытқымаса да  мазмұн мен идеяда   жаңашылдықтар,  көркемдік жаңа айшықтаулармен ерекшеленді.Сонымен бірге қазіргі қазақ поэзиясы әлем әдебиеті мен жүрек соғысы бірге соғып, әлемдік, жалпы адамзаттық проблемаларға еркін араласып, еркін пікір жүргізіп отырған , әлем әдебиетіндегі жаңа дәстүр, жаңа бағыттарға үн қосып, әлем әдебиетіндегі жаңа дәстүрлерді еркін пайдаланып отырған жаңа дәуірдің жаңа поэзиясы. Кеңестік дәуірдегі «батыс еуропалық», «кеңестік идеология», «кеңестік емес жат идеология» деп бөлуден біржола құтылып, дүниеге жалпы адамзатқа қажетті құндылықтар көзімен қарайтын поэзия. Сондықтан казіргі қазақ поэзиясында пікір еркіндігі, шығармашылық еркіндік, стилдік ізденушілік,  әлем әдебиеті мен бірге толғану, бірге тебірену сияқтыжаңа тенденциялар жасап келеді.
Қазақ лирикасындағы жаңа тақырып болып «Желтоқсан оқиғасы» қазақ лирикасында өте көп жырланған тақырып болып әдебиет тарихында жаңа  бет болып ашылды. «Желтоқсан көтерілісі», «желтоқсан тағылымы», «желтоқсан қасіреті» жайында жырларда  қазақ халқының Отанның ар- намысын қорғау, Отан үшін өз өмірін құрбан ете алатын отаншыл жастарымыздың бейнесін жасау, қоғам  және заман шындығы, қоғамның халық тағдыры, елдің келешегі мен бірге жасайтын бейнесі көрінді.
Ақын С.Адай  «Желтоқсан 1986 жыл» атты өлеңінде:
Біздің тарих ұстағанның қолында,
Тістегеннің ұртында жүр көріп ек.
Жатып алып бар шындықтың жолында,
Мүйізділер жолатпайды мөңіреп.  Желтоқсанда болашаққа ұмтылды,
Кіл қызғалдақ-Алашымның боздағы!    Кетті  ұйқыға…Оятсам деп ұлтымды!
Бар жазығы күнге қолын созғаны…
 

Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-рухани дағдарыстар, экономикалық-тұрмыстық ауыртпалықтар, одан кейінгі бірте-бірге еңсе тіктеудің, қиындықтарды еңсерудің қазақ поэзиясында бейнеленуіне Қ.Мырза Әлидің “Заман-ай!”, Т.Медетбектің “Тағдырлы жылдар жырлары”, үзінділері мерзімді баспасөзде жиі жарияланған “Көк түріктер сарыны” жыр топтамалары, Н.Оразалиннің “Құралайдың салқыны”, Иран Ғайыптың “Жыр әлемі”, И.Сапарбайдың “Махаббат пен  ғадауат”, Н.Айтұлының “Рухымның падишасы”, С.Тұрғынбекұлының “Жерорта”, Ж.Бөдешұлының “Жұлдызға орнын Ай бермес”, Ұ.Есдәулеттің “Киіз кітап” атты туындылары идеялық, көркемдік ізденістерінің өзгешелігімен жаңа қоғамдағы жаңа әдебиеттің талаптарына сай келетін деңгейде назар аудартады.Елге егемендікпен, тәуелсіздікпен бірге нарықтық экономика келді. Сауда келді. Таршылық пен тапшылықтан шығар жолды іздеп жанталасқан қауым базар жағалады.
Отбасын асырау үшін базарда жүк арқалаған әйел бейнесі жырлана бастады.    Ақын Ш.Жұбатованың «Ең әдемі келіншек »  атты жырында базарда тұрған әйелдің бейнесі суреттелген:
Жастық көрмей, қараңыз, жар құлағы           Шынашақтай күйеуін нар қылады.
Жоқ деген сөз аузынан шыққан емес,
Жоқ боп тұрған нәрсені бар қылады.

Толқынына өмірдің батып шыдап.
Құласа да жағады жатып шырақ.
Келіншектің  жұп-жұмсақ алақаны

Тұрғандай-ау ақша емес,бақыт сұрап.

Қазақ поэзиясындағы  көп жырланған тақырыптың әрі өзекті тақырыптың бірі-ана тілдің жырлануы. Ана тілдің тағдыры-ұлттың тағдырымен  өзектес. Ақындар ана тілдің бүгінгі жәйі мен келешегіне алаңдаулы.
Ел тәуелсіздігі -ұлттық тіліміздің бағын ашты. Қаншама қиындықпен, күреспен, мылтықсыз майдан үстіндегі жанкешті шайқаспен қазақ тілі — мемлекеттік тіл болып мерейі асып, мәртебесі биіктеді, шын мәнінде, қайта тіріліп, өмірге қайта келді.
Ақын Алмас Исаділдің    «Шоқынған бала» атты жырында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі-өзге дінге өту мәселесі жайында жырланған. Әке тәрбиесі мен ана тәлімін алған жастың өзге діннің жетегінде кетіп, шоқынуы  ұлттың ұйысуына төнген қатер.
Түс елемей  аят,Құран, ғазалды,
Кәпірлермен қоса айтысып жаңа әнді,
Мұхаммедтің  кім екенін ұмытып,
«Иегова куәгері » саналды.

Өз тіліне,Өз дініне қас ұлға,
Өлгеннен соң ,тыныштық жоқ ақымда.
Қазақ болып туғаннан соң,күні ертең-
Ай тұрмай ма,қабірінің басында.
Бұл кітаптар тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы адам және қоғам, адам жөне уақыт, лирикалық кейіпкер және дәуір аясында ой-санадағы күрделі өзгерістер атаулыны жан-жақты қамтуымен де ерекшеленеді деп арнайы қарастырылған зерттеу еңбектер де аз емес.

Мұғалім:Біздің бірінші баяндамашымыз қазақ поэзиясындағы өзгерістерге тоқталып өтті. Қосатын ақпараттарыңыз болса немесе сұрақтарыңыз болса қоя отырыңыздар.

Келесі сөз кезегін екінші баяндамашыға берейік.

Баяндама тақырыбы: «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы»

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қазақ әдебиеті өз арнасын жаңа бағытқа бұрады. Жаңа бағыттың дамуына сәйкес оқырмандар көз майын тамызып оқитын проза, беріректе роман жанрындағы шығармалар жазыла бастайды

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімелерінің көркемдік деңгейін көтеруге Ш. Мұртаза, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов, Б. Нұржекеұлы, Т. Нұрмағамбетов, Қ. Түменбай, Ә. Тарази сынды қаламгерлер үлес қосты.

Ш. Мұртазаның шағын жанрды ұмыт қалдырмай, оған өзіндік үлес қосып жүргендігін «Алапар  мен Динго», «Бұршақ», «Тәуекел той» сықылды әңгімелері растайды. «Тәуекел той» әңгімесінің атының өзі айтып тұрғанындай, шығармаға қазіргі замандағы бәсеке тойы арқау болған. Бақталастық пен күндестіктің шегінен асқынғандығы сонша той десе жанын салатын қазақ бүгінде дәстүрлі тойларды жоғалтып, тойдың өзін бәсекеге айналдыра бастады. Даңқ пен дақпыртқа мастанған жандардың өзгеден асып түсу мақсатында тойдан кейін қарызға белшесінен батып жатуы бүгінгі күннің шындығы.

ХХ ғасырдың соңындағы тарихи мәні зор 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қуғын-сүргінін көрген жазушының «Сібір офицері» мен «Прописка» әңгімесіне кеңестік жүйенің ыдырауына, қазақ елінің тәуелсіздік алуына алып келген Желтоқсан оқиғасын негіз етіп алған. Бірінші әңгімедегі кеңес офицері Бураханның тағдыр тәлкегіне ұшырауы қазақ жастарының көз жасының өтеуі болса, екінші әңгімедегі Арқаттың прототипі Асқардың өзі. Қазақстанның астанасы Алматыдан пана таба алмай сабылған Арқаттың өз елінде жүріп «өгей күй кешкен» қайғылы өмірі қазақ трагедиясы екені рас.

Шағын жанрға үздіксіз  үлес қосып келе жатқан жазушы Б. Нұржекеұлының «Бейтаныс әйелдің құпиясы» (2002) атты жинағындағы әңгімелердің негізгі тақырыбы – махаббат. «Бейтаныс әйелдің құпиясы» – әйел мен  еркек арасындағы құпия сезім сырларын паш ететін әңгіме. «Қа­мыт жағалы қоңыр көйлек», «Қыз сезім», «Құпия ма­хаб­бат», «Мұнтаздай Мұмтаз», «Қырғыз  келін­шек», «Өш алудан өршіген әдет», «Екі қырсық», «Күю» атты әңгімелердің де негізгі тақырыбы махаб­бат мәселесі болғандықтан жазушы еркек пен әйел арасындағы сезімдік байланыстарды ашуға ұмтылған. Әңгімелердің барлығы да махаббат мәселесін көтергенмен олардың бірі екіншісін қай­таламайтын соны дүниелер. Шағын әңгімелерінде ауыл өмірінің көркем суреттерін жасаған

Т.Нұрмағамбетовтің тәуелсіздік тұсында жазылған «Анасын сағынған бала» әңгімесі тоқсаныншы жылдардағы өмір шындығына негізделген. Шаруашылықтар тарап, ауылдағы ер азаматтардың бәрі жұмыссыз қалған тұста бала-шағаны асырау қамымен әйел-аналардың ала қапты арқалап қалаға ағылғаны белгілі. Қала кезген ана мен ауылда қалып, Алматыдан келген Есмағамбеттен анасының хабарын күткен Сержанның үш күндік әңгімесімен сол тұстағы ауылдың қайғылы халі көркем бейнеленген. Н. Қамидың «Кездесу» , «Көк қақпа»  жинағына енген әңгімелердің барлығы да тәуелсіздік жылдар әдебиетінің жемісі. Автор ХХІ ғасырдағы ел мен жер, адам мен оның жан дүниесін өзімізбен бірге өмір сүріп жатқан қазіргі замандастарымыздың тыныс-тіршілігімен көрсетуге ден қойған. «Көк қапа» әңгімесіндегі кейіпкердің түсінен қара домбыраның кетпей қоюынан көп сырды ұғуға болады.

Бірсыпыра әңгімелерден кеңестік жүйенің ыдырап, кеңес адамдарының тығырыққа тіреліп, одан шығатын жол таппай, жаңа өмірге икемделе алмай, өмірден торығып, болашақтан үміт үзе бастаған жандар бойындағы психологиялық күйзеліс байқалады. Жаңа қоғамнан, өзінен жеріне бастаған адамдар өмірі әңгіме жанрына экзистенциалистік, постмодернистік арнадағы ой толғамдарға жол ашты. Осындай көркемдік ізденістер Р. Мұқанованың «Құбыжық» , «Қаралы төбе», «Өзің», «Тұтқын» , «Композитор», «Мұқағали»  әңгіме­лерінен байқалады.

 

Т. Ахметжанның  «О дүниенің қонағы»  атты кітабында «Шәрбат», «Тұма», «Тергеу», «Төрт қанден», «Күнәһар», «Айқасқа» сияқты әңгімелері топтастырылса, жылы жарық көрген шығармалар жинағының 1 томына енген «Сынық қанат көбелек», «Қылбұрау» атты әңгімелері де өзіндік айтары бар шебер туындылар. Өз замандастарының ар-ұяттан безе бастағанын көрген жазушы әңгімелерінің барлығында дерлік адамгершілік мәселесі көтеріледі. «О дүниенің қонағы» әңгімесіндегі о дүниелік болып келген Қияқ бейнесі оқырманға ой салады. Өмір жайында философиялық ой түйген жазушы нарық заманындағы ақшалы азаматтардың мұңсыз өмірінен сыр шерте отырып имандылық мәселесін алға тартады.Ар ілімін жоғары қойған жазушы «О дүниенің қонағы» , «Күнәһар» әңгімесінде ар-ұят періштесі мен сайтандарды арбастыра отырып, адамшылық, имандылық мәселесін алға тартса, «Махаббат әуені»  шынайы пәк сезімге құрылған. Жазушының барлық әңгімелерінің негізгі өзегі – ар ілімі.

Тәуелсіздік  жылдарында проза саласына сол сияқты Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», М.Мағауиннің «Мен», «Жармақ», «Сары қазақ», Д.Досжанның «Ақ Орда», «Құм кітап», Қ.Ысқақовтың «Ақсу –  жер жаннаты», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Ә.Таразидің «Жаза», «Қара жұлдызға сапар», Т.Әбдіковтің «Парасат майданы», С.Сматайдың «Жарлығап батыр», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Қ.Исабаевтың «Шоң би», Б.Мұқайдың «Өмірзая», О.Сәрсенбайдың «Шеңбер», К.Сегізбайдың «Беласқан», Б.Нұржекеұлының «Әйелдің жолы жіңішке», С.Жүнісовтің “Аманай мен Заманай”, Ә.Нұршайықовтың “Жазушы мен оның достары”, М. Шаханов, Ш. Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары», Қ.Ысқақтың “Ақсу туралы аңыз”, С.Мұратбековтің “Ай туар алдында”, Д.Исабековтің “Ай-Петри ақиқаты”,Ә.Сарайдың “Еділ-Жайық”, О.Сәрсенбайдың “Шеңбер”,Т.Сәу­кетайдың «Ай қараңғысы», Т.Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы», Ж.Ахмедидің «Шырғалаң», Ұ.Доспамбетидің «Қызыл жолбарыс», А.Алтайдың «Алтай новелласы», Ә.Асқардың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», С.Елубайдың «Мінажат», «Жалған дүние», Т.Нұрмағамбетовтің «Айқай», С. Досановтың төрт том­дық «Жиырмасыншы ға­сыр», Ж.Шаштайұлының «Жаңғырық», Т.Мамасейіттің «Таңжарық», Қ.Жиенбайдың «Ән салуға әлі ерте», Мир Шайырдың «О, данышпан дүние», Ж.Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы», Д.Батырдың «Жарсыз өткен ғұмыр», Ә.Ыбырайымұлының «Ұяластар», Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», «Мен сізді сағынып жүрмін» атты романдары, Ө. Кәріпұлының «Серілер мен перілер», Ө.Ахметтің «Адасқан ғасыр», Н.Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», Д.Әшімханұлының «Самырсын сазы», Қ.Түменбайдың «Қобыздың мұңы», С.Оспановтың «Сопының ғұмыры», Н.Ораздың «Биіктегі сұлулық», Н.Қамидың «Көк қақпа», А.Кемелбайдың «Қоңыр қаз», Т.Шапайдың «Айна сарай»атты әңгіме-повестері т.б. туындылар – қазақ әдебиетінің проза саласында 1991 жылдан осыған дейінгі жылдар ішінде үлкен биіктерге қол жеткізіп келе жатқанын, «қазақ әдеиетінде даму жоқ» деген жалған сөздердің әдейі осындай теріс пікір қалыптастыру мақсатында айтылып жүргенін көрнекі дәлелдейтін дерек болып табылады.

 

Мұғалім: Сонымен проза саласында еңбек еткен  жазушы замандастарымыздың еңбектерінен ақпарат алдыңдар. Есімдерін есте сақтап өз беттеріңше оқып,танысасыңдар деген ойдамын.

Сонымен 3-ші баяндамашыға сөз кезегін берейік.

Баяндама тақырыбы ретінде атақты жерлесіміз Қоғабай Сәрсекеевтің өмір жолы мен шығармашылығы туралы алынды. «Ұлтжанды азамат  еді… »

Қоғабай Сәрсекеев 1939 жылы 1 сәуірде Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Торғай ауылында туып өсті. Осындағы өткен жылы 150 жылдығын атап өткен әрі кезінде ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің өзі негізін қалаған орта мектепті бітірді. Содан кейін жазу-сызуға икемі бар талантты бозбала өзге замандастары секілді жиі өзіміз айтып әрі жазып жүрген Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжатын тапсырды. Оның жолы болды. Студен атанған соң, есімдері республикамызға кеңінен танымал көптеген мықты профессорлардан дәріс алды. Ол  кезде журналистика мамандығына талап өте жоғары болатын. Жалғыз факультет болған соң байқау да қатал-ды. Жай әшейін қиялға салынып, осы кәсіпті  игерсем деген кейбір жастар қатаң сыннан өте алмайтын. Сол талап дұрыс та болған шығар. Себебі, университеттің дипломын алған талай қазақтың жігіттері мен қыздары кең байтақ еліміздің барлық облыстарында шығармашылықпен жұмыс істеп, ұстаздары мен өздерінен үміт күткен ата-аналарының сенімін толық ақтады. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жай, осынау жоғары оқу орнын жақсы аяқтаған және сабақ барысында өзін өнегелі жағынан көрсеткен жастарға Алматы қаласында қалып, қызмет атқаруға да мүмкіндік бар-ды. Қоғабай Сәрсекеев осындай дарынды жігіттердің санатына жататын. Сондықтан болса керек, ол бұрынғы астанада алдымен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (бұл күндері «Егемен Қазақстан») басылымдарында жауапты жұмыстар атқарды. Қаламы қарымды, өзекті мәселелерді қозғай білетін қайсар да батыл жас журналист аз уақыттың ішінде мұндағы әріптестерінің тарапынан үлкен қолдауғаей болып, басшылардың қамқорлығына бөленді. Ол кездегі редакторлар да өмір көрген, туған жерінің нағыз патриоттары болатын. Бұдан кейін де Қоқаң беделді газет-журналдарда, мекемелерде қызмет атқарды. Бұған оның «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы – Друг читателя» газеттерінде, «Жалын» баспасында және басқа да бірқатар орындарындағы сіңірген еңбегі айқын дәлел. Талғампаз қауымға оның «САҚ» акционерлік қоғамының президенті болған кездерінің орны бөлек. Өйткені, ол осы лауазымды жұмыста бола жүріп, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын шығарды. Бұл үшін өзінің қаншама қаражатын жұмсады. Қазіргідей нарық заманында мұндай бұрыннан белгілі басылымдарды тұрақты оқырманға ұсынып отыру, тек жігіттің жігітінің ғана қолынан келеді. Мұнда қайсар азаматтың намыстылығы, ұлтжандылығы, өз ұлтын шексіз сүйетіндігі секілді асыл қасиеттер жатыр. Көркем прозаның хас шебері еді Қазақ руханиятының өркендеуіне кімдер лайықты үлес қосты? деген сауал туындаса , алдымен жерлесіміздің алғашқы көркем әңгімелері сонау елуінші жылдардыңбасында жарық көре бастады. Бұл орайда оның жұртшылықтың көңілінен шыққан «Кілт», «Қарашақаздар» деп аталатын әңгіме, повестер жинағын ерекше атап өткеніміз абзал. Жазушының есімі драматург ретінде де көпшілікке аян. Бұл орайда оның «Қол мерген», «Кестеорамал», «Ыбырай Алтынсарин», «Мұңлық-Зарлық», «Фатима», «Ашудас», «Сарбаздар» деп аталатын пьессалары республикамыздың  бірқатар театрларында үздіксіз қойылып, жастарды имандылыққа, адамгершілікке баулыды. Қаламгердіңкесектуындыларынакелетінболсақ, оның қазақ халқының батыры АмангелдіИмановқа арналған романыныңалғашқыбөлігі 1979 жылы, жалғасы болып саналатын «Заманақыр» кітабы 1990 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шықты. Аса бір ізденіспен жазылған осы бір туынды кейін орыс тілінде «Жалын» баспасынан «Смута» деген атпен жарық көрді. Оның басқа да жұртшылықтың үлкен құрметінебөленген «Ұлтұстазы» немесеАхметБайтұрсынов жайлы ой-түйін, портреттер, «Үш Арыс» және басқа да көптеген шығармалары оның қалам қарымының қандай болғандығын айқындай  түседі. Қалың жұртшылық кезінде ұлтымыздың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынов бастаған Алашордашылар негізін қалаған «Қазақ» газетінің қайта жалғасын табуы шын мәнінде қандастарымыздың  арасында үлкен айтарлықтай оқиға болды. Ол әу баста 1913 жылдың 2 ақпанында шығып, ұзақ уақыт бойы оқырмандарынан қол үзіп қалған еді. Кейін Қоғабай ағаның тікелей бастамасымен 2006 жылы қайтадан оқырмандарға жол тартты. Бұл басылымның ұстанған мақсаты ерекше еді. Ол ең алдымен ұлтымызға адал қызмет ету болатын. Сондай-ақ қазақтың  тұңғыш журналисті Мұхамеджан Сералин негізін қалаған «Айқап» журналы да қайтадан  жұртшылыққа  ұсынылды. Міне, мұның бәрі де кейіпкеріміздің ар-намыс биіктігінің арқасында жүзеге асты. Бұлар зиялы қауымның тарапынан үлкен  қолдауға, үлкен  беделге ей болып келе  жатыр еді. Алайда, денсаулығы сыр беріп, оның көптеген асыл армандары өзімен бірге кетті. Қаншама шәкірттер даярлап, осы басылымдардың тұрақты шығуына тікелей ұйытқы болды. ҚоғабайСәрсекеевтің  кейінгі журналистерге тағылым болар қырлары да өте көп еді. Оның ең бастысы – еңбекқорлығы болатын. Ол ауырып АҚШ-та емделіп жатқан кезде де

 

шығармашылығынан бір сәт қол үзбепті. Тіпті, сол елде жүргенде өзінің «Қазақ шаруасы», «Қазақия», «Дешті Қыпшақ» деп аталатын кітаптарының тұсау кесерлерін өткізген. ҚоғабайСәрсеккев шын мәнінде елін сүйген азамат-ты. Сондай сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағасыналып, қошеметке бөленді. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық ақпараттану академиясының, Еуразия академиясының  академигі болды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазақстан Жазушылар  Одағы басқармасының мүшесі ретінде талай таланты жазушыларды тәрбиеледі. Оның халықаралық «Алаш» және Бейімбет Майлин атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты .Қостанай қаласының жұртшылығы да Қоғабай Сәрсекеевті  құрметті азаматымыз деп  қадір тұтты. Оқырмандар қауымы оның халық үшін еткен еңбегі, азаматтық кескін-келбетін ешқашан да ұмытпайды .

Мұғалім: Иә, Торғай елінен талай елін сүйген саңлақ азаматтар ,қоғам қайраткерлері ,ақындар,жазушылардың көптеп шыққанын атап айтқым келіп отыр. Өйткені келесі баяндамашымыз  да Торғай өңірінің тумасы айтыскер –ақын Айбек Қалиев жайлы айтқысы келеді.

Баяндама тақырыбы:  «Торғайдан шыққан айтыскер-ақын»

«Торғайдан шыққан айтыскер-ақын »Айбек Қалиев- айтыскер  ақын. Астанадағы Еуразия ұлттық университетін бітірген 1998 – 2001 жылдары Қазақ аграрлық университетінде оқытушы, 2001 жылдан Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болып қызмет етеді. Бірнеше айтыстардың жүлдегері.

Қалиев Айбек Киікбайұлы 1978 жылы, 19 ақпанда Торғай облысы, Жанкелдин ауданының Тәуіш ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Қаратүбек орта мектебін, 1998 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін үздік бітірген.

1998-2001жылдары Қазақ Аграрлық университетінің қазақ тілі кафедрасында ассистент, оқытушы, 2001-2009 жылдарыЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндеқазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, доценті қызметін атқарған.

2009 жылдан бері Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы.

2006- «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2008- «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» атты монографиясы «Нұра-Астана» баспасынан жарық көрді. Республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында, ғылыми басылымдарда отызға жуық ғылыми мақалалары жарық көрген.

Орта мектептің 10 сыныбына арналған гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша «Қазақ әдебиеті» пәні оқулығының авторларының бірі. Бірнеше дүркін Республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ айтыс өнерінің жұлдызы жанған уақыт болды. «Хабар» арнасының эфирінен тараған атамұра өнеріміз Алтай мен Атыраудың арасындағы сайын даланы рухымен тербетіп тұрды. Осы ретте, тәуелсіздік алған өтпелі кезеңде ұйымдастыру жағы әлсіреп кеткен айтысты қайтадан қолға алып, жоғары деңгейде өткізуге білек сыбана кіріскен Жүрсін Ерманның ерен еңбегін атап өтуіміз қажет.Ол сексенінші жылдардан бері айтыстың көрігін қыздырып келе жатқан азулы ақындармен қатар, жаңа есімдердің де жарқ етіп көрінуіне жағдай жасады. Сол жауқазындай жастардың алдыңғы легінде торғайлық Айбек Қалиевтің тұрғанын көзқарақты қауым жақсы біледі. Айбек телеайтысқа тоқсаныншы жылдардың соңында қатыса бастағанымен бірден сәтті бола қойған жоқ. Тек  2001 жылы алғашқы тікелей эфирдегі жекпе-жекте атақты Мұхаметжан Тазабековпен тең дәрежеде айтысқаны ел аузында аңызға айналды. Содан бері Торғай даласының топжарған жүйрігі талай өнер додасында қамшы салдырмай келеді. Торғай елі таланттарға кенде  емес. Айтыс өнеріндегі Нұрханның  ізі, Қонысбайдың қолтаңбасы өнерсүйер көпшіліктің көкейінде сайрап жатыр. Солардың бастаған тасқын жыры ешқашан саябырсыған емес. Қонысбайдың соңын ала Айбектің алдаспан өлеңі де Алаштың аспанында жарқ етті. Ол ешкімді қайталаған жоқ. Өзіндік үні, ерекше мәнерін ала келді. Қазір қайсыбір қазақтан елдік мәселені айтатын ақынды сұрасаң «Айбек» деп жауап беретініне күмән жоқ. Оның тікелей эфирлердің төрінен тіліп айтқан ұлттық мәселелері көрерменнің көңіл құмарын қандырды. Қарсыласымен қарпыса отырып, қоғамдағы әлеуметтік жағдайды тігісін жатқызып айта білу ақынға үлкен шеберлікті , білімді қажет етеді. Айбектің  ерекшелігі қоғамның қордаланған мәселелерін қанын тамызып тұрып айта алатындығында. Оған оның  білімі де, қарымы да жетеді.

Айбек ақындық арының алдында адал сөйлеуге талпынды. Ақиқаттың жолында ешкімнің бет-жүзіне қарамады. Мәселен, Мэлс Қосымбаевпен жекпе-жегінде «Тілімнің де тірлігі ділгір қазір, Берсек те мемлекеттік мәртебені» дей келіп,

Жастарымыз наркоман шұбырынды,

Алкаголь сұлама боп жын қуып жүр.

Тас құдайға табынған шоқындылар,

Исламның діңгегін сындырып жүр.

Мұнай, темір, пайдалы қазбалардың

Қайда кетіп жатқанын кім біліп жүр?

Шетелде небір талай Бейбарыстар

Көкелеп елін аңсап шыңғырып жүр.

Аты бар да заты жоқ қазақ тілі,

Орыс тілдің қолына су құйып жүр,

Сайқал қоғам сорпасын сорға төккен,

Қазақтың қасіретпен кіндігі бар, –

 

деген шумақтан өмір сүрген қоғамының бет-бейнесін көргендей боламыз.Жаһандану заманында жұтылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз бен дүниетанымымыз ақынның жанайқайына айналған. Жанға батырып айтты екен деп ақынды жазғырудың қажеті жоқ. Себебі, шындық қашанда ащы.Ал ақын сөзі қоғамның айнасы.

Айбек ақынның атағын жалпақ жұртқа жайған айтыста Елбасыға айтқан даты болатын. Қазақтың жазылмаған дала заңында ханның алдына келіп дат сұраған адамға ойын айтуға ешкім бөгет болмаған. Баба дәстүрі бойынша «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Айбек сол дәстүрді жаңғыртып тікелей эфирден тілдің, жердің, ауылдың проблемасын жеткізуге ұмтылды. Әрине, айтудың жолын тапқан ақынның бұл қадамын дәстүрді жаңа заманның әдісімен сабақтастыру деп қабылдаймыз. Айбекті айтыс өнерінде жолы болған ақындардың қатарына жатқызуға болады. Сөзі келіссе әні келіспей, әні келіссе сәні келіспей жататын айтыскерлер көп. Олардың сахнадағы ғұмыры да ұзақ болмайды. Өткені айтыс синкретті өнер. Төрт аяғы тең түскен жорғадай тайпалмасаң бақ жұлдызың жана қоюы екіталай. Әдемі қоңыр дауысы, домбырашылығы, сахнадағы ұстамдылығы мен ақындығы үйлесім тапқан тұлпар айтыскердің бұл салада тұяғы тасқа іліккен жоқ.

Айбектің екінші қыры ғалымдығы. Ұстазымыз академик Рымғали Нұрғали Аманжол, Балғынбек, Дәулеткерейлермен қатар бізді де ғылымның бәйгесіне қосты. Айбектің еншісіне тигені ұлтымыздың ұясы Торғайдың ақындық мектебін жүйелеу. Өзінің бала

 

күнінен құлағына сіңіп өскендіктен бе, ол бұл тақырыпты қызығушылықпен індете зерттеді. Өзінің ғалымдығын дәлелдеп кандидаттық диссертация қорғады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлындай ұлт қайраткерлерін тудырған Торғай даласынан небір дүлдүл ақындар шыққан екен. Уақ Жұмабай Шалабайұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Әбіқай Нұртазаұлы,  Файзолла Сатыпалдыұлы, Әлмағамбет Оспанұлы сияқты ақындардың өмір тарихын алғаш Айбектің зерттеулерінен оқыдық. Ғылыми жетекшіміз академик Рымғали Нұрғали Айбектің зерттеу мақалаларын оқып Торғай ақындық мектебіне қатты таңданғанын да көзіміз көрді.Аяулы ұстазымыз «Анадай ақындық ортадан Ахмет сияқты данышпандардың шықпауы мүмкін емес» деген еді бірде. Шындығында, жоғарыда аталған ақындардың қай-қайсы болса да өлең сөздің майын ішкен майталман ақындар болатын. Тек тектілердің насихаты ғана кемшін еді. Олардың арасында Абайды оқып ақындықты қойып кеткендері де, Ахмет Байтұрсынұлына домбыра үйреткендері де, Алашорданы құруға атсалысқандары да бар екен. Соның барлығын ғылыми айналымға енгізген Айбектің еңбегі ересен.Тағы бір қырына тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Ол оның ұстаздығы. Бес жылдық жоғары оқуды Ақыры айтқасын Айбектің бітіре салып еңбекке араласқан жас ақынның алғашқы қадамы С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университетте ұстаздықтан басталған. Бір айтыста жарқырай көрінген Айбекті сол кездегі ректор Мырзатай Жолдасбеков Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызметке шақырады. Еуразия университетіне топтасқан үлкен ғылыми орта мен ақындық мектеп оның жан-жақты шыңдалуына ықпал етті. Кезінде өзі білім алған қара шаңырақта табан аудармай он жылға жуық қызмет жасады. Оның алдынан болашақ ғалым да, ұстаз да, ақын да тәрбиеленіп шықты. Бүгінгі айтыстың көрнекті өкілдері Ринат Зайытов, Асхат Ізтілеу, Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаров, Бақытжан Қасымовтар оның алдынан дәріс тыңдады. Кейін туған елінің шақыруымен Арқалық педагогикалық институтына декан болып ауысқан кезде де қадамы сәтті болды. Торғай өңірінің ақындық мектебін жалғастырды. Айбектің тәлімін алған Тоба Өтепбаев, Азамат Мәлжанбайлар бүгінде ел танитын ақындар. Аман болса, әлі талай ізбасар ақындарды шығарады деп сенеміз.

Махамбет, енді бірде Асанқайғы,
Шын ақын шындық десе жата алмайды/.
Бұл күнде көпшік ақын көбейіп тұр,
Айтудан артылмайтын қаһан жайлы.

Біреулер сөз төркінін мақамдайды,
Айтыста айтатын бар сақал жайлы.
Біреулер жырға қосса жүлде жайын,
ал Айбек тек жырлайды жаһан жайлы:
жасайды халқыменен сол халқының,
жанына жырлайтын жан батар жайды.

Шын тұлпарды жарысқан жақта сына,
Жабыны тартсаң озбас ноқтасынан.
Қамшы салмас шын ақын қас тұлпардай,
/қамшыға қараған – мін баққа, сірә/.
Тер шығар шапқан сайын арқасынан.
Арыны мыңнан озған Құлагерім,
Сақтасын батыраштың балтасынан.

Мұғалім: бүгінгі конференция  сабағымызда  көптеген ақпараттармен таныстық.Тәуелсіздік жылдарындағы  «проза саласы» дегенде  есімізге жерлесіміз Қоғабай Сәрсекеев түссе, «поэзия саласы»  бойынша  айтыс өнерінің дүлділі ақын  Айбек Қалиевті есімізге алатын боламыз. Сонымен, сабағымызды қорытындылай келе , «нені білемін», «нені білдім?», «нені білгім келеді? » -деген сауалдарға жауап берулеріңізді сұраймын.

Бүгінгі сабақтың өз тұжырымын айту үшін қазылар алқасы ортаға шақырылады. Қазылар алқасы қай баяндаманың тартымды да толық болғаны,оқушылардың ізденіс нәтижесінде келген нәтижесін бағалайды.

Сабақты бағалау. Үйге тапсырма. «Менің мемлекетті өркендетуге қосар үлесім »

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

ü  Әдебиеттанушы  Елдос  Тоқтарбайдың мақаласы

ü  «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» Әдістемелік құрал

ü  Интернет беттерінен ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *