«Тоғызқұмалақ ойыны»


Әбдікәрім Тайыр Құсанұлы

 № 3 Красный Яр көпсалалы орта мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі

 

         «Өнерді үйрен де жирен», «Жігітке жеті өнер де аз» деген халық даналығы өте дәл айтылған. Ал өнердің өрісі  кең, бүгінгі таңда қазақ жастары қандай өнер шыңын таңдап алып соған жол тартамын десе де мүмкіндігі мол. Әр өнердің өзіндік ерекшелігі, бағалы жағы бар. Спорт та өнер. Өнер болғанда бүгінгі қазақ жастарының сүйіп айналысатын діңгегі болып отырған өнер. Спорттың да өнер ретінде таңдап алар түрі көп. Бір түрі –бұла күштің толысуына әкелсе, екіншісі – жылдамдыққа, үшіншісі- табандылыққа бастайды. Ал төртінші бір спорт түрі жас адамды ойлылыққа, күрделі бір істің көрмеу жібін тез шешуге дағдыландырады, баулиды. Мұндай спорт түрлерінің қатарына шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды ойындар жатады.

Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық ойыны. Тоғызқұмалақ күрделі сөз. Тоғыз- ол сан. Өзгешілігі тақтығы. Көбейтілуі немесе бөлінуі үштік. Дегенмен, оның өзінен аз сандардан айырмашылығы бар. Мәселе екі жіп есіледі, үш жіп өріледі, ал тоғыз жіп тоқылады. Сондықтан соңғысы жұртқа мәлім, кезінде ой өнері мен қол өнері үшін күрделі сан болып есептеледі.

Уақыт есебінде де тоғыз санының орны өзгеше. Азия халықтарына тән мүшелдік жылдардың , яғни жыл есептеудің  /тышқан, сиыр, барс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз/ тоғызыншысы мешін жылы. Бір ғажабы сол –мешін жылдарының бәрі он екіге бөлінеді. Мәселен, 1956, 1968, 1980… бәрі 12 санына бөлінеді. Қариялар қазірдің өзінде де жыл қайырғанда /былайша айтқанда қанша  жасқа келгеніңді білгісі келсе/ сол мешін жылына бағдар ұстап отырады. Ертедегі араб абыздары, январь айының бірін тоғызынан бастап есептеген. Себебі:тоғызында ай үркер жұлдызымен тоғысады екен. Үлкен кісілер, әңгіме, өсиет айтқан кезде: «Е, балам, білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» деп ақыл айтып, түйінді тоқтамға келеді. Кең байтақ даламызда көп жолдардың бір-бірімен түйіскен жерін / үшеу болсын, төртеу болсын/ тоғыз жолдың торабы немесе тоғыз торау деп айтамыз. Ал ертеде, қыз – бозбалалардың өзара айтысында жеңгенді жеңілген жағына сақина, жүзік, орамал бастаған тоғыз заттарды тізіп беретін болған. Кейінгі кезде « Тоғызқұмалақ ойынын тұңғыш рет орта ғасырда қойшылар ойлап шығарыпты. Олар жерді қазып алып, жүрелеп немесе малдас құрып отырып ойнай береді екен, ойынның қызығына түсіп кетіп, қойларын қасқырға алғызады екен деген пікір де бар. Тоғызқұмалақты  кейде қойшының «алгебрасы» дейді екен.

Әр халықтың мәдени мұрасының асылын жаңа заманның ағымына бейімдеп, жоғалтпай пайдалана білуге көңіл бөлінуде. Сондықтан қолымыздағы қымбат қазынаны заман талабына сай, бүгінгі таңдағы өрелі өміріміздің биік талғамына лайық жетілдері түсу- біздің борышымыз. Жастар үшін математиканың үйрену мектебі бола алатын «Тоғызқұмалақ» ойыны ұлттық мұра болып табылады. Олай болса, біздің мақсат та осы тоғызқұмалақ ойынын дамытып, ұлттық қазынаны жерде қалдырмау. Себебі, «Тоғызқұмалақ» ойынына деген оқушылардың қызығушылығы жыл өткен сайын артып келеді.

Көкшетау қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *