Мектеп жүйесінде үштілділікті дамыту


Уркунчинова Ардак Маратовна

қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі

Өскемен қаласы әкімдігінің «№26 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Өскелең ұрпақты үштілділікке баулу, мектеп жүйесінде үш тұғырлы тілді дамыту заман талабы.

Қазіргі қоғамда үштілділікке оқыту өте өзекті, себебі онсыз жаңа технологияны меңгеру халықаралық қарым-қатынас жасау мүмкін емес.

Білім беру жүйесі де әлемдік білім талаптарына сай болуы керек. Еліміздің басқа елдермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару- біздің қазіргі міндетіміз. Үш тілде оқыту заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қазақстанда білімді дамытудың басты кепілі бүгінгі күнде үш тілді меңгеру. Қазақ тілін, өйткені ол – мемлекеттік тіл, орыс тілін, өйткені ол – ресми тіл және іс қағаздары осы тілде де жүргізіледі, ағылшын тілін, өйткені бұл тілде әлемдік инновациялық ақпараттық баға барлық бағыттарда жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бап, 7-тармағында: «Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу міндеті қойылған» делінген. Демек, мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үдерісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны енгізуді міндеттейді.

Қазіргі еуропалық қоғам да бір тілді емес, көп тілді. Көптеген еуропалықтар ұлтына қарамай ағылшын, француз, неміс тілдерін меңгерген. Олар маңайындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға қолайлы және көрші мемлекеттерге шығу үшін керек.

Өз кезінде қазақтар орыс тілін мүлтіксіз меңгерді. Сол сияқты, көптеген екі тілде қатар сөйлейді. Енді үшінші тіл – ағылшын тілін меңгеру қажеттілігі туды. Егер мемлекет осы тілде тегін оқытуды өз мойнына алса, ол тек қуанарлық жай. Сонымен қатар, балаларға дене және психикалық салмақ түсірмеу үшін сабақ кестесін жүйелі түрде бөлу қажет шығар. Себебі, келешек ұрпақтың денсаулығы мықты болуы керек. 90- жылдары Қазақстан экономикасы шетелден білім алған адамдар басқарды. Олар осы күнге дейін, елімізге пайда келтіріп, еңбек етуде. Қазақстан мектеп оқушылары орыс тілін еркін меңгерген, бұл оларға Ресейде оқып, қиындықсыз білім алуларына оңай болды. Енді біздің еліміздің түлектері шетелдің озық оқу орнынан білім алатын болды. Ал шетелде білім алу үшін міндетті түрде ағылшын тілін білу керек.

Бүгінгі күні алдыңғы қатарлы позицияда, шетел жоғары оқу орнын бітірген мемлекеттік оқу орнын бітірген мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының түлектері жұмыс істеуде. Бұлар қоғамның үштілділік бағытта жұмыс істеп жүрген бір бөлігі. Бұл адамдардың еңбегі, табыстары дау туғызбайды. Олар үш елдің мәдениетін тасымалдаушылар. Қазір бізде үштілділікті енгізу, игеру анағұрлым жеңілдеу, өйткені бүгінгі ұрпақ көптілділік қоғамда өмір сүріп жатыр. Олар тек қазақ тілі мен орыс тілі ғана емес, ағылшын тілін де естиді. Радио, теледидар, қазіргі техникалық жаңалықтар – әр түрлі техникалық құралдармен, ғаламтормен жарақталған балалардың бүгінгі күнгі өмірінің бір бөлігі. Бүгінгі күні жас балалардың интернетке кіріп, өзіне қажетті ойынды тауып, үлкендердің жасағандарын қадағалап, соны қайталау арқылы тез меңгеретінін байқауға болады. Көбінесе бұл ойындар ағылшын тілінде өтеді. Баланың есте сақтау қабілеті дамып, ойынға оңай кіреді, еркін меңгереді. Бала өз тілін әлі меңгермей тұрып, бөтен тілдегі ойынды меңгеру қабілеті тез жетіледі.

Олардың көру, есту қабілеттерінің күштілігі соншалық, мектепке бармай жатып ағылшын тілінің базалық лексикасын меңгере бастайды. Әрине кез келген жаңа бастаманың жетістіктері мен қиындықтары болады. Дегенмен өмір бойы ешкім басқа тілдегі ақпаратты аударып отырмайды. Сондықтан келешек ұрпақ оны өзі естіп, өзі сол тілдеріде оқып білуі керек. Сол үшін де ағылшын тілін оқытуға жете көңіл бөліп, сапасын арттырып, мүмкіндігінше тереңдетіп оқыту-басты міндеті болары сөзсіз.

Ағылшын тілін тереңдетіп оқыту бағдарламасын іске асыру кезінде оқушылар ауызша түрде де, жазбаша түрде де грамматикалық құрылымдарды қолдана және айыра білуге дағдыланады. Коммуникативтік мақсаттарды іске асыру барысында оқушылардың қызығушылығын ескере отырып, тілдік материалдарды дұрыс таңдай білу, лексикалық сөздік қорын молайту, оқу-танымдық әрекеттерді өз беттерімен орындай алу жаңа ақпараттық технологиялары қолданылады.

Қорыта айтқанда, үш тілді меңгеру өте маңызды. Ол оқушылардың ой-өрістерін кеңейтеді, халықаралық достыққа, мәдениетке тәрбиелейді. Оқушының жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасауға бағыт алып отырған бүгінгі білім беру жүйесінде әлемдік стандарттар талабының негізгі компоненттерінің бірі деп танылған көптілділік оқытуға көңіл бөлу – бүгінгі заман тапсырысы болып табылады. Мұғалім оқытудың жаңа технологиясын жан-жақты меңгеріп, соңғы жарық көрген ғылыми- әдістемелік әдебиеттердегі тәжірибелі ұстаздардың оқыту әдістерін оқып үйреніп, оларды өз жұмысында орынды қолдана білуі керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Еліміздің ертеңі бүгіні жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында».

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, 2007 жыл
  2. Жетпісбаева Б.А. «Көптілділік білім беру теориялық-әдістемелік негізі», Қарағанды, 2009 жыл
  3. Беркімбаев К., Ташимова А. «Ақпараттық даярлықты жетілдіру жолдары», «Қазақстан мектебі» журналы №1, 2010 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *