«Жаңаша оқыту-жетістік көзі»

Жумабекова Ляззат Жолдасовна
Тарих пәні мұғалімі
№163 орта мектеп, Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы

Білім беру жүйесіне өзгеріс енгізу- заман талабы, қажеттілік. Себебі, әр түрлі тарихи кезеңдерде қажеттілік те өзгеріп отырған, XIII ғасырда Европаны аралаған адамға латын тілі қандай қажет болса, шығысты аралаған адамға қыпшақ тілі де сондай қажет болған. XYIII ғасырда Европада француз тілі қандай роль атқарса, түркі тілдес халықтар арасында қазақ тілі де сондай роль атқарған. Ал қазіргі уақытта ағылшын тілі халықаралық қарым- қатынас тіліне айналып, дамыған елдердің басым көпшілігі екі тілде оқытуға көшіп жатқанда, ғылыми еңбектердің басым көпшілігі сол тілде жарық көріп, АКТ, оқушылардың функционалдық сауаттылығына, ағылшын тіліне деген сұраныс артып отыр. «Функционалдық сауаттылық тұжырымдамасына негізделген анағұрлым танымал халықаралық бағалау зерттемелерінің бірі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) қолдауымен өткізілетін 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (PISA) болып табылады. PISA 15 жастағы жасөспірімдердің мектепте алған білімдерін, іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әр түрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарды өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалайды».(Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс- қимыл жоспары).

Қазіргі қоғам – дамудың индустриялы фазасынан ақпараттық фазасына өту дәуірінде өмір сүріп отыр. Бұл қоғамның басты ерекшелігі – ақпараттың молдығы мен білімге деген сұраныстың күшеюі. Өркениетті қоғам адамы өмір бойы білімге ұмтылуы және өзіне керек ақпаратты тәуліктің кез- келген уақытында тез ала білуімен ерекшеленеді. Еліміз әлемдік білім кеңістігіне шығу мақсатында Болония келісіміне қол қойып; 12 жылдық білім беруге көшу, орта мектептің 3- сатысы мен жоғарғы оқу орындарында кредиттік технологияны ендіру, білім саласына тестік бақылау жүйесін қолдануды міндеттенді. Бұл міндеттер 2011- 2020 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында кезең-кезеңмен модернизациялау арқылы іске асырылмақшы. Білім- бұл қоғамның айнасы, егер білім саласы жеткілікті қаржыландырылып, уақытында реформа жүргізілмесе елдің интеллектуалдық потенциалы төмендейді деп есептеймін.

Қазіргі кезде Европа кеңесінің (1992) Декларациясына сәйкес 12 жылдық білім беру жүйесіне дүниежүзінің 138 жуық мемлекеттері енген. Олардың ішіне дамыған елдерден АҚШ, Жапония,Германия, Франция және т.б. кіреді. ТМД елдерінен 12 жылдық орта білім беру мерзімін Өзбекстан, Латвия, Литва, Эстония, Украина, Молдова таңдады. Қазіргі кезде Қазақстанның 107 мектебінде 12 жылдық білім беру үдерісі эксперимент түрінде жүргізілуде.(RUSNAUKA.COM).Себебі, орта білім халықаралық талаптарға сәйкес келіп, мемлекеттер әлемдік білім кеңістігінде бір- бірімен байланыста болу керек деп ойлаймын.

Әлем елдері тәжірибесінде әр мемлекеттің өзіне тән орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әрқайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы бар. Дүниежүзінің аса дамыған елдерінде АҚШ- та, Англияда, Швейцарияда,Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12-13 жыл, Голландияда 14 жыл, ал Кореяда, Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда -12 жыл. Тек экономикасы жаңа дамып келе жатқан елдерде ғана орта мектеп 10-11 жыл. Ал білімді қаржыландыруға келсек, Германия XX ғасырда білім беруге ерекше көңіл бөлген мемлекеттердің бірі болды. 80 жылдары бұл ел жеке оқу орындарынан бас тартып, ақысыз оқу орындарын көбейткен. ЖОО-ға түсуде оқушының аттестаты, яғни орташа ұпайы негізгі роль атқарды. Соның нәтижесінде Германия Европаның алғашқы алтылығына кірді, экономикасы дамыған елге айналды, неміс патриотизмі қалыптасты. Францияда XX ғасырдың ортасында білімді қаржыландыру 14 есеге өсіп, ақысыз оқу мен ақылы оқудың ара қатынасы 80 мен 20 пайыз болған. Әлемдік тәжірибе мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығуымен бірге білім саласын оза қаржыландыруы қатар жүргенін көрсетеді. Мәселен, 1955-1985 жылдар аралығында Жапонияда білімді қаржыландыру 20 есеге артқан. Себебі, олар елдің келешегі терең білімде, білімге салынған инвестицияның қайтарымы мол болатынына көз жеткізді. Дегенмен, интернет саиттарынан алған мәлімет бойынша, аталған мемлекеттердің, атап айтқанда, Қытайдағы математикадан білім көрсеткіші 2% болуы, Жапонияның да математикадан білім көрсеткіші төмен пайызды көрсетуі мені таң қалдырды. Демек, жаратылыстану- математика бағыты тек біздің елімізде ғана емес дамыған елдерде де өзекті мәселе болып отыр.

Қазақстанда жүргізілетін реформаның өзектілігіне келсек, Елбасы 2013 жылдың 14- желтоқсанында жариялаған кезекті жолдауында былай деп атап көрсетті: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге  айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз  болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуы тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды». Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, экономикалық әл- ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту,12 жылдық оқыту моделіне көшу. Сонымен қатар, жоғары білікті ғылыми және ғылыми- педагог кадрларды даярлау; өмір бойы оқыту, баршаға білім алу үшін жағдай жасау; жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» деп атап көрсетілген.

Осы қабылданып жатқан мемлекеттік құжаттардан Қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформаның маңыздылығын көруге болады.Ал осы саясатты жүзеге асыратын мұғалім, ол қандай болуы керек?

Біріншіден, «Қазақстан -2050 » стратегиялық жоспар бойынша еліміз әлемдік экономикада бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу керек, сондықтан білім беру жүйесін өзгерту кезек күттірмейтін мәселе. Жоғарыда айтылған Болон декларациясына қол қойылғаннан кейін еліміз экономикалық және қаржылық дағдарысқа қарамастан  жоғары білімнің үш сатысы: бакалавр, магистратура, докторантура, ЖОО-да кредиттік жүйе, «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектебі» сияқты инновациялық жобаларды, 2011-2020 жылдарға дейінгі білім берудің мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Қазіргі уақытта «Назарбаев Университеті» әлем университеттерімен қатар халықаралық талаптарға сәйкес жұмыс жасап жатыр. 1993 жылы басталған «Болашақ» бағдарламасы бойынша студенттерге шетелге оқуға барып,ғылыми тәжірибе алмасып, оны Қазақстанға таратып жатыр. Мұның өзі Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне ену мүмкіндігін кеңейту, әлемдік тәжірибенің тиімді жақтарын еліміздің игілігіне пайдалануға деген қажеттілік деп есептеймін. ЮНЕСКО рейтингі бойынша біздің балаларымыз ТМД елдерінің арасында математика пәні бойынша 5- орын, жаратылыстану пәні бойынша 11-орын( Беларусь-26, Тәжікстан-31, Қырғызстан-42, Армения-43, Өзбекстан- 48, Молдова- 59), ал жалпы есеп бойынша 7-орынды иеленгені мені қуантып отыр. «Қазіргі уақытта дарынды және талантты оқушыларды олардың тек жоғары зиятының болуымен ғана анықтамайды.Дарындылық пен таланттың тұжырымдамасына қатысты қағидаттар жүйесіне кең ауқымды жалпы зияткерлік, академиялық қабілеттерді,шығармашылық, көшбасшылық қабілеттерді,жеке мүмкіншіліктері мен өнердегі визуалдық және орындаушылық қабілеттерді жатқызуға болады».(МАН, 1-деңгей, 18- бет).Сондықтан бәсекеге қабілетті, дарынды және талантты балаларды оқытуда мұғалімдерге үлкен ізденіс пен жауапкершілік керек деп ойлаймын.

Екіншіден, елімізге оқушыларға қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптастыратын көшбасшы мұғалім керек. «Мұғалімдер жұмыстарына жеткілікті уақыт бөле білулері керек, оқушының білімі мен дағдыларын дамытуда ғана емес,жалпы алғанда оның оқуын барынша даралау және баланың бойында метасананы – қалай оқу керектігін үйренуді қалыптастыруға мән бере отырып, оны тұлға ретінде дамытуда икемділік танытулары тиіс».(Schleicher, 2012).(МАН, 1-деңгей, 5-бет). Шәкірттерімнің болашақ тағдырына алаңдағандықтан, жылдам өзгеріп жатқан әлемде оларды заман талабына сай тәрбиелеу үшін өзгеріс керек деп ойлаймын. «Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсіл кең тараған».(Hattie, 2009).(МАН, 1-деңгей,10-бет).Сындарлы оқытудың мақсаты- оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету(МАН,1-деңгей, 10-бет), яғни аталған теорияны мектеп тәжірибесіне енгізу. Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға дағдыландыру үшін, алдымен мұғалімдердің өздері креативті ойлай білуі  керек. Әрине, ұзақ жыл қалыптасқан «дәстүрлі» стильді, бұрынғы көзқарас пен әдіс-тәсілдерді бірден өзгерту қиын, дегенмен, қазіргі мұғалім жеткен жетістігінде тоқтап қалмағаны дұрыс. Ол өзі үздіксіз оқи отырып, өзгелерді де оқыту керек деп ойлаймын.

Үшіншіден, жекелеген пәндерді оқытуға білім технологияларын ықпалдастыра алатын, оқудың барлық үш аспектісін өзара байланыстыратын, ақпараттық-коммуникациялық технологияны меңгерген, кәсіби құзіреттілігі жоғары мамандар мектепке ауадай қажет болғандықтан мұғалімге өзгеріс қажет. «Үш білім саласының қиылысу ортасында технологиялық, педагогикалық және мазмұндық білім(ТПМБ) орналасқан. Осы тәсілді алғаш рет 2006 жылы Мишра мен Келер қарастырды, олардың айтуынша, егер жаңа технология оқуды жақсарту жағына өзгертуге қабілетті болуға тиіс болса, онда жоспарлау үдерісі пән бойынша арнайы білімдердің оқушылардың осы білімдерді қалай игеретінін түсінумен бірге жүруін көздеуі керек».(МАН, 1-деңгей, 32-бет). Яғни, оқыту үдерісіндегі жаңа өзгерістерге тез бейімделетін мұғалім керек. Қазақстан білім беру, жаңа технология, экология саласында әлем университеттері арасында алдыңғы орынды иеленетін Ұлыбританияның Кембридж Университетімен білім саласында бірлескен жоба бойынша жұмыс жасап жатыр. 800 жылдық тарихы бар бұл оқу орнымен еліміздің келісім жасауы білім саласындағы өзгеріске деген қажеттіліктен туындап отыр. Кембридж университетінің түлегі, ұлы ғалым Исаак Ньютон: «ғылымды оқып үйренуде ережеден гөрі тәжірибе пайдалы» – деп көрсеткен. Бұның өзі біздің елімізде жетіспей тұрған  теория мен практиканың ұштасуының қажет екендігін дәлелдейді. Кембридж Университетімен ынтымақтастықтың арқасында  4 мың қазақстандық студент Ұлыбританияда оқуға мүмкіндік алды,  Кембридж Университетінің профессорлары дәріс беретін Қазақ-Британ Техникалық Университеті осы мақсатта тиімді жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар Қазақстан мен Кембридж Университетінің келісімі нәтижесінде мұғалімдер біліктілігін көтерудің  3 деңгейі бойынша қайта даярлауға арналған педагогикалық шеберлік орталықтары еліміздің барлық облыс орталықтарында ашылды. Біліктілік арттырудың осы бағдарламасы бойынша білім алған ұстаздар мектептерге өзгеріс енгізіп жатыр.

Дамыған өркениетті елдердің әлеуметтік- экономикалық, мәдени- рухани жағынан қарқынды дамуының бір себебі, «XXI ғасырда білімді көтерудің іс- жоспары»- атты арнайы бағдарламалар қабылдап жастарды тамыры терең ұлттық құндылықтар бойынша тәрбиелеп, ұлттық мүдде төңірегінде пәрменді білім жүйесін құра білуінде болып отыр. Қазіргі уақытта Ресей орта мектептерінің барлық сатыларына «халықтың әдет-ғұрыптары», «орыс менталитеті», «орыс философиясы», «Ресей шамшырақтары» сияқты арнаулы пәндер ұлттық компонент ретінде оқу жоспарына ендіріліп отыр. Біздің алдымызда отаншыл, рухы күшті жетілген, тәуелсіздік бағасын түсінетін, нарық жағдайына бейім, білімді ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Бүгінге дейінгі пәндер еуропалық центристік жолмен оқытылып келді, ал Еуропа елдерінде ұлттық құндылықтарға негізделген білім қалыптасты. Азия алпауыттары атанған Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты елдер жаhандық технологияны ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып өз тәжірибелеріне енгізді. Дамыған елдердегі(Оңтүстік Корея т. б.)  тәрбие үрдісін пайдаланып, атадан балаға мирас болып келе жатқан бай салт-дәстүрімізді  жүйелеп «Ұлттық құндылықтарымыз» деген атпен арнайы бағдарлама түзіп оны балабақша, мектеп, ЖОО- ның оқу жоспарларының инвариантты бөліміне ендіру және оған оқыту- әдістемелік кешен жасау еліміздің білім жүйесіндегі қоғамдық сұраныс болып отыр. Бұл пән – өз ұлтын мақтаныш етуге тәрбиелейтін тиімді педагогикалық әдіс,ол- жастарды өз жерін, табиғатын, мәдениетін, өнерін, халқын сүйіп қастерлейтін әдістеме. Ол- пәндік біліммен қатар, тәрбиеге бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша көзқарасты қалыптастыратын оқулық, ол- тәрбиедегі сапасыздыққа тосқауыл қоятын бағдарлама, сонда ғана оқу мен тәрбие ұштасып, келешекте игі нәтижесін берері сөзсіз.

Мектептердің  материалдық-техникалық базасы: интерактивті тақта, компьютер, ноутбуктармен толықтырылып жатыр. Алайда, селолық елді мекендердегі мектептердің материалдық- техникалық базасы сын көтермейтін жағдайда, көпшілігінің тозығы жеткен, мерзімі біткен, істен шыққан.Техникалық құрал- жабдықтардың, спорт тауарлары, пән кабинеттері, лаборатория,жаңа буын оқулықтарының жеткіліксіздігі білім стандарттарын толық меңгеруге мүмкіндік бермей отыр.Оқытудың электронды жүйесіне көшу арқылы барлық мектептер мен әрбір отбасында компьютер немесе ноутбук болса нұр үстіне нұр болар еді, сонда оқушылар, әсіресе, қыз балалар ауыр сумка толы кітап, дәптерді көтеріп жүрмес еді. Бұның өзі жас ұрпақтың салауатты өмірін қалыптастыруда көп көмегі болар еді, сонымен қатар, оқушылар үй тапсырмасын компьютерде орындап, флешкамен әкелсе, бұл мұғалім үшін де, оқушы үшін де тиімді болар еді, себебі, білім саласында осындай өзгеріс жасалып жатқанда қажетті техникалық құралдардың жетіспеуі жұмыстың өнімділігіне кері әсерін тигізіп, сөз бен істің арасында алшақтық орын алады деп ойлаймын.

Бізге жаңа сапалы оқулық даярлауға қабілетті көшбасшы мұғалім керек. Қазіргі уақытта жыл сайын тақырыптық жоспар немесе оқулықтар, олардың өзі әр түрлі баспадан шығып оқушылардың білім алуына қиындық тудырып отыр. Оқулықтағы терминдердің түсінуге қолайсыздығы, тапсырмалардың күрделілігінен, оқушының жас ерекшелігіне сәйкес келмеуінен балалар үйге берілген тапсырманы өз бетінше орындауға шамасы келмей ата- аналарының көмегіне сүйенуге мәжбүр болады. Ал мұғалімдер сабақты жоспарлауда уақытты есептей алмайды, сондықтан бағдарламалық материалды меңгертуге үлгіре алмайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, тәжірибелі мектеп мұғалімдері мектеп бағдарламасын, сыныпты зерттеуге қатысады екен. Мұны «Іс-әрекетті зерттеу»деп атайды. «Іс- әрекеттегі зерттеу адамдардың тәжірибесін, тәжірибе туралы түсінігін және тәжірибе жүргізілетін жағдайды түсінуін өзгертеді. Ол жаңа үлгілерді- жаңа өмірлік бағыттарды қалыптастыра отырып, «сөйлеу», «тәжірибе» санаттарының мазмұнын өзгертеді.Бұл тәжірибе – басқа тәжірибелерді өзгертетін мета тәжірибе.Метатәжірибе өз кезегінде басқа тәжірибелер қалыптастыратын дәйектерді, әрекеттер мен байланыстарды өзгертеді».(Kemmis, 2007).(МАН, 1-деңгей, 45- бет).Іс-әрекетті зерттеу сыныптың ахуалын, білім сапасын, оқу үдерісін едәуір жақсартуға көмектеседі деп есептеймін.

Қорыта айтқанда, елбасы Н.Ә. Назарбаевтың айтуы бойынша: «білім және ғылым саласы бойынша мамандарды  жаңаша дайындауға жаңа міндеттер белгіленді». Президент тапсырмасы бойынша жаңа әдістеме мен технологияны енгізудің алғашқы қадамы жасалып жатыр.Сонымен қатар елбасы өзінің «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деп атап көрсетті. Демек, еліміздің білім беру жүйесіндегі сындарлы оқыту теориясы келешекте игі нәтижесін берері сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.(Rusnauka.kom.)

2.Мұғалімге арналған нұсқаулық, 1-деңгей.

3.ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтің жолдауы, 2012 жыл, 14-желтоқсан.

4.2011-2020 жылдарға арналған ҚР мемлекеттік білім беру бағдарламасы.

5.Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс- қимыл жоспары.(2012ж. 25-маусым, №832 қаулы).

6.«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қ.Р. Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдауы. 18қаңтар, 2014жыл.

Leave a Reply

Your email address will not be published.