Ересектерді оқыту: қазіргі жағдайы, мәселелері мен болашағы


                                    Ильясов Алмас Төребайұлы  

                                                     Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің

директордың «оқу-өндірістік ісі» жөніндегі орынбасары,

арнайы құрылыс пәндері жоғары санатты оқытушысы

         Бүгінгі күнге, Қазақстанда Білім және Ғылым министрлігі тарапынан білім беру үрдісінің өзіндік ұлттық үлгісі бекітіліп, жаңа мазмұндағы оқыту жүйесі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы негізгі мақсат – білім берудің дүниежүзілік стандартына кіре отырып, еліміздегі әрбір ғылым саласына нақты өзгерістер енгізу. Мұндай түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру жүйесінің даму бағыттарын нақтылап, оны тың, жаңа арнаға  қарай дамыту қажеттілігін міндеттейді. Ал ұстаздар үшін ғылымның бұл жетістіктерін  сын  көзбен қабылдай отырып,  білімгерлерді  болашақта жан-жақты дамыған, рухани жетілген тұлға ретінде қалыптастыру және олардың кәсіби шеберліктерін жаңаша ұйымдастыруды жолға қоюда оларға үнемі бағыт-бағдар беріп отыру.

Еліміздің  алыс , жақын дамыған елдермен қатар тұра алатын терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып, олармен білімі мен ғылымы, мәдениеті мен тәрбиесі, техникасы мен технологиясы теңесуі үшін нақты  істер атқару – ұрпақ  мүддесі алдындағы парызымыз. Сондықтан білім беру жүйесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізе отырып,   білім беру  үрдісін жетілдіру, білімгердің танымдық қабілетін дамыту бүгінгі күні білім беретін ұстаздар қауымының жаңа бағытта ізденуі мен еңбектенуін талап етеді.

Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.  Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің  азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «ҚАЗАҚСТАН-2050» СТРАТЕГИЯСЫ – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауындағы «БІЛІМ ЖӘНЕ КӘСІБИ МАШЫҚ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ, КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ» басымдығында келтірген сөзі.

Елбасы білім беру саласындағы басымдықтарында кәсіби-техникалық білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керектігін, және бұл халықты  еңбекпен қамту мәселесін шешуде үлкен роль атқаратынын баса айтты.

Міне, осы мәселелерді шешу жолында 50 жылдан аса мерзімде әр сала бойынша орта буынды мамандар даярлап келе жатқан  оқу орны – Қаратау-гуманитарлық-техникалық колледжі. Колледжде 13 мамандық бойынша мамандар дайындалады. Ұжым Мемлекет тарапынан көтерілген бастамаларға қолдау көрсету мақсатында қоғамда жаңа тұлғаны қалыптастыруда жоспарлы, жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Колледждің материальдық-техникалық базасы заманауи талапта жабдықталған. Колледжде оқу тәжірибелерін өткізуде    5 оқу шеберханасы, бір жабық алаң  жұмыс жасайды. Өндірістік тәжірибелерді өтуге 70-тен аса мекемемен келісім-шарт жасалса,  дуальды оқыту жүйесі бойынша 7 мекемемен 4-жақты келісім-шарт жасалған.

Елбасы 2017 жылдың 12 сәуіріндегі «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» атты мақаласында «Білімнің салтанат құруына» қатысты білім алуды өмір бойы жалғастыру керектігін халыққа тағы бір дәлелдеді десек болады. Елбасы өзінің  мақаласында  қазақ халқының білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы – біздің қанымызда бар қасиет екенін, экономиканың кәсіптік сипатының жедел өзгерісте екендігін,  заманға қарай өзгер­уге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жететіндігін, сондықтан,   табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керектігін баса айтты..
Елбасымыз айтқандай,  өмір сүріп, ұрпақ өсіруіміз  үшін өзгере де  білуіміз керектігіне, нарықтың қатал  талабына қарай өзгеріп отырмасақ, онда  өмірдің қиындығынан шыға алмай, қиындықтың шаңына көміліп қалуымыз әбден мүмкін екендігіне көзіміз жетіп отыр.. Елбасының таяу онжылдықта қазіргі мамандықтардың жартысының жойылып кететіндігін ескертуі, ол жастарды, сонымен қатар ересектердің де мамандықтарын өзгертуге ұмтылуы керектігіне  үндейді.

«Білім туралы» Заңының 24 бабында қоғамда болып жатқан экономикалық өзгерістерге сәйкес ересектерге білім беру – ересек адамдардың өмір қажеттілігіне байланысты білім алула-рына  бағытталғандығы атап көрсетіледі. Ересектерге білім беру- бұл мемлекеттің стратегия-лық идеясы, нарық талабы. Ересектерге білім беру арқылы Қазақстан Республикасының әрбір азаматын еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарды игере отырып,  өз тұрмысын, экономикалық жағдайын жөндей алатын, жанұясын асырай алатын отбасына айналдыруға  болады. Ересектерге  білім берудің  басты міндеті – қазіргідей жылдам өзгеріп отырған  қоғамда тез арада өз орнын табу, қоғамның өзгерістеріне қарай бейімделе алу, еркін еңбекке араласу, толыққанды өмір сүре алу.

         Осы бағытта жұмыс жүргізу үшін жинаған біліміңді жаңа тұлғаға білім беруге және тәрбиелеуге бағыттау  ұстаздар алдына тың міндеттерді жүктеп, жаңашыл іс-әрекетке жетелейтіні сөзсіз.

ҚР БжҒМ 2017 жылдың 30 қантардағы №35 бұйрығымен бекітілген «Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру қағидасы»  және 2017-2021 жылдарға арналған ҚР «Баршаға арналған тегін кәсіптік –техникалық білім» жобасын еңгізу бойынша жол картасын Жамбыл облысында жүзеге асырудың іс-шара жоспары негізінде,   колледжде осы жылдың 25 сәуірінен  бастап  1201.072-«Автокөлікті жөндеу слесарі» біліктілігі бойынша  -15, 1403.012-«Слесарь-сантехник» біліктілігі бойынша -15, 1410.032-«Жол жұмысшы» біліктілігі бойынша  -15 білімгер, яғни ересектер білім алуда. Білім алушылар 28-35 жас аралығындағы, отбасылары бар азаматтар мен азаматшалар, нарық талабына сәйкес  жұмыссыз отырғандар.

Мен осы топтардың ішінде 1410.032-«Жол жұмысшысы» біліктілігі бойынша  -15 білім-герге дәріс беріп, тәжірибелік сабақ өтудемін. Сабақ алдында білімгерлерден ауызша сауал-нама алғанымда, олар өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай отырғандықтарын, осы қысқа мерзімді курсты бітіргеннен кейін, өзіміз тұрып жатқан қаладағы жол құрылысына жұмысқа тұрып, еңбек етуге қарсы еместіктерін айтты. Мен де өз тарапымнан қазіргі уақытта бір мамандықпен шектелуге болмайтынын айтып, оқуларын ары қарай жалғастырып, осы мамандықтың сырттай бөліміне оқуға түсуге шақырдым. Сонымен қатар, 2014 жылдың 13-22 қазаны аралығында  Францияның  СЕВР қаласындағы, «Халықаралық біліктілік көтеру институтында» болып, ересектерді оқыту курстарында болған кездегі алған тәжірибеммен бөлістім. Курс барысында, дуальды оқыту бойынша оқып жатқан топтардың өндірістегі жұмысымен танысқанымызда, олардың арасында ересектердің де жүргенін көріп сұрағанымызда,  Францияның кел-келген азаматы мамандығының нарықта қажетсіздігін сезе бастағаннан, қысқа мерзімді курсқа жазылып, жұмысын тез тауып кетуге бейімделгенін айтты.

Осындай мысалдарды келтіре отырып,  біз ересек адамның өз білімін, біліктілігін жаңартып отыруына, қосымша білім алуына нарықтық экономиканың әсері тисе, екінші жағынан сол арқылы қоғамға қажетті мамандықты қысқа мерзімде игеру арқылы өз өмірінің жарқын жағына жол аша алатынын, ол үшін еш қысылмау керектігіне тәрбиелеуіміз керек.

 

ТҮЙІНІ: Елбасымыз айтқандай, ересектерге білім беру арқылы оларға нарыққа байланысты өмірдегі  түйткілді мәселелерді шешу үшін ұдайы ізденісте болуға,  бойдағы қорқыныш сезімінен айырылып, рухани жаңару жолына түсу керектігіне үйретуіміз керек. Өйткені, кейбір ересек адамдар өзін оқушы орнында сезініп, аудиторияда жайсыз, тіпті қорқынышты сезінуі мүмкін. Ол үшін адамдарға кез келген жаста оқуға болатынын, керісінше ересек жаста  адамның есте сақтау қабілетінің артатынын, ішкі түйткілінің өзгеретінін,  ересек адамның  ақпаратпен  жұмыс істеуде қабілетінің артатынын, сол арқылы әлеуметтік қиыншылықтан шығуға болатынын дәлелдеуіміз  керек.

         Сонда ғана ересектерді оқытудағы түйткілді мәселелер оң шешімін тауып, болашағы жарқын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *