Ақпараттық технологияларды кәсіби білім беруде қолдану


Каденова Марина Жумагуловна

Экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің

ақпараттық  пәндер ПЦК төрайымы

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ тағдыры ұстаздың қолында»
                                                                                                                              Н.Ә.Назарбаев

Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Олай болса, білім беруді ізгілендіру, ақпараттандыру – бүгінгі заман талабы. Ақпараттық білімнің, орта мен адамның өзара қарым-қатынасын үйлесімді ету және жаңа ақпараттық қоғамда ақпараттық технологияны пайдалану, ақпараттық мәдениетпен байланысын кеңейту мүмкіндіктері мол. Өркениеттің өсуі ақпараттық қоғамның қалыптасуымен тікелей байланысты екенін ескерсек, қазіргі кездегі білім мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білім мен кәсіби іскерліктердің болуын, жастардың белсенді шығармашылықпен жұмыс істеуін талап етеді.

Оқытудың жаңа ақпараттық- коммуникациялық технологияларын меңгеру – қазіргі заман талабы. ХХІ ғасыр – ақпараттық технология ғасыры. Қазіргі қоғамдағы білім жүйесін дамытуда ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың маңызы зор. Білім беруді ақпараттандыру және пәндерді ғылыми – технологиялық негізде оқыту мақсаттары алға қойылуда. Ақпараттандыру технологиясының дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді, әрі білікті жұмысшы мамандарын даярлау оқытушының басты міндеті болып табылады. Қоғамдағы ақпараттандыру процестерінің қарқынды дамуы жан-жақты, жаңа технологияны меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы  «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты жолдауында: «Тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын, соның ішінде әр түрлі ынталандырушы бағдарламалардың есебінен де көтеру қажет. Мен қазақстандықтарды ақпараттық технологияларды белсендірек игеруге шақырамын» деп,  қазіргі таңдағы білім беру жүйесі жаңа педагогикалық технологиялар мен ақпараттық құралдардың кеңінен қолданылуын қажет ететінін атап көрсеткен.  Демек, оқу-тәрбие үдерісінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану заман талабынан туындап отыр.

Бүгінгі күні білім беру мекемелері мен педагогика ғылымы алдында білім берудің философиялық негіздеріне, білім жүйесінің стратегиялық бағыттарына, мақсаты мен мазмұнына, оны орындаудың әдіс-тәсілдеріне деген жаңа көзқарас қалыптасуда. Қоғам талабы мен әлеуметтік сұраныстарға сәйкес жаңа технологиялар көбеюде. Мақсат – өзін-өзі дамыта алатын, өз бетімен білім алатын, өз бағыт-бағдарын айқындай білетін, өзін-өзі үнемі жетілдіре алатын қоғамның белсенді азаматын қалыптастыру.

Білім беруді ақпараттандыру қоғамды ақпараттандыру процесінің басым бағыттарының бірі ретінде оқытушылардың тек кәсіби сапасы мен дайындық деңгейіне ғана емес, сонымен қатар, оқытуда ақпараттық технологияларды пайдаланудың ұйымдастырушылық және әдістемелік аспектілеріне де жаңа талаптар қояды.

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар білім беру үдерісінде ең тиімді оқыту құралдарының бірі болып табылады. Олай болса, ақпараттық технологияларды және олардың негізінде оқыту технологияларының қалай қалыптасатынын бақылайық. Сонымен қатар, оқыту технологиялары мен ақпараттық технологиялар арасындағы байланысты да анықтау маңызды.

Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың жоғары деңгейде дамуы оларды білім беру саласында да қолдануға мүмкіндік берді. Ақпараттық технологиялардың білім беру саласында қолданылуы маңызды обьективтік себептермен дәйектелген.

Ақпараттық технологиялардың құрылымдық-тармақтық негізгі бірлігі компьютер болып табылады. Ол ақпараттық технологияларды қолдануда оқушының тікелей байланысатын өткізгіш рөлін атқарады. Алайда оқыту технологиясының негізгі бірлігі компьютер емес, компьютерлік оқыту бағдарламасы екенін де естен шығармаған дұрыс. Яғни, нақ осы бағдарлама технологияның «кірпіші» десек артық болмас. Сол себепті, біз үшін компьютердің рөлін емес, оқу үдерісіндегі компьютерлік бағдарламаның рөлін қарастырған маңыздырақ.

Компьютер білім беру жүйесінде тек қана оқыту құралы ретінде қалып қоюда. Оқу үдерісін қалыпты күйде жекелеген фрагменттер (үй тапсырмасын орындау, сыныпта сабақ оқу) бойынша қарастыратын болсақ, онда компьютер құрал ретінде негізге алынады. Ол оқушыға қандай бағдарламаны ұсынса да және оқушы қандай оқу бағдарламасын қолданса да – бәрібір оқушы оны проектор, кесте, сызба, карта, т.б. кез келген көрнекі құрал секілді пайдаланады.

Егер компьютер мен компьютерлік бағдарламалар оқу үдерісін қалыпты күйде қарастыру кезінде біз үшін жай оқыту құралы болса, онда технология да жай оқыту құралы деп есептеледі. Мұндай пікірдің қисыны қарапайым әрі түсінікті. Алайда құрал – анықтамаға сүйенсек, бұл оқытушының немесе мұғалімнің оқу үдерісінің тиімділігін көтеру үшін өз қызметінде қолданатын дүниесі.

Технологиялық оқытуда оқытушы оқу үрдісіне тікелей қатыспаса да болады. Енді, осы тұжырымды анығырақ қарастырайық. Жалпы, педагогика жайлы оқулықта оқытушының оқыту барысында қолданатын дүниесі оқыту құралы деп аталатынын оқимыз. Ал, технологиялық оқыту үдерісінде оқытушының өзі жоқ болғандықтан, технология оқытушы тарапынан қолданыла алмайды. Әйтсе де, технология оқыту құралы деп аталмағанымен, бұрын соңды пайдаланылмаған және өздігінен оқып-үйрететін һәм тексеретін жаңа оқыту құралы ретінде қабылданады. Олай болса, технология оқыту құралының дәстүрлі анықтамасына сәйкес келмейді. Ол оны жаңа мазмұнмен толықтырады.

Проекторлар, аудио және бейне магнитофондар, теледидарлар секілді біз үйреніп қалған құралдарға қарағанда технологияның орындайтын қызметі (бірінші кезекте, оқыту-үйрету қызметі) мейлінше көп. Ендеше, технология бұл оқытушыға оқыту тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жай оқыту құралы ғана емес, оқытудың күллі қызметін орындайтын және оқу үдерісінің барлық кезеңдерінде жұмыс істей алатын маңызды құрал. Сондай-ақ, ол – бүкіл оқу үдерісін сапалы жаңа деңгейге де көшіретін, зор мүмкіндіктері бар, жоғары деңгейдегі жаңа оқыту құралы.

Дегенмен, бұл технологияны қолдану арқылы оқытудың әрдайым жақсырақ, тиімдірек әрі сапалырақ бола беретінін білдірмейді. Ақаулар мен қателіктер технологияларда да болады. Мұнымен қоса, күнделікті тіршілікте ескірген технологиялар да, бір ғана параметр бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін есептеліп жасалған, ал қалған параметрлер бойынша нашар жұмыс істеуі мүмкін технологиялар да кездеседі. Оның үстіне, компьютерлік оқыту бағдарламаларын дайындағанда алға қойылған мақсаттың нақтылығы мен дәлділігін жіті бағалау, оқушылардың білім деңгейін тексеру әдістері мен материалдарының (графиктер, мультипликациялар, т.б. компьютерлік құралдар) тиімділігін арттыру өз алдына бір мәселе.

Қорыта айтқанда, оқыту  технологиясы – бұл оқытудың негізгі қызметтерін орындайтын және педагогтың қатысуынсыз жүзеге асыратын екінші реттегі оқыту құралы. Ол дидактикалық мүмкіндіктерді кеңейте отырып, оқытуға мүлдем жаңа сапалы сипат береді және оқушының жеке қажеттіліктерін толығырақ қанағаттандыруға һәм жеке қабілеттерін дамытуға елеулі септігін тигізеді.

ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1.      Назарбаев Н.Ә. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Ел президентінің халыққа жолдауы, 2012 ж.

2.       Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы.  2007 ж.

3.      Смирнова С.А. Педагогика: теории, системы, технологии. –М., 2006.

4.      Васильев В.В. Информационное обеспечение упарвления общеобразовательной школой. – Воронеж, 1990.

5.      Халықова К.З., Абдулкәрімова Г.А. Педагогикалық инфороматика /білім беруді ақпараттандыру. –Алматы, 2007.

6.      Советов Б.Я. Информационная технология. –М.: Высшая школа, 1994.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *