Қазақ тілін оқытуда оқушылардың жазылым әрекетін дамыту жолдары


 Алтайбаева Толкын Капашовна
 Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
 Қарағанды қаласы “№60 жалпы орта білім беретін мектеп”

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды [1, 7-8 б]. Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі барысында маңызды қадам болып табылады. Мұндай стратегиялық міндетті шешу жағдайында белсенділігі жоғары, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алу қабілеттілігін, өмір бойы білім алуға дайын тұратын тұлғаның ең басты функциялық сапаларын қалыптастыру орта білім беру жүйесіне жүктеліп отыр [2, 5-б].

Сауаттылық мазмұнының нақты мазмұны дара тұлғаның дамуына қойылатын қоғамдық талаптарға байланысты құбылмалы сипатқа ие болады. Ол қарапайым оқу, жазу, санау біліктіліктерінен бастап адамның әлеуметтік үдерістерге саналы түрде қатысуына мүмкіндік беретін, қоғамдық қажеттігі айқын кешенді білімдер мен біліктерден құралатын функционалдық сауаттылықты меңгеруді де қамтиды. Яғни, «функционалдық сауаттылық» белгілі бір кезеңге сай субъектінің алған білімі мен білігі негізінде сауатты іс-әрекет ете алуы деген мағынаны білдіреді.
Функционалдық сауаттылық –тілдік тұлғаның әлеуметтік –қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін өзінің мақсатына қарай еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі [3,1-б].

Қазақ тілін европалық стандарт негізінде деңгейлеп меңгертуде тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекеті бес түрге бөлініп жүргені белгілі: оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім. Біз жазылым әрекеті туралы сөз етіп көрейік.

“Жазылым” термині “жаза білу”, “ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу” дегенді білдіреді. Жазылым – тіл үйренуге қатысты қиын да күрделі жұмыс.

Жазылымның лингвистикалық ерекшелігі – ол әріптік таңбадан бастап алфавитке дейінгі тілдің дыбыстық жүйесін, олардың жазылу ережесін, жазбаша сөйлеу үлгілерін қамтиды. Жазылымның лингвистикалық мазмұнын белгілейтін мәселелерге мыналар жатады: графика, орфография, жазып алу және жазбаша сөйлеу [4,282-б].

Оқушылармен жұмыста ең басты мақсат – жазылымның осы ерекшеліктерін кеңінен қолдана отырып, оқушылардың сауаттылығын арттыруға болады деп есептейміз. Бұл салада үйретілетін ең басты мәселе – жазылымның графикасы. Графика, яғни жазу таңбалары – жазу үшін қолданылатын барлық әріптердің таңбалық жиынтығы. Қазақ тілі графикасының ерекшелігі-әріптер қалай жазылса, солай оқылады және басқа тілден енген дифтонг (қосарланған) дыбыстардан басқалары құрамына қарай бір таңба бір әріпті білдіреді де, бір әріп бір дыбысты көрсетеді.

Жазуды меңгеруде лингвистикалық жақтан үйретілетін келесі мәселе – орфография. Ол – белгілі бір сөзді әріптік таңбалар арқылы дұрыс жаза білу ережесі. Мұндай ережені оқытпай тұрып, жазуды да, тілді де сауатты меңгеру мүмкін емес. Тілді үйретуде орфографияға қатысты кездесетін қиындықтар да бар. Олар: фонетикалық, морфологиялық, тарихи принциптердің өзгешеліктері мен ерекшеліктерін жан-жақты ескеру; екпін түсіп айтылған буындардың дұрыс жазылуын қадағалау; қазақ тіліндегі еріндік, езулік дауыстылардың жазылуына ерекше мән беру; жуан, жіңішке дыбыстардың фонемалық қасиетін есте сақтау; дауыссыз дыбыстардың айрықша белгілерін дұрыс меңгерту және т.б.. Осыған орай, оқушылармен жазба жұмысын жүргізер алдында осы ережелерді қайталап аламыз. Мысалы: қазақ тілінің басты заңы –үндестік заңы бойынша қазақ тілінде сөздер не жуан, не жіңішке болып келеді: күнделік, қарындаш, өшіргіш және т.б.. Бірақ, үндестік заңына бағынбайтын да сөздер болады, ол сөздерде жуан да, жіңішке де буындар кездеседі, олар өзге тілден енген сөздер: мұғалім, кітап; біріккен сөздер: желтоқсан, қыркүйек және т.б. Сондай-ақ, “қ”, “ғ” дыбыстары тек жуан дауысты “а, о, ұ, ы” дыбыстарымен ғана үйлеседі, сол себепті сөздерді жазу кезінде оны қатаң ескеру керек. Оқушылардың жазба жұмыстарында жиі кездесетін қателіктердің біріне жіңішке сөздерде “ь” –жіңішкелік белгісін жазу жатады (кельді, өльді, жүльде), сондықтан оларға осы белгіге қатысты ережені де үйрету керек: “ь” –жіңішкелік белгісі тек өзге тілден енген сөздерде кездеседі де, қазақтың төл сөздерінде  кездеспейді, оның орнына дауысты жіңішке дыбыстар (ә, ү, і, е, ө) қолданылады.

Жазып алу немесе қысқаша жазу – жеке сөздерді, сөз тіркесін, бір-бірімен  мағыналық байланысы жоқ сөздер мен сөйлемдерді дұрыс жаза білу. Сол сияқты жоспарлар, қысқартылған сөздер мен ойларды белгілеп, жазып алу да осыған жатады. Оны дамыту мақсатында оқушыларға берілген мәтіннен ең негізгі сөздерді көшіріп жазу, ол сөзді неге таңдап алғанын түсіндіру сияқты тапсырмалар беріледі.

Жазбаша сөйлесім – лингвистикалық ерекшеліктерді толық меңгерудің көрінісі және ең күрделі тілдік құбылыс. Жазбаша сөйлесім дегеніміз – оқушының айтар ойын тілдік-қатысымдық бірліктерді қолданып, басынан аяғына дейін толық жаза білуі, көзқарасын, пікірін қағазға түсіріп, жеткізуі. Бұл әсіресе өзге ұлт өкілдері үшін аса күрделі тапсырмалардың бірі.  Оны жетілдірудің бір жолы ретінде мәтінге жақын мазмұндама түрін жиі қолданамыз. Онда берілген мәтіннің сөйлемдерінен тұратын жоспар мен күрделі сөздер беріледі. Мазмұндама жаздырар алдында мәтін бірнеше рет оқылып, берілген жоспар мен сөздерді қалай қолдану жолдары көрсетілгеннен кейін, оқушылардың өздеріне ауызша қайталатамыз, содан кейін барып қана оқушылар жазуға  кіріседі. Бұл әдіс әсіресе мазмұндама жазуды енді ғана бастаған бесінші сынып оқушылары үшін тиімді.

Жазылымның психологиялық ерекшелігі – жазбаша тапсырмаларды дұрыс пайымдап, логикалық жағынан меңгеру және графикалық, орфографиялық дағдылар мен шеберлікті ұштау. Сонымен қатар жазба жұмысы тіл үйренушінің ойлау жүйесіне тиімді, есте сақтауға жеңіл болуға тиіс. Мысалы, сөздер мен тіркестерді аударып жазу, мәтіннің жоспарын құрап жазу, сұраққа қысқаша жауап жазу, сөздермен сөйлем құрастырып жазу және т.б..

Қазақ тілін сауатты үйрету үшін, оқушыларға берілетін жазба жұмыстарын дұрыс жоспарлаудың маңызы зор. Өз жұмысымызда жазба жұмысының мына түрлерін кеңінен қолданамыз: жазбаша жаттығулар (қазақ тіліне тән дыбыстарға байланысты фонетикалық жаттығулар), қысқа мәтіндер (мысалы:” Қазақстан Республикасы”, “Мемлекеттік рәміздер”, “Астана қаласы”, “Менің отбасым” және т.б.), тапсырмалар, диктанттың түрлері (әріп, буын, сөз, сөйлем, терме, көру, өздік, сөздік, ескерту, түсіндірме, шығармашылық, еркін, бақылау диктанттары), жазбаша ойындар (дидактикалық ойындар: “Түсіп қалған әріпті тап”, “Дыбыстарды орнына қой”, “Шатасқан әріптер” және т.б.), іс-қағаздардың үлгілері (өтініш, қолхат, түсінік хат және т.б.).

Жазба жұмыстарын жүргізу кезінде берілген жазба жұмыстар мен тапсырмалар өмірге сай болуын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, түсінік пен пікір алысуды қамтамасыз етуін, кейбір жұмыстардың алдын ала ауызша орындалып, үлгісін көрсетуді, берілген тапсырмалар жеңілден қиынға, аздан көпке қарай ауысып, барлық материалды түгел қамтуын; ұсынылған жұмыстар қателерді меңгеруге бағыттала отырып, оқушылардың үйрену дағдысын жетілдіруін, орындалу барысында сөздік қордың дамуына бағытталуын; жазба жұмыстары үдіксіз тексеріліп отыруын ескеріп отырамыз.

Жоғарыда аталған жұмыстарды жүйелі жүргізудің нәтижесінде оқушылардың білім сапасы жоғарылады, қазақ тілін үйренуге деген талпыныстары күшейді, жазба жұмысын сауатты жазуға деген сенімділік пайда болды.

Осылайша оқушылардың сапалы білім алуына, сауаттылығын арттыруға, олардың өзгермелі ортаға тез бейімделе отырып, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға және өмірде аяғын нық басып, алдына мақсат қойып оны шешуге мүмкіндігі бар тұлғаны дамытуға жағдай туғызу кез келген ұстаздың басты міндеті деп білеміз.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді [5].

Әдебиеттер:

1. Н.Ә.Назарбаев. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты. «Ана тілі» газеті, № 5. 2012

2. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі
2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. ҚР Үкіметінің № 832 қаулысы, Астана, 2012

3. http://www.icrov-pvl.gov.kz/loader/load/53 – интернет желісінен.

4. Ф.Ш.Оразбаева. Тіл әлемі. Алматы. 2009.

5. Елбасы мақаласы: Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. http://www.inform.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *