«Қазақтың ақбас сиырының ет өнімділігі»


Сыдигалиева Мунира

«Шымкент аграрлық колледжі» МКҚК-ның студенті

Жетекшісі: Жолшыбек Тұрсынбек

а.ш.ғ.к. доцент

Тақырыптың өзектілігі. Нарықтық экономика жағдайында мал шаруашылығы саласында сапалы өнімдер өндіріп, экспортқа шығару өзекті мәселе болып тұр.

Осыған байланысты, Қазақстанда мал шаруашылығын өркендетіп, ет өнімдерін өндіруді ұлғайту мәселесі қолға алынуда. Таяу уақытта экспортқа 60 мың тонна ет өндіріп сатылуға шығару жоспарланып отыр. Осы жоспардағы еттің негізгі бөлігін  ірі қара мал еті құрайды. Қазіргі кезде республика көлемінде экспортталатын еттің мөлшері 17 мың тонна. Алдағы уақытта ет көлемін арттыру үшін асыл тұқымды ет бағытындағы малдардың санын көбейту және мал азығын арттыру болып табылады. Сондықтан бүгінгі кездегі 400 мың бас асыл тұқымды ет бағытындағы малдардың үлесін көбейту экономикалық жағынан тиімді әрі өзекті мәселе.

Шығармашылық жұмыстың мақсаты. Біздің алға қойған мақсатымыз, шет елдерден әкелінген ірі қара малдар мен Қазақстанда өсірілетін асыл тұқымды ірі қара малдардың ет өнімділігін және Қазақтың  ақбас  сиырының ет өнімділігіне әсер ететін ықпалдарды зерттеу.

          Мүйізді  ірі  қара  малдың  ет өнімділігі  малдың  тұқымына,  күтіп-бағуы  мен бордақылауына, жынысы  мен жасына  байланысты  болады.  Мамандандырылған  етті  тұқымдар, мысалы  қазақтың  ақ бас сиыры,  герефорд, абердин ангус тұқымдары  жоғары  өсімталдығымен ерекшеленеді. Бұл тұқымның малдары, 1,5-2 жасар  кезінде 350-400 кг салмақ тартады,  ал 2-2,5 жасында 400-450 кг салмаққа жетеді және өте  бағалы,  әрі  дәмді  ет өнімдерін  береді.

Шет елдерден алып келген етті ірі қара мал тұқымдары

 

Абердин-ангус сиыры.  Бұл тұқым Шотландияның солтүстік шығыс бөлігінде (Абердин және Ангус графтықтарында) шығарылған.  Абердин-ангус  тұқымының  сиырлары  жайылымда  бағып-семіртуге  мейлінше  бейім.  Бұл малдың  түсі  негізінен  қара болады,  қызыл  сирек  кездесді, бауыр  жағында  емшегінің  маңайында ақ таңбалары  бар. Бұл  тұқымның  сиырларында  мүйіз болмайды.

Абердин-ангус  сиырының бітімі  келісті, аяқтары  қысқа  болады, бұлшық  еттері  бедерлі,  шоқтығы  биік  келеді.  Бұл тұқымның  сиырлары тез жетіліп, жақсы  бордақыланады.  Сүйегі  ірі болмайды, ол  ұша салмағының  небара 15-18% жуық болады.  Сақа сиыр салмағы 550-600 кг,  сойыс шығымы  орта есеппен 65% ,  кейбір жағдайда 70% болады. Қазіргі таңда бұл тұқымның малдары Канада мен Австралиядан әкелінген.

Герефорд  сиыры  кең тараған, тез жетілетін  етті ірі қара   тұқымы.  Шыққан жері – Англияның  оңтүстік  батысында орналасқан  Герефорд графтығы. Герефорд  сиырларының  тез жетілгіштігі,  дене  құрылысының  мығымдылығы  және  ауа-райының  жағдайының  әртүрлі  кезеңдерінде  жайылымды  жақсы пайдаланатындығы  мен сапасы  жоғары  етінің  өтімділігіне  байланысты негізгі  қасиеттері  оның  көптеген  елдерге  тарауына  себеп  болды.

Бұл сиырлардың түсі – қоңыр-қызыл, басында, төсінде,  шабында,  сирағында  және құйрығының  ұшында  ағы болады. Малдың бұл тұқымы  еттілігімен ерекше. Кеудесі кең,  төсінің, иығының, жонының, санының бұлшық еттері  жақсы жетілген, аяқтары қысқа және мықты  болады. Осының  бәрі  герефорд сиырлары  дене құрылысының  беріктігін  көрсетеді. Сақа  сиырының  салмағы  550 кг, бұқаларының салмағы 950-1000 кг. 18  айлық  өгізшелер 390-450 кг салмақ  тартады.  Сойыс шығымы  орта  есеппен  67-70 %.

 

Қазақстанда өсірілетін етті ірі қара мал тұқымдары

 

Қазақтың  ақбас  сиыры. Қазақтың жергілікті  сиырларын,  қазақ-қалмақ сиырларынан  алынған  будандарды,  қалмақ сиырларын  герефорд  бұқаларымен  будандастыру  арқылы  алынған.  Сиырдың бұл тұқымы  Қазақстан  шаруашылықтарында  бір мезгілде  шығарылып,  1950 жылы  жаңа тұқым ретінде  бекітілді.  Қазақтың  ақбас сиыры  герефорд сиырларынан  денесінің  ірілігін,  тез жетілгіштігін, етінің  мол  болуын, жұмсалған  шығынды өз өнімімен  өтеуге қабілеттілігін мұраға  алса,  онымен будандастырылған  жергілікті  ірі қарадан  дене  құрылысының  мықтылығын,  құрғақ дала  жағдайына  бейімділігін, қатаң  климат  жағдайына  төзімділігін алған.

Бұл тұқымдас сиырлардың  түсі  қызыл,  басы ақ болады,  төсінде, желкесі  мен  сегізкөзінде, шабында, емшегінде,  сирақтарында,  құйрығының  ұшында ақ таңбалары  бар. Танауының ұшы  қызғылт болып келеді. Жүні  қысқа  қарай қалықдап, жазды  күні  жұқарады, біркелкі, жылтыр болып келеді.  Бұқаларының орташа  салмағы  850-950 кг,  ал кейбіреулерінің  салмағы  -1000 кг дейін  жетеді.

ТМД  елдерінде  етті  ірі қараның  ішінде қазақтың ақбас сиырлары  мейлінше көп тараған, ол елімізде  етке  арнап  өсіретін  ірі қараның 60%-нан  асады.

Әулиекөл тұқымы жайылымда және  бордақыланғанда  жақсы семіреді, тәулігіне бұқалары мың грамға дейін салмақ қосады. Қазақстан республикасының солтүстік, орталық және оңтүстік-шығыс аймақтардың ауа райына  жақсы  бейімделген  және  азықты  таңдай бермейді. Бұл тұқымның сиырларының  түсі  бозғылт сары, бұқаларының орташа  салмағы  800-850 кг,  ал сиырларының орташа салмағы 500-550 кг, 15-айлық бұқалары бордақылағанда және жайып семірткенде 430 кг салмақ тартады.

Бұл  сиырлардың  тұлғасы  тұтас, мінсіз,  сүйегі жұқа, берік болып  келеді. Аяқтары  тік,  тұяқтары  мықты.

1-кесте

Әртүрлі тұқымды малдардың ет өнімділігі

 

Мал тұқымдары Бұқалардың салмағы, кг Сиырлардың салмағы, кг Сойыс шығымы, %
Герефорд 900-1100 500-600 65-70
Абердин ангус 900-1000 500-600 65
Қазақтың ақбас сиыры 900-1000 500-600 65-70
Әулиекөл тұқымы 800-850 500-550 60

 

Малдың ет өнімдеріне  ықпал ететін  жағдайлар

Малдың ет өнімдеріне  малдың нәсілі, тұқымы, азықтандыру тәртібі,  қоңдылығы, жасы, жынысы және күтіп  бағу  жағдайлары  қатты  әсер етеді.

Нәсілі мен тұқымы. Етті тұқымды  малдар сүт бағытындағы  малдарға  қарағанда мол өнім береді, сойыс етінің  шығымы  оларда  65-70% дейін барады.  Етті  тұқымды  малдар  тез жетілгіш және ет  өнімінің  сапасы  жоғары.  Бұл малдарда  май  әдетте  тері  асты  шел  қатабында  және  ішкі  мүшелердің  айналасында,  сонымен қатар  ең  маңыздысы,  бұлшық  еттердің  арасында  жинақталады. Етті  малдардың  ұшасында сүйек  пен дәнекер ұлпалары (сіңір) аз мөлшерде болады.

Азықтандыру түрі  мен дәрежесі. Малдың  еттенуіне, қалыптасып  семіруіне  азықтандыру түрі  мен  дәрежесінің әсері  өте  үлкен, Тұқымдық, жеке  нәсілдік қасиеті  қанша  жақсы  болғанмен, күтімі жақсы  болмаса, қай мал болмасын сапалы,  мол ет өнімін бермейді,  семірту  уақыты,  ұзарып, жемшөп шығыны көбейеді. Сойыс  малын  жоғары  дәрежеде азықтандырған уақытта ол тез  өсіп, қысқа мерзімде жоғары салмаққа жетеді. Бұл малдардың сойыс етінің сапасы  жақсарып, майы артуына және еттің құрамындағы құрғақ  заттар мен майдың көбеюіне әсер етеді. Малды  төменгі  дәрежеде  азықтандырған уақытта, малдың  өсуі кемиді,  бордақылау мерзімі ұзарады, жем шөп және  т.б. шығындар көбееді. Бұл малдардың етінің сапасы төмендеп, еттің құрамында  сүйек пен сіңірлер  көбірек болады.

 

2-кесте

Қазақтың ақбас  сиырының  он сегіз  айлық  өгізшелерінің  семіргіштігі

 

Көрсеткіштер Көтеріңкі  дәрежеде азықтандырылған Орташа  дәрежеде азықтандырылған
кг % кг %
Тірілей  салмағы

Сояр  алындағы  салмағы

Ұшасы

Майы

Сүйегі, шеміршегі сіңірі

Еті

408

278,5

201,7

16,0

36,9

160,5

100

53,3

4,2

18,8

79,6

372

348,0

179,0

10,2

41,7

134,2

100

51,4

2,9

23,3

75,0

 

Қоңдылығы. Малдың қоңдылық дәрежесі артуына  байланысты тірі  салмағы мен сойыс еті,  ет пен майдың шығымы көбееді, еттің сапасы  жақсарып оның  калориясы да артады.  Мысалы, жоғары қоңдылықтағы малдың  ет пен май үлесі 53-58 % болса, орташа  қоңдылықтағы малдарда 46-48%, ал төменгі қоңдылықтағы  малдардың  етінің калориясы  төменгі  қоңдылықтағы  малдармен салыстарғанда екі  еседей жоғары  болады.  Малдың  қоңдылығы  артқан  сайын еттің  морфологиялық  құрамы  да жақсара түседі.                                                                                                                                                          3-кесте

Әр түрлі қоңдылықтағы  мүйізді  ірі қара малдың етінің  құрамы

 

Құрамы  мен калориялығы Малдың қоңдылық дәрежесі
Төмен Орташа Жоғары Семіз
Морфологиялық құрамы , %: бұлшық ет ұлпасы

Май ұлпасы

Сүйек ұлпасы

Дәнекер  ұлпасы

 

60,8

3,3

21,9

14,0

 

59,9

10,3

17,5

12,3

 

56,5

16,1

15,7

11,7

 

52,1

23,1

15,2

9,6

 

Қорытынды

Етті тұқымды  малдар сүт бағытындағы  малдарға  қарағанда мол өнім береді, қазақтың ақ бас тұқымда ірі қара малдарының сойыс етінің  шығымы    65-70% дейін барады. Бұқаларының салмағы 900-1000 кг, ал сақа сиырларының салмағы 500-600 кг тартады.  Етті  тұқымды  малдар  тез жетілгіш және ет  өнімінің  сапасы  жоғары болады.

Қазақтың ақ бас сиырларының еттенуіне, қалыптасып  семіруіне  азықтандыру түрі  мен  дәрежесінің әсері  өте  үлкен. Сойыс  малын  жоғары  дәрежеде азықтандырған уақытта ол тез  өсіп, қысқа мерзімде жоғары салмаққа жетеді. Қазақтың ақбас өгізшелерін көтеріңкі  дәрежеде азықтандырғанда, орташа  дәрежеде азықтандырылған өгізшелерден төрт пайызға артық ет үлесі алынған.

Малдың қоңдылық дәрежесі артуына  байланысты тірі  салмағы мен сойыс еті,  ет пен майдың шығымы көбееді, еттің сапасы  жақсарып оның  калориясы да артады.  Мысалы, жоғары қоңдылықтағы малдың  ет пен май үлесі 53-58 % болса, орташа  қоңдылықтағы малдарда 46-48% болады.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Байжұманов Ә. Мал өсіру. Алматы, «Қайнар», 1987 ж.
  2. Жолшыбек Т. Мал шаруашылығы. Астана, «Фолиант», 2009 ж.
  3. Қолда мал өсіру. Алматы, «Қайнар», 1995 ж.
  4. Ысқақбаев Б. Сиырды қолда өсіру, Алматы, «Қайнар», 1987ж.

 

 

           

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *