Жеңіс туы желбіресін!


Ибрагимова Ақбота

Қостанай қаласы Сырбай Мауленов атындағы гимназияның 10 сынып оқушысы

жетекшісі: Байтикенова Үмітгүл Кәкімбекқызы, тарих және құқық пәнінің мұғалімі 

         Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 72 жыл толмақшы. Бұл  сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды.

Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні  мал бағып,  тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз – өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар  тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің  құрдастары тойлайды.

Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.

Міне, ұлы Отан соғысының қасіреті туралы тарих пәнінің мұғалімі Үмітгүл Кәкімбекқызы ұдайы есімізге салып отырады.Яғни, өткен күннің шежіресін тарих пәні арқылы біліп отырамыз.Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен   Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды.

Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.

Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді.Осы ерлік кім үшін еді? Әрине біздің бақытты өміріміз үшін.  Тарих пәні арқылы олардың жүріп өткен жолын білдік.Ендеше, жеңіс туын жоғары желбіретейік!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *