Қына


Саин Камила
Қарағанды қаласы №101 мектеп лицейі оқушысы

Мақсаты: Тау тасына өсетін қынаның сырын ашу және оны ата

бабаларымыз қалай пайдаланды, қынаны қазір біз қалай

пайдалануға болатынын анықтау

 

Міндеттері:

·        Тасқа қынаның қалай өсетіні туралы ақпараттар жинақтау;

·        «Өлі» дүниеден «тірі» органиканың қалай пайда болатынын анықтау;

·        Ертеде қынаны шарушылыққа, тұрмыс-тіршілікке қалай пайдаланғанын анықтау;

·        Қынаны қолданысқа қалай пайдалануға болатынын зерттеу.

Болжам:  Егер,  біз қынаның құпиясын аша білсек, онда қазіргі кезде тау тасындағы қынаны қалай қолдануға болатынын, қандай пайдасының бар екеніне көз жеткіземіз.

Зерттеу жүйесі:  Ақпарат көздерін жинау, табиғаттағы қынаны,  өсетін жерін бақылау және қынамен тәжірибе жасау, қорытынды шығару.

 

Тәжірибелік кезең:   деректерді жинақтау, талдау, бақылау, жүйелеу,

салыстыру, тәжірибе жасау, ойқорыту.

 

Зерттеу жұмысының жаңалығы:  қына  барлық тастарға бірдей өсе       бермейді, яғни «таза ауа индикаторы», ауасы ластанбаған жерде ғана  өседі, түрлі-түсті болып өседі,  мал азығы болады және  қынадан  бояу алып, пайдалануға  болады.

 

 

Кіріспе

Табиғаттағы барлық нәрсе өзара тығыз байланыста болады. Өзі табиғаттың бір бөлшегі болатын адам да қоршаған ортамен тығыз байланыста. Біз өзімізге залал келтіріп алмау үшін осынау аса нәзік өзара байланыстарды айқындап, танып-білуіміз керек.

Бүтін жаратылысты «тірі табиғат» пен «өлі табиғат» деп жіктеп, жіліктеп бөліп тастаған қазіргі заман ғылымы ежелгі заманнан бері бүтін бірлік ретінде қарастырылып келген болмыс бірлігін жоғалтып алғаны ақиқат. «Табиғат өлі және тірі болып  екіге бөлінеді. Өлілерге тау, тас, су т.б., тірілерге жан-жануар, өсімдіктер» – деген қағида санамызда бекіп қалғаны да рас. Әсем табиғатпен біте қайнасып, шерін тарқатқан қазақ үшін табиғатты өлі деп атау ешқашан ақылға сыйған емес.

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер –  деп ақын Қасым Аманжоловты тебіренткен қара тастың тілсіз болса да, жанды екенін атам қазақ бұрыннан байқапты.

Тілсіз болғаны үшін әлі күнге дейін «өлілірдің» қатарында келе жатқан тастың мән-жайын анықтап көрсек.

Қазіргі кезде 500-ге жуық сала-салаға жіктеліп кеткен жаратылыстану ғылымдарының жартысынан астамы тастармен жұмыс жасайды. Ғылымның тілімен айтсақ, тас – минерал, кен. Тас – құраушысы Менделеев кестесіндегі әртүрлі химиялық элементтерден тұратын күрделі, қатты зат. Химиялық элементтер минералда белгілі ретпен орналасып, өсіп, керек десеңіз, тіпті, жаңасын тауып отырады. Минералдың құрамында ең көп кездесетін – оттегі, сутегі. Олар тасқа су арқылы немесе жеке дара ене алады. Сутегі жаңбыр, жер асты сулары арқылы енсе, оттегінің көп мөлшері ауадан алынып отырады. Қарапайым түрде тастар да дем алып, су ішеді деген сөз. Тастың ішіндегі байланыстар берік, әрі элементтердің арасы жақын болғандықтан, тас қатты болады [1,3].

 

Қыналардың шығу тегі

 

Қыналар – төменгі сатыдағы өсімдіктердің ішіндегі ең көп тараған, күй талғамайтын өсімдік. Әр кезде саңырауқұлақтардың түрлі топтарына жататын  әр түрлі балдырлармен жанасудың нәтижесінде өз алдына жеке қасиеттері бар жаңа организмге айналған және бұлар филогенетикалық дамудың жаңа заңдылықтарымен өскен организм. Қыналардың эволюциясы негізінен қабаттардың құрылысының және пішіндерінің күрделену бағытына қарай жүреді.

Осыған орай ауадағы көмір қышқыл газын сіңіретін аумағы үлкейе түседі. Субстратқа тәуелділігі кемігені және атмосфералық қоректенуге қарай көшкендігі байқалады. Соредий (тозаңдар), изидий  және леканориналық апотецийлер (балдыр қабаты) арқылы көбею – қынаның эволюциялық дамуында жетіле түскен.

Қазба қалдықтардан қыналардың түрлері аз табылған. Кейбір табылған қалдықтарға зертеулер жүргізілгенде, олардың қалдықтары бор және кайнозой заманындағы қалдықтарынан тарағаны байқалады [2,215].

 

Қыналардың морфологиялық құрылысы

 

Қыналардың сыртқы пішіні мен көлемі алуан түрлі. Оларды сыртқы пішініне қарай 4 топқа бөледі:

1. Ұнтақты қыналар – белгілі формасы жоқ, ұсақ пішінді. Организм мұндай қыналарда суды бойына сақтамайтын және буландыратын қасиеті болмайды. Лепрозды қабат ұнтақталған жұғын пішінді, құрылысы өте қарапайым. Ол саңырауқұлақ түрлері мен балдыр жасушыларынан құралған. Осындай түйірлер төсеміктен оңай жұлынып, жел және жануарлар арқылы таралады. Қолайлы жерге түскен түйіршіктер ашық сары түсті қабаттар құрайды. Бұлар көбінесе дымқыл көлеңкелі жерлерде өседі. Бұларды жартастардың көлеңкелеу жағынан, шіріген томардан, ағаш қабығының төменгі жағынан дымқыл топырақтан кездестіруге болады.

2.  Қабықты (қаспақты) қынаның құрылысы ұнтақтыға қарағанда біршама күрделі. Бұлардың қабығы төсемікке тығыз жабысып өседі де, оны алғанда пішіні бұзылады және көпшілік уақытта ұнтақ, дәл кедір-бұдырлы немесе тегіс сияқтанып келеді. Барлық қыналардың 80%-дайы қаспақты қыналарға жатады. Қаспақты қыналар өсетін төсемікке байланысты бірнеше экологиялық топтарға бөлінеді. Эпилитті (тау жыныстарында өсетін қына) қаспақты қына тау жыныстарында өседі, эпигейлылар топырақ бетінде өссе, эписилдылар шіріген ағаш беттерінде, эпифлеодтылары бұталар мен ағаш қабықтарында өседі. Кейбір қыналар төсеміктің ішінде өсіп, одан тек жемісті денелері ғана шығып тұрады. Ондай қыналарды энделитті деп атайды. Энделитті қыналар тастардың жарықтарының ішіне 1-3 см тереңдікте еніп жатады. Мұндай қыналар тау жыныстарында пайда болатын алғашқы өсімдіктер болып есептеледі де, басқа өсімдіктердің таралуына қолайлы жағдай жасайды, екінші жағынан ертеден қалған ескерткіш мұраларды бұзып зиянын тигізеді. Қына құрамындағы әр түрлі заттар (қышқылдар) тастарды бұзып қиыршыққа айналдырады.

3.  Жапырақты қыналардың құрылысы күрделі. Төсемікке жайылып жататын пластинка пішінді, төменгі жағында резина деп аталатын гифалардың (саңырауқұлақтың вегетативтік денесі) ұштары арқылы бекінеді. Төсеміктен оңай алынады.

4.  Бұталы қыналар күрделі құрылысты төсеміктен сабақ тәрізді көтеріліп тұрады да, одан жан-жаққа тармақталған бұтақшалар кетеді. Бұталар тік өседі немесе орманды жерлерде ағаштың қабығында төмен қарай салбырап тұрады. Жапырақты қыналармен салыстырғанда, бұл керісінше, радиальды құрылысты келеді [3,445-446].

 

Қыналардың анатомиялық құрылысы

 

Бұларды қатпаршағының анатомиясына қарай гомеомерлі және гетеромерлі деп екіге бөледі. Гомеомерлі құрылысты қатпаршағы бар қыналар қарапайым келеді. Оларда саңырауқұлақ жіпшелері мен балдыр клеткалары біркелкі таралған. Бұлар көпшілік жағдайда балдырлар бөліп шығаратын кілегейдің ішінде жатады. Кепкен кезде тез сынған, қабыршақ, жапырақ немесе белгілі бір пішіні жоқ жастықша тәрізді келеді. Егер суға салса тез ісініп кілегейленудің нәтижесінде көлемі ұлғаяды. Мұндай қына ісінген уақытта өз бойына суды салмағынан 20-30 есе артық жинайды. Кілейгелі қыналарға 750 дей түр жатады. Мысалы ретінде, түсі қара жастық пішінді, оңтүстікте жартастарда өсетін коллеманы алуға болады. Оны көлденеңінен кесіп қарағанда кілегейдің өн бойына тарап жатқан ностоктың колониясын ондағы гетероцит клеткасын және саңырауқұлақ жіпшелерін көруге болады. Лептогиум қынасында анатомиялық құрылысының біртіндеп күрделене бастағаны байқалады. Мұнда қабықтың жоғарғы және төменгі қабаты болады. Ол саңырауқұлақ ксифаларының тығыз өрімделуінен құралады және төменгі жағынан субстратына бекіну қызметін өтетін ризиналар дамиды. Ортаңғы бөлімі коллемаға ұқсас, онда саңырауқұлақ гифалары мен балдыр клеткалары ретсіз орналасады [2,208].

Гетеромерлі қатпаршағы бар қыналардың құрылысы күрделі болып келеді. Оны көлденең кесіндісін микроскоппен қарағанда бірнеше қабаттардан тұратынын көруге болады. Мысалы, жапырақты қынаның үстіңгі бетінде саңырауқұлақ гифаларының өзара тығыз өрімделуінен құралған плектенхимия деп аталатын қабығы болады. Плектенхиманың астындағы гифалардың бос матасуынан түзілген гонидомды қабаты жатады. Олардың арасында балдыр клеткалары орналасады. Гонидиальды қабаттан кейін ауаға толы кеңістіктері бар «өзектік» қабат орналасады. Оның астыңғы жағындағы қабықты қабат құрылысы жағынан үстіңгі қабатқа ұқсас келеді. Қабықты қабаттан шығатын ризоидтар арқылы субстарқа бекініп тұрады.

Қаспақты қыналардың астыңғы қабығы болмайды. Сондықтан да олар субстратқа гифаларының төменгі жағы арқылы тығыз орналасады. Радиальды (сәулелі) структуралы бұталы қыналардың шеттерінде қабығы, оның астыңғы жағында гонидиальды, қабат, ал ортаңғы бөлімінде өзгереді.

 

Қынаның түрлері

 

Қыналар табиғатта басқа өсімдіктерге қолайсыз, құнарсыз жерлерде өседі. Тастың үстінде, шөлді-шөлейтті жерлерде, тундрада және ормандарда тіршілік етеді. Антрактидадан 350 түрі, Оңтүстік полюске жақын жерден 7 түрі табылған. Бұлай таралу себебі, өте ыстық ортада өсетіндері жоғары температурада тез кеуіп кетеді де тіршілігі уақытша тоқталады. Қайтадан қолайлы жағдай туса, кеуіп қалған қыналар қалпына келіп, тіршілігін жалғастырады. Өте салқын жерлерде өсетін қыналарды айрықша тығыз қалың қабықша қорғап тұрады.

Қыналар пішіндеріне қарай үш топқа бөлінеді.

1. Ағаштың діңіне, тасқа жабысып өсетін қабыршақты (қаспақты) қына. Бұлар сары-қызыл, сары, сұр, көгілдір, қоңыр түсті, жұқа қабыршақ тәрізді болады.

2. Орманда ағаш діңіне, түбіріне жабысып өсетін жапырақтың пішініне ұқсайтындары – жапырақ тәрізді қыналар.

3. Қарағайлы орманда төсемікте өсетін бұтакталған ақшыл жасыл, ақшыл түстілері – бұта тәрізді қыналар.

 

Қынаның тасқа бітуі

 

«Өлі» органикалық дүниеден «тірі» ағзаның қалай пайда болатынын әзірге ғылым теория жүзінде бұлдыр болжаммен айтса да, нақты тәжірибе жүзінде жүзінде көрсете алған жоқ.  «Үш анықта» Шәкәрім атамыз осы күнгі ғылым сан-саққа жүгіртіп шеше алмай отырған қынаның тасқа бітуі туралы былай дейді: «Тас пен құм сүйектерге біткен қынаны алып қарасаңыз, қынаның астында тас пен сүйектің бетінде топырақ сияқты бір нәрсемен жабыстырылған болады. Сол топырақ сияқты нәрсені табиғат қайдан әкеліп отыр? Мен ойлаймын, су мен топырақ жылылықтан өсімдік шығарғандай, тасқа ауа, су жылылығы сияқты себептер қосылып, қына шығарып отыр» [4, 100].

Ашып айтсақ, қынаның тасқа бітуі ерекше жолмен жүреді. Қынаның кез-келген тасқа шыға бермейтіні де белгілі, ол тасты таңдайды. Қалайша десеңіз, ең алдымен, түсіндіруді тастан бастайық. Басында айтылғандай, тас өзіне суды сіңіреді. Тастың құрамындағы элементтер куб тәрізді байланыс құрды делік. Кубтың іші бос, оны толтыру керек. Сол кезде оған жаңбыр мен жер асты суларынан көзге көрінбейтін бірнеше су молекуласы бос ұяшықтарға орналасады. Осылай тастың бос орындары сумен толады. Ендеше қынаға қажетті судың бір бөлігі тастың өзінен алынатыны белгілі болды. Шәкәрім атамыз айтып отырған тас пен қына арасындағы топырақ сияқты жабыстырғыш заттың түзілуін және оның түзілуіне ауа мен судың қатысын түсіндіре кетейік.

«Топырақ сияқты» деп отырған затымыз ауадағы тотықтырғыш оттегімен түзілген тастың беткі бөлігіне жақын орналасқан сілтілік металдардың (Na, Mg, K, Ca) оксидтері болып табылады [5]. Ал, осы сілтілік металл оксидтерінен алынатын металл иондар қына үшін көбейіп, тұқым шашуына мүмкіндік береді. Осылайша биологияның қына түзілуі туралы бүтін  бір іргелі саласын тудырып, бас қатырып отырған күллі әлем ғалымдарының сұрағына Шәкәрім атамыздың азат ақыл, еркін оймен үш ауыз сөзбен сөзбен жауап қайырып отырғаны таңдай қақтырады.

Жоғарыда айтқанымыздай ғалымдар қынаның басқа өсімдіктерден айырмашылығын анықтаған. Яғни ол жалғыз емес, бірге өсіп-өнетін екі өсімдіктен –  саңырауқұлақтар мен балдырлардың бірігіп, селбесіп тіршілік етуінен пайда болады. Балдырлар қоректік заттарды ауадан алады, ал саңырауқұлақтар су мен минералдық заттарды, тау жыныстарын өзі бөліп тұратын қышқылдармен еріту арқылы алады. Міне, сондықтан да қына жалаңаш таста да өсіп-өне береді.

 

Қынаның қоректенуі

 

Қына құрамындағы саңырауқұлақ жіпшелері балдырларға құрамындағы су және минералды заттарын береді. Өздері балдырлардың нәтижесінде түзілген ағзалық заттарымен қоректенеді.

Қыналар бір топ саңырауқұлақ жіпшелері арқылы төсемікпен байланысады. Оның құрамындағы саңырауқұлақтар тек қынадан ғана табылған. Ал қына құрамындағы балдыр түрлерінің табиғатта өз бетінше тіршілік ететіндері де бар. Қынаның құрамында бір жасушалы жасыл балдырлар кездеседі. Балдырлардың жасушалары көмірқышқыл газын, суды сіңіріп, фотосинтездің нәтижесінде ағзалық заттар түзіледі. Балдырлар және саңырауқұлақтың жіпшелері, ағзалық заттармен қоректенеді.

Ғалымдар қыналардың құрамындағы саңырауқұлақтар мен балдырларды қоректік ортада жеке-жеке өсірген. Сонда саңырауқұлақтардың жіпшелері ғана пайда болып, спора түзілмеген. Балдырларда көбеюдің барлық түрлері жүрген. Сондықтан қыналардың құрамындағы саңырауқұлақтар паразитті қоректенуге бейімделе бастайды деген қорытындыға келеміз.

 

Қыналардың көбеюі

 

Қыналар әр түрлі жолмен көбейеді. Олардағы балдыр клеткалары жай екі бөліну немесе қозғалмайтын автоспоралар түзу арқылы көбейеді. Қыналардан бөлініп алынған балдырлар бұрын ата тегінде бар, бірақ кейін жойылып кеткен зооспоралар құруға қабілеттілігі, кейде гаметалар арқылы жынысты көбеюді қайталайтындығы байқалады. Қыналар құрамындағы саңырауқұлақтар өздеріне сай спора құратын орган түзеді. Мысалы, саңырауқұлақтың жынысты (аскомицеттер) көбеюдің нәтижесінде перитеций, апотеций сияқты жемісті денелер түзеді. Перитецийлер қына қабатына еніп жатады және оны қара нүкте түрінде томпиып жатуынан айырады. Апотеций қына қабатының үстіңгі бетінде кішкене дөңгелек не төмпешік түрінде жатады. Апотецийлер лецидеялы және леканоралы болып екіге бөлінеді. Бұл апотецийлердің аттары лецидея және леканора қыналары туыстасының атына байланысты қойылған. Лицидейналды апотеций саңырауқұлақ гифарларынан құралған бір ғана реңде болады. Леканоралы апотеций гименальды қабатының астында дөңгелектеніп келген, шеттерінде балдыр клеткалары орналасады, олардың реңі әр түрлі болады. Леканоралды апотецийде балдырдың болуы гимений қабатының қоректік заттармен жақсы қамтамасыз ететіндігін көрсетеді. Бұл – қыналардың эволюциялық дамуының белгісі.

Біраз қыналарда түзуші орган пайда болудан бұрын жыныс процесі байқалады. Осы уақытта аскогон қына қабатынан аздап шығып тұрған трихогин арқылы спермациямен ұрықтанады. Спермация – бір клеткалы спора, кейде оны пикноспора деп те атайды. Олар ерекше споргиялардың немесе пикнидалардың ішінде жетіледі. Қыналардың көбінде нағыз жыныс процессі редукцияланған, бірақ дикарион ядролары және олардың қосылу процесі әр уақытта орын алады.

Аскомицеттердегі сияқты қалталардан төгілген аскоспоралар қолайлы жағдайларда өсіп, мицелий түзеді, егер ол жерде сол қына құрамына кіретін балдыр клеткасы кездессе саңырауқұлақ гифалары оны жан-жағынан орап, біртіндеп қынаның жаңа қабатына айналады.

Қыналардың вегетативтік көбеюі қабаттардың үзіліп түсуі және соредий, изидий деп аталатын ерекше органы арқылы болады.  Соредий арқылы көбею жапырақты қыналарда және бұталы қыналарда жиі кездеседі. Соредий альгал қабаттарында түзіледі. Мұнда балдырдың бір не бірнеше клеткаларын саңырауқұлақ гифалары жан-жағынан шырмайды, одан соредий деп аталатын оқшауланған шумақтар құралады. Ол қабықтық қабаттың жыртылуы нәтижесінде сыртқа шығып, жел мен су арқылы таралады. Қолайлы жағдайға кез болса соредийлер өсіп, қынаның жаңа қабатына айналады. Изидий арқылы көбею, соредийге қарағанда сирек кездеседі. Мұнда қынаның жоғарғы қабаттарынан саңырауқұлақ гифалары мен балдыр клеткалары бар қоңыр түсті өсінділер пайда болады. Осы өсінділер үзіліп, жаңа қабатқа айналады. Соредий және изидий арқылы көбейетін қыналарда қалталы спора түзушы органы сирек кездеседі. Қыналардың соредий және изидий арқылы көбеюі эволюция процесінің нәтижесінде кейін пайда болған. Қына организмінде балдырлар мен саңырауқұлақтардың селбесіп тіршілік етуі ондағы балдырдың құрылысына аз әсер еткен. Сол себепті қынаның құрамындағы балдырлар өз беттерімен тіршілік етулеріне байланысты аз өзгерген. Ал саңырауқұлақтар бұл селбесуде басым болғанымен, жаңа тіршілік жағдайына бейімделгендігі сонша, табиғи жағдайда балдырсыз өз беттерінше дұрыс дами алмайды. Саңырауқұлақтар мен балдырлардың қыналардағы өзара қарым-қатынасын жиі мутуалистикалық селбесу деп атайды. Мұндай қарым-қатынасты екі организм бір-біріне пайдалы әсер етеді. Саңырауқұлақ балдырлар жасаған углеводтарды пайдаланса, балдырлар саңырауқұлақтар арқылы минералдық тұздармен, сумен қамтамасыз етіледі. Табиғаттағы барлық организмдер бір-бірімен бәсекелес болған жағдайда, мұндай үйлесімді қарым-қатынастың болуы өте күмәнді. Кейбір тәжірибелерге қарағанда, қарапайым құрылысты қыналарда саңырауқұлақ гифалары балдырлардың тіршілігіне зиян келтіретін, яғни оның клеткасының ішіне қарай өтетін не жанасып жататын гаусториялар түзетіні байқалады.  Сондықтан қыналардағы қарым-қатынасты жеңіл паразитизм немесе аллелопаразитизм деп атайды. Қыналар суды жаңбыр жауғанда және ауадағы судың буын бүкіл денесіне сіңіреді. Ал су гифалардың арасындағы кеңістікте және олардың ісінетін қабықтарында сақталады. Көмірқышқыл газын ауадан алады. Ал басқа органикалық және органикалық емес қоректік заттарды су ерітінділерінен барлық денесімен қабылдайды. Қына ауадағы шаңмен де қоректенеді. Қоректену прцесінде қабықты немесе қаспақты қынадан, жапырақты, одан бұталы қыналардан ауадағы шаңның құрам бөлігінің маңызы арта түседі. Төсемік қына үшін тек бекіну орны ғана болып есептеледі. Барлық қоректік затты қыналар ауадан, ондағы ылғал мен шаң-тозаңнан алады.

Қыналар – күй талғамайтын өсімдік, ол өте баяу өседі, көпшілік жағдайларда олардың мөлшері бірнеше сантиметрден артпайды, тек кейбір түрлерінің ғана ұзындығы жарты метрге жетеді. Тіршілік ету ұзақтығы бірнеше ондаған жылдарға созылады. Олар жақсы өскен жылы 1-3,5 миллиметрге дейін өседі. Олай болса, бұғылар жайылып кеткен жайылымдар 10-20 жыл дегенде барып қалпына келеді. Қыналарды төсемікке қатысына қарай эволюциялық 3 топқа топырақта, ағашта және жартастарда өсетін деп бөлуге болады. Олар ағаш қабығының оңтүстік жағына қарағанда солтүстік жағында көбірек, таудың етегіне қарағанда басында көп өседі.қыналар толық кеуіп қалғанда да тіршілігін сақтауға қабілетті, олар алғашқы жаңбыр жауысымен ісініп, өсе бастайды. Қыналар таза ауада жақсы өседі, сондықтан ауасы онша таза болмайтын үлкен қаланың маңында сирек кездеседі.

Қыналар өсімді жолмен көбейеді. Оның денесінде көптеген балдырлар мен саңырауқұлақ жіпшелерінің бөліктері қынаның қабықшасын жарып сыртқа шашылады. Әрбір бөліктен және денелерінен бөлініп түскен бөлшектерінен де қына өсіп жетіледі. Қыналар жынысты көбейгенде саңырауқұлақтардағы сияқты жемісті дене пайда болады. Оның ішінде        6 жыныс жасушаларының қосылуы нәтижесінде зигота түзіледі. Зиготаның ядросы үш рет бөлініп, сегіз спора, ал зиготаның қабығынан қалта пайда болады. Споралар шашылып, қолайлы жағдайда өнеді де, балдырлармен кездескенде ғана қына жетіледі. Қыналар өте баяу өседі. Қабыршақты қыналар жылына 1-8 мм, ал бұта тәрізді қыналар 1-35 мм өседі.

Қына құрамындағы жасушаларда жарықта фотосинтез жүреді. Сондықтан қыналар тек жарық жерде өседі, қараңғыда денесі ыдырап кетеді. Қыналарға ең қажетті жағдай – оттекке бай таза ауа. Қалалардың лас ауасында өсе алмайды. Сол себепті қыналарды сыртқы орта тазалығының көрсеткіші есебінде пайдалануға болады.

Қыналардың 20000-дай түрі бар. Қыналарды жіктегенде құрамындағы саңырауқұлақтар мен балдырлардың жіктелуі ескеріледі.

Бұғы қынасы (кладония) солтүстік өңірде, қарағайлы орманда өседі. Оның денесі (таллом) – тақта, біз, бокал тәрізді, тік өседі. Кейде бұта тәрізді түрі де кездеседі.

 

Қыналардың химиялық құрамы

 

Қыналардың басты ерекшелігі – басқа ешбір жерде кездеспейтін қына қышқылын түзеді. Оның дәмі ащы және қышқыл реакция береді. Қына қышқылы гифалардың жоғарғы бетінде дән, таяша және кристалл түрінде, кейде оның ішінде жиналады, көпшілігінің түсі қыналардың түстеріндей. Қына қышқылы күйдіргіш сілтілермен және бензидинмен қызыл түсті реакция береді. Бұл қышқылдың қыналарда болу-болмауына қарап оларды белгілі систематикалық топқа жатқызуға болады. Қышқылдың биологиялық маңызы белгісіз. Олар қорғаныш қызметін атқаруы мүмкін. Қыналар тау жыныстарын мекендеп, олардың үгітілуіне себепші болады. Қыналардан шығатын қышқылдар тек ізбес қосындыларын ғана ерітіп қоймайды, кремнеземді де ерітеді, ал одан пайда болған бұдырлар мен жарықтарға шаң-тозаң жиналады.

Мұндай жерлерде алғагында төменгі сатыдағы, одан кейін бара-бара жоғарғы сатыдағы өсімдіктер өседі.

Қыналардың химиялық құрамында көптеген органикалық және органикалық емес заттардан болады. Олардың ішінде қына құрамында ғана болатын, басқа өсімдіктерде кездеспейтін лихенин n қына крахмалы болады. Қына заттарының қазіргі уақытта 4500-дей қосылыстары белгілі. Бұл қосылыстардың 75-тейі тек қынаға ғана тән. Ол басқа жоғарғы сатыдағы өсімдіктерде болмайды. Көпшілік жағдайда қыналардың түсі оның құрамындағы заттарға байланысты.

 

Қыналардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы

 

Қыналардың табиғаттағы маңызы ерекше, басқа өсімдіктер өсе алмайтын жартастарды мекендеп, онда шаң-тозаңның жиналуына және басқа төменгі сатыдағы өсімдіктермен бірігіп, қарашіріктердің құралуына көмектеседі. Мұндай жерлерде мүктер және басқа жоғарғы сатыдағы өсімдіктер өсе бастайды. Сөйтіп, қыналар өсімдіктердің таралуында алғашқы болып есептеледі. Шаруашылықтағы аса маңызды қыналарды кейде кейбір сыртқы құрылысына қарай мүктермен, солтүстік жақтарда өсетін «бұғы мүгі» мен «исландия мүгі» деп шатастырып жатады.  Бұлар – бұғы шаруашылығының негізгі азығы. Оңтүстік аудандарда қыналарды қой, сиыр малдары да жейді. «Исландия мүгінің» – cetraria islandica құрамында көп мөлшерде углеводтың болуына байланысты, кейбір елдерде бұл қынаны және басқа қыналарды спирт өндірісіне пайдалануға мүмкіндік тууы ғажапемес. Жапонияда жартастарда өсетін жапырақты умбликария – Umbilleari exculenta қынасын тамаққа пайдаланады. «Исландия мүгінің» cetraria islandica, peltigera canina, parmelia vegans т.б. қыналардың шайын бұрын іш, өкпе, безгек ауруларына қарсы дәрі есебінде қолданған. Жалпақ жапырақты ағаштарда көп тараған «емен мүгі» evernia prunastri парфюмерия, косметика өнідірісінде пайдаланады. Египетте оны нанға жақсы дәм беру үшін қолданады. Рочелла – rochella fucoids және басқа қыналардан лакмус бояуын алады. Еvernia prunastri және басқа қыналардан алынатын эвозин, парамицин, уеннимицин антибиотиктерін туберкулез, тері, сыздауық және басқа ауруларды емдеуге қолданады [3,463].

Жалпы қыналардың зиянды жақтары шамалы. Тек ағашта өсетін қыналар ағашқа зиян келтіретін насекомдардың жиналуына қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан ағаштарға бордосс сұйығын бүріксе, қыналар солып қалады. Кейінгі кездерде қыналардың физиологиясын және оның химиялық құрамын зерттеу жұмыстары кең көлемді жүргізіле бастағаны шындық. Бұл зерттеулердің нәтижесінде қыналардың ішінде тамақ ретінде, парфюмерияда, бояу және дәрі-дәрмек ретінде пайдаланылатын маңызды түрлері бар екені анықталды.

Қазақстан аймағында кездесетін қыналарды зерттеу жұмыстары кейінгі кездері ғана басталғаны баршамызға мәлім. Е.А.Андрееваның «Флора споровых растений» атты еңбегінде бізде кездесетін қыналардың саны 491-дей екенін баяндайды, бірақ бұл сан толық емес. Барлық кездесетін қыналардың басым көпшілігі тасты төсемікті мекендейтін эпилитті формаларға phirocarpon geographicum, graphis scripta, lecidea, lecanora туыстары жатады. Бұлар – негізінен қаспақты және топырақ бетінде өсетін қыналар. Олардың ішінде қаспақты, қабыршақты, жапырақты және бұталы формалар сандары жағынан біркелкі. Қыналардың тіршілік мерзімі әр түрлі. Жапырақта және бұталы қыналардың басым көпшілігі бір ғасыр немесе жарты ғасырға жуық тіршілік етсе, кейбір қаспақты қыналар 4000 жылдай өмір сүреді. Қына ауаның тазалығын анықтайтын индикатор болып есептеледі. Әсіресе, ауа лас болған жағдайда бұталы, одан кейін жапырақты қыналар жойылып кетеді.

Қыналардың шаруашылықтағы маңызы өте зор. Олардың  топырақта қоректенуі нашар жүреді. Тастардың бетіне, суыған лавалардың бетіне алғаш «қоныстанатын» да осы қыналар. Олар өсіп тұрған жеріне қына қышқылын бөліп, тасты үгіте бастайды. Біртіндеп сол жерде топырақ пайда болады. Оған басқа өсімдіктер орнығады да, жануарлардың мекеніне айналады.

Бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын  ақын Иса Байназаров:

Арқада ел орнаған Абыралы,

Бойынан барлық дәулет табылады.

Дегелең, Мыржық, Тайлан, Көкшетауым

Көрген жан құмарланып сағынады.

Бас Қайнар, Орта Қайнар, Аяқ Қайнар,

Семірген қына тасын жалап қой мал.

Шөбі сүт,  бүрі шекер, суы қандай,

Ақынға шабыт беріп, қанат байлар, – деп төгілте жырлаған. Бұдан  қазақтар қынаны мал азығы ретінде пайдаланғанын байқаймыз.

Бұғы қынасы деп аталатын қынаның бірнеше түрі тундра, тайгада қыс кезінде бұғылардың негізгі азығы болып табылады.

Жергілікті жердегі халықтардан ақпарат жинақтау барысында, білгеніміз ата-бабаларымыз қынамен киіз үй сүйектерін, теріден жасалған  ыдыстарды, қыз-келіншектер тырнақ көбесін, шаштарын, сонымен қатар асықты  бояғанын т.б. тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланғанын білдік. Түстері ақшыл қызғылттан бастап шымқай шие түске дейін болады екен.

Қыналардың емдік қасиеті де бар. Ағаштың діңдерінде өсетін жер – қынаны қайнатып, дизентерия ауруын емдеуге пайдаланады. Сонымен бірге асқазан, тыныс жолдары ауруларына дәрілер жасалады. Қынадан қант, спирт, бояу, лакмус алынады. Қынаның кейбір түрлерін тәтті тағамдар өнеркәсібінде қолданады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *