Баяндама «Білім терминдерін қалыптастыру шежіресі»


Қуанышқызы  Гауһар
Ақтөбе қаласы Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектебінің ағылшын пәнінің мұғалімі

Қазақстан егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Енді тілімізді мемлекеттік дәрежесіне сай қоғамдық қызметін көтеріп, жан-жақты дамыту міндеті бірінші кезекте тұр. Оны жан-жақты дамытудың бірі – білім саласындағы терминдерді қарау және бірізге салып жүйелеу мен қалыптастыру. Бүгінгі таңдағы білім терминдерін таза өз тілімізде жүйелеп реттесек,болашақта жастарымызды ұлт тіліндегі біліммен сусындандырсақ, тіліміздің дамуына қосқан үлкен үлес болар еді. Осы тұрғыдан алғанда білім терминдерінің болашағын болжау үшін оның өткен жолына да көз салмай болмайды. Осы орайда А.И. Герценнің: «Өткенді жете білу арқылы қазіргісін түсінеміз, болғандардың мініне терең бойлай отыра, болашақтағының мәнін ашамыз, артқа қарай отыра, алға басамыз» деген ойы ойға оралады.

Қазіргі заманғы қазақ терминологиясын түзу ісі IXI ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басынан бастау алады. Әсіресе, IXI ғасырдың 90-жылдарынан А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұбанұлы, Е.Омаров, Т.Шонанов, Ә.Ермеков, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, К. Кемеңгерұлы, Ж.Күдерин, М. Жұмабаев сияқты оқымысты зиялыларымыз білім терминдерінің үлгісін еңбектерінде жазып, көрсетіп, бізге сара жол салып кеткен. Осы ағартушылардың еңбектерінде бұрын қолданылмаған, қазақ ортасына бейтаныс пән сөздері, ғылым-білім атаулары қазақ тілінде жасалып, аударылып қолданыла бастады. Жаңа сөздер жасалды, көптеген қатардағы сөздеріміз ғылым ұғымдарына сәйкестелініп, терминдік сипат алды. Қазақ тілінде терминді арнайы түзу ісін А. Байтұрсынұлы бастап берді. Мысалы, ғалымның бір өзі қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 500-ден аса ғылыми түсініктерін түгелдей қазақ сөзімен атап берді. Сондай-ақ, Х. Досмұхамедұлы, Қ. Жұбанұлы, Е. Омаров,      Т. Шонанов, Ә. Ермеков т.б. да ағартушыларымыз өз еңбектерінде кейбір пән сөздерін қазақшалап , қазақ сөздерін термин ретінде, оларға сипат бере қолдануға тырысты.

Яғни осы кезең қазақ терминологиясын қалыптастырудағы айрықша кезең болып табылады. Өйткені дәл осы кезеңде ұлт тілі негізінде термин жасау ісі жемісті жүргізілді. Қазақ зиялылары бұл ісе айрықша мән беріп, ғылыми терминологияның бағдарын өздері белгілеп отырды. Ғылымның көптеген салалары  бойынша қазақ тіліндегі төл оқулықтардың жазылуы және өзге тілдерден аударылуы салалық терминологияның қалыптасуына жол ашты. Сол кезеңге дейін термин жасаудың тұрақты принциптері болмаған еді. Ондай күрделі міндетті атқару ісі қазақ оқымыстыларының өздеріне жүктелді. Осы кезеңдегі термин жасаудағы негізгі көзделген мақсат олардың қалың бұқараға түсінікті  болуы еді.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында көрнекті қазақ зиялыларының ықпалымен ұлттық мектептердің өріс алуы біршама дұрыс жолға қойыла бастады. 1920 жылы қазанда Халық ағарту комиссиясы құрылды. Оның басты                    міндеті – республика халықтарын сауаттандыру үшін ауылда қазақ, орыс-қазақ мектептерін ашып, оларды оқулықтармен, қажетті материалдармен жабдықтау, жастарға білім берумен қатар еңбекке баулу, мұғалім кадрларын дайындау мәселелері болды. Жылдан-жылға мектепте оқитын оқулықтар саны арта түсті. Бұны біз Бүкілодақтың I құрылтайында берілген есебінен көреміз.

А. Байтұрсынұлы жасаған ғыми атаулардың (терминология) принциптеріне сүйеніп, сол кездегі қазақтың оқыған зиялы азаматтары ғылымды ана тілінде дамытудың негізін қалады. Сонымен бірге қазақ оқығандары ғылымның әр саласынан ана тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жаза бастады. Елдос Омарұлы «Пішіндеме», Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология», Жұмахан Күдерин «Өсімдіктану» оқулығын, ал «Арифметика», «Есептану» оқулығы атауларына Міржақып Дулатұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Кәрім Жәленовтер көп еңбек сіңірді. Осы ғалымдар ұсынған принциптер түріктанушылардың ең беделді ғұлама ғалымдары қатынасқан Бүкілодақтың I құрылтайында (Баку, 26 ақпан, 6 наурыз, 1926 ж.) жасалған ғылыми баяндамада ғылыми тұрғыдан қолдау тапқан еді.

А. Байтұрсынұлы халықты осындай құрылтаймен таныстыру мақсаттында «Түрікшілер құрылтайы» деген мақала жазды. Онда: «Пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жол тұтынуды, басқа түріктер әдебиетті араб, парсы сөздерімен шұбарласа көркем болады дегендіктен, екінші өз тілдерінен пән сөзіне лайық сөздер іздеуге ерініп, дайын пән сөздерді ала бергендіктен, түпкі ана тілі мен әдебиет тілі бөлектеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып жіберу дәрежесіне жеткен.

Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың  хат  білетін, білмейтін қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді. Тіл арасына жік түсіп, айырылмас үшін шетел сөздерін амалсыз  болған жерде ғана алатын тәртіпті қолданды».

Сөйтіп бүкіл ұлттың мәдениетінің қаулап қанат жаюына ықпал жасаған шаралардың 20-30-жылдарда тіптен белең алғанын айту лазым. Неге десеңіз, сауат ашудың жарқын бір беттері осы кезеңге орайлас келеді. Оны біз сол кездегі зиялы қауымның оқулықтарынан,  сөздіктерінен, еңбектерінен көреміз. Олар ғылымның әр саласында заман талабына сай өз мамандары жоқ кезде әрі ақын, әрі жазушы, әрі аудармашы, әрі сыншы болуға  тура келеді.

Сонымен бірге қазақ оқығандары ғылымның әр саласынан да ана тілінен оқулықтар мен оқу құралдарын жаза бастады. Оған дәлел М. Дулатов                    (1885-1935) – ақын, жазушы, драмашы, көсемсөзші, педагог, қоғам кайраткері.     Орыс-қазақ училищесін, педагогикалық курстарды бітіріп, ауыл мұғалімі болып істеп жүріп, өздігімен білім алумен айналысқан. Соның нәтижесінде әдебиет, мәдениет, тарих және этнография, тіл білімі, математика жөніндегі 2 мыңнан астам мақалалар мен еңбектердің авторы. Солардың ішінде М. Дулатұлының осы оқулығында: көбейту, мысалдар, есептер, алу, бөлу, қосу, өлшеу, сызғыш, есептану, тік бұрыш, шаршы, түзу сызық, жаттығу, игеру, қосынды, қосылғыш, ондық сандар, бірлік сандар, теңге, тиын, саты, шақырым, қарыс, сүйем, көбейткіш, көбейтінді, есе артық, есе кем, азайтынды, қалдық сан, бөлгіш, бөлінді, пұт, қадақ, баспа табақ, таңба, көбейту кестесі, сағат т.б. жүзге жуық  математиканың жаңа терминдерін енгізген. Арада қанша жыл өтсе де, бұл атаулар бүгінгі мектеп оқулықтарында қолданылып жүр. Яғни XXI ғасырдың ұрпағына да өзінің зор ықпалын тигізіп отыр, тигізе береді де.

Сондай еңбектердің бірі С. Қожанұлының «Есеп тану» атты кітабы 1924 жылы Ташкентте басылып шыққан. Бұл кітаптағы әр атау да өз баламасын тауып, өмірге жолдама алған. Мысалы: аралас бөлшек, түбір, атаулы сан, жалаң сан, дәреже, алым, бөлім, жақша, арту, белгі, бөлінгіштік, артынды, дүркін, дүркінді бөлшек, көбейтінді, құралғыштық, құрама сандар, бастапқы сандар, туынды сандар, дұрыс бөлшек, бұрыс бөлшек т.б. бұл атаулар да кейбір аздаған өзгеріспен осы күнге дейін тұрақты пайдаланылып келеді. Ал мүлдем қолданылмай тастағандарын бүгінгі күнге қолдану мүмкіндігін ойластыруымыз керек. Осындай математика саласына тағы бір өз үлесін қосқан Е. Омарұлының «Пішіндеме» оқулығы 1928 жылы Қызылордада жарық көрді. Осы оқулықта тұңғыш рет геометрия пәні атаулары қазақша өз баламасын тапты. Кітапта: одағай (иррационал), түйін (теорема), құрылымдас (пропорционал), өрістік (сектор), өре (диаметр), тетік (аргумент), пішін (фигура), қатар сызық (параллель), кесе (перпендикуляр) т.б. төл терминдерімізді жасап, қазақ тілінің ғылымыд игеруге бейімділігін, икемділігін өзінің еңбектерімен дәлелдеп берді.

Кезінде Алаш зиялыларының бұл жазып, аударып, баламаларын тапқан терминдерді араға 70-80  жылды салса да, бүгінгі күндегі тілші ғалымдар тарапынан қолдау тауып отыр.

Ал математика саласынан қазақ тілі саласына ауыссақ. Ұлттық ой-сананы оятып, халықты, оның ішінде жас ұрпақты білімге бұру мақсатымен жазылған атақты педагог, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (1879), «Мәктубат» (1896) оқулықтарынан басталатынын білеміз. Бірақ  бұл қазақтарды орыс тілінде оқытудың бастапқы әдістемелік нұсқауларының алғашқысы болғаны белгілі. Сол кезеңдегі көптеген еңбектер қазақ балаларын орыс тілінде оқытумен болған. Атап айтсақ, «Жазуға үйрететін кнеге» («Букварь для киргиз», Қазан, 1892, 1894, 1908 жылдары қайта басылған), «Қазақша букварь» (Нурбаев, Уфа, 1911), «Қазақша ең жаңа әліппе» (Малдыбаев, Уфа, 1912), «Қазақ баласына жәрдем қазақша әліппе кітабы»                   (С. Сырғалин, Қазан, 1913), «Үлкендер үшін әліппе» (жиюшылар: Ш. Сарыбаев, Е. Қожантаев, Ташкент, 1921), «Еуропалықтар үшін екі жылдық оқу құралы» (Қ. Кемеңгерұлы, Қызылорда, 1929) т.б.

Осындай еңбектерді оқып танысқан А. Байтұрсынұлы мен Алаш ардагерлері қазақ балаларын таза өз ана тілінде оқытуды көздеп, төл еңбектер жаза бастайды. Қазақ терминологиясы сөз болған жерде Ахмет Байтұрсынұлына соқпай, оның сол саланың білгір басшысы екенін айтпай өту мүмкін емес, «Ұлт ұстазы» атанған А. Байтұрсынұлының өзге ғалымдармен бірігіп жазған еңбектерін қоспағанда 15-тен аса әліппе, оқу құралдарын жазған. Ғалымның еңбектері өздері өмір сүрген, еңбек еткен дәуірінің жемісі, сол еңбектері сол дәуірдің мұқтажын, талап-талғамын қанағаттандыруға қызмет етті.

20-30 жылдары ұлттық мектебіміз бен тәлімдік ой-пікірдің дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің бірі, педагог-ғалым, әдіскер, әдебиетші, лингвист, жазушы, тарихшы және аудармашы Телжан Шонанов болды. Ғалым сан алуан оқулықтар мен оқу құралдарының, қазақ тілі, тарих, математика, география, педагогика, психология мәселелеріне арналған мақалалар мен еңбектер жазған.

Т. Шонанов А. Байтұрсынұлымен бірге қазақ тілінің өркендеуіне, жазу мәдениетіне, ұлттық мектептің дамуына өз үлестерін қосып, бірлесіп қызмет жасаған. Ол А. Байтұрсынұлы екеуі 412 «Оқу құралы» атты оқулықты 1926 жылы баспадан шығарды.

Қазақ терминологиясының тарихында елеулі орны бар Халел Досмұхамедұлы сан салалы ғылыми мұра қалдырды. Ол табиғаттану, анатомия, зоология, фольклортану, этнография, ғылыми терминология жасау жөніндегі оқулықтар мен еңбектердің авторы. Х. Досмұхамедұлы жарық көрген «Табиғаттану», «Адамның тән тірлігі» атты оқулықтарын жазуы кезінде қолданған термин сөздері қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына толық мүмкіндігі барына кепілдік береді.

Ол ғылым дамуы үшін терминология мәселесін  белгілі бір жүйеге түсіруге де назар аударды. Х. Досмұхамедұлы сонау 1920-30 жылдардың өзінде термин сөздің қабылдану, олардың бекітілу жолдарын анықтап берген болатын. Оған дәлел Х. Досмұхамедұлы 1925 жылы Орынбор қаласында өткізілген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде терминология ісін ұйымдастыру жөнінде: «Бүкіл қазақ халқы үшін жалғыз білім кеңесі болу керек. Ол білім кеңесі жанында әр пәннің мамандарынан сайланған комиссия болуы керек. Пән сөздері әуелі пән комиссиясының сынына түсіп, оның қабылдап алған сөздері баспасөз жүзінде жарияланып, көптің талқысына түсуге тиіс. Ол пән сөздері сонан соң ғана барып білім кеңесінің қарауына түсіп, бекітіліп шығуы тиіс» деп ұйымдастыру жағынан бірден-бір үлгі көрсеткен.

Қазақ тілінің зерттелуі жайында профессор Қ. Жұбанұлы «қазақ тілі осы уақытқа шейін жүйелі түрде тексеріліп, ғылым тезіне түспеген тіл қазақ тілін алғаш зерттегендер Н.И. Ильминский, профессор П.М. Мелиоранский, М. Терентьев, И. Лаптев, В.В Катаринский, академик В.В. Радлов, профессор Е.Д. Поливанов тағы басқалар болатынды», – деп жазды.

Терминологияның, жаңа атаулардың дәл осы кезеңде кең көлемде дамуы қоғамдағы өзгеріс, дамуымен байланысты, яғни оның қоғамдық қажеттіліктен туғандығы сөзсіз. Ең алғаш терминология мәселесі 1924 жылы 12-18  шілде аралығында Орынборда өткен республикалық ғылыми қызметкерлердің I съезінде сөз болған.

Қазақ ғалымдарының ішінен термин сөздің тұңғыш рет ғылыми анықтамасын жасаған Құдайберген Жұбанұлы болатын. «Бұдан жарты ғасыр бұрын профессор Қ. Жұбановтың терминдерге қойған талаптары, берген анықтамалары кейінгі кездегі көрнекті тіл мамандарының айтқан пікірлерінен алшақ емес».

Тұңғыш профессор Қ.Жұбановтың да қазақ терминологиясын қалыптастырудағы орны бөлек. Ол терминжасамның ғылыми принциптерін ағаш түзген жан. «Осының негізінде бұдан былай қарай термин жасау ісі белгілі бір ғылыми жүйеге, тіл заңдылығына сәйкес қабылданған принциптер негізінде жүргізілетін болды. Яғни, термин жасаудың ортақ принципі түзіліп, оның басқа маңызды мәселелері шешім тапты».

Осыған байланысты қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушы Қ. Жұбанов қолданған пән сөздерге тоқталуға болады. Кіріккен сөз, қиюлы сөз, қосар сөздер, хабар сазды сөйлем, хабарлы сөйлем, қиюлы кіріккен сөздер, әріп қиюлылар, аралас қиюлылар, сонар дыбыстар, үнсіз дауыссыздар, үнді дауыстылар, ерін қамаулысы, ерін дауыстылары, езу дауыстылар, ауыз жолды дауыссыз, еріндік, езулік, ашық буын, жалаң ашық буын, жеңіл тұйық буын, ауыр тұйық буын, жеңіл бітеу буын, аыр бітеу буын, сөз сазы, толық дауысты, келте дауысты, қосынды дауысты, тура жолды сонарлар, үздіксіз жуысыңқы, ерін дауыссызы, мұрын жолды айналма сонар, көмей дауыссыздары, сыбыр дыбыс, сыбыс дыбыс, тіл дауыссызы, үнді, үнсіз, үздікті, үздіксіз дауыссыздар, жабысыңқы, жуысыңқы, тура жолды,  мұрын жолды, жалаң буын.

Талай терминдерімізді қазақша сөйлете алатынымызды сөзжасамның хас шеберлері әлдеқашан-ақ дәлелдеген. Психология саласында әсіресе Жүсіпбек Аймауытовтың тәжірибесін жинақтап, кеңінен қолдану ләзім. Тілінің әсемәуеніндей төгілетінін айтпағанның өзінде, бір ғана «Психология мен өнер таңдау» деген еңбегінде 150-ге жуық термин қолданылып, соның он шақтысының ғана латынша атауларын жақша ішінде келтіргені еріксіз таңдай қақтырады. Мысалы: құмартпалы (страстный), аяныш жанды (сентиментальный), күйгелек (нервный), бірыңғай (монотонный), қадалмалы (дотошный).

Тіліміз үшін қажет, бірақ дәл баламасы жоқ психология терминдері түсіндіруінде сөз шеберінің қалдырған мұрасын кеңінен қолданудамыз, тіптен осылай іркіліссіз аударуды үйренуіміз керек. Жан тамыршысы (психология), ыстық қанды (сангвиник), салқын қанды (флегматик), қызбалы (холерик), кейін тартпа (реакционный), ескі пікірлі (консервативный), үмітшіл (оптимист), көпшілдік (альтуризм), мұратшылдық (идеализм) т.б.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Айтбаев Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Вопросы казахского языкознания. – Алматы, 2007.

2. Әбдірахманов А. Термин қалыптастыру тәжірибесінен//Қазақ терминологиясының мәселелері. – А., 1986. 65-71 б.

3. Біләлов Ш. Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері. – Алматы, 1996.

4. Қайдаров Ә.Т. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 1993.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *