Бастауыш сыныпта жеке тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру


Момынбекова Жупар Токтаровна

Қарағанды қаласы №101 мектеп-лицейінің

бастауыш сынып мұғалімі

Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіне отырып, ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.

Ұлттық құндылықта білім мен тәрбие берудің басым бағыттарының бірі тәрбие жұмыстарының әлеуетін күшейту болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт Көшбасшысы: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», – деп көрсеткен болатын.

Білім беруді жаңарту Елбасының Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясына сәйкес оқу-тәрбие үдерісін оқушылардың патриотизмін, мораль және адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісім мен төзімділігін, физикалық және рухани дамуын, заңды құрметтеуін қалыптастыру міндетін алға қояды. «Мәңгілік Ел» идеясында белгіленген бұл құндылықтар жалпы оқу-тәрбие жұмысының негізі, бастауыш мектепте оқытылатын пәндердің арқауы болуы тиіс. Сондықтан ұстаздарымыз күнделікті кез келген пәнді оқыту барысында әрбір сабақта «Мәңгілік Ел» құндылықтарын оқушылардың бойына сіңіруді естен шығармағаны жөн.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Білім берудің мақсаты – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алған терең білімнің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті, дені сау жеке тұлғаны қалыптастыру керек» делінген.

Жоғарыда аталған қағидаларды ұстана отырып, Қазақстанда ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжірибелерді, сан ғасырлық мәдени ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, қазіргі білім мазмұнын жаңғыртуда, жаңа талаптар қоя отырып ұлттық рухта болашақ ұрпақты тәрбиелеу керек деп санаймыз.

Ұлттық құндылықтар дегеніміз халқымыздың ұлттық бет-болмысын, ерекшелігін көрсететін мәдениеті, өнері, тілі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ұлттық құндылықтарымызды дамыту, жаңғырту бағытында келелі жұмыстар атқарылуда. Ғасырлар бойғы ата-бабамыз сақтап келген ұлттық жәдігерлерімізді ұрпақ тәрбиесіне пайдаланып, мақтан тұту аса маңызды.

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың алдында тұрған міндеттердің бірі -«Mәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар барлық оқу пәндерінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет. Оқытылатын пәндер рухани-адамгершілік қасиеттері мен білім алушылардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, қазақстандық отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік, ұлттық сана-сезім мен толеранттылық, Қазақстанның этникааралық жағдайда қарым-қатынас жасай білуіне бағытталуы тиіс.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу, қазақ тілі, дүниетану, математика, еңбекке баулу, бейнелеу өнері пәндерін оқытуда басым мақсаттарды басшылыққа аламын.

Берген білім мен тәрбиемізден не күтеміз?

Қандай нәтиже шығады?

Оны қалай жүзеге асырамыз?

Деген сұрақтарға жауапты 1-4 сыныпта оқыту мен тәрбиелеу арқылы табамыз.

Ұлттық тәрбие, рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді. Жоғары топта балаларға берілген тақырыптар ата-ананы құрметтеуге, елін-жерін сүюге, отансүйгіштік қасиеттерін оятады.

Нақыл сөздерді, шешендік сөздерді талдауда негізі ойды табу, өмірде қолданысқа енгізуге дағдыларын қалыптастыру көзделеді.

Үш жүздің билерінің астарлы шешендік сөздерінің негізгі идеясын меңгерте отырып, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халық басына түскен ауыртпалық, елі, жері үшін күрескен, бір тудың астында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған батыр ата-бабаларымыздың ерліктері мен тауып айтылған шешімдерін балаларға ұғындырып отырамын.

Балаларды шыншылдыққа, әділдікке тәрбиелеу маңыздылығы басты ұстанымым. Баланы әу бастан дау-жанжалдардың ақ-қарасын аша білуге үйрету. Өз шешімін анық айтуға тәрбиелеу.

Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов шығармалары арқылы оқушы бойына жетіспейтін қасиеттерды дарытамыз.

Тек оқулықпен ғана шектелмей, іздену арқылы өздеріне қажетті материалдарды өз бетімен ізеніп, тауып алуға тапсырмалар беріліп отырады. Осы тәсіл арқылы оқушы өз бетімен білім алуға дағдыланады.

Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын қорғауға, Тәуелсіздік жолындағы құрбан болған батыр апа-аталарымыздың еңбектері мен ерліктерін құрметтеуге тәрбиелеймін.

Елбасы саясатының негізгі мақсаттары «Дүниежүзілік қауымдастық құрамында», «Невада- Семей Азаматтық қозғалысы» тақырыптарында таныстырылады. Ондағы мақсат алдыңғы 30 елдің қатарына қандай саясатпен кіре алатынымызды түсіндіру. Оқушы дүниетанымын кеңейте отырып, өз бетімен білім ала алады. Жақсы мен жаманды ажырата алады.

Сондықтан ұлттық мектептің басты мақсаты ұлтымыздың мәдени, рухани жолын танып-білуге негізделуі керек. Бұл – ұлттық сана мен нанымды қайта қалыптастыру деген сөз.

Сабақ кезінде жағымды әуен естіліп тұратын болса, балалар сабақты жақсы игеріп әкетеді.  «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Әннің терең мазмұнды мәні оятар.»,- деп Абай атамыз айтқандай, адам бойындағы асыл қасиеттердің қалыптасуына олардың маңызы зор.

Сонымен, сапалы білім мен жақсы тәрбие – ұзақ мерзімді талап ететін және екі жақты сипатқа ие болатын күрделі процесс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» 2014ж 17 қаңтар.

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.

3. 2014-2015 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін (сонымен бірге инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын) ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2014 ж.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *