Ұлы жеңіс күні


                              Қарағанды қаласы 101 мектеп-лицейінің

6 «В» сынып оқушысы

 Арыстанбекова Мадия

Жетекшісі: Ахметова Гульденсин Елубаевна

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың  қатарында   Кеңес Одағының   батыс шебін күзеткен    ондаған мың  қазақстандық-шекарашылар болды.    Атақты Брест   гарнизонының  өзінде  1941 жылдың көктемінде   біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен,     шілде айында  олардың   көпшілігі     әскерден елге  қайтулары керек  болған.  Бірақ      жаудың  шабуылы  олардың   бұл   жоспарларын  күл-талқан  етті.     Соғыс   өрті  ішке  қарай  тез еніп,    Брест қамалының тірі  қалған   қорғаушылары партизандар қозғалысына  қосылды.    Олардың  қатарында 190   қазақстандық болған  және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде    қалған.

Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл  Кеңес Одағы сияқты,     алғашқы   күннен бастап  жұдырықтай жұмылды.   Республиканың түкпір-түкпірінде  әскери  комиссариаттарға   еріктілер  ағылды.   Кеше  ғана мектеп  партасында  отырған  бозбалалар  мен бойжеткендер де,   қала   мен ауыл тұрғындары да соғысқа  сұранды.

Қазақстан    армия мен флот үшін   офицерлік кадрлар  және  резервтік    күштер дайындауға да  лайықты үлес  қосты.  1941-1945 жылдары    әскери  оқу орындарына  42 мыңнан  астам   жас қазақстандық   жолданды,    ал Қазақстанның аумағында  сол жылдары жұмыс істеген  27   әскери оқу орны толық емес   мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.

Біздің    жерлестеріміз  майдан даласында    ерлікпен шайқасқан.     Жауынгерлік ерліктері  үшін жүздеген  мың  қазақстандық  медаль-ордендермен марапатталса,  500-дей    адам  Кеңес Одағының Батыры,   100-ден  астам адам – Даңқ орденінің  толық иегері атанған.  Төрт қазақстандық  екі  мәрте    Кеңес Одағының  Батыры  атанды,  олар – Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов  және Леонид Беда.

Кеңес  Одағы   Батырларының  қатарында  қазақтың екі   қызы –  мерген  Әлия Молдағұлова мен   пулеметші  Мәншүк Мәметова  бар.   Рейхстагқа    Жеңіс туын  тіккендердің   бірі –  қазақ  жігіті   Рахымжан  Қошқарбаев.    Жаудың   тылында  партизандардың  қатарында да   қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі  – Қасым Қайсенов.     Ал танымал  қолбасшы,       әскери  жазушы Бауыржан  Момышұлын,  28  панфиловшылардың ерлігін    білмейтін  қазақ жоқ шығар.

Соғыстың тек майдан даласында ғана емес,  тылда  жүргені мәлім.      Гитлерліктер КСРО-ның батыс  аудандарын басып  алғаннан кейін, Сібір  мен  Қазақстанның  ел экономикасындағы  маңызы күрт артқан.   Жаудың  қолына   бермеу  үшін  соғыстың алғашқы айларында    өнеркәсіптік кәсіпорындардың   барлығы тылға көшіріле бастады.      Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына  142 кәсіпорын     жайғастырылды,   532 506 адам көшірілді.     Оған қоса,  жаңа өнеркәсіптік  нысандардың  құрылыстары  жеделдетілді.   Соғыстың алғашқы 1,5  жылында Қазақстанда 25  кен орны пен шахта,  11 кен байыту   фабрикалары,   19 жаңа көмір шахтасы,    3 разрез,   4   жаңа  мұнай кеніші мен     Гурьевтегі   мұнай өңдеу зауыты  іске қосылды.

Темір    жол құрылысы   жалғасты.  1942-1943 жылдары   Мақат-Орск,   Ақмола -Магнитогорск     желілерінің  құрылысы аяқталды.  Соғыс жылдары  Қазақстан  жалпыодақтың мыс  құймасының  30 пайызын,  марганец кенінің  60  пайызын,   мыс кенінің 50 пайызын,   металл  висмуттың  65 пайызын,     полиметалл  кендерінің  70 пайызын,      мырыш  өнімінің   85 пайызын берді.  Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың  үштен бірі   Қазақстанда  өндірілді,    сондықтан да соғыс жылдары  әрбір   10   оқтың  тоғызы   Қазақстанда құйылды.

Республикада     танк және ұшақ      жасауға ақша  жинау қозғалысы      жүрді.   1941  жылдың күзінде  Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ)  атындағы  танк дивизиясын    құруға   қаржы  жинала бастады  да,     бір жылға  жетер-жетпес уақыттың ішінде  армия  қазақстандық   комсомолдардан    45 жаңа   танк алды.   Кейінірек       халық қаражатына  тағы 10 танк   колоннасы,   бірнеше  авиациялық  эскадрилия,   торпедо  катерлер мен  атаулы ұшақтар    жасалды. Соғыс жылдары  Қазақстан  халқы      жауынгерлік    техникалар  жасауға  480,3 миллион рубль     жинап берді.

Еңбек тәртібі қатайтылды,   жұмыс уақыты  ұзартылды.   Алты апталық,  23 сағаттық   жұмыс күні  бекітілді,    демалыстар  тоқтатылды.   Бірақ  ешкім   қынжылған жоқ.   Бүкіл ел    «Бәрі де  майдан үшін,  бәрі де  Жеңіс  үшін!» деген ұранмен  еңбек етті.

Ұлы Отан  соғысы   4   жылға  созылды.    Майдан даласында  600 мыңнан  астам қазақстандық   қаза  тапты.    Соғыста       қаза тапқандардың саны  туралы мәлімет   бүкіл  әлемді   дүр  сілкіндірді.    Жекелеген  мәліметтер  бойынша,    адамзат тарихындағы бұл ең     зұлмат  соғыс    20 миллионнан астам  кеңес  азаматтарының өмірін   қиды.    1 710 қала  және  70 мыңнан  астам   село-деревнялар,  31 850    өнеркәсіптік   кәсіпорын,  65 мың шақырым темір  жол,  4 100 теміржол  стансасы, 36 мың  пошта-телеграф   мекемесі,   телефон стансасы және басқа да байланыс    бекеттері  жермен-жексен   болған  немесе  жартылай   қираған. 40 мыңдай    аурухана  немесе басқа да емдеу мекемелері,  74 мың мектеп,   техникум,   жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары,  42 мың кітапхана   және басқа да көптеген  нысандар жойып  жіберілген,   тоналған.

Бүгін  Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ  монументтеріне,  Ұлы Отан  соғысында  қаза  тапқан  жауынгерлердің ескерткіштеріне  гүл шоқтарын қою рәсімдері өтуде.   Бұл     соғысты  ешкім  де  ұмытпауы, ешнәрсе  де ұмытылмауы керек.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *