Әлкей Марғұланның эпикалық жырларға берген бағасы


Абилова Алима Ораловна
«№66 мектеп-лицей» ММ  Есіл ауданы, Астана қаласы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Ауыз әдебиетінің бай қазынасы Әлкей Хақанұлына әр кездері ой салып, ғылыми терең түйіндер жасауға көмектескенін көреміз. Сондықтан да ғалым халық ауыз әдебиеті үлгілерін үздіксіз және ерекше қадірлеп, көңіл қоя зерттеді. 1931ж. С.Ф.Ольденбург, А.Н.Самойловичтердің басшылығымен  Кеңестер Одағы халықтарының ауыз әдебиетін жинастырып, бірнеше том жинақ шығару мәселесі көтеріледі. Осы  кезде Ә.Х. Марғұлан қазақ эпосы мен жыр аңыздарын орыс тіліне аударып, жария ете бастайды. Ғалымның алғашқы аударған еңбегі «Ер Тарғын» жыры [3, 145 б.]. Әлкей Марғұлан – «Ер Тарғын» жырын қазақшадан толық түрінде алғаш орысшаға аударған аудармашы. Ол көптеген еңбектерді қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға өзі аударып отырған. Өзінің «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ежелгі жыр-аңыздар» атты еңбегінде:  «Ғасырлар бойы сахарада айтылып келген ертегі-жырларды, аңыз әңгімелерді ең алғаш шығарып таратқан, сахараны қоныстанған әр түрлі көшпелі түркі тілдес елдер еді. Олардың ішінде жұртшылық майданынан  белгілі орын алып, тарихта көрнекті ат қалдырған  жұрттар, ескі дәуірден шолып қарағанда, ғұн мен сақтар, үйсін мен қаңлылар, қырғыз бен ұйғырлар жұрты болмаса, өзгенің барлығы тарихи дәуірлерде бүгінгі қазақ даласында тіршілік жасап, олардан тараған рулардың көпшілігі бері келе қазақ елінің іргесін құруға негіз болды. Сондықтан бұл айтқан ескі рулар жасаған мәдениет бұйымның іздері де, оның ішінде қазақ жыры, эпос, ою-өрнек, сәулет өнері туындылары, бүгінге дейін Қазақстан жерінде жақсы сақталып, олардың жұртшылық салты, елдік заңы, барлық рухани тіршілігі де көбінесе қазақ елінің тұрмысында ашығырақ сақталғанын» анықтады [2]. Зерттеуші ғұлама ғалым – Әлкей Марғұлан, ең алдымен, тарихты зерттемес бұрын халық ауыз әдебиеті үлгілеріне көп қызығушылық танытты. Себебі қазақ халқының жырлары – тұнып тұрған тарих екені анық.

1945 жылы Әлкей Марғұлан қазақ ғылымының  тарихында алғаш рет қазақтың ерлік жырларынан «Қазақ халқының эпикалык жырлары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Осы күнге дейін ғылымда бұл еңбекке жақын, деңгейлес келетін зерттеу жұмысы жоқ деуге болады. Ғұлама ғалымның ұзақ жылдар жинаған еңбегінің қорытындысы деуге де болады. Оның алғы  сөзінде-ақ қандай мақсатпен зерттеп отырғандығын және бұдан бұрын Ұлы Отан соғысы алдында 1939-1941 жылдары кейбір үзінділері «Халық мұғалімі», «Әдебиет және искусство» журналдарында басылып шыққандығы жайлы айтқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени іспен айналысып, үлкен кітапханаларда отырып зерттеуге мүмкіндік болмағанын және соғыстан кейін қуаныштан қайта ғылымды жетілдіруге ат салысыатынын сөз ете кеткен. «Қазақ халқының ескілікті әңгімесін, эпос-жырын, оларды тудырған дәуірлерді толығымен зерттеп, бір ғылыми сарапқа түсіру үшін, көп жыл іздеулер қажет болады. Сондықтан біздің бұл еңбегіміз сондай істің бірінші тәжірибесі болып саналуы тиісті», – [4] деп, өзінің алдына қойған зерттеу мақсаттарын тізбелеген. Бірінші қазақ сахарасындағы эпос-жырлардың ерекшеліктері болса, екінші ондағы кездесетін адам аттары, тарихи оқиғалардың сілемі, шыққан дәуірлерін белгілеу, үшінші мифқа айналған ескі әңгімелер мен шындығы жойылмаған жырлардағы заңдылықты ашу. Халықтың тұрмыс-тіршілігі арқылы ондағы қолданылған сөздер мен мақал-мәтел, қанатты сөздерге қарап жырларды анықтауға болатынын сөзге тиек еткен. Бұл еңбекте тек қазақ материалына сүйенгендігін, сонымен қоса бір кездері түркі жұртына ортақ болған эпос-жырларды қырғыз, түркімен, қарақалпақ, башқұрт, ойрат, хақас, моңғол, якут эпостарымен кейде салыстырып, мысал келтіріп зерттегенін айтқан. Әлкей Марғұлан эпостық жырлардың жиналып, баспа беттерін қашан көргендігі туралы мол мағлұматтар мен ақпараттарды, қазіргі кездегі аса қажет құнды деректерді айтқаны байқалады. «Қозы көрпеш – Баян сұлу» (1810 жылы), «Едіге» (1815 жылы), «Ер Сайын» (1820 жылы) жылы кітап болып шыққанын, эпос-жырларының ең алғашқы нұсқалары бүгінге дейін үлкен кітапханаларда, архивтерде сақталып тұрғанын, «Ер Сайын»  Лондондағы Британ университетінде, «Едіге», «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырларын башқұрт құрайшысынан Т.Беляев жазып алып бастырғанын, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырына А.С.Пушкин де қызығушылықпен қарағаны айтылады.

Әлкей Марғұлан қазақтың эпос-жырларына қызығушылық танытып, оларды ел аузынан жазып алып, баспаға берген, оқулықтарға енгізген зерттеуші ғалымдардың барлығын қалыс қалдырмайды. Олардың ішінде, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, А.А.Ивановский, Г.Спаский, И.Хальфин, М.Иванов, Н.И.Ильминский, И.Н.Березин, Ш.Уәлиханов, Жүсіпбек Шайхы Исламұлы, П.М.Мелиоранский сынды ғалымдар есімі жиі кездеседі. «Едіге», «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Ер Сайын», «Ер Көкше, Ер Қосай»,  «Ер Тарған», «Мұңлық-Зарлық», «Жанақ-Мамай», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қамбар батыр» секілді толып жатқан халық ауыз әдебиеті ішіндегі қомақты туындыларды кімдер жинастырғандығын айқындап отырған. Әсіресе, Шоқан Уәлиханов еңбегінің аса зор болғанын дәлелдермен келтірген. Әлкей Марғұланның пайымдауынша, ел аузында айтылатын эпос жырларының  жыр түрі бірте-бірте ұмытылып, қара сөзбен айтылатын ертегіге айналған. Оның мысалы ретінде «Ер Көкше», «Шора», «Қобыланды» жырларының қара сөз түріндегі нұсқаларын келтіруге  болады. «Ер Төстік», «Арғы мерген», «Қара мерген», «Ақ Көбек» сияқты бүгінде ертегіге айналған эпикалық әңгімелер бір кезде эпос жыры болғанына Ә.Х. Марғұлан шүбә келтірмейді. Бұлар бергі феодалдық дәуірде жаңа мазмұн алып, алғашқы қауымдық құрылыс дәуірі кезіндегі сюжеті біраз өзгерген. Ә.Марғұлан ғұндардың Европа елімен қарым-қатынаста болғаны тек тарихта жазылып қоймай, Европа елдерінің ұлы эпос жырларында, қария аңыздарында да сақталып келгендігі туралы жазды. «Олардың ғұндар туралы барлық қария аңыздарын толығынан алып жазған Блеер мен француз ғалымы А.Тьерри», – деп көрсетті. Ә.Марғұлан «Ғұндар туралы әдемі хикаялар, әсіресе, Скандинавия жырларында, мадьярдың қария сөздерінде жиі кездеседі. Ғұндардың бейнесі Скандинавияның «Ұлы Эдда», «Кіші Эдда» сияқты  жырында дүниежүзілік әдебиеттің сюжеті болып табылған. «Ұлы Эдда» жырының бас геройы – Шығыстан Европаға келген алып ер. Ол өзі төзімді, өзі кемеңгер, өзі ел басқарушы, жылқы өсіріп, қымыз ішеді, көрмеде мүсін аттары байлаулы тұрады, ерлікті 12 жасынан бастаған атақты алып тұлға, алып ер Еділ» – дейді [2, 60 б.].  «Манас» жырын терең зерттеген Ә.Х.Марғұлан «Эдда» жырында Еділді улап өлтіру тәсілі Манасқа өте ұқсас, – деп жазды. Сонымен қатар, ғалым: «…Қазақ, қырғыз, алтай эпосында кейіпкердің бір ойлаған, мақсатты ісіне жете алмай, қамыққанда, қиын түс көріп, толғау сөздер айтуы» жөнінде ғылыми пікірін білдірген.  Ә. Марғұлан жазуында мұндай аңыз да «Нибулин» жырында кездесіп отырады. Еділ өлерінің алдында түс көріп, оның өмірден  өтетіні қолынан ұшып кеткен ақ сұңқар құс бейнесінде  алдын ала сездіріледі, бақшадағы ағаштары солып қалғандай болады. Бұл аңыз ғұндардың айтуынан алынып, «Ұлы Эдда» жырына қосылған. Мұндай толғау айту қырғыздың «Манас» жырында, қазақтың «Орақ» жырында көркем түрде берілген. Демек, Шығыс пен Батыс елін жақсы танып, өзінің тарихы, мәдениеті әрі бай, әрі көркем, дүниежүзілік әдебиетке үлес қосқан ғұндардың жәйі осындай» [2, 61 б.]. Әлкей әрбір жырдың ішкі мән-мазмұнына баға бере отырып, жырдағы әрбір байырғы сөздің астарына үңілу арқылы да көптеген жорамалдар жасайды: «Құла мерген» жырында теңіз астынан қазан іздеу – тайпалар демократиясының бірлігін сипаттайды. Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан – шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі, ол құрыса, ел де құриды. Оның үстіне қазанды қасиеттеу – ерте кездегі темірге табынудың бір түрі. Тәуке ханның аңызында кездесетін «қара қазан», «қара мылтық» алу – жаудан кек алудың белгісінің ескі түрі. Тәукенің жарғысы бойынша бұрын жауласқанда «шаңырақ», «қазан сындырып» кек алудың орнына енді оны сындырмай, жәбір көрген жаққа сол нәрселердің өзін беріп тыныштық жасайды. «Жеті жарғыда» кек алуға беретін символикалық нәрселер – «қара қазан», «қара мылтық», «қара нар», «қара күң», «қара ат». Мұның бәрі «құн дауымен» байланысты ережелер     [4, 175 б]. «Қара нардың» мәнісі: өлген кісінің сүйегін қара нарға артып, көп қоныстаған қыстаудың төңірегіне апарып қоюдан шыққан»,-деп түсіндіреді ғалым. Қазақ жырларының көпшілігінде «бөрі» сөзі мықтылықтың, қайсарлықтың, батырлықтың белгісі болып, батырларды соған теңейтінін және әйелдердің батыр туар балаға жүкті болған кезде, қасқырдың етіне, арыстан, аю, жылан тағы басқа аңдардың, құстардың, етіне жерік болуындағы ұқсастықтарды аңғарған. Эпикалық жырлардың барлығында батырға лайық уәдесіне берік сүйген жарларының болуының да үлкен тәрбиелік мәнге ие екенін айтқан. Әлкей Марғұланның жырларды әр қырынан алып, салыстырмалы түрде кең ауқымда зерттеуі кейінгілерге үлгі-өнеге болып келе жатыр, бола да бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ақышев К. Археология атасы // Ғұлама. Әлкей Марғұлан туралы естелік мақалалар, очерктер жинағы. – Павлодар: ЭКО, 2004. – 45 б.
  2. Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр аңыздар. Алматы: Жазушы, 1985. – 368 б.
  3. Билял  А.Б. Академик Ә.Х.Марғұлан еңбегіндегі қазақ халқының жыр – аңызының этнотарихи мұрасы // Көшпенділер өркениеті мен рухани мәдениетінің тарихы атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Павлодар: ЭКО, 2004. –  269 б.
  4. Марғұлан Ә.Х. Қазақ халқының эпикалық әңгімелері туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер: ф.ғ.д. дисс. – Алма-Ата–Москва, 1946. // Ә.Х.Марғұлан шығармалары. Алматы: Алатау. -2007ж. 3-том.
  5. Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерiнiң шеберлерi. А.,1959
  6. Марғұлан Ә.  Шоқан жазып алған «Манас» жыры // ҚазССР Ғылым академиясының Хабаршысы. – 1965. – № 8. – 10-29б.
  7. Марғұлан Ә.  Көкетайдың ертегісі  // Манас жырының Шоқан жазып алған бөлігі. Аударған Марғұлан Ә. Алматы: Жазушы, 1973. – 111 б.
  8. Марғұлан Ә. Архивтегі жазбалар // Жұлдыз. – 1985. – № 7.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *