“Астана – Евразия жүрегі” шығарма


Раисова Зибагүл Сабанқалиқызы

Қостанай облысының  Әулиекөл ауданындағы

№ 121 Құсмұрын орта мектебінің  қазақ тілі мен  әдебиеті пәнінің мұғалімі

«Әркімге туған жері – мысыр шәрі!»– дейді дана халқымыз. Өз басым Елордамыз – Астана қаласында тумасам да, әлемдегі сұлу, келбетті шаһарлардың біріне саналатын басқаламызды, жас қаламызды туған жерімнен кем көрмеймін.

Жалпы, Қазақ елі Еуропа мен Азияның кіндігі, жүрегі десе де болады. Осы ұлан-ғайыр кең алқапты – Алтай мен Атырауға дейінгі жалғасқан,ұшқан құстың қанаты талатын бай даланы ата-бабаларымыз бізге мирас етіп қалдырып кетті. Өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасқан, тарихы сонау сақ, ғұн, түркілерден бері жалғасып келе жатқан Қазақ елінің Тәу етер Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл 25 жыл. Осы аралықта, тіпті, оған дейінгі кезеңдерде еліміз қым-қуыт тірлікті бастан кешті. Өз басым Тәуелсіздіктің ең бір жетістігі – Тәңір бізге сыйға берген басшы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін. Нұрсұлтан атаның көреген саясатының арқасында әлем Қазақ елін таныды. Ұшы-қиыры жоқ жерін картадан көрді. Қандай да бір саясат жолында мемлекетімізбен санасатындай жағдайға жетті. Табиғи қазба байлықтарымызды игеру нәтижесінде бізбен экономикалық сыйластыққа мүдделі болды. Ата-бабамыз аңсаған тура, әділдік жолын, көршімен тату болу ниетін құптаған  Елбасының сындарлы саясатының жемісі.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тарихты қысқаша шолып қарасақ, біз алдымен ядролық қарудан бас тарттық. Төл теңгеміз дүниеге келді. Адам құқығы мен заңға басым бағыт бере отырып, Ата заңымыз – Конститутцияны қабылдадық. Көк байрағымыз желбіреп, Елтаңбамыз төрге ілініп, Әнұранымыз шырқалды. Алып державалы мемлекеттер санасатындай Біріккен ұлттар ұйымына мүше болдық. Бәрін айт та, бірін айт – астанамыз Алматыдан көшіріліп – Астана қаласы Елорда атанды. Еуразияның кіндігіне, отнымыздың жүрегіне айналды.  Мұны өз сөзінде Елбасы: «Астана – отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» деген болатын. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің дәуіріміздің ХІ-ХІІІ ғасырларында Арқада қыпшақ тайпалары көшіп-қонып жүрген. Өткен ғасырда археологтар Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапты. Бозақ – қазіргі Астанадан небәрі 15 шақырым жерде орналасқан. Қалашық Х-ХІІІ ғасырларда гүлденіп, Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының біріне айналған. Сондай-ақ Бозақ қыпшақ билеушілерінің елордасы болған-мыс. Демек, Елбасымыздың Астана орнын Арқа төсіне таңдауы кездейсоқтық емес, тарихты болжап, болашақты түйген көрегендік деп білемін. 1996 жылы Ақмола қаласын астана жасаймыз дегенде қоғамның басым бөлігі күмәнмен қарағаны анық. Алайда, 1998 жылдың 10 маусым күні тәуелсіз Қазақстан жаңа да жас қала – Астананың атын бүкіл әлемге паш етті. Етек-жеңін енді қымтап, есін жиған тәуелсіз елдің бірегей ұлдары Қазақ елінің болашағы үшін барын шаша еңбек етті. Халқымызда «Басы қатты болса, аяғы тәтті» деген дана сөз бар. Астана дамып, көркейе түсті. Айбынды Астанамыз жарық жұлдыздай жарқырады Астанамыз әр күні жылға татитын, әр жылы ғасырға тең қарқынмен дамудың даңғыл жолына түсті. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана «Әлем қаласы» атағына ие болғаны белгілі.  Астана – сәулеті келіскен алып шаһар. Бас қаладағы ең ғажайып, әсем мұнара – Бәйтерек бар. Тіршілік иелеріне тірек, сүйеніш, қорған, пана деген ұғымды білдіретін алып мұнара – еліміздің нышаны (символы) . Гүлденген Астанамыз, түрленген жас қаламыз – елдік пен тұтастықтың ғажайып үлгісі. Осы жерде ақын, журналист Қымбат Әбілдақызының:

Не деген махаббат сұрапыл,

Тәңірден берілген нұр, ақыл.

Астана қазақты ғаламға,

Танытпай қоймайды, тұра тұр, – дейтін өлең-жыры еске орала кетті.

Астана – Нұрсұлтан атаның ғажайып ерлігі десе де болады. Жас ұрпақтың келешегін ойлайтын кемеңгер ата Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы дала төрінен асқақ та ғажап қала тұрғызуы – теңдессіз қайсарлық. «Астанасына қарап елін таниды» деген Елбасы сөзінде де терең мән бар. Әр елдің Астанасы – сол елдің төлқұжаты емес пе?!

Нұрсұлтан Әбішұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болатынын, олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбайтын өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен белгілері барын айтқан. Британдық «The Sunday Times» газеті өзінің 2005 жылғы 20 ақпандағы нөмірінде: «Астанада жасалып жатқан жұмыстардың ауқымы адам нанғысыз. Оны жүзеге асыру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан болу керек», – деп жазды. Ендеше, аяулы Астана – Елбасының тарихи қолтаңбасы. Қазақтың Жерұйығы. Еуразияның кіндігі һәм тәуелсіздіктің тірегі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *