Диалогтік оқыту оқушылардың сөйлеу дағдыларын, сөздік қорын жетілдіреді ме?


Рыскалиева Аягоз Жумажановна

А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының

ағылшын тілі пәні мұғалімі

МАЗМҰНЫ

 

1.             Іс-әрекеттегі зерттеуге арналған тақырыпты  таңдауды негіздеу

 

2.             Іс-тәжірибеге енгізілген өзгерістер және пайдаланылған дерек жинау әдістері

3.             Тәжірибеге өзгерістерді енгізу

4.             Іс-әрекеттегі зерттеу жүргізу үдерісіндегі шектеулер және бұдан кейінгі іс-тәжірибеге жасайтын ықпалы

5.             Деректерді талдау,  қорытындылау және оқытудағы келешек өзгерістерді жоспарлау

 

6.             Әдебиет

 

 

I бөлім. Іс-әрекеттегі зерттеуге арналған тақырыпты  таңдауды негіздеу

 

Зерттеу тақырыбы: Диалогтік оқыту оқушылардың сөйлеу дағдыларын,сөздік қорын жетілдіре ме?

Ой салу ұстаз тарапынан, ойлау оқушы тарапынан, ойланту ұстаз тарапынан, шешімге келу оқушы тарапынан болу керек….

Қанипа Бітібаева

 

Баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін қазіргі заманда мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасауы қажет. Білім сапасы оқушының сабаққа деген қызығушылығы мен ынтасына байланысты. Жаңа білім алу үрдісі оқытушы мен оқушыға шығармашылықпен жұмыс жасауға итермелейді. Сабақ үстінде оқушы тарапынан әртүрлі сұрақтар туындауы мүмкін, осы жерде мұғалім қажетті бағдар беріп жіберуі тиіс. Бағдарламаның 7 модульінің мәнмәтіні негізінде «Сабақ беру мен оқытудағы жаңа тәсілдерді қолдануда «диалогтік оқыту» тәсілін басшылыққа алдым. Себебі, шетел тілін оқытудың басты мақсаты – оқытушыларға шетел тілінде қарым-қатынас жасауды базалық деңгейде игерту.

Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып талқылау, білімді бірлесіп құру, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады. Оқушылар сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын айтуға мүмкіндік алады. Өзара талқылау арқылы түрлі ойлар болады, сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысады. Диалогтік тәсіл оқушылардың ашылуына, ойын жеткізуіне, сөздік қорының молаюына көмектеседі.

Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне ықпал ететінін атап көрсетті. Выготский кіші жастағы балаларда когнитивті даму әрекеттері әлеуметтік қарым-қатынас үдерісінде, яғни анағұрлым қабілетті оқушылармен араласу, қорашаған ортамен өзара қарым-қатынас жасау арқылы оқушыларды ересектерше ойлау әдісіне үйрету кезінде қалыптасатын оқушы ретінде суреттейді. Сонымен қатар Выготский когнитивті дамудың, оқушылар өздерінің «Жақын арадағы даму аймағында» жұмыс істесе жақсаратындығын атап көрсеткен.

Диалог барысында оқушылар нәтижеге жету үшін күш жұмсайды және Мерсер (2000) сипаттағандай білімді бірлесіп алуда және «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. Пікір алмасу оқушылармен диалог құру арқылы жүзеге асады.

Менің зерттеу нысаны ретінде алған 10-шы сыныбымда 13 оқушы, оның 6-ы ұл, 7-і қыз бала. Оқушылардың сабаққа ынтасы жақсы, алайда тілдік орта болмағандықтан тілдік кедергілер сабақ сайын кездесіп отырады. Оқушылар мәтінді түсіну үшін көп жағдайда сөздікпен жұмыстанады да, бір-бірімен диалогқа түсе бермейді. Нәтижесінде, сабақты жақсы оқитын оқушылар ғана сұрақтарға жауап беріп, тақырыпқа қатысты өз пікірлерін білдіруге тырысады. Оқушылардың басым бөлігінің ойынша белгілі бір тақырыпқа байланысты берілген мәтінді оқып, мағынасын түсінсем болды,- деген пікір қалыптасқан. Сонымен қатар сұрақтар қойған кезде де, көбінесе «жабық сұрақтарды» қолданады да, тақырыпқа қатысты ешқандай ой өрбімейді, пікір алыспайды. Алайда баланың өзге тілді үйренуі, жеткілікті дәрежеде меңгеруі үшін бұл жұмыстар жеткіліксіз. Тіл үйретуде ең басты міндет – оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру. Сондықтан, мектептегі тәжірибе кезінде іс-әрекеттегі зерттеу тақырыбымды «Диалогтік оқыту оқушылардың сөйлеу дағдыларын,сөздік қорын жетілдіре ме?» деген тақырыпта алуды ұйғардым.

Барнс пен Мерсер зерттеушілік әңгіме – мұғалімнің оқушыларды әңгімеге тарту кезінде өзара дамыту қажет болып табылатын әңгіменің бір түрі деп көрсеткен. Александер (2008) диалог түрінде оқыту оқушыларды ынталандыру және дамыту үшін әңгіме күшін қолдануға мүмкіндік береді деп санайды. Диалог түрінде оқыту Бахтин (1981), Мерсер (2005), Велс (1999) және Вуд (1998) жұмыстарында бейнеленген. Александердің пайымдауынша, диалог арқылы мұғалімдер күнделікті ойталқыларда «салауатты» келешек мүмкіндіктерін анықтап, оқушылардың дамып келе жатқан идеяларымен жұмыс жасауларына және түсінбеушілікті жеңе білулеріне көмектесе алады. Оқушыларға әртүрлі және кеңейтілген сыныпта жүргізілген диалогтерге қатысу мүмкіндіктері берілгенде, олар өзіндік жеке түсініктерінің өрісін зерттей алады. Бұл мүмкіндіктер олардың тілді білімді құру құралы ретінде қолданудың жаңа тәсілдерін тәжірибесінен өткізуіне жол ашады (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 39бет).

Қорыта келгенде, оқушылардың тақырыпты білетін-білмейтіндігін анықтау үшін жақсы қарым-қатынас, тілдік дағдыларының болуы шарт. Әңгімелесудің көмегімен мұғалім оқушылардың оқу үдерісін қолдайды және дамытады. Сыныпта диалогті пайдалану арқылы мұғалімдер оқушылардың білім сапасына әсер ете алады. Сыныпта оқушылардың ой бөлісуі, пікірлесуі, әңгімелесуі диалогтік оқыту әдістері негізінде жүзеге асырылады.Сонымен қатар, тіл үйретуде ең басты міндет-оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру. Оқушылар тілдің грамматикасын білу арқылы бір-бірімен сөйлесуді, сұрақ қоюды үйренеді, ал сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушылар көру қабілеттерін ойлау қабілеттермен ұштастыра дамытады, өз ойын айту әдісі, ойлану арқылы өз ойын ауызша жүйелі айтып береді және оқушы оқытушымен өзара кері байланысқа түсе алады.

 

II бөлім.  Мұғалімнің деректерді жинау тәсілін таңдау негіздемесі

 

Мұғалімнің қоғам өмірінде алатын орны мен олардың атқарып отырған міндеттерінің айрықша маңыздылығын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл, ең елжанды, ең санампаз бөлігі болып табылады» деп атап көсетті. Яғни, әр мұғалім күнделікті сабақта өз ісін зерттеп, заманауи әдіс-тәсілдермен оқушының білім сапасын арттыруы қажет. Оқытудың сындарлы теориясы оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша

білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды басымдықтар:

– жекелеген оқушылардың сабақ тақырыбын қабылдау ерекшеліктерін түсінуге ұмтылуы;

– оқушылардың білім-түсініктерін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы;

– кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі [1,9]. Осы басымдықтарды негізге ала отырып «оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері бойынша «диалогтік оқыту» модульін сынып үрдісіне енгізу үшін, сыныпты зерттеу жұмыстарын жүргіздім.

Бұл тақырыпты зерттеу барысында 10 сыныптың сабақ үрдісіне қатысып, әріптестермен кеңесу тәсілін пайдаландым, дербес мінездемелер жинақтадым және оқушыларға түрлі сауалнамалар жүргіздім.

Ұжымдағы ерекше қатынастар жүйесінің даму деңгейін кешенді бағалау үшін «Ұжымның өзін-өзі әлеуметтік-психологиялық аттестациялау» сауалнамасын өткіздім.

Бұл сауалнама қорытындысында сыныптың белсенділігі, ұжымдық ынтымақтастық деңгейінің бірқалыпты екендігі көрінді.

Оқушылардың өзара жеке қатынасын зерттеу үшін социометрия әдісін қолдандым. Мұндай тәсілдердің педагогикалық құндылығы сол, олар сынып ішіндегі қарым-қатынастардың сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Неғұрлым сыйлы, сүйікті және белгілі оқушыларды анықтап, мұғалім кейін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, сабақ үрдісінде және басқа да жұмыстарда оларға сүйене алады.

Сынып оқушылары арасындағы қарым-қатынасты зерттеу мақсатында «Социометрия методикасы» жүргізілді.

Бұл зерттеу бойынша ең көп таңдалынған оқушыларды ұйымдастыру жұмыстарында басшылыққа алып отырдым. Бірлесіп жұмыс жасағысы келетін оқушыларды өздеріне білдіртпей топта бірге отыруларына мүмкіндік бердім. Социограмма әдісінің нәтижесі бойынша ең көп таңдалған, орташа таңдалған және орташадан төмен таңдалған үш оқушыны зерттеу объектісі ретінде алып, осы сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімдерінен осы балаларға қатысты дербес мінездемелер жинақтадым. Жианақталған мәліметтер мынадай қорытынды берді:

Ж.П.А – жаңалыққа жаны құштар. Оқу озаты. Бар өнерді байқасам деген талпынысы бар. Ата-анасы үнемі демеп отырады. Гуманитарлық бағыттағы пәндерге қызығушылығы жоғары. Мінезі ашық, кішіге қамқор, үлкенді сыйлай біледі. Тілге шешен. Көркем әдебиет, ғылыми әдебиет түрлерін үзбей оқиды. Баспасөзбен жиі қарым-қатынаста. Жігерлі ерінбейді, бастаған ісіне өте мұқият қарайтын оқушы.

Б.Б.М – мінезі салмақты, қажет еткен жағдайда ғана байланысқа түседі. Әдеби шығармаларды көп оқиды. Қызығушылығы тұрақты. Спорттық үйірмелерге жақсы қатысады. Сыныптастарымен жалпы ортамен байқап қана араласады. Өте таза жүреді, ұқыпты, мұқият. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды, өз идеясын айта алады. Көңіл күйін байқата бермейді, өте байсалды жүреді, өзіне-өзі сенімді. Сырт көзге сыр шашпайды, көппен сөйлесе бермейді, айтылған сынды жақсы қабылдайды.

Б.Е.А – ортамен қарым-қатынасы біркелкі. Мінезі ашық. Мектепте өтілетін шараларға мүмкіндігіне қарай араласады. Көркем шығармаларды сирек оқиды.

Жеті модульдердің барлығында қарастырылатын идеяларды білім беру мен білім алудың жаңа тәсілдері деп санауға болатынына қарамастан, біз жаңа әдістер ретінде «Диалог арқылы оқыту» мен «Қалай оқу керектігін үйретуді» ғана қарастырамыз, себебі олар әлеуметтік-сындарлылық көзқарасымен тығыз байланысты. Диалог негізінде білім беру мен білім ау оқушылардың өзара сұхбаттасуы және мұғалім мен оқушы арасындағы диалогтың шәкірттердің өзіндік ой-пікірін жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін меңзейді. «Қалай оқу керектігін үйрету» немесе метасана оқушыларды өз бетінше жалғастыра алатын білім жинау жауапкершілігін түсінуге және оны өз мойнына алуға қайлай көмектесуге болатынын көрсетеді [1,12].

Оқушылардың білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әртүрлі техникаларын пайдалануға болады [1,41].

Диалог арқылы оқыту оқушылар логикалық ойлай алатын, қоршаған әлемнің ғылыми бейнесін жасай алатын жеке тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

 

III бөлім. Тәжірибеге өзгерістерді енгізу

 

Жеті модульдердің барлығында қарастырылатын идеяларды білім беру мен білім алудың жаңа тәсілдері деп санауға болатынына қарамастан, біз жаңа әдістер ретінде «Диалог арқылы оқыту» мен «Қалай оқу керектігін үйретуді» ғана қарастырамыз, себебі олар әлеуметтік-сындарлылық көзқарасымен тығыз байланысты. Диалог негізінде білім беру мен білім ау оқушылардың өзара сұхбаттасуы және мұғалім мен оқушы арасындағы диалогтың шәкірттердің өзіндік ой-пікірін жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін меңзейді. «Қалай оқу керектігін үйрету» немесе метасана оқушыларды өз бетінше жалғастыра алатын білім жинау жауапкершілігін түсінуге және оны өз мойнына алуға қайлай көмектесуге болатынын көрсетеді. [1,12].

Оқушылардың білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әртүрлі техникаларын пайдалануға болады [1,41].

Диалог арқылы оқыту оқушылар логикалық ойлай алатын, қоршаған әлемнің ғылыми бейнесін жасай алатын жеке тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Сабағымда диалогті оқытуды қолдана отырып, мынандай нәтижелерді күтемін:

– оқушы сындарлы сөйлейді

– сыни тұрғыдан ойланады

– бір-біріне үйренеді, басқа оқушылардың ойларын тыңдайды

– оқуға деген қызығушылықтары артады

Нұсқаулықта берілген Выготскийдің кіші жастағы балалардың қоршаған ортамен қарым-қатынасын, сондай-ақ олардың ересектерше ойлау әдісін үйрету кезінде пайдасының зор екендігі айтылады. Шын мәнінде білім беру барысында диалогтік оқытудың рөлі ерекше. Сыныптағы оқушылардың бірлескен сұхбатын тыңдау, өз ойларын еркін жеткізуде үлкен пайда келтіретіндігін көрсететін жеткілікті дәлелдер бар. Олар:

-Оқушылардың тақырып бойынша түйген ойларын білдіруіне мүмкіндік береді.

-Басқа адамдарда түрлі ойлардың, тұжырымдардың болатындығын оқушылардың түсінулеріне мүмкіндік береді.

-Өз ойларын дәлелдеуге көмектеседі.

-Мұғалімдерге оқушылары қандай деңгейде екендігін көрсетеді.

Жоғарыда айтылған ғылыми дәлелдемелермен келісе отырып, өз тәжірибемде қалай жүзеге асырғанымды талдап өтсем. Мысалы: «Work and Money» тақырыбында өткен бірінші сабағымның мақсаты әлемдегі жалақысы жоғары және төмен жұмыстар туралы әңгімелеу, дербестіктің артықшылығы мен кемшілігі туралы пікірлесу, жалақы түрлерімен таныстыру. Сабақты «I wish you…» атты психологиялық тренингтен бастадым. Ағылшын тіліндегі тілектер топтамасын слайд арқылы көрсетіп, содан соң оқушылар бір-біріне, оқушылар мұғалімге, мұғалім оқушыларға сәттіліктер тіледі. Келесі кезеңде оқушыларды топқа бөлу жұмысын жүргіздім, топқа бөлу үшін көңіл-күй смайликтерін пайдаландым. Алдыңғы сабақта өткен грамматиканы қайталау мақсатында мини-тест бердім, нәтижесінде оқушылардың аталған грамматикалық шақты жақсы меңгергендері көрінді. Жаңа тақырыпты ашу мақсатында «топтастыру стратегиясын» қолдандым. Оқушылар бұл тапсырманы қызығушылықпен орындады. Сабақтың тақырыбына байланысты оқушылардың тілін жаттықтыру мақсатында фонетикалық жаттығу жасалып, жаңа сөздерді меңгеру деңгейлерін анықтау мақсатында жаттығу орындалды. Фонетикалық жаттығулардың үнтаспаға жазылмауына байланысты оқушылар сөздердің дыбысталуынан қателіктер жіберді. Тақырыпты негіздеу мақсатында “10 highest paying jobs” атты бейне-роликті пайдаландым. Бейне-роликтің мазмұнын түсінгендерін анықтау үшін топтар «best paid & the worst paid jobs » кестесін толтырды. Аталған топтық жұмыста оқушылардың танысып отырған мәтін бойынша жеткілікті сөз қорын жинағаны байқалды, әсіресе, топ жұмысын қорғауға шыққан көшбасшыларда. Алайда, қабілеті төмен және орташа оқушылардың топ жұмысын қорғауға ынтасы төмен болды. Бұның себебі сөздік қоры аз болғандықтан және соның салдарынан өз-өзіне деген сенімдерінің болмауынан деп ойлаймын. Осы негізгі бөлімнің ішіндегі деңгейлік тапсырмаларда А,В,С деңгейлі оқушылар өз деңгейіндегі тапсырмаларды жаксы орындап шықты. Тақырыпты бекіту мақсатында болашақта мамандық таңдауда жалақы маңызды ма?, әлде мамандыққа деген сүйіспеншілік пе? деген сұрақтар қойып, оқушылардың пікірлерін сұрадым. Өз пікірін білдіруде Күміс, Перизат сынды оқушылар суырылып шықты. Күміс «мамандық таңдағанда мен ең алдымен жалақысына назар аударар едім, себебі, қазіргі заманда ақшаның жеткілікті болуының маңызы зор. Ақшаң болса барлық қажеттіліктерімізді қанағаттандыра аламыз, денсаулығымызды түзеу үшін де ақша қажет» десе, Перизат «мен үшін бірінші кезекті өзім ұнатқан мамандық маңызды. Себебі, өзің ұнатқан маман иесі болмасаң, жұмысыңды рахаттана орындай алмайсың. Адам өзі ұнатқан істен ғана қанағат ала алады» деп ой түйді. Бірінші сабақ болғандықтан оқушылар тапсырмаларды орындауда уақытқа сыймай қалып жатты және өз ойларын айтудан қашқақтады. Келесі сабағымда зерттелетін оқушыларыма тапсырмаларды күрделендіруді жоспарладым.

Екінші сабақтың мақсаты мамандық таңдауда дағды, икем, қабілеттің алатын орны, еңбекке ерте араласқан балалар туралы пікірлесу болды. Бұл сабақта да топтастыру әдісін қолдандым. Сабақтың ой шақыру кезеңінде 3 топқа 3 мамандық (мұғалім, дәрігер, ұшқыш) атауын беріп, What abilities, qualities, skills do people of the following professions need? деген бағыттағы сұрақтар қойдым. Оқушылар бұл тапсырманы постерде орындады. Постер қорғауда А деңгейлі оқушым ерекше белсенділік танытты. Ол мұғалім мамандығына қатысты икем, дағды, қабілеттерді атап қана қоймай оларға түсіндірме беріп өтті. Мысалы: мұғалім білімді, мейірімді, жаңашыл, талантты, ашық мінезді, талапшыл болуы керек. Себебі, мұғалімге осы қасиеттердің барлығы қажет деп, әрбір дағдыға мысал келтірді. В деңгейлі оқушы, дәрігер мамандығына қажетті қабілет, дағдыларды ғана атап өтті. С деңгейлі оқушыға мамандық атауларын, атқаратын қызметтерімен сәйкестендіру бойынша тапсырма бердім, ол бұл жұмысты орындау барысында қиналып қалды. Оған бұл тапсырманы орындауда сөздік қорының жеткіліксіздігі себеп болды деп ойлаймын. Сабақтың негізгі бөлімінде “Lost childhood, lost future” атты мәтінмен жұмыстандық. Мәтінді аударуға уақыт берілмей, оқып-түсіну дағдыларын байқау мақсатында мынадай сұрақтар қойдым: What does Bounali do during 10 hours а day? Do you think Yuliagi should try to escape his fishing pier? Why or why not? Why is difficult labour especially bad for kids? How could you help them? Сұрақтарға оқушылар жақсы жауап берді. Сабақтың келесі бөлігінде «оқушы-оқушы» арасында әңгіме жүргізу үшін жұптасып диалог құруды ұсындым. Диалог құрастыруға оқушылар көп уақыт жұмсады. Себебі, бұрынғы сабақтарда тек дайын диалогтарды рөлге бөліп оқып беретін. Сондықтан, келесі сабақта диалог құрастыру сызбаларын іліп қою керек деген ойға келдім. Ал, тақырып бойынша ой-толғау кезеңінде әрбір оқушыға өздерінің ұнататын мамандықтары бойынша пікірлерін айтуларын сұрадым және ой-түрткі ретінде төмендегі сызбаларды қаперге алуды ұсындым:

1)The present pay and conditions of the job

2)The qualifications,skills and personal qualities needed.

3)The imporatance of the job for society.

4)Why the other jobs are less important.

5)What pay and conditions the job should have.

Үй тапсырмасына How might a childhood labour affect a person when he is an adult тақырыбында шағын эссе жазуды және ой-түрткі ретінде “Child’s labour” атты бейне-роликпен танысуды ұсындым.

Үшінші сабақтың мақсаты жұмыссыздық себептері, қазіргі кезде кең таралған жұмыс түрлері туралы пікірлесу, мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауға бағыт беру болды. Сабақты сыныпта жақсы ахуал туғызу үшін “Friends on hour” тренингімен бастап, топқа бөлдім. Үй тапсырмасын тексеруде «галлеряны шарлауды» пайдаландым. Оқушылар бір-бірінің жұмыстарымен сыныпты аралай жүріп танысып, өздерінің бағалауларын ұсынды. Бұл сабақта оқушылардың өзара диалогқа түсуі үшін «Автор орындығы» әдісін, рөлдік ойындарды пайдаландым. А деңгейлі оқушыға жұмыс беруші рөлінде диалогқа түсуді, В деңгейлі оқушыға «Автор орындығына» отыруды, С деңгейлі оқушыға мәтін бойынша диалог құрастыруды тапсырдым. А деңгейлі оқушы өзінің рөлін алып шығуда іскерлік тілдің жетіспеуіне байланысты өзінің сөздік қорындағы сөздерді ғана пайдаланумен шектелді. Ал, В деңгейлі оқушы өзіне берілген тапсырманы жақсы алып шықты. С деңгейлі оқушы диалогында грамматикалық дағдыларының жетіспеуіне байланысты сөздердің орын тәртібін дұрыс қолдана алмады. Сабақты қорытындылау үшін 1) What job areas have become more important in the last twenty years? 2) What jobs have become less important? 3) What skills and qualities are useful to get a good job nowadays? сұрақтарын қолданып, оқушыларды пікірталасқа тарттым. Алайда, бұрынғы дәстүрлі сабақтарымда ағылшын тілінде өз пікірлерін айтып көрмегендіктен оқушылар басым бөлігі пікір білдіруге қашқақтады. Бұның себебі сөздік қоры аз болғандықтан және соның салдарынан өз-өзіне деген сенімдерінің болмауынан деп ойлаймын.

Төртінші сабақ жалпы тарауды қорытындылайтын сабақ болғандықтан алдыңғы сабақтарда өткен сөздер мен грамматикалық жаттығулар қайталанып отырды. Сабақтың мақсаты резюме, ұсыныс хат түрлерімен, сұхбаттасу кезінде өзін ұстау дағдыларымен таныстыру болғандықтан негізінен жұптық және дара жұмыс түрлері көбірек жүрді. 1-топқа мамандықтарды сипаттап айтуды, 2-топқа сұрақтар қою арқылы сипатталған мамандықтарды табуды тапсырдым. Бұл тапсырманы орындауға барлық оқушы қатысты. А деңгейлі оқушыға еліміз бойынша 4 мамандық иесін, оларға тән дағдылар мен қасиеттерді, осы саладағы жеткен жетістіктері туралы айту, В деңгейлі оқушыға ұсыныс хат үлгісін көрсетуді, С деңгейлі оқушыға сөзжұмбақ шешу жұмыстары берілді. 3 оқушы да өздеріне берілген тапсырманы жақсы орындады. А деңгейлі оқушы еліміз бойынша cпорт саласында табысты еңбек етіп жүрген саңлақтарымыз туралы өте жақсы айтты және өзінің тапсырманы орындауға интернет желісін пайдаланғанын жеткізді.Олар: жас та болса, әлемге танылған жас шахматшы Жансая Әбдімәлік, боксшы Марат Мәзімбаев, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен және еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров.  В деңгейлі оқушы белгілі бір мейрамханаға, тәжірибелі аспаз көмекшісі ретінде жазылған  ұсыныс хат үлгісін құрды. Мысалы: оның жазған ұсыныс хаты мына үлгіде болды.

Dear Mr. Karimov,
I am writing to apply for the post of a kitchen helper at Meirlan’s restaurant which was advertised in last Sunday’s newspaper.
I consider myself to be reliable, hard – working and enthusiastic. Besides, I know how to work in a team.
I have considerable experience of working in catering. I worked for six months as a waitress in my local café. I took orders, served customers as well as cleaned the kitchen and washed up. I am available for interview any day after 3 p.m. or on Saturdays.
I look forward to hearing from you.
Yours faithfully,
Badlenov Bahtiar

С деңгейлі оқушы да өзіне берілген тапсырманы жақсы орындады, алайда белгіленген уақыттан көп уақыт жұмсады.  Бұл сабақта оқушылар арасындағы диалог көп болды. Бұл сабақ тәжірибеден өту кезеңінің соңғы сабағы болғандықтан, оқушылардың топтық жұмысқа да, жаңа әдістерге де төселіп қалғаны байқалды. Топта өздерін еркін ұстап, тапсырмаларды бірлесіп шешті. Өзім де оқушылармен жұмыс істеу бұрынғыдан жеңіл екеніне көзім жетті. Балалар бір-бірін тыңдап үйренді, бірлесе жұмыс істеді. Сабақтан соң оқушыларға тәжірибе кезеңінде өткізілген сабақтар тізбегі бойынша алған әсерлері, қолданылған әдіс-тәсілдер туралы ойларын тыңдау мақсатында сұхбат жүргіздім. Оқушылар өткізілген сабақтардың өту формасының ұнағанын, әсіресе топпен жұмыс істеу кезінде өздеріне деген сенімділік пайда болғанын, бір-бірінің білмегенін өзара толықтырғандарын, өзара бағалау арқылы өздерінің білім деңгейін анықтағандарын, бұрынғы сабақтарға қарағанда қызықты өткенін және өз пікірлерін ағылшын тілінде білдіруге тырысқандарын айтты.

Тәжірибеден өту кезіндегі өткізген сабақтарымның нәтижесінде сабақ барысында «мұғалім-оқушы» және «оқушы-оқушы» арасында диалог өрбіді. Оқушылар сұхбаттасу, баяндау, сұрақ-жауап әдістері арқылы өздерінің сөздік қорындағы сөздерді жетілдіріп, іс-әрекет барысында пайдаланды. Ағылшын тілінде сөйлеуге машықтанды.

 

IV бөлім. Жобаны орындау барысында мұғалімнің кездескен қиыншылықтарын көрсетуі.

 

Көбіне –көп диалогтық оқыту кезінде әңгіменің өрбуі қойылған сұраққа тікелей тәуелді болып келеді. Оқушылардың пікірін ашық айтуға көмектесу оларға қойылған сұрақ пен оқушы жауабына орай мұғалімнің диалогты әрі қарай жалғастыру шеберлігіне байланысты болып келеді [1, 39].

Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және оқушылардың білім алуына қолдау көрсетеді. Білім беруді диалогтік тәсілмен дамытудағы сұрақтардың маңызын қарастыратын болсақ, сұрақтар қою арқылы мұғалім оқушыларды сындарлы сөйлеуге ынталандырады, шынайы қызығушылығымен сезімдерін, ойлау дәрежесін анықтайды. Сондықтан тәжірибеден түйген ойым мұғалім қойған сұрағының алда қалай өрбитінін болжап, әрі қарай диалогтің жалғасуы үшін сұрақ қоюға алдын-ала дайындалуы керек деп, ойлаймын.

Диалогтік оқыту әдісі маған да, оқушыларға да бұрыннан таныс, алайда өзгертілген формада өткізетін сабағымда оқушылар диалогы қандай болмақ, жоғары деңгейлі сұрақтарға оқушылар жауап бере алады ма, өз пікірлерін ағылшын тілінде айта алады ма, деген ой мені мазалап, аздаған қобалжу сезімі де болды. Сол себепті көбінесе төмен дәрежелі сұрақтарды  пайдаландым.  Жаңа тақырыпты топпен меңгеру кезінде кейбір қиыншылықтар туындады. Олар: оқушылардың сұраққа жауап беру уақытының ұзақтығы, ерікті жауаптардың аз болуы, уақыттың көп кетуі. Сонымен қатар, Мерсер көрсеткен диалогтік оқытудың 3 түрінің ішінен көбіне кумулятивтік әңгіме көп болды. Оқушылар көбіне топ басшыларының, жақсы оқитын оқушылардың жауабымен келісіп, өздерінің идеяларын ұсына бермеді. Сыныпта диалогтің дұрыс жүруі үшін зерттеушілік әңгіменің маңызы зор. Әңгіменің бұл түрі тек соңғы сабағымда көрініс тапқандай болды. Алдағы уақытта сабақтарымда зерттеушілік әңгіме орын алатындай етіп ұйымдастыруды жоспарлап отырмын.

Сонымен қатар, тәжірибе кезеңіндегі басты қиындық сөздік дағдыларының  жетіспеуі мен тілдік тосқауыл болды. Оқушылар көп жағдайда ойларын ағылшын тілінде жеткізе алмай қиналды. Тіпті, бір оқушым, әттең тіл жетпейді, әйтпесе көкірегімде сайрап тұр деп, өзінің қиналысын жеткізді. Ағылшын тіліндегі қосымша әдебиеттердің жоқтығы мен интернет байланысының қолжетімсіздігі де қиындық тудырды. Ағылшын тілін үйренуде тыңдап-түсінуге арналған жаттығулардың маңызы зор. Алайда бұндай жаттығулардың мектеп қорындағы саны өте аз. Тыңдап-түсінуге арналған бейне-фильмдер жоқтың қасы. Сондықтан, оқушылардың пікірін тыңдауда, олардың жауабын бағалауда көп күш мұғалімге түсетінін байқадым.

Алдағы уақытта постермен жұмыс кезінде орташа оқитын оқушыларға бөлек тапсырма беру керек деп ойлаймын. Себебі, бұл жерде көшбасшы балалар ізденіп жауап берді де, басқа оқушылар шет қалып қойды. Сондықтан, оларға сөздерді стикерлерге жазып беру арқылы орындату керек деп ойлаймын.

Харгривс және Гэлтон мұғалімнің шұғыл және инстинктілік реакциясы жауапты бағалауға, қайталауға ұмтылысы болуы тиіс дейді [1, 42]. Шын мәнінде қандай жағдайда болмасын, оқушы көңіліне қаяу түсірмей сабақ барысын ойдағыдай алып шығу ұстаздың шеберлігіне байланысты болмақ деп ойлаймын.

«Менің ұстазым – өмірде жасаған қателіктерім» деп Бернард Шоу тұжырымдағандай, қателіктерімізді өзіміз түзей отырып, үйренеміз деп ойлаймын.

V бөлім. Деректерді талдау, қорытындылау және оқытудағы келешек өзгерістерді жоспарлау.

 

Өзгерістерді енгізу негізінен тәуекелмен байланысты. Өйткені оқыту мен оқуда болып жатқан өзгерістермен бірге мұғалім мен оқушы арасындағы өзара қарым-қатынас пен әрекеттер де өзгеріп отырады. Бала жүрегіне жол тауып, білімге жетелеу үшін мұғалім оқушыларды қызықтыратындай әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы тиіс екені белгілі. Біз оқып жатқан бағдарламадан орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал білім беру әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқуға негізделген кең тараған әдіс- тәсілдерді (Hattie, 2009) оқып үйрендік. Қазіргі заманғы жаңа педагогикалық іс-тәжірибелерді тиімді пайдалану мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға көмектесетіні сөзсіз.

Педагогиканың даму үдерісінде  қазіргі кезеңге дейін Мұғалім үйретуші, Оқушы үйренуші, Мұғалім білім үйлестіруші және орындатушы, Оқушы қабылдаушы және орындаушы рольдерінде жұмыстанып келді. Таңдау бұл үдерісте ешқайсысының құзіретінде болған емес. Сол арқылы, берілген материалдардың қабылдау деңгейін анықтау үшін диалог кеңінен пайланып келген тәсілдердің бірі деуге болады. Себебі мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру және өзара түсіністікті арттыру үшін диалогтың маңызы зор. Мұғалім оқушыға немесе керісінше оқушы мұғалімге сұрақтар қоюының және оның жауабының берілуінің формасына қарай жұмыстың әрі қарай өрбу барысын бағыттауға болады деп есептеймін. Сұрақтың жуан-жіңішкелілігі осы жерден үлкен көрініс табады, себебі қай-қайсысының тарапынан болса да дұрыс, орынды қойылған сұрақтар оқушыны да, мұғалімді де ойландырып қоятыны сөзсіз. Тек тақырыптан ауытқымай нағыз, діңгегін ұстауға мүмкіндік беретіндей, мазмұнын ашуға итермелейтін проблема қоя білу қажет екенін ескеру керек. Диалог сонымен қатар, оқушылар арасында да өрбуі мүмкін. Бұл арада жоғарыда аталған қатынастар негізінде бағытталады. Оқушылар арасындағы диалог «Жұмыс іздеу» тақырыбындағы сабағымда жақсы көрініс тапты. Бұл сабақта оқушылар «жұмыс беруші» және «жұмыс сұраушы» ретінде рөлдік ойындарды жақсы орындады.

Жалпы сабақта диалогті пайдалану өте пайдалы, оқушылардың сөйлеу мәдениетін, бір-бірімен тіл табыса білуін қалыптастырады. Оқушылардың сөздік қорларын дамытып, оларды өз ойын анық жеткізе білуге, мәнерлі, мағыналы сөйлей білуге үйрету үшін сабақ үрдісінде диалогтық әдістің тиімділігін өз көзіммен байқадым. Тәжірибе кезеңіндегі сабақтарымда оқушылардың барлығы да, өз деңгейіндегі сұрақтарға жауап беруге тырысты. Нәтижесінде әрбір оқушы өзінің ағылшын тілін білу деңгейінің қай деңгейде екенін түсінді. Келесі оқу жылында диалог, сұрақ-жауап сияқты әдістерді әр сабағымда қолданып, тапсырманы күрделендіріп беремін. Тек қана екі үш оқушыны қатыстырып қана қоймай барлық сынып бірдей жұмыс жасайтындай етіп тапсырмаларды дайындап, қойылатын сұрақтардың диалогты одан әрі өрбітетіндей етіп қоюм керек деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, диалогтік оқыту оқушылардың білім деңгейлерін анықтауда, өз идеяларын дәлелдеуде, бір-бірімен пікір алмасуда, білім алуға қомақты үлес қосатын шын мәніндегі оқытудың тиімді түрі болып табылады.

Диалогтік оқытуды өз іс-тәжірибемде пайдала отырып түйгенім, сабақтың қай кезеңінде болсын, қандай сабақта болсын қолдануғы болатындығын, нәтижесінде көзделген мақсатқа жететіндігін, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға болатындығын, сөздік қорының молаятындығын білдім. Әрине бұл сөз жоқ мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Қалай, қай жерде қолданғанда тиімді болады? деген сынды сұрақтарды қоя отырып, мұғалім өз сабағында жауап ала білсе нәтижелі оқыту әдісі болады деп есептеймін. Сондықтан, болашақта «диалогтік оқытудың тиімді тұстары» жөнінде әріптестер арасында тәжірибе алмасу бағытында және екінші деңгей бағдарламасына сәйкес өз әріптестерімнің кәсіби дамуына ықпал ету мақсатында дөңгелек үстел, семинар-практикумдар ұйымдастырып, баспасөзге ағылшын тілін оқытудағы диалогтік оқытудың тиімділігі туралы мақала жариялауды жоспарлап отырмын.

Василий Александрович Сухомлинскийдің пайымдауынша «Сыныптағы ақыл-ой жұмысын шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің білімге деген құштарлық, биік мақсатқа жетуге деген құлшынысы оятатынын айтады. Жаңашыл мұғалімдердің сабағында әр оқушы өзін жеке тұлғамын деп сезінеді, мұғалімнің өзіне деген адал ниетін көреді». Ендеше «жақсы» мұғалім атану үшін, оқушыларымның жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу үшін диалогтік оқыту түрлерін дамыта отырып қолдануда шығармашылық ізденіс пен табандылық қажет деп білемін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *