«Оқу процесіндегі ойын арқылы оқыту технологиясы»


Боранбаева Әлия Өміртайқызы

Қызылорда облысы Қызылорда қаласы Қараөзек станциясы

№128 негізгі орта мектебінің мұғалімі

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім берудің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының,әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашатын жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.

Сондықтан да қазіргі қоғамымызда әр мұғалім өз іс-әрекетінде қажетті өзгерістерді, әртүрлі тәжірибелер жөніндегі мағлұматтарды, жаңа әдіс-тәсілдерді дер кезінде қабылдап, дұрыс пайдалана білуі керек.

Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы.

Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа білім парадигмасына сүйене отырып, біз оқыту технологияларының тиімді жақтарын таңдап алуымыз қажет және оқу-тәрбие үрдісінде озық технологияларды белсенді-лікпен енгізуіміз керек.

Әрбір мұғалім оқушыға көпқырлы сабақ беретін болған соң, қазіргі жаһандану саясатына сәйкес жаңа технологияны өз ыңғайына, пәніне лайықтап қолдануы тиіс. Мұғалім шеберлігі-ізденіс нәтижесі.

Оқушыны пәнге қызықтырумен қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамдық көзқарастарын қалыптастыра алатын, өзіндік пікірі бар, қоғамдағы болып жатқан түрлі қарама-қайшылықтарды түсіне білетін, еркін сөйлеп, өз пікірін ашық айта алатын ойлы ұрпақ тәрбиелеуде сабақтың маңызы зор.

Бастауыш саты- оқушының интелектілік дамуының іргетасы, оқу әрекетінің қалыптасуының қуатты кезеңі. Бала мектеп жасына жеткенімен, олардың есте сақтау қабілеті әлсіз, қабылдауы тұрақсыз келеді. Не нәрсені болса да білуге құмар, қолмен ұстап, көзбен көргенді ұнатады. Сондықтан да сабақта көрнекіліктерді, ойын элементтерін қолданып, оқыту процесін қызықты ұйымдастыру қажет.

«Ойын-бала үшін өмірлік тәжірибе»,-деп М.Жұмабаев атап көрсетсе, «Ойын-баланың рухани дамуының негізі»-деп Ж.Плаже, К.Левин, Л.С.Выготский, Д.Б.Эльконин өз еңбектерінде атап көрсеткен.

Ойынның сабақ барысында басты мақсаты-білім беруді ойынмен ұштас-тыру. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет. Ойын арқылы оқушы неге үйренеді?

·        Қисынды ой-қабілетін дамытады.

·        Өздігінен жұмыс істеуге үйренеді.

·        Сөздік қоры баииды, тілі дамиды.

·        Зейіні қалыптасады.

·        Байқампаздығы артады.

·        Өзара сыйластыққа үйретеді.

·        Ойынның ережесін бұзбай, тәртіптілікке баулиды.

·        Бір-біріне деген оқушы сенімі артады, достыққа, ынтымақтастыққа баулиды.

·          Сабаққа қызығушылығы артады.

Ал мұғалімнің міндеті-балаларды ойынға, өз қызығушылығымен, ынтасы-мен қатысуын қамтамасыз ету.

Сабақ үстінде оқушының біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, дүниетанымы артады. Оқушы білімінің сапасын арттыру, яғни, оқушыға берген білімнің нәтижесін көру. Ол үшін сабаққа сыныптағы барлық оқушыны бірдей қызықтыра білу қажет. Бастауыш сыныптың тіл сабақтарында дидактикалық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, жаттығу сабақтарында пайдалануға болады.Бастауыш сынып оқушылары әлі ойын баласы, сондықтан мұғалім оларды жалықтырмай әртүрлі ойын түрлерімен сабақты қызықты өткізуі қажет.

Бастауыш сыныпта қолданылатын технологиялар: «Ойын арқылы оқыту технологиясы», «Модульдік технология», «Сын тұрғысынан оқыту технологиясы», «Дамыта оқыту технологиясы», «Білім беруді ізгілендіру технологиясы».

Ойын арқылы оқыту технологиясы-дидактикалық, тәрбиелік, дамыту-шылық, әлеуметтік мақсатқа жету. Ойындық іс-әрекеттің психологиялық механизмі жеке бастық өзіндік талап, талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы білімдік, танымдық, шығармашылық қабілеттерін аша түсуді көздейді.

Сол себепті осы ойын арқылы оқыту технологиясын пайдаланып өткізген бір сабағымды ұсынылғалы отырмын.

 

Сабақтың тақырыбы: Сөйлем. Қыс. Абай Құнанбаев

Сабақтың мақсаты:    1. Оқушылардың сөйлем туралы ұғымдарын еске

түсіріп,    қайталату, сөйлем соңында нүкте қойылатынын  ұғындыру,сауатты

жаза білуге   машықтандыру.

2.Оқушыларды  өлеңді мәнерлеп, дұрыс оқуын,  өлеңнің мазмұнын,ой-

пікірлерін айта  білуге,еркін сөйлей білуге, өмірмен байланыстыра

алуын дамыту, сөздік қорын молайту.

3.Оқушыларды қысқы табиғаттың көрінісін сипаттай білуге,қыста жылы

киініп жүруге тәрбиелеу.

Сабақ типі: ойын-ертегі сабақ

Әдісі:           түсіндіру,сұрақ-жауап

Көрнекілігі: таблицалар, суреттер, түлкі, қоян, қар ұлпалары, аққала бейнесі

Пәнаралық байланыс: музыка

Сабақтың барысы: І.Ұйымдастыру кезеңі.

ІІ. Психологиялық дайындық. Балалар, қанекей бәріміз денемізді түзу ұстап, көзімізді  жұмайықшы.

Мұғалім: Аппақ қар жапалақтап жауып тұр. Бейне бір нәзік көбелек іспетті ауада қалықтап, баяу ұшып жүргендей. Сол ақ көбелекке қолыңды тосып қондырсаң, ғайып болады. Иә, иә, қазір қыс мезгілі екен ғой. Көбелек дегенім аспаннан жауған ақ ұлпа қар екен. Дамылсыз жауған ақша қар жер бетін жауып, ақ көрпеге орағандай. Мен қызығып кетіп сендерге бір уыс қар ала келдім.Қанекей, балалар,көздеріңді ашып, алақандарыңа қонған  ұлпа қарлар бізге не айтқысы келіп тұр екен, соны білейікші. Ол үшін мына қарлардың сыртына жазылған жұмбақтарды шешіп көрейік.
с

ө

й

л

е

м

Жылт-жылт еткен, жылғадан өткен.    (Су)

 

Тәтті, тәттінің іші қатты, қаттының іші тәтті. (Өрік)

Кішкентай ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар. (Қой)

«П»-дан егер бастасаң,

Зоопаркте тұра алам.

«Т»-дан егер бастасаң,

Ойыңды сыртқа шығарам.   (Піл-тіл)

Шыр-шыр етеді,

Ұстасаң сөйлей кетеді. (Телефон)

Отқа жанбас, суға батпас. (Мұз)

 

-Балалар, ақ қар бүгін бізге жұмбақ жасырып, жаңадан сөз сыйлады. Қане, бәріміз бірге оқып көрейік. (Сөйлем)

Ендеше, қыс мезгілі, қар жайлы өз ойымызды сөйлем арқылы білдіріп көрейікші.

(Оқушылар сөйлем құрайды)

-Балалар, енді бәріміз сұрақтарға жауап беру арқылы аққала құрас-тырып көрейік.

-Қардан не жасауға болады? (Аққала)

Сұрақ-жауап әдісі.

Сұрақтарға жауап беру арқылы аққала құрастыру.

– Сөйлем неден құралады?  Сөзден.

– Сөз неден құралады? Дыбыстан

– Дыбыс пен әріптің айырмашылығы неде?

ІІІ. Жаңа сабақ.

Музыка ойналып сыныпқа Қоян мен Түлкі кіреді.

-Қоян-ау, соншама қашқаның не? Саған көп қызықтар айтайын десем.

-Ой, мен сені қуып келе жатыр екен деп ойлағанмын, ал айта ғой.

-Естігенімді айтайын ба, әлде көргенімді ме?

-Көргеніңді айт, естігенің өтірік болар.

-Жолда жортып келе жатсам… Алдымна бір ақ сақалды, үсті-басы қырау-қырау бір кісі шықты.

– Ой, бұл атамыз өте суық, қорқынышты кісіге ұқсайды екен. Ол кісі кім болды екен?

Мұғалім: Ал, балалар, сендер Қоян мен Түлкі айтып тұрған аталарың жайлы  білгілерің келе ме?

Мұғалім Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңінің бір шумағын оқиды.

-Балалар, өлең кім жайында айтылған? Кәрі, қарт кісі жайында.

-Ақын қарт кісіні суреттеу арқылы қай жыл мезгілі жайында айтқысы келген? Қыс мезгілі туралы айтқан.

Мұғалім:- Балалар, ақын қыс мезгілінің табиғатын қарт кісіге теңей отырып, шебер суреттегенін көріп отырмыз. Өлең сендерге ұнады ма?

–Ұнаса осындай тамаша шығарманы кім жазғанын білгілерің келе ме?

-Ол, ұлы ақын Абай Құнанбаев аталарың. (автордың өмірі жайлы қысқаша мағлұмат беру).

Оқулықпен жұмыс.

·        Өлеңді мәнерлеп оқу.

·        Өлеңді оқушыларға тізбектей оқыту.

Сөздік жұмысын жүргізу.

Сергіту сәті: Әуен арқылы қоянның қимылын қайталаймыз.

Мұғалім: Енді балалар, біз Қоян мен Түлкіге қалай оқып, қалай жаза алатынымызды көрсетейік! Ол үшін   дәптерімізді ашайық, күннің ретін жазайық.

1-жаттығу. Ізденушілік деңгейге берілген тапсырма.

Тақтамен жұмыс. 2-жаттығу.

-Балалар, Түлкі мен Қоян бізге бос келмепті. Өздерімен бірге бірнеше ойын ала келіпті.

«Кім жылдам?» дидактикалық ойын. Берілген әріптерден қыс мезгіліне байланысты сөздер құрастыру. а,с,б,қ,ж,м,ш.

Жаңа сабақты бекіту.

1) «Қар атқылау»ойыны.  Оқушылар бір-біріне қар атрибауттарын лақтыра отырып қыс мезгілі жайлы сөйлемдер құрайды, сөйлем туралы үйренгендерін ортаға салады.

2)  -Балалар, маған қыс мезгілі қатты ұнайды.Әсіресе, кіршіксіз аппақ қар. Кәне, бәріміз оқулықта берілген қар туралы жаңылтпашты оқып көрейікші.

Жаңылтпаш.

Қар аппақ,

Дала аппақ-

Бәрі аппақ…

Қарап бақ. (1-2 оқушыға жаңылмай жатқа айтқызу)

Қорытынды бөлім.

1)     «Орным қайда?» ойыны. Орны ауытырылып берілген сөздерден сөйлем құру.

Қызығы, қыс, басталды. Айбол, киінді, жылы.

-Балалар, сендерге көп рахмет. Мен енді ормандағы атайдан қорықпайтын боламын.

– Сендер бүгінгі сабаққа жақсы қатыстыңдар. Сендердің көмектерің арқылы көп нәрсе үйрендік.  Рұқсат болса біз өз орманымызға оралайық.

Мұғалім: -Қоян, Түлкі сендер балалардың білімін бағалап кетіңдер.

Түлкі. –Балалар, сендер өте білімді екендіктеріңді байқаттыңдар. Біз сендерге баға орнына қар түйіршіктерін сыйға тартамыз. Бұл сиқырлы қар түйіршіктері  өздері жайлы сендерге мағлұмат береді. Оны сендер үйден дәптерлеріңе көшіріп жазып келіңдер.

Үйге тапсырма. Абай атамыздың «Қыс» өлеңін жаттап келіңдер.

 

Кез-келген ойын түрлерін сабақта ойнатқанда оқушыларда әрекет пайда болады, дүниетанымы кеңейеді. Сөйтіп оқушы ой-өрісін ойын арқылы дамытады.

Соңғы нәтижеде ойнай отырып, білім көрсеткішіне өз үлесін қосады. Артта қалған, жасық, мектептен қорқатын, оқуға енжар, күшпен оқитын оқушы болмайды. Керісінше, баланың өмірі, қоршаған ортаны танып-білуі, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшелітері ойын үстінде қалыптасады.

Өз ойымды В. А. Сухомлинскийдің сөзімен аяқтағым келеді. «Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімін, өзін қоршаған дүние туралы ұштастырады. Білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»,- деген екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *