Эссе “Тиімді әдіс-тәсілдер “


Токтагулова Лаззат Сыпабеккызы

Шымкент қаласы З. Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің

қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі

Орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде орыс тілінде оқитын сыныптардың қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білімдерін арттыру көзделген. Осыған байланысты әзірленген жаңартылған білім беру бағдарламалары енгізілуде. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламаларына, оқу жоспарларына және бағалау моделіне негізделген. Бағдарламада мақсаттары мен міндеттері, бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер ұсынылған. Бұл бізге сабақты жоспарлауға және оны жаңа әдіспен өткізуге көмектеседі. Сабақты модельдеп, оқу материалдарын қолданып, сабақ соңында рефлексия жасауға мүмкіндік беріледі. Белсенді оқыту, бірлескен оқу, кері байланыс сабақ барысында жүреді.

Сонымен қатар, орыс тілінде оқитын сыныптардағы қазақ тілінің оқу бағдарламасы бойынша оқу мақсаттары оқушылардан жазылым дағдысына қоса айтылым, тыңдалым, оқылым дағдыларын пайдалануды талап етеді. Осы әрекеттер сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың жаңа білімді алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып игеруін көздейді. Оқушылар білімді толықтай меңгеріп, белсенді қатысса, сын тұрғысынан ойлап, рефлексия жасай алады.

Оқушы өзінің ана тілінен басқа екінші тілді үйрену кезінде қимыл-әрекетпен ұштасқан тапсырманы қолдану арқылы есте сақтау қабілетін жаттықтыруға болады. Әсіресе, бұл әдісті бастауыш оқушыларына қолданған тиімді. Соның ішінде 1960жылы Ашер ойлап шығарған «Тыңдау-көру-орындау» (ТКО) әдісі. Тиімді қолданған жағдайда ТКО жаттығулары оқушыларды ынталандырумен қатар, алға қойылған мақсатқа жетуге көмектесетін құрал бола алады. Суреттерді, дене қимылын және іс-әрекеттерді пайдалану арқылы түсінік пайда болады. Сол арқылы оқушылар «кіріспе ақпаратты» түсінеді және өздерінің түсінгенін тіл арқылы емес, дене қимылымен көрсете алады. Себебі, оқушылар дене қимылымен жауап бергенде, бұл қимыл ол сөздің ойда қалыптасып, өзара байланысты сөздік қор молайуына көмектеседі. ТКО жаттығуының қадамдары:

1. Қарапайым ТКО командаларын беру, мысалы, «орындарыңнан тұрыңдар», «бұрылыңдар».

2. ТКО әдісін денеге, сандарға және бірнәрсенің ретін үйрету үшін қолданады. Мысалы, «Бірінші, басымызды ұстаймыз, екінші қолымызды екі рет көтереміз».

3. Адамның сыртқы сипаттары мен киетін киімдерін сипаттайды, мысалы, «Асанның шашы қара, көзі қоңыр, жейдесі ақ». Содан кейін оқушыларға сұрақ қойылады. «Кімнің шашы қара? Көзі, жейдесі қандай?»

4. Жаңа сөздермен таныстыру үшін суреттер мен түрлі тірек құралдарын қолдану. Суретті қолданатын болсақ, беске дейін жаңа сөз қолдана аламыз.

5. Сурет туралы сөздерді ТКО командаларымен араластырып қолдану. Мысалы; «Мысықтың суретін тап та, оны үстелге қой».

Тілді оқыту әдіс-тәсілдері оқушының тиімді білім алуы үшін ауадай қажет. Орыс тілінде оқитын сыныптардағы қазақ тілін оқытудың негізгі бағыттары тілді үйретудің 4 тілдік дағдыны қамтиды:

1- бағыт: тыңдалым;

2- бағыт: айтылым

3- бағыт: оқылым

4- бағыт: жазылым

Жалпы сыныпта сабақ кезінде ауызша және жазбаша орындалады. Тыңдайды, сөйлейді. Барлық әрекеттер барлық сыныптарда орындалады. Хабарламаның бағыты: хабарламаны алады және қалыптасады, яғни түсінеді, сабақ мақсатының нәтижесіне жетеді.

Бұл әрекеттердің орындалу барысында қазақ тілінің оқыту құрылымы бірнеше қабаттан тұратын күрделі құрылым екенін көруге болады. Бұл спиральді білім беру қағидаты болып табылады.

Спиральді білім беру бағдарламасының ерекшеліктері:

– оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды.

– Әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі.

– Жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.

6-қадамнан тұратын баспалдақ арқылы игерілетін білім беру әдісі- Блум таксономиясы. Оқушылардың қазақ әдебиетін игеру үшін «Блум таксономиясы» бойынша тапсырмаларды орындау сат-сатымен білімдерін кеңейтеді. Мысалы, 5-сынып қазақ әдебиетіндегі оқулықта «Жаңа тақырыпты өз бетімен меңгеру тапсырмалары» алты қадамнан тұрады. Бұл қадамдар тапсырмаларының мазмұны қарапайым білім мен түсінік деңгейіндегі тапсырмалардан, білімді қолдану және талдау деңгейіндегі тапсырмалардан, сонымен қатар шығармашылық және іздеушілік сипаттағы тапсырмалардан тұрады. Мәселен, «Мақал-мәтелдер-халық даналығы»тақырыбын алсақ.

1-қадам: «Білу»-1. Мақал дегеніміз не?

2. Мақал-мәтелдерде даналық ой қалай айтылады?

3. Мақал-мәтелдердің тақырыптары қандай?

2-қадам: «Түсіну»-1.Неліктен мақал-мәтелдер халық мұрасы болып саналады?

2.Не себепті мақал-мәтелдердің мазмұны өзгеріп тұрады?

3-қадам: «Талдау»-Мақал мен мәтелдің ұқсастықтары мен айырмашылығы неде?

Венн диаграммасы арқылы көрсетіңдер.

4-қадам: «Жинақтау»-Мақал-мәтелдер туралы түсініктеріңді тірек сызба арқылы

көрсетіңдер.

5-қадам: «Қолдану»-Мақал-мәтелдерді пайдаланып диалог құрыңдар.

6-қадам: «Баға беру»-Өз қалауларың бойынша таңдап алған мақал-мәтел мазмұнын

ашатын әңгіме құрастырыңдар.

Оқушылар осы 6 қадам бойынша жұмыс жасады, сұрақтарға жауап берді, тапсырманы орындады. Яғни оқушылар тапсырманы толық меңгерді, нәтижеге жетті.

Оқыту мен оқудағы диалогтік әдістің тиімділігі зор. Диалог кезінде оқушылардың қарым-қатынасы жақсарады, ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады. Диалогтік оқыту барысында оқушылар білімдерін бір-бірімен әңгімелесу арқылы жетілдіреді. Л.С. Выготский оқушы диалог арқылы оқу деңгейі жеңілдеп, тақырыпты аша түсіп, білімдегі нәтижесіне жетеді деді. Диалогтік оқыту- ең негізгі модульдердің бірі болып табылады және барлық модульдерді қамтиды. Әрбір сабақта, барлық сыныпта біз диалогтік оқытуды қолданамыз. Мерсер өз зерттеуінде диалогтың 3 түрін көрсетті. Олар: әңгіме-дебат, топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме. Диалогтік оқытуды дамыту мақсатында оқушылардың деңгейіне қарай, төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтарды дұрыс қоя білу қажет.Диалогтік оқытуды мен өз сабақтарымда кеңінен қолданамын. Мысалы, 3-сыныпта «Жемістер» тақырыбында оқушылар сөздерден бастап, сөз тіркестерін, сөйлемдер құрайды. Менің бірінші сұрағым: Мынау не? Оқушының жауабы: Мынау-алма. Екінші сұрағым: Алма қандай? Оқушы жауабы: Алма домалақ, дәмді. Үшінші сұрағым: Түстері қандай болады? Оқушы жауабы: Олар қызыл, сары, жасыл болады. Осы арада мұғалім мен оқушы арасында оқыту мен оқудың жаңа әдісі сұрақ-жауап арқылы диалогтік оқыту болды. Мәтінмен жұмыс кезінде де мәтінге байланысты сұрақтар қойылады.

3 «Д», «И»-сыныптарында «Қазақстанның көлдері» тақырыбында интербелсенді тақтадан Қазақстанның теңіздері, көлдері туралы бейнежазба көрсете отырып, сұрақтар қойылды. –Балалар, бейнежазбадан Қазақстанның қандай теңіздерін көрдіңдер? Оқушылар: Каспий теңізі және Арал теңізін деп жауап берді. Екінші бейнежазба бойынша сұрақ қойылды–Қазақстанның көлдерінен ең ірі қай көлді тамашаладық? Оқушылар: Қазақстанның ең ірі көлі-Балқаш көлін тамшаладық деп жауап қайтарды. Осылай әрбір сабақта сұрақ-жауап арқылы оқушылардың білімдері шыңдай түседі және тақырыптың мәнін түсінеді. Мысалы, Арал теңізінің бұрынғы жағдайы мен қазіргі ахуалын бойынша мәлімет алды.

Қорыта келе, оқушылардың қазақ тілінде ауызша сөйлеу және жазу бойынша функционалдық сауаттылығын қалыптастыру -басты ұстаным. Оқушылардың қатесін түзету үшін оқыту арқылы оқушыларда өзіндік ізденіс пен деңгейлік тапсырмаларды орындау қалыптасады. Сабақ соңында «Не білемін? Не білгім келеді? Нені үйрендім?» түріндегі кері байланыс жүргізіліп, рефлексиялық жаттығулар орындалады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. 2016ж.

2. Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. 2015ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *