Ашық сабақ “Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық проблемаларды шешу жолдары”


Хамитова Гульмайра Рамазановна
Химия және биология пәндерінің мұғалімі
«№18 кешкі мектебі»КММ, Шуақ ауылы Жарма ауданы ШҚО

Сабақтың тақырыбы: Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық проблемаларды шешу жолдары.

Мақсаты: білімділік –еліміздегі экологиялық проблемалар, жылыжайлық әсер,       қышқыл жаңбырлар, олардың зияны туралы түсінік беру;

дамыту – сандық есептер шығара білу дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, аймақтық компонент элементтерін пайдалану арқылы танымдық белсенділіктерін арттыру;

тәрбиелік –экологиялық тәрбие беру, өз беттерімен білім алуға, ұйымшылдыққа  тәрбиелеу.

Сабақтың типі: жаңа сабақ меңгерту.

Түрі:дәстүрлі сабақ.

Формасы: топтық жұмыс.

Барысы: І.Ұйымдастыру. Оқушылармен сәлемдесу, «Жұбыңды тап» ойынын ойнату. Қолдарында бар элемент атомдарынан формула құрастыру. Атомдардан молекула құралады, сол сияқты біз де қазір жұптасып, топтасып бірге тапсырма орындаймыз. Халық нақылында айтылғандай, «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, біріксек жеңбейтін қиындық жоқ.

Алдарыңызда «Бағалау парағы» берілген, сол арқылы әркім өз білімдерін өздері бағалау керек. Бұл жерде молекула ретінде емес, атом ретінде жеке бағаланады.

ІІ.Өткен сабақты пысықтау.

1.Кремнийді периодтық жүйедегі орны бойынша сипаттаңыздар.

2.Кремнийдің қандай маңызды қосылыстарын білесіздер?

3.Кремний қышқылын сипаттаңыздар, тұздары қалай аталады?

4.Силикат өнеркәсібінің қандай басты салалары бар?

ІІІ.Жаңа сабақ.

Сабақтың тақырыбы, мақсаты айтылғаннан кейін, әр топқа жеке тапсырма беріледі.

1-ші топқа: «Қазақстандағы экологиялық проблемалар.»

2-ші топқа: «Жылыжайлық әсер»

3-ші топқа: «Қышқыл жаңбыр»

1-ші топ: «Экологиялық проблемалар туралы»

Қазақ даласында алғашқы ядролық жарылыс жасалғанына биыл 56 жыл толады.1991 жылғы тамыздың 29- ында халықтың жаппай талап етуімен әлемдегі

аса ірі полигондардың бірі жабылды.Қазақстан өзінің тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап сыртқы саясатының бейбіт жолын таңдап алды. Ядролық сынақтар тоқтатылды.. Жабылғанымен де, қазақ ұлтына Абайдай, Шәкәрімдей ұлы азаматтарын сыйлаған дарқан дала бұрынғысынша қауіпті болып отыр. Оның үстіне Семей полигоны әлемдегі ең ашық-шашық полигон есебінде қалып отыр. 40 жыл бойы жарылыстан көз ашпаған қазақ даласының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан зардаптары жан түршігерлік. Егер ғалымдардың нақты деректеріне сүйенсек, Семей өңірінде полигон жұмыс істеген жылдары жасалған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты 1945 жылы американдықтардың  Жапонияның Хиросима қаласына тастаған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе күшті екен. Солай бола тұрса да, кезінде «бейбіт жарылыстар» деп айдар тағылған қасіреттің зардаптарына қарағанда әлем жапон трагедиясы туралы әлдеқайда көп хабардар. Ауызға да соны бірінші алады. Ал, Семей ядролық сынақ полигонының әкімшілік шекарасының ұзына бойы-600 шақырымдай. Қарап отырсаңыз, мұның өзі шаруашылық мақсаттарға пайдалануға болатын орасан үлкен аумақ емес пе? Сонымен бірге зардап шеккен жерлердің көлемі полигонның өзінен 16 есе үлкен- шамамемн 304 мың шаршы шақырым. Алғашқы ядролық жарылыс 1949 жылғы тамыздың 29-ында жасалды. Ал, 1953 жылы тұңғыш рет термоядролық қондырғы сынақтан өтсе,1955 жылы әлемдегі алғашқы сутегі бомбасы осы қазақ даласында жарылды. Полигонның жұмыс істеген 1949-1989 жылдары аралығында осы аймаққа жалпы саны 468 ядролық жарылыс өткізілген. Олардың 125-і атмосфералық (26-сы жерүсті, 91-і ауада,8-і биіктіктегі ) жарылыс болса, 343-і жерасты (215-і көлденең қазбалы, 128-і ұңғылы) сынақтар. Яғни, мәлімет бойынша айтсақ, кезіндегі қызыл империяның барлық ядролық сынақтарының үштен екі бөлігі қазақ даласында жасалды.

2-ші топ:Жылыжай әсері туралы баяндап береді.

Озон электр зарядтарының әсерінен табиғатта найзағай ойнағанда және ормандарда қылқанды ағаштардың шайыры тотыққанда пайда болады. Озонның ең көп концентрациясы 20-22 км қашықтықтағы стратосфера қабатында кездеседі және ол 5 км биіктікке дейін таралған, осы қабатты озон қабаты деп атайды. Жер бетіндегі ауа атмосферасын түгелдей қоршаған 2-3 мм. қабатша түрінде болады. Озон қабаты Жер бетіндегі тірі ағзалар үшін қауіпті күннің ультрокүлгін сәулені жұтып, оның күйдіргіш әсерін азайтады. Аталмыш сәуле гамма және ренгендік сәулеленуге қарағанда ағзада күрделі өзгерістер туғызуы мүмкін, яғни иммундық жүйе, тері жасушаларының рак ауруларын және т.б. ауруларды туғызуы мүмкін. Негізгі жылыжай газы –жердің жылу сәулесін 60%-ға дейін ұстап қалатын су буы. Қалған 40%-ын басқа жылыжай газдары ұстап қалады, соның ішінде 20%-дан көбі –көмірқышқыл газы. Ол отынның жануы кезінде түзіледі.

С + О2 = СО2 –көмірдің  жануы.     С3Н8 + 5О2 = 3СО2  +4Н2О –газдың жануы.

С25Н52 + 38О2  = 25СО2 + 26Н2О –мазуттың жануы.

Озон қабатының бұзылғаны 1980 жылы Антарктидада байқалды, тұрақты түрде стратосфералық озон концентрациясы төмендеуін байқаған. Бұл құбылысты“озон тесігі” деп атаған. Озон қабатының бұзылуының негізгі себептері келесі химиялық қосылыстардың әсерінен болды: “хлорфторкөміртек” (ХФК) немесе оны фреондар деп атайды, сонымен қатар азот оксиді (NОх) және көміртек оксиді (СО) Фреондарды 1930 жылдары суытқыш құрылғыларда, кейінірек ауаны кондиционирлеу жүйелерінде қолдана бастады, сонымен қатар полимерлерді өндіруде, дезодоранттарда, лактарда, бояуларда еріткіш ретінде де қолдануда. Олар улы емес, тұрақты, жанбайды, суда ерімейді, өңдеуде және сақтауда қолайлы. Осы қосылыстар озон молекуласымен әрекеттесіп, оны ыдыратады, осы себептен оларды катализаторлар деп атады.

1985 жылы әлемнің әртүрлі елдерінің өкілдері жиналып, Венада озон қабатын қорғау жөніндегі Веналық конвенцияға қол қойды.

3-ші топ: Қышқыл жаңбырлар.

Қышқыл жаңбыр — ол күкірт оксидінің және азот оксидтерінің атмосферада болуының нәтижесі.Күкірт оксиді ауаға құрамында күкірті бар қазба отын түрлерін жағу барысында таралады. Пайдаланылатын отын түрлерінің ішінде күкірт оксидін таратудан бірінші орынды тас көмір алады,екінші орынды-мұнай,ал табиғи газ үшінші орында тұр.Атмосфераға азот оксидтерінің көп таралуы отынның барлық үш түрінің өте жоғары температурада жануымен байланысты.

Күкірт диоксиді және азот оксиді  атмосферадан химиялық реакцияға тез түседі.Күкірт диоксиді,кейін су тамшыларында еріп,күкірт   қышқылы түзілетін үш оксидіне дейін тотығады.Азот оксиді де су тамшыларында еріп,азот қышқылы түзілетін азот оксидіне дейін тотығады.Осы екі қышқыл,сондай-ақ бұл қышқылдардың тұздары қышқыл жаңбырдың жаууына себепші болады.Ауада бұл қышқылдардың мөлшері неғұрлым көп болса,қышқыл жаңбыр соғұрлым жиі жауады.

Күкірт және азот қышқылдары қышқыл жаңбырға әртүрлі үлес қосады.Мысалы,Калифорнияда қышқыл жаңбырдың басым бөлігі сульфадтар болса,АҚШ-тың солтүстік – шығысында  жаңбырдың шамамен 15-30 проценті қышқылдығы  нитраттар болып табылады.

Жаңбыр суын таза су деп айтуға болмайды;ол  атмосфераның   табиғи  құраушысы —  көміртек диоксидімен  бірге жүреді де,оны еріткенде,суда әлсіз  көмір   қышқылы түзіледі.

Қышқыл жаңбыр суы қышқыл көлдердегі балықтардың популяциясына  айтарлықтай әсер етеді. Судың қышқылдығына байланысты көлдегі балық саны  кемуі немесе мүлдем жоғалып кетуі мүмкін.

Қышқыл жаңбырдың әсерінен балық саны азайған көп жерлерде қалың қар басқан өте суық қыс байқалған.

Төңіректегі қар еріген кезде қышқыл су көлдерге құйылады да,олардың қышқылдығы күрт көтеріледі. Қар жамылғысы еруі мен қышқылдықтың күрт өсуі балықтардың уылдырық шашу уақытына сай келеді.Сонымен,шашылған уылдырық қышқыл суға түседі,бұл жыл бойы байқалады.Балық  санының  қысқаруына  байланысты  балықпен  қоректенетін жануарлардың   саны  да   азаяды   деп  болжауға болады.

Ғалымдар қышқыл жаңбырдың әсерінен бақа,құрбақа және тритондар саны да кемиді деп болжайды.Бұл  түрлердің  көпшілігі  көктемгі  жаңбыр  кезінде  пайда  болатын  уақытша  су  қоймаларында көбейеді;  ондағы   сулардың     көлдердегі   суға   қарағанда қышқылдығы  көп  болуы  мүмкін,өйткені,бұл уақытша  су қоймалары   қышқылдығы  жоғары  жаңбыр  суынан пайда  болған.Бұл  түрлердің саны  ересек  даралардың  жаппай  қырылуынан емес,жас  даралар  популяцияны  толтырмауынан  азайып, жойылады.

Қышқыл жаңбырлар жануарларға ғана емес,сонымен бірге өсімдіктерге де кері әсерін тигізуде.

Ғалымдар әзірше қышқыл жаңбырдың адам денсаулығына тікелей әсерін байқаған жоқ,бірақ мұның салдары әлбетте бар.Бұл мүмкіндік қышқыл судың жоғары ерітушілік және басқа да жолмен әртүрлі  минералдарға әсер ету қасиетіне байланысты.

Қышқыл  жаңбырлар құрылыс ерітінділері  мен  тасты да осы материалдың құрамына кіретін кальциймен және магниймен әрекеттесіп, бүлдіреді. Орнынан келтірілмейтін мүсіндерге де аса қауіп төнеді.Темірден және басқа металдардан жасалған құрылыстар да қышқыл жаңбыр әсерінен болатын жемірілуге төзімсіз.

ІV.Есептер шығару. (аймақтық компонентке байланысты)

1-топқа: Біздің ауылымыздағы жылу қазандығы тәулігіне 24 тонна мазут жағады. 1 тонна мазут жанғанда 30 кг көміртек (ІV) оксиді СО2 бөлініп шығатын болса, бір тәулікте қоршаған ортаға қанша көміртек оксиді бөлінеді?

2-топқа: Біздің ауылымыздағы жылу қазандығы тәулігіне 24 тонна мазут жағады. 1 тонна мазут жанғанда 37 кг күкірт (ІV) оксиді SО2 бөлініп шығатын болса, бір тәулікте қоршаған ортаға қанша күкірт оксиді бөлінеді?

3-топқа: Біздің ауылымыздағы жылу қазандығы тәулігіне 24 тонна мазут жағады. 1 тонна мазут жанғанда 2,85 кг азот (ІV) оксиді NО2 бөлініп шығатын болса, бір тәулікте қоршаған ортаға қанша азот оксиді бөлінеді?

V.Видеофильм көрсету. (интернеттен алынған) Бұл дыбыссыз түсірілген кино, қазір сіздер дыбыс операторларының рөлінде, режиссердың не айтпақ болғанын айтып бересіздер.

1-топ: «Табиғи апаттар»

2-топ: «Қышқыл жаңбырлар.»

3-топ: «Жылыжайлық әсер»

VІ. Жаңа сабақты қорытындылау. (шығармашылық қабілеттерін дамыту)

1-топ: «Табиғат және біз»,

2-топ: «Планетаны аман сақтап қалуға менің үлесім»,

3-топ: «2030 жылы Қазақстанды қалай елестетеміз» тақырыптарында эссе жазу.

VІІ. «Бағалау парағы» бойынша өзін-өзі бағалайды.

VІІІ. «2 жұлдыз, 1 тілек» Оқушылар бір-біріне тілек айтып, стикерлер ұсынады.

Мұғалімнің қорытынды сөзі: Елбасымыздың халыққа жолдауында: «2030 жылғы Қазақстан ауасы таза, мөлдір сулы, жасыл желекті елге айналуға тиіс. Өндіріс қалдықтары мен радиация бұдан былай біздің үйлеріміз бен бақтарымызға енбейтін болады. Барыс өзі ішетін тұнық судың лайланбауын, ал өзі аясында тіршілік ететін табиғат пен тыныстайтын ауасының жақсаруын қатаң қадағалап отыратын болады» деген болатын, ендеше еліміздің экологиясы таза, суы мөлдір, жасыл желекті елге айналуына біз де өз үлесімізді қоса берейік.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *