Педагогическая статья: «Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытуда ойынның ролі»


Касымжанова Жаннур Кусайновна
воспитатель ТОО «Дошкольный мини-центр «Бобек»

       Баланың бірінші әрекеті – ойын, сондықтан да ойын – адамның өмірге қадам басардағы алғашқа қадамы.

Абай атамыздың «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» деген өлең шумақтары тегін айтылмаса керек. Көптеген жазушылар бала ойынының психологиялық мәнін көркем бейнелер арқылы ашқан.

Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін негізі іс-әрекет – ойын. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдар еңбегімен, қарым-қатынастармен танысады. Ойынды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзкарастарын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалау қажет. [1.26]

Ойындар жас ерекшелігіне сай жүргізіледі. Ойын оларға топта да, серуенде де қажет. Қимылды ойындар баланың барлық жас кезеңінде өтеді. Ойын арқылы бала өзіне пайдалы қозғалыс әрекеттерін меңгереді және оған жаттығады ойындар өз әрекеттерін жолдастарының әрекетімен үйлестіріп, жеке мүддесін ұжым мүддесімен біріктіруге, шыдамдылыққа өзін-өзі ұстай білуге, ұжымның жетістігіне деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге көмектеседі. Оның ішінде балалардың жас ерекшеліктеріне сай қолданылатын дидактикалық ойындардың маңызы зор. Дидактикалық ойындар – балалар үшін өзіне тән жүру барысы, мақсаты, маңызы бар әрекет. Ойындарды бала тәрбиесіне енгізу үшін тәрбиешілер көптеген жұмыстарды атқарады. Дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану ұйымдастырылған оқу қызметінің әсерлігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болу керек. Дидактикалық материалдармен көрнекіліктерге назар аудару қажет. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, оқу қызметіне деген ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың маңызы зор.

Білім беру бағытын жүзеге асыруда дидактикалық ойындарды ұйымдастыру үшін педагог ең маңызды үш бағытпен жұмыс жүргізеді:

1. Дидактикалық ойынға дайындық

2. Дидактикалық ойынды өткізу

3. Қорытынды

1. Дидактикалық ойындарды дайындап ұйымдастыруда мынадай талаптарды жүзеге асыру керек.

– тапсырмаларды оқып, білімді тереңдету, талғамын арттыру, психикалық үрдісін айқындату;

– бағдарлама мазмұны тәрбиеші мен балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуы керек;

-ыңғайлы уақытын айқындау;

– ойын өткізілетін орындарды сайлау, кедергісіз, алаңсыз ойнау;

– қажетті дидактикалық ойын материалдарын, ойындарды дайындау;

– тәрбиешінің дайындығы, ойын жүрісін, маңызын білуі, ойындағы тәрбиешінің рөлі, әдісін меңгеру;

– балаларды ойынға дайындау, білім деңгейін, заттар мен қоршаған орта шартын меңгеруін қажет етеді.

2. Дидактикалық ойынды өткізуде, жүргізуде мынадай талаптар қойылады:

– балаларды ойын шартымен мазмұнымен таныстыру, дидактикалық материалдармен ойынды қолданатын заттармен таныстыру, қысқаша әңгіме жүргізу, сол арқылы балалардың деңгейін анықтау;

–  ойын шартын, жүрісін түсіндіру арқылы педагог балалардың қабілетін, ойын шартының дұрыс орындауын анықтау;

–  ойын жүргізу, ойын шартын дұрыс орындауын қадағалау керек;

– тәрбиешінің ойын нәтижесін анықтауда, ойыншылардың білім сапасын, жанкүйерлердің қатысуына да мән беру керек. Ойынға қатыстыруда тәрбиеші ойынға кеңес беріп, сұрақ қою, есте сақтауына мән береді.

– ойын нәтижесі – оны жүргізеді жауапкершілікті айқындаудың маңызды сәті. Сонан соң балалардың өздері талдап, сол арқылы қызығушылықтарын, талпыныстарын анықтауға болады. [2.125]

Ойынның соңында тәрбиеші балаларға жеңіске тек қана еңбек нәтижесінде келетінін айтады. Балаларға: «Сендерге ойын ұнады ма, келесіде жаңа ойындар ойнаймыз, ол да осындай қызықты болады» -деп, шыдамдылықпен сол күнді күту керектерін айтады.

Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:

1. Заттық дидактикалық ойындар – ойыншықтармен және түрлі материалдармен ұйымдастырылады.

2. Үстел ҥстінде ойналатын дидактикалық ойындар: лото, домино, және тағы басқалар.

3. Сөздік дидактикалық ойындар.

Дидактикалық ойын балалардың коршаған орта туралы түсінігін кенейтеді, баланы ойнай білуге баулып, ақыл-ой қызметін қалыптастырады, әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойынның ережесі балалардан ұстамдылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Сонымен қатар, дидактикалық ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі. Баланың тілін дамытуға ауызекі сөйлеу, тілдің дыбысталу мәдениетіне тәрбиелеуде, байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын дамыту үшін ұйымдастырылған оқу қызметі және оқу қызметінен тыс уақытта ойналатын дидактикалық ойындардың маңызы зор. Дидактикалық ойындардың құралдары ұзақ уақыт сақталуы үшін эстетикалық, гигиеналық талаптарға сай, әдемі қобдишаларда тұрғаны дұрыс.

 

Дидактикалық ойындарды қорытындылауда педагог қандай әдіс- тәсілдердің арқасында мақсатқа жеткенін анықтауды қажет етеді.

Сол арқылы педагог өз жетістігін, кемшілігін анықтайды, келесіде болдырмауды тырысады. Сондықтан бірге ойынды қорытындылып, балалардың жекелеген мінездерін анықтауға көмектеседі.

Дидактикалық ойындар көмегімен балалар білімдерін арттырады, тәрбиеші мен қатар тәрбиеленушілермен қарым-қатынаста болады. Жанкүйер достарының көмегімен жаңа ақпарат алады. Бұл бала дамуында маңызды рөл атқарады. Ойынды бастамас бұрын тәрбиеші бала бойындағы қызығушылығын, ойынға деген талпынысын арттыру керек. Балалар ойынның күнделікті ұйымдастырылған оқу қызметіне қарағанда көңілдірек болатынын, күнделікті оқу қызметі арасындағы дидактикалық ойын маңыздылығын түсіне бастайды. Балалардың көңіл-күйін көтеруге де ойынның ықпалы тиеді.

Дидактикалық ойынның ұзақтығы маңызды. Егер де ойын ұзаққа созылса балаларды жалықтырып, қысқа болса ойын мазмұнына түсінбей қалады. Тәрбиеші ойынды ұйымдастырғанда көп іркілмей, анық, қысқа түсіндіру қажет. Сондықтан ойынға сәйкес жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақ, мақал, түрлі сөздерді де пайдаланып отырған жөн.

Тәрбиеші ойынның бастан аяқ жүрісін қадағалап отырады, сәтті кезеңдерді мақтап, балаларды қатысуға қызықтырып, өз күшіне деген сенімділігін арттырады. Егер де жылдамдықты қажет ететін жарыстар болса ойын нәтижесін анықтауда сақ болған дұрыс. Сондықтан тәрбиеші фишкі қолданып, дұрыс шешімін айту керек және мақтауды көбірек пайдаланып отырған дұрыс. [3.74]

Қорыта айтқанда, бала ойнай да, ойлай да білсін. Балалар – біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Олардың ойын арқылы алған тәлім- тәрбиесі болашақта балаға дұрыс жол көрсетеді.

Әдебиеттер:

1.Л.Т. Есенгельдиева. Абай шығармашылығы мектеп жасына дейінгі балалардың рухани-адамгершілік негіздері. Мектепке дейінгі мекемедегі инновациалық үрдісі. -Астана, 2009ж. [1.26]

2. Қ. Жарықбаева. Жантану негіздері. – Алматы, 2002ж. [2.125]

3. О. Ельцова. Игры журнал // Дошкольное образование 2008ж. [3.74]

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *