«Ұлыстың Ұлы күні төрімізде» байқауы


Абельдинова Динара Кенжебековна
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы
 Астаны қаласы Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны “Көпбейінді  колледжі”

Байқаудың мақсаты: Қазақстан халықтарының әдет-ғұрыптарын, үздік ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеуге, сақтауға, дамытуға көмектесу.

Байқаудың міндеттері:

– студенттердің ұлттық салт-дәстүр туралы білімдері мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту;

– ұрпақ сабақтастығына, басқа адамдарға деген сыйластық пен мейірімділікке, этникалық мәдениетке, Отанға деген эмоционалды-жағымды қарым-қатынасқа тәрбиелеу.

Жауаптылар:

– ұйымдастыру шараларына “Гуманитарлық пәндер” ПЦК;

– безендіру шараларына “Жаратылыстану пәндері” ПЦК;

– спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға “АӘД және дене тәрбиесі” ПЦК;

– әділқазы мүшелері – Әкімшілік.

 

Байқаудың барысы

 

Сахна сыртында

Бағыма көктемменен еніп едің
Іздедім шуағыңнан көңіл емін.
Бір мезгіл жоғалғаным табылғандай
Шаттанды шашуыңнан төңірегім
Көркейтсін елімізді Наурыз күн,
Тербетсін табиғатты дана жырың

Қош келдің төрімізге төрлет бүгін!
Би

Шашу

Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды,

Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.

Уа, жамағат, теріп ал несібіңді,

Ризығың болсын көл – көсір!

Қашанда құт – береке орнасын деп,

Тойларда шашу шашу – салты елімнің.

Уа, халайық! Теріп ал несібіңді,

Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің!
фан-фары

Выходят ведущие

Айдана:
Қайырлы күн ардақты ағайын, қадірменді көпшілік!

Надира: Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді. Ендеше, той құтты болсын!

Азамат:Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді боп, тілектеріңіз қабыл боп, аман-есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда, жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы ұлыстың ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз есігін қуанышпен ашсын. Барлық жақсы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын!

Айдана: Көпбейінді колледжінің «Ұлыстың Ұлы күні төрімізде!» атты мерекелік кешіне қош келдіңіздер!
Надира: Құтты болсын Ұлыстың ұлы күні,

Шаттандырған елімді Тәңір нұры.

Табиғатты түлеткен нұрландырып,

Құтты болсын Наурыздың жаңа күні!

Азамат: Қыздар, бүгінгі Ұлыстың ұлы күні – ата-баба сөзімен айтқанда ақ түйенің қарны жарылған күн. Наурыз мейрамы – бұл көктем мен еңбектің мерекесі, күн мен түн теңесетін күн.

Айдана: Иә, Азамат, бұл мейрам 22 наурыздан 19 сәуірге дейін тойланатын ұзақ мейрам. Көктем мен Жаңа күн мерекесі.

Надира: Достар, төрімізге Наурыз келгенде, әрине, басшының да айтар тілегі болар. Ендеше, құттықтау сөзін колледжіміздің директоры Серік Балтыханұлына берейік.

“Наурыз-көктем” әнімен ________________________ қарсы аламыз!

 

Азамат: Наурыз – көктем мерекесі. Наурыз – жыл басы. Наурыз – жаңа серпін, жаңа леп.

Айдана: Ендеше жаңа серпінмен, жаңа леппен колледж бөлімдерінің арасында өтетін «Ұлыстың Ұлы күні төрімізде» атты байқауды бастауға рұқсат етіңіздер!

Надира: Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

1. «Ата салтын ардақтайық»;

2. «Ұрпақтар сабақтастығы»;

3. «Қазақтық болмысы – ұлттық тағамында». Ал әділ бағасын беретін әділқазылар алқасы – колледж әкімшілігі.

Азамат: Айдана! Ата – бабадан жеткен халқымыздың тамаша жоралғылары мен дәстүрлеріне құлақ салып, зердемізге түйіп, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыра алсақ, қандай ғанибет болар еді.

Айдана: Әрине, Азамат!

Надира: Азамат, Айдана! Олай болса байқаудың алғашқы кезеңін бастау үшін кезекті “Туризм” мамандығы бөліміне берсек қарсы болмайсыңдар деп ойлаймын.

 

“Туризм” мамандығы бөлімінің “Құда түсу” дәстүрінен көрініс

 

Азамат: Керемет!

Айдана: Иә, келісемін. Ал “Тамақтандыруды ұйымдастыру” мамандығының бөлімі бізді несімен “Пах, шіркін” дегізер екен?!

 

“Тамақтандыруды ұйымдастыру” мамандығы бөлімінің “Cүйінші” дәстүрінен көрініс

 

Надира: Қазақтың салт-дәстүрімен құда түсіліп, сүйінші дәстүрі өз жалғасын тапты. Ал, осы ата-дәстүр салтын “Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану” бөлімі немен жалғастырар екен?

 

“Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану” мамандығы бөлімінің “Бесікке салу” дәстүрінен көрініс

 

Азамат: Надира, ата-салтын ардақтап қана қоймай, бүгінгі келелі ұрпаққа “Ұрпақтар сабақтастығын” да байланыстырып өтпекпіз. Өйткені, өткен мен бүгін келешекке жарқын жол ашпақ.

Айдана: Рас, ендеше байқаудың келесі тамаша кезеңін бастайық. Алдарыңызда “Туризм” бөлімінің музыкалық сәлемдемесі!

 

“Туризм” бөлімінен музыкалық сәлемдеме

 

Надира: Құт береке, Наурыз айым келді деп,
Жер түледі, жасыл желек желбіреп,
Айналайын, қазақ елім, кең далам,
Қарсы алады нұрға толып, елжіреп.

Азамат: Алдарыңызда “Тамақтандыруды ұйымдастыру” бөлімі!

 

“Тамақтандыруды ұйымдастыру” бөлімінен музыкалық сәлемдеме

 

Айдана: Біздің колледждің оқытушылары мен студенттерінің әз-Наурызда ән айтылып, би биленіп көпшілікке тамаша тарту сыйлады. Ал енді нағыз азаматтарды дайындайтын “Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану” бөлімі қандай өнерімен таң қалдырар екен?!

 

“Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану” бөлімінен музыкалық сәлемдеме

 

Надира: Мінекей, ұстаз бен шәкірт арасындағы ұрпақтар сабақтастығы да өз жалғасын тауып, келесі «Қазақтық болмысы – ұлттық тағамында» атты кезеңіне де келіп жеттік.

Азамат: Надира, әр ұлттың өз болмысы ұлттық тілінде, дәстүрінде, киімінде. Әрине ұлттық тағамында.

Айдана: Достар, осы байқауға қатысып отырған бөлім қатысушыларына ұлттық тағамдар бойынша сұрақтар қойып, ұлттық тағамдарды қаншалықты білетіндерін тексеріп көрейік.

Надира: Мына жерде мен 3 сұрақ дайындадым. Әр бөлім өзі таңдаған тағам атауына сипаттама бересіздер.

 

Әсіп – етті, өкпе, бауыр мен бүйректі, құйрық майды ұсақ етіп турап, күріш, ұсақ туралған пияз, тұз қосып, жақсылап араластырып, майлы ішекке тығып, етпен бірге сорпаға пісірілетін тағам.

Ежігей – қаймағы алынбаған сүтті ашытып, қайнату жолымен алынатын құрттың бір түрі.

Қазанжаппа, – ұннан қамыр илеп, дөңгелектеп жұқа қылып жайып, ыстық қазанға жапсырып пісірілетін тағам түрі.

 

Азамат: Қыздар, сендердің бұл сұрақтарыңды мен де “Көрерменге бір сауал” айдарымен жалғастырсам деймін. Дұрыс жауабын тапқан адамға  арнайы сыйлығым да  бар. Саумалық дегеніміз не?

Саумалық – Наурыз мейрамының алдында Көрісу күні бір-біріне айтылатын тілек.

Айдана:  Азамат, көрермендерге рахмет айтып, ұлттық тағам тақырыбынан алшақтамай-ақ келесі кезеңге көшейік.

Надира: Дұрыс айтасың, Айдана. «Қазақтың болмысы – ұлттық тағамында» кезеңін бастау үшін сөз кезегін “Туризм” бөліміне береміз!

 

“Туризм” бөлімінің ұлттық тағам бойынша шеберлік сыныбы

 

Азамат: “Туризм” бөлімінің ұлттық тағамды жарнамалауынан  соң халқымыздың “Ұлттық тағам – ұлт мақтанышы” деп тегін айтпағанына көзім жеткендей.

Айдана:  Азамат, сен мақтаудың түбін түсіреді екенсің! (күледі) Астана қаласының нағыз майталман аспаздарын дайындайтын “Тамақтандыруды ұйымдастыру” бөлімі өз кезегін күтіп қалған сияқты. Сөз бермейміз бе?!

 

“Тамақтандыруды ұйымдастыру” бөлімінің ұлттық тағам бойынша шеберлік сыныбы

 

Надира: Керемет! Не дегенмен бармағынан бал тамған аспаздар ғой!

Азамат: Иә, келісемін, бірақ “Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану” бөлімінің өкілдерін де “Тамақтандыруды ұйымдастыру” бөлімінен асып түспесе кем түспейді деген сеніммен ортаға шақырамын!

 

“Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану” бөлімінің ұлттық тағам бойынша шеберлік сыныбы

 

Айдана:  Иәәә! Азамат, сен  дұрыс айтыпсың! Ұлттық тағам — ұрпаққа аманат іспеттес. Біздің байқауға қатысушы 3 бөлім де әр кезеңге үлкен ыждахатпен дайындалғаны көрініп-ақ тұр.

Надира: Ертеде бабаларымыз «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деген екен. Бата – ақ ниетпен айтылатын тілек. Наурыз мейрамында да салт дәстүр бойынша мынандай іс-шарада бата беру маңызды. Сондықтан Наурыз батасын алу үшін ортамызға Қыдыр атаны шақырайық!

 

Бата

 

Азамат: “Баталы ел бақытты” дегендей Наурыз батасын да алдық. Сонымен қатар осы байқау арқылы көңілге қуанышты да, шипаны да ата-бабамыздың дәстүрінен тапқанымызға көз жеткіздік. Бірақ, байқау болған соң, марапаттауға лайық жеңімпазды анықтауымыз керек. Сондықтан, әділ-қазылар алқасы өз шешімін айтуға дайын болғанша алдарыңызда “Қара жорға” биі! Қарсы алыңыздар!

Айдана:  Күлімдеп қарап күміс күн,

Аспаның бүркіп пүліш түн.

Келді Наурыз – жыл басы!

Ұлы күні Ұлыстың – дей келе, байқаудың қорытындысын шығару үшін ортаға әділқазы қауымын шақырамыз!

Надира: Әділқазы береді,

Жүйріктерге сыйлықты.

Бізге айтып береді,

Кім өнерлі, кім мықты?

 

Әділқазылар алқасының қорытынды сөзі

Азамат:

Наурызды тәңір бізге нәсіп еткен,

Мейірім танысын деп тасып өткен.

Наурыз сән – салтанат, ұлттық рух,

Бақытты Наурызы бар халқым неткен!

Айдана:  құрметті көрермен қауым, байқау қатысушылары! Бүгінгі Наурыз мерекесін ұлықтау іс-шарасы да өз мәресіне жетті. Наурыз құтты болсын, ағайын! Алдарыңызда “Наурыз-думан” әнімен Қалдан Карина мен  Адалбекқызы Шаттық!

 

“Наурыз-думан” әнімен Қалдан Карина, Адалбекқызы Шаттық

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *