«Мақал-мәтел-сөз мәйегі»


Акишпаева Анар Талаповна
методист Управления образования Павлодарской области Центр информационных технологий

Мақсаты:

1.     Жас ұрпаққа мақал-мәтелдерді қажет жерде дұрыс қолдана білуге дағдыландыру;

2.     Мақал-мәтелдің зор тәрбиелік мәнін түсіндіру, ұлттық дәстүрді құрметтеуге баулу.

3.     Әр мақал-мәтелдің мін-мағынасын түсіне білуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау

Сабақ түрі: Сайыс сабақ

Уақыты: 45 мин

Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, стикерлар.

Пәнаралық байланыс: Әдебиет, музыка

Тәрбие сағатының барысы:

1.    Ұйымдастыру кезеңі: (Психологиялық ахуал туғызу) Сынып ішкі және сыртқы шеңберге тұрады, мұғалім әрбір оқушыға қарама-қарсы тұрған оқушыға қарап бір-біріне өзінің ең жақсы қасиетін айтуды сұрайды. Содан кейін ішкі шеңбердегі оқушылар солға қарай бір адым жасап, келесі оқушыға алдыңғы жұбының қасиетін және өзінің жақсы қасиетін айтады. Осылайша оқушылар бір-бірінің жақсы қасиеттері туралы біледі.

2.    Топқа бөлу. Әр оқушының орындығының артына түрлі-түсті стикерлер жабыстырылады. Сәйкес түстер бір топты құрайды.

3.     Кіріспе сөз:

–                     Қымбатты оқушылар, келген қонақтар! Осындай жақсы көңіл-күймен тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

–                     https://www.youtube.com/watch?v=JTm_psfan4Q Қосымша материал! (тыңдау)

–                     Қазақ халқының би, шешендері бір ауыз ұтымды сөзбен, оралымды, келісті мақал-мәтелмен небір үлкен дауларды шешкен. Сондықтан да мақал-мәтелдерді үйрену, оның мағынасын түсіну сендерді қазақ халқының тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын түсінуге, шебер де әдемі сойлеуге үйретеді. Ал қазір, мына мақал-мәтелдерің мағынасын ашып көрейікші.

 

Таныған жерде бой сыйлы,

Танымаған жерде тон сыйлы.

 

Өзін ғана ойлаған – Жамандықтың белгісі,

Өзгені де ойлаған – Адамдықтың белгісі.

 

Жеті атасын білмеген ұл жетесіз.

(Осы мақал-мәтелдердің мағынасын ашу арқылы, оқушылардың сөздік қоры, ой-өрісі кеңейе түседі.)

Иә, балалар, мақал-мәтел халықтың сан ғасырлық көрген білгенінен, бастан кешкен уақиғаларынан қорытқан ақыл ойының жиынтығы, анықтамасы: табиғатта, өмірде үнемі қайталап тұратын оқиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні.

Мақал-мәтелге өте ұқсас, ықшам келген нақыл сөз. Бірақ, айтайын деген ой тұспалдап жеткізіледі. Сөздері өткір келеді. Мақал мен мәтелді шығаратын да халық, тарататын да халық.

Қазақтың мақал-мәтелдерінің айтары-өсиет, ұлағат, тәлім, парасат, ізгілік, адамгершілік т.б.

Ендеше сабағымызды бастамас бұрын, оқушылардың «мақал-мәтелдер айтысын» тамашалайық.

Оқушылар:

1.     Сәлеметсіз бе? «Көрген жерде ауыл бар», -деп келіп қалдық.

2.     «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді»,-демекші, қалыңыз қалай?

3.     «Алыстан сәлем береді, әдепті болса, баласы», – дегендей, қандай әдепті баласыңдар?

4.     «Келгенше қонақ ұялады», – деуші еді, келіңіздер, төрге шығыңыздар, қонақ болып кетіңіздер.

5.     «Жат астына қарайды, дос басына қарайды», – деуші еді аталарымыз, қысылмаңыздар.

6.     «Қонағын сыйласа, төрге бастар», – дегендей, төрге шығайық.

7.     «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше», – демекші, таныса отырайық.

8.     «Мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл», – деген. Есімдеріңіз кім болады? (Бәрі есімдерін айтып шығады)

9.     Халқымызда «Қонақ кәде» деген болушы еді. «Өнерлі өрге жүзер» дегендей, өнерлерін болса, көрсетіңдер.

 

«Армандастар» әні орындалады.

 

Сөзін  жазған: Нұрсұлтан Әлімқұлов

Әнін жазған: Әсет Бейсеуов

 

Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік,

Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік.

Бәріміз де жазылмаған дастан едік,

Армандастар – құрдастар!

 

Қайырмасы:

Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,

Бәріміз бір өмір жолын бастап едік.

Армандастар қайда?

Абзал достар қайда?

Замандастар, қарлығаштар қайда екен?

 

 

Арман қуған, қиял қуған кезің қайда?

Құрбы қыздар, мөлдіреген көзің қайда?

Сол алғашқы алаулаған сезім қайда?

Армандастар – құрдастар!

 

Қайырмасы.

 

Бәрің, достар, әр тарапқа кеттіңдер ме?!

Әлде биік асулардан өттіңдер ме?!

Әлде игі армандарға жеттіңдер ме?!

Қайдасыңдар, құрдастар?!

 

Қайырмасы.

 

Өнер-білім сайысы. Сайысқа қатысатын топтармен таныстырамыз.

Осы сайыста төрелік етуші әділ қазылар алқасын таныстырып өтейік.

 

Сайыс төмендегі бөлімдерден тұрады:

А) «Сәлем-сөздің атасы»,-дегендей бірінші бөлім өзін-өзі таныстыру.

Ә) «Білек сүріндіре алмағанды, білім сүріндіреді»,- демекші, екінші бөлім-білім сайысы, сұрақ-жауап.

Б) «Мақал-мәтел – маржан сөз, қоса көрме арзан сөз»,-дегендей, үшінші бөлім мақал-мәтел жарысы, кімнің мақал айтуға жүйрік екенін байқаймыз.

Халық мұрасының қыр-сырын жақсы білген Абай өзінің шығармаларында халықтың мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін, салт-дәстүрлерін орынды пайдалана отырып, адам бойындағы надандық пен зұлымдыққа, жалқаулық пен менмендікке қарсы шыға білді.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек,- деген өлең жолдары адамның көркі – ақыл мен ой еркіндігін қайрат, ақыл, жүректің бірлігінің маңыздылығын айқындай түседі.

Мақал-мәтел жарысы 3 бөлімнен тұрады: (Интербелсенді тақтада жазылып тұрған мақал – мәтелдердің жалғасын табу)

1.     Ақыл туралы мақал айтайық. Жалғасын тап:

1.     Білекті бірді жығар, …білімді мыңды жығар.

2.     Білімсіз күнің жоқ,…оқусыз білім жоқ.

3.     Батыр туса-ел ырысы, … жаңбыр жауса – жер ырысы.

4.     Ата көрген – оқ жонар,…ана көрген – тон пішер.

5.     Адам көркі – шүберек, … ағаш көркі – жапырақ.

6.     Еңбектің наны тәтті, … жалқаудың жаны тәтті.

2.     «Кім тез мақал құрастырады?»

1.     Қыс –жаз (Қыста қысыларсың, жазда-жазыларсың)

2.     Үлкен-кіші (Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без)

3.     Жақсы-жаман (Адам туа жаман болмайды, Жүре жаман болады)

4.     Батыр-қорқақ (Көз-қорқақ, қол-батыр)

5.     Әдепті-әдепсіз (Әдепті бала арлы бала-әдепсіз бала-сорлы бала)

6.     Ұқыпты-ұқыпсыз (Ұқыптының тоны тозбас, ұқыпсыздың ісі оңбас)

3.     «Өнерлі өрге жүзер» дегендей, сайысымыздың соңғы бөлімі-өз өнерлерін көрсету.

Әділқазы алқасынан ұпай санын сұрау. Қорытындылау.

Қорытынды:

Сонымен құрметті оқушылар, келген қонақтар бүгінгі біздің сайысымыз аяқталды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» табатын асыл мұра, ол – мақал-мәтел. Ақылыңа ақыл қосатын, жарқын болашағыңа жол сілтейтін, біліміңе білім қосатын, өмір танытатын қамқоршы.

Еліміздің ертеңі, болашағы мен келешегі-сендерсіңдер. Ел-жұртқа тұлға болып, жаңа ғасырды жалғастырушы да, жаңартушы да өздерін.

«Дүниеде білімнен артық қазына жоқ»,-дегендей, білімділік пен ізгілікті бойымызға дарыта берейік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *