«Мектеп жасына дейінгі балаларға ертегі терапиясын қолдану арқылы креативті ойлауын дамыту.»


Куанышева Гульмира Хисметуллиевна
КМҚК №59 «Ақбөбек» балабақшасының әдіскері

Қазіргі таңда қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген ертеңгі қоғам иегері боларлық азамат тәрбиелеп өсіру, отбасының, балабақшаның, барша жұртшылықтың міндеті болып отыр.

Білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Бүгінгі күн талабы жалпы білім беру жүйесіне, соның ішінде мектепке дейінгі ұйымдардың білім мазмұны мен тәрбиелеу  әдістеріне үлкен міндеттер жүктеуде.  Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында толыққанды мектепке дейінгі білім беруді қалыптастыруға кірісу қажеттігі нақты көрсетілген. Осыған сәйкес мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиенің басты мақсаты – баланың өз тұлғалық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін барлық жағдайды тудыру, баланың даралығын ашу, оның айқындалуына, дамуына, тұрақтануына көмек беру. Әрбір бала қайталанбайтын, ешкімге ұқсамайтын даралық ретінде қалыптасуы тиіс.

Мектеп жасына дейінгі  әрбір баланың даралығын ашу үшін ертегі терапиясын қолдана отырып, оның креативті ойлауын дамытудың маңызы зор. Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде 3 жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қасиетті нәрсенің бәрінде ертегіден алады»- деген.

Беделді ертегі терапевттердің бірі Т.Д.Зинкевич ертегі терапиясын  рухани білім беретін, әлеуметтік тұрғыдан адамды жүзеге асыратын және адамның рухани табиғатын дамытатын, тәрбие жүйесі ретіндегі тәсілдер жиынтығы деп анықтама берген.

Ертегі – баланы тәрбиелеуге арналса, ертегі терапиясы сол тәрбие арқылы баланы жөнге салу, онын көзқарасын бағдарлау және ішкі әлемінен хабардар болу тәсілдері.

Ертегі терапиясы арқылы сенімсіз, агресивті, қорқынышы басым балалармен жұмыс істеуге болады, олармен: ұят, өтірік, кінәні сезіну және т.б. қиындықтарда қолданылады. Сонымен қатар, ертегі терапия үдерісі балаға өз қиындықтарын түсінуге, талқылауға және де сол қиындықтарды шешудің түрлі жолдарын көруге мүмкіндік береді.

Ертегі терапиясын мектеп жасына дейінгі балаларға қолдану  барлық уақытта оларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Егер де ертегіні өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білсе, кейбір қиын мәселелерге қатысты жүргізілетін терапиялық жұмыстар да өзінің көмегін тигізеді.

Ертегі терапиясын қолдану  арқылы баланың креативті ойлауын дамытудың маңызы зор. Креативтік ойлау балалардың ертегідегі проблемаларды шешу дағдыларына ықпал ете отырып, нұсқаларды зерделеп, ертегі мазмұнын сындарлы, әрі креативті етіп құрастыруына мүмкіндік береді. Креативтілік ағылшынның «Creativity» сөзінен аударғанда шығармашылық деген мағынаны береді. Креативтілік – жаңаны құрумен байланысты әрекет нәтижесі, шығармашылық өнім.

Бүгінгі таңда  тұлғаның креативтілігі- бұл өте маңызды және сапалы қасиет. Тұлғаның креативтілігі кез келген деңгейде, кез келген сатыда өріс алып келеді. Егер адам басқа адамдардан ерекше болып көрініп, жаңа түсініктермен ойлауға тырысқысы келсе, онда ол адамға  креативтілігін дамыту қажет. Бірақ бұл жағдайға қол жеткізу күрделі үрдіс және оған адамның қалауы мен ниеті болуы маңызды.

Бастапқы кезеңдерде креативтілікті тек қана дарынды балаларда ғана дамытуға болады деген пікірлер қалыптасып, кейін шығармашылық ойлауды кез-келген  балада дамытуға болатыны дәлелденген. Бұл баланың креативті ойлауын дамытуға байланысты тапсырмалар мен  жаттығулардың жауаптарында қате жауаптың болмауымен түсіндіріледі. Баланың жеке тәжірибесі және оның негізгі әрекет ету формалары дамытудың негізгі факторы болып табылады. Креативтілікті дамытуға қолайлы, яғни  сенситивті кезең 3-5 жас болып келеді. Бұл жас ерекшелікте жалпы шығармашылық қабілет ретінде креативтіліктің алғашқы көріністері қалыптаса бастайды.

Мектеп жасына дейінгі балалардың креативтік ойлауын дамыту үшін «Коммуникация» білім беру саласындағы «Көркем әдебиет», «Сөйлеуді дамыту» оқу қызметтері негізінде, күннің екінші жартысында т.б. жүзеге асыруға мүмкіндік мол.  Ертегі терапиясы барысында  балалар достықтың үлкен үлгісін көріп, оған көмек қолын созуға ұмтылады, достықты насихаттайды.

Ертегі терапиясының бір ұтымдылығы – бала тілімен жеткізілуінде, баланың ой ауқымына тән оқиғалар дәрежесінде ситуация құруында. Бала ертегі тыңдау арқылы өзін-өзі емдеп, түрлі шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік алады. Барлық ертегілерде басты кейіпкердің еркін өмірге қол жеткізуі, Отанының тәуелсіз дамуы басты мұрат ретінде бағаланса, ертегі арқылы балақайлар өздік кеңістік пен еркіндік ұғымын түйсінеді.

Театр әр балаға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлайды. Балалардың эстетикалық талғамын, қиялын дамытады. Қазақ халқының өнер жұлдыздарының бірі Ш. Айманов «Театр-адамдарды туыс қылатын шығармашылық отбасы, сахна өнері-тіл жетпес құдыретті өмір шындығын білу, яғни адамның сахнаны сүймеуі мүмкін емес»-деген болатын.

Балалар тілін дамытуда, олардың өмірге деген көркемдік көзқарастарын қалыптастыруда театрландырылған қойылымдар ерекше рөл атқарады. Балалар кейіпкерлерді ойнай отырып, олардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарын береді және ойын арқылы тілдерін дамыта отырып, адамгершілік жақсы қасиеттері қалыптасады. Сондықтан да, театр қойылымдары балабақша тәрбиеленушілері үшін маңызын уақытта жоймақ емес. Осы орайда мектеп жасына дейінгі балалардың ертегі терапиясы арқылы креативті ойлауын дамыту жұмыстарының мазмұндық-құрылымдық моделі жасалды.  (1-сурет)

Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыста креативті ойлауын дамытуға төмендегідей бұрыннан таныс емес, яғни ойдан шығарылған ертегілерді  ұйымдастыруға болады.

Қазір балабақшаларда балалармен ертегілер мен әдеби шығармаларды рөлмен ойнау, қойылымдар қою жұмыстары жақсы жүргізілуде. Осыған айғақ ретінде балабақшада жүргізілген сахналық қойылымды ұсынбақпын. (Тәжірибе жұмыстары)

«Қасқыр мен қоян неге араз?»

Ерте, ерте ертеде қоян мен қасқыр дос болыпты. Екеуінің достықтарына басқа да орман  аңдары, жан-жануарлар тіпті жәндіктерде сүйсіне қарап, таңырқайтын көрінеді. Ал, қоян мен қасқыр болса достықтарына адал болуға серттесіпті. Күндердің күнінде бұларды торуылдап жүрген қырдың қызыл түлкісі араларына іріткі салуды ойлайды. Сөйтіп, 2-3 күндей қасқыр мен қоянның тірліктерін бақылауға көшеді. Сөйтсе, қоян күнде таңертең таңғы жаттығу жасап, денесін шынықтырып, орман ішін бір айнала жүгіріп қайтады екен. Ал бұл кезде қасқыр таңғы ас әзірлеп, қоянды күтетін көрінеді. Осы сәтті қалт жібергісі келмеген қу түлкі таңның атуын күтеді. Әдеттегідей қоян үйшіктен шығып, жаттығу жасап, орман ішіне жүгіре жөнеледі. Түлкі де қалыспай:

–                     Әй қалқаңқұлақ, қайда барасың, тоқтасаңшы?- деп артынан жүгіре айқайға басады.

Қалқаңқұлақ бір сәт кідіре қалып: «Мен күнделікті жаттығу жасаймын, сондықтан да күнде орман ішін аралап бір жүгіріп келмесем, тыншымаймын»- дейді.

Түлкі: – «Ой, қалқам-ау сен қызық екенсің, қасқырмен дос екеніңді орман тұрғындарының бәрі біледі. Алайда, сен орман ішін аралап жүріп, жолбарыстың немесе аюдың жемтігі болсаң, қасекең саған көмекке келер деп тұрсың ба? Ол кеше сен жоқта аюды шақырып алып, сенің етіңді отқа қақтап жейтіндігін айтып жоспар құрып отырғандығын естіп қалдым. Сен ақкөңілдігіңнен бұған мән бермисің де, қазір үйшігіне барып,  қазанға су құйып от жақ. Қазандағы суың әбден қайнады-ау дегенде қасқырды көмекке шақыр да оны отқа қарай итеріп жібер- деп, қоянға ақыл айтқандай болып,  өз жөнімен кете барады.

Қоян келе жатып ойға шомып кетеді: «Мына қу түлкі рас айтады –ау, қасқыр досым мені неге жалғыз жіберіп, өзі үйде қалады? Ол үйде қалғанда немен айналысады, не істиді екен деген сияқты сауалдар мазалайды.»

Осы сәтте қу түлкі қарап қалмай, қоянды азғырғаны былай тұрсын, енді қасқырға да кезек келді деп, солай қарай  бет алады. Келсе, қасқыр әдетінше таңғы астың қамымен жүр екен.

Түлкі: – Әй қасеке аңқауым- ау. Сен қоянға таңғы ас әзірлеп бейнеттеніп жатсың, ал қоян достың болса, күнде жаттығу жасаймын деп, орман ішіне кетеді де, күнде үйрек етін таңғы асқа жеп, саған айтпай қалдығын топыраққа көміп кетіп отырады. Бұндайға қалайша жол бердің?- дейді. Қасқыр өз құлағына өзі сенер сенбесін білмей ашуға булығады. Сөйтіп, таңғы асты өзі ішіп алып, қоянның келуін күтіп жатады.

Қоян үйшігіне келіп,  таңғы астың дайын еместігін көріп аң-таң болады. Одан сайын күдік ұялайды, қу түлкінің айтқаны дәл келді, таңғы астың дайын емес болуына қарағанда қазір аю келіп қасқыр екеуі мені бас салып, етімді жемекші- дейді. Ал қасқыр болса, мына қоян неғып, таңғы ас қайда?- деп сұрамады, демек, бұл үйрек етін жеп тойып келіп тұрған болды ғой деп ойлайды.

Қой, не болса да түлкінің айтқанындай жасайын деп,  қоян қазанға су құйып, от жағады, су әбден қайнады-ау дегенде қазанға ет салмақшы болып қасекеңді көмекке шақырады. Қасқыр: «Қоян маған үйрек етін пісіріп берейін деп жатқан шығар, ол туралы бекер жаман ойлар ойлаған екем»- дейді де қоянға көмекке келіп, қазан басына келе бергенде, қоян қасқырды бар пәрменімен  қайнап жатқан суға қарай итеріп жібереді. Қасқыр ойбай салып, қазаннан әрең дегенде секіріп түсіп, а-уууууууу, а-уууууу – деп ұлып орманға қарай бет алады. Сол күннен бастап қоян мен қасқырдың достығына сызат түсіп, бір-біріне араз болады. Қасқыр сол күннен бастап, ешкімге сенбей, орман ішінде ұлып, өз жемтігін айламен аулауға көшсе, қоян қасқыр қашан келіп мені ұстап алады екен деп қорқумен, үркумен өмір сүріпті.

 

Ханшаның достары.

Кейіпкерлер:

Ханша қыз

Патша

Көбелек

Ара

Қанқыз

Шегіртке

Бақа

Жылан

Құмырсқа

 

Жүргізуші:

Ерте, ерте, ерте екен,

Ешкі жүні бөрте екен

Ертегі сөз қашанда,

Тамашаның көркі екен

Баяғы өткен заманда  патша сарайында ай десе аузы, күн десе көзі бар Ханша атты кішкентай періште қыз өмір сүріпті. Алайда патша қызын ешкімге де көрсетпей сұлулығын жасырып, «Гүл бағындағы» кішкене ғана үйшікте ұстапты. Оған қызмет етуге тек бір ғана қызметші жалдапты. Ханшаның көңілін аулап, ойнайтын, мұңын шағатын ешқандай досы болмапты.

 

Күнде таңертең Ханша бақтағы гүлдің жұпар иісімен оянып, кеш бата аспандағы аймен сырласып жатып ұйқыға кетеді екен. Әдетінше таңертең ұйқыдан оянып, бақтағы гүлдеріне қарап тұрады. Кенет, көбелек пен қанқыздың айтысып жатқандарын естіп қалады.

Көбелек: – жоқ, мен әдемімін, қанаттарым да, өзім де саған қарағанда әдемірек.

Қанқыз: – жоқ, сенен гөрі мен әдемімін, себебі, менің денемдегі ноқаттар сенде жоқ, қызыл мен қара түс денемде үйлесімділік тапқан.

Ханша: – сендерге не болған, неге айтысып жатсыңдар, маған екеуің де әдемісіңдер. Қане, достасыңдар, менде сендермен дос болғым келеді- дейді. Сөйтіп, көбелек пен қанқыз және Ханша дос болып, өздері туралы әндете бастайды.

Көбелек:

Көріп жаздың қызығын

Гүлден – гүлге самғаймын

Гүлдің ерке қызымын

Гүлден өзім аумаймын

Шаршағанда ырғалып

Гүлге ұқсап деп алам

Қанатымды бір қағып

Гүлдей болып жайқалам.

Қанқыз:

Қанқызы деген көрікті,

Қоңыздың бірі мен болам

Денемдегі нүктені

Өміріңде көріппе ең?

Жүремін жасыл желекте

Алақаныңа салып ап

Құлатып алма кенеттен

Ұстағын сен абайлап.

Ханша көбелек пен қанқыздың әндерін тыңдап келе жатса, гүл күлтесінен шыр айналып ұшып жүрген араны көреді. Ара ызыңдап әндетіп жүр екен.

Ара:

Гүлдiң нәрiн жинаймын,

Адамға бал сыйлаймын,

Ұнатамын бiрлiктi,

Қоғамдасқан тiрлiктi.

Еңбекқорды аялаймын,

Ерiншектi аямаймын.

Ханша: Бізбен дос боласың ба? Әнің қандай тамаша?

Ара: болсақ болайық.

Сөйтіп Ханша, көбелек, қанқыз және ара барлығы дос болады. Одан әрі келе жатып, шегірткені кезіктіреді.

Шегіртке: Мұнда не істеп жүрсіңдер? Барлығың жиналып қайда бара жатсыңдар?- дейді.

Ханша: біз достықты паш етіп жүрміз. Кел дос болғың келсе, бізбен бірге жүр- дейді.

Шегіртке:

Шырылдауық шегіртке мен боламын
Ыршып жүріп ән саламын.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алам- мейлі дос болсақ, болайық деп келіседі. Сөйтіп Ханша, көбелек, қанқыз және ара, шегіртке бақ ішінде асыр салып ойнап жүргенде, алдарынан бақылдап бақа кезігеді.

Бақа:

Бақа, бақа, балпақ,

Басың неге жалпақ?

Темір телпек көп киіп,

Басым содан жалпақ.

Бақа, бақа, балпақ,

Көзің неге тостақ?

Қырдан алыс көп қарап,

Көзім содан тостақ.

Бақа, бақа, балпақ,

Бұтың неге талтақ?

Көп отырдым ерініп,

Бұтым содан талтақ.
Сендердің достықтарыңа сырттай қарап, қызығып тұрған едім, мен де сендермен дос болайыншы- дейді. Жарайды, деп барлығы әрмен қарай кете барады. Кенет, шөп арасынан ысылдап тұрған жыланды көреді. Түсі суық, жыланды көрген достардың зәрелері кетеді.

Жылан: қорықпаңдар, мен өзіме тиіспеген жанға менің де қастығым жоқ.

Сумаңдаған тiлiм бар,

Бұраңдаған iзiм бар.

Тiл ұшында уым бар,

Жол үстiнде егiз өрiм,

Қамшым жатар сегiз өрiм.

 

–         Егер маған тиіспесеңдер, менде сендерге тиіспимін. Менен барлығы қорқады, сондықтан да менің сендер сияқты досым болған емес. Сендермен дос болуыға болама?- дейді.

Ханша: Әрине, қуана, қуана келісеміз- дейді.

Құмырсқа:

Кіп-кішкентай құмырсқа ,

Денесіне қарамай,

Бейім барлық жұмысқа.

Жүк салмағын талғамай,

Еңбекшіл, жоқ зияны,

Көтергені ауыр бөрене,

Қиянат етпе сен босқа.

Алып емей,немене?

 

Ханша өзінің осыншама дос тапқанына қуанып, барлығы «Достық» жырын әнге қосып, шаттанып билей жөнеледі.

«Достық керек өмірде,
Ашық сырлы көңілде.
Дос жолдасың болмаса,
Өмір сүру жеңіл ме?»

Достығымыз достар арылмасын,
Пейіліміз кеңейсін тарылмасын,
Жиі-жиі бас қосып сыр шерітсек
Жүрегіміз қалайша жарылмасын.
Күніміз күлкілі бола берсін,
Қуанышқа көңіліміз тола берсін,
Нұрлы аспан астында аясында,
Басымызға бақ келіп қона берсін,
Зұлымдықты әрқашан жеренейік,
Адалдықты сүйуді үйренейік,
Бірлікпенен тірлікті ұштастырып,
Бір әдемі ғажайып, күйге енейік.

 

Осылайша шат-шадыман күндер жылжып өте береді. Бірде Ханша қыз қатты аурып қалады. Патша қатты қайғырады. Не істерін білмей, кімде кім қызын емдеп жазса, патшалығының жартысын беретіндігін айтады. Патша сарайына небір емші тәуіптер жинала бастайды. Алайда ешқайсысы Ханша қыздың ауруының емін таба алмайды. Содан өзінің достары көбелек, қанқыз, шегіртке, ара, жылан, бақа, құмырсқа жиналады. Көбелек тозаңын беріп емедесе, ара балымен емдейді. Құмырсқа бидай дәнімен ауқаттандырса, бақа зәмзәм суын ішкізеді. Қанқыз дәрілік шөппен емдеп, жылан түлеген терісін Ханшаның денесіне басып емдейді. Шегіртке ғана ештеңе жасамайды.

Содан Ханша өзінің адал достарының арқасында  сауығып, ауруынан құлан таза айығады. Сол күннен бастап Ханша қыз ерекше бір дарынға, яғни сиқырлық қасиетке ие болады. Ауырғанда қасынан табылған достарына ерекше қасиет бітіруді ойлайды. Сөйтіп, көбелекке нәзіктік қасиет береді. Араға күн мен түннің түсін араластырса, бақаға суда да, жерде де жүретін қосмекенділік қасиет береді. Ал, қанқызға жеті ноқатты әдемілеп берсе, жыланға жорғалау қасиетін береді. Кереметтей дәмімен дән берген құмырсқаға еңбекқорлық қасиет береді. Тек шегіртке ғана өзінің ішінің тарлығынан барлық қасиеттен құр қалады.

Сол күннен бастап шырылдауық шегіртке атанады. Себебі, ол өзіне ешқандай жақсы қасиет ала алмағандықтан , үнемі Ханшаны шырылдап іздеумен болған екен.

Қорытынды: Олай болса ертегі терапиясы арқылы баланың креативті ойлауын дамыту жұмыстары жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуын қарастырып, адамгершілік құндылықтарын жетілдіруге бағытталады деп тұжырымдауға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *