«Құқықтану негіздері» факультатив курсы


Рыскалиева Ажар Сагынгалиевна
БҚО, Жаңақала ауданы, Жаңажол ауылы, Айдархан жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі

Бағдарлама жалпы білім беретін мектептің 7-8 сынып оқушыларына арналған факультативтік курс. Бұл аптасына 1 сағат, жылына 34 сағатқа арналған. Бүгіндері құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адамның өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Ел көлемінде реформалардың кең ауқымда жүріп жатуына сәйкес құқықтық білімнің жаңа мазмұны жоғары құқықтық мәдениеті бар тұлғаны қалыптастыруға, өз халқының құқықтық мұраларының бұлағынан  сусындатуға бағытталуы керек.

Бұл бағдарлама төмендегідей бөлімнен тұрады.

Бағдарламасы:

Курсты оқытудың мақсаты:

-Оқушыларды қоғамның саяси құқықтық жүйесімен таныстыру;

-Құқықтық біліммен, құқықтық мәдениетпен қаруландыру;

-Заң сыйлағыш тұлғаны қалыптастыру;

-Құқықтық жағынан белсенді және сауатты азаматты – өз Отанының патриотын және    жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу.

Курстың міндеті:

-Қазақстан демократиялық, құқықтық, біртұтас, зайырлы, әлеуметтік мемлекет ұғымын түсіндіру;

-Бала құқығы туралы Конвенцияны оқып үйрету;

-Құқықтық білімдердің саналы түрде меңгерілуін, құқықтық білімдердің қалыптасуын қамтамасыз ету;

-Оқушыны адам құқығы мен еркіндігін сыйлай білуге үйрету.

Ұсынылатын практикалық жұмыстар:

-Реферат, ғылыми жоба даярлап, оны қорғау;

-Пікірталас, іскерлік ойын, білім сайысы.

Курсты қорытындылау формасы:

Мұғалімнің нұсқауымен түрлі формада сынақ өткізіледі.

Күтілетін нәтиже:

Оқушыларды әр түрлі деңгейдегі сайыстарға қатыстыру, пәндік олимпиадаларда нәтиже көрсету.

Курстың мазмұны

1.Кіріспе. Оқушыларға құқықтану пәні туралы түсіндіру. Құқық пәнін оқып, білудің қажеттілігі.

2.Қазақстан – Егемен  мемлекет. Ел, ұлт, тайпа, жүз, одақ, отарлау, тәуелсіз, егемендік сөздерінің мағынасын кең көлемде түсіндіру.

3.Дала заңы. Шыңғыс ханның «Яссасы». Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы»,Тәуке ханның «Жеті жарғысы» туралы түсінік беріп, халық билерінің ұлағатты сөздерінен мысал келтіру, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жаттау, құқықтың мәнін ашу.

4.Конституция-Қазақстанның іргетасы. Егемендік алғаннан кейінгі Ата Заңымыздың өмірге келуі, қалыптасуымен даму тарихы туралы айту.

5.Құқық деген не? Балалар өз құқықтары туралы не біледі? Өмір сүру, денсаулық сақтау, білім алу, еңбек ету құқығы.

6.Сен және сенің құқықтарың. Өмірге келген әрбір сәби республика азаматы. Ол өзін азамат ретінде сезініп, нені талап етуге құқылы, нені істеуге міндетті екенін білуі тиіс.Адамның қадыр-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға оған зорлық-зомбылық жасауға  қатігездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға  болмайтындығы туралы 17-бапта айтылған.

7.Отбасы құқығы мен балалардың мүдделерін қорғаудағы мемлекеттің рөлі. Бала құқығын қорғайтын мемлекеттік органдар. Балаларды қорғау туралы Қазақстандық заңдар. Балалар құқықтарын қорғау туралы халықаралық акциялар мен қозғалыстар.

8.Мен және біздің жанұя. Отан деген ұғым отбасынан басталады. Оқушы жанұядағы әр адамның міндеті мен құқын біліп, құқықтық жауапкершілікті білгені дұрыс. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті-деп 27-бапта жазылған.

9.Қайталау. «Мен және құқық» (танымдық әңгіме)

10-11.БҰҰ-ның адам құқықтары туралы маңызды құжаттары. «Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы», «Балалар құқықтары туралы Декларация» , «Балалар құқықтары туралы Конвенция».

12.Қоғамдағы адам тәртіптерін реттеуші нормалар. Құқықтық нормалар неге керек? Құқық түрлері туралы түсіндіру.

13.Қоғамда құқықты жүзеге асыру формалары. Құқықтың пайда болуы мен дамуы, әдет-ғүрып, салт-дәстүрлер туралы айту.

14.Нормативтік-құқықтық актілер. Конституция, заң, жарғы, актілер.

15.Мораль және құқық. Құқық пен мораль нормаларының ара қатынасы. Жақсылық, қайырымдылық, адалдық туралы түсіндіру. Адамдардың бір-біріне көмек беруі.

16. Қайталау. Рухани-адамгершілік құңдылықтары (дебаттық ойын).

17.Әдеп деген не? Әдеп пен құқықтың тығыз байланыста екенін түсіндіріп, ізгілік, әдептілік, ар-ұят, жауаптылық ұғымдарын оқушылардың санасына жеткізу. Қоғамдық орындарда тәртіп нормаларын сақтау.

18.Сенім деген не? Сенімге ие болу, адамның діни сенімдері, ұрпақтар байланысын ұғындыру.

19.Зат деген не? Қажетті пайдалы заттар. Жеке меншік заттар 6-бап. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.

20.Ақшалай және мүліктік қатынастарға кәмелетке толмағандардың қатынасуы. Ұрлық, жекемешікке мемлекеттік меншікке қол сұғушылық, оның зардаптары.

21.Еңбек.Еңбек ету тәртібі. Еңбектің қадір –қасиетін түсіндіру, басқа адамның еңбегін құрметтеуді түсіндіру. 24-бап. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Әркімнің тынығуына, сондай-ақ заңмен белгіленген шектеулі жұмыс уақытына ақылы демалысқа құқы бар.

22.Құқық әлемінде. Өз құқықтарын жете білуге, өмірде қолдана білуге үйрету.

23.Адамдардың қарым-қатынасы. Қарым-қатынас ұғымы, түрлері, формаларымен таныстыру. Адам арасында ақпарат алмасудың мәнін түсіндіру. Оқушының қарым-қатынас мәдениетін дамыту.

24.Табиғат және мен. Адам өмірін жалғастырушы-табиғатты аялау қажет екенін ұғындыру. 38-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті.

25.Экономикалық құқықтар мен бостандықтар. Қазақстан Республикасы азаматтарының экономикалық құқықтары мен бостандықтарын ашып түсіндіру.

26.Қайталау. Заң және қоғам. (сайыс сабақ).

27.Азамат, билік, демократия. Түрлі басқару жүйелерінің ішінде демократиялық билік жүйесінің алатын орнын көрсету. Оның өзінің ерекшелігін негізгі қағидаларын ашу.

28.Сайлау-демократияның негізі. Оқушыларға сайлау өткізу заңдылықтары, сайлау жүйелері, сайлауға қатысу шарттары туралы түсінік беру.

29.Қазақстан Республикасының Президенті. Елбасы туралы тарих пәнімен байланыстыра отырып, білімдерін толықтыру.

30-31.Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдары. Құқық қорғау органдарының атқаратын қызметтері туралы түсіндіру.

32.Қазақстан – менің өз үйім. Ұлтаралық татулық, оның маңызы туралы ұғындыру. 21-бап: 1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

33-34.Қайталау. «Болашақ Қазақстан» ой –толғау жазу

Сауалнама, тест тапсырмалары

Сабақ жоспарлары

Қазақстан – Егемен мемлекет

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: оқушыларға КСРО-ның ыдырауы, Қазақстанның тәуелсіздік алуы жайлы мағлұмат бере отырып, нақты тарихи заңдылықтарды түсінуін қалыптастыру. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы жайындағы білімдерді меңгеру үшін жағдай туғызу.

Дамытушылық: тақырыпты оқыта отырып тарихи оқиғаның маңызын анықтай білу дағдыларын қалыптастыруға көмектесу, тарихи оқиғаларға баға бере білу қабілеттерін және жан-жақты ойлау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік: өз елінің өткен тарихын құрметтеуге үйрету, Отан мен қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін арттыруға көмектесу, Отанға, еліне деген деген сүйіспеншілік сезімін арттыру, патриоттыққа, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас

Әдіс-тәсілдер: топтық, пікір алмасу, сәйкестендіру, миға шабуыл, галерея.

Сабақтың көрнекілігі: АКТ, карта, кітаптар, карточка, рәміздер.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Сәлемдесу. Оқушыларды, оқу-құралдарын тексеру.

Топқа бөлу:

1-топ: Атамекен

2-топ: Тәуелсіз Қазақстан

3-топ: Менің Отаным – Қазақстан

Мұғалімнің кіріспе сөзі: Тарих –  сырт көзге оп-оңай сияқты көрінгенімен, терең қатпарлы, күрделі ғылым. Содан болар, тарихтың айналасында айтыс-тартыс, пікірталас үнемі болып тұрады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері, тарихымыздың көлеңкелі беттері ашылып, өз тарихымыздағы шындықтарға көзіміз жетіп отыр. «Тәуелсіз еліміздің тірегі – білімді ұрпақ» дейтін болсақ, солардың бірі өздеріңсіңдер.

Бүгін Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне арналған сабағымызды «Қазақстан – Егемен мемлекет» тақырыбында бастағалы отырмыз. Осылай атауымыздың үлкен мәні бар, себебі тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр.

Миға шабуыл: Тәуелсіз деген сөзді қалай түсінесіздер?

АКТ-ны пайдаланып, «Тәуелсіз Қазақстан» туралы видеофильм көрсетіледі.

«Галерея» әдісі бойынша 3 топ постер қорғайды.

1-топ: КСРО-ның ыдырауы

2-топ: Қазақстанның егемен, тәуелсіз мемлекет болып жариялануы

3-топ: Н.Ә.Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті.

Бекіту:

«Атамекен» тобына тапсырма:

Картамен жұмыс

-Елбасы еңбек жолын бастаған қала

-1986 ж. Желтоқсан оқиғасы болған қала

-Қазақстан Республикасының астанасы

«Тәуелсіз Қазақстан» тобына тапсырма:

Үнпарақ шығарып, қорғау: «Менің Президентім»

«Менің Отаным – Қазақстан» тобына тапсырма:

«Журналистік тексеру» Егер Астанаға барып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен кездессең, Президентке қандай сұрақта қояр едің?

Үйге тапсырма: «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында эссе жазу.

Конституция – Қазақстанның іргетасы

Мақсаты: Оқушылардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін практикада қолдана білу дағдысын қалыптастыру.

Түрі: Аралас сабақ

Әдісі: Топтық жұмыс, сахналау

Көрнекі құралдар: ҚР-ның Ата заңы, тақырыптық слайд, бейнебаян, үлестірмелі қағаздар.

Сабақтың барысы: ҚР-ның мемлекеттік әнұраны орындалады.

1.Конституция – Қазақстанның іргетасы

Мұғалім сабақтың мақсатын, Конституцияның қалыптасуы мен даму тарихына шолу жасайды.

2. «Билер кеңесі» сахналық көрініс. (оқушылар қазақ қоғамындағы заңдар жүйесінің жасалу кезеңдерін көрсетеді).

3.Викторина «Сіздер білесіздер ме?»

1.ҚР-ның Жоғарғы кеңесі егемен мемлекетіміздің алғашқы Конституциясын қашан қабылдады? 1993 ж. 28 қаңтар

2.ҚР-ның қазіргі қолданыстағы Конституциясының қабылданған жылы: 1995 ж. 30 тамыз

3.Ата Заңымыз неше тарау, неше баптан тұрады? 9 тарау, 98 бап

4.Тұңғыш Президент сайлауы қашан өткізілді? 1991 ж. 1 желтоқсан

5.Тәуелсіздік күні: 16 желтоқсан

Миға шабуыл: Оқушылар 1 минут ішінде Конституция сөзіне ассоциация құрады.

(Заң, әділет, құқық, парыз, намыс, мәдениет, билік, тәртіп, бап, сайлау, бостандық, мемлекет).

Енді осы ұқсас сөздеріңізге бір ортақ сөз табуларыңызды сұраймын. Ол сөз – Азамат.

Мұғалім: ҚР-ның азаматы Конституциямызда көрсетілгендей барлық құқықтар мен бостандықтарға ие. Сіздер де біздің мемлекетіміздің азаматы болғандықтан, сіздердің де өз құқықтарыңыз бен міндеттеріңіз бар. Ендеше сіздердің практика жүзінде өз құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді қалай қолданатындарыңызды көрейік. Сіздердің алдарыңыздағы қағазда Конституция баптарынан үзінді көрсетілген. Соның ішінен ҚР азаматының құқықтары мен міндеттерін тауып, оны қалай жүзеге асыруға болатындығы туралы айтып беріңдер.

Рефлексия.

Мұғалім сөзі: Енді сабағымызды қорытындылайық. Ата заңды барлығымыз бір кісідей дауыс беріп қабылдадық, оның жоғары заңдық күші бар. Конституция әр азаматтың өмір сүруге, жеке бас бостандығына, ар-намысының тапталмауына, тұрғын үйіне қол сұғылмауына, тегін білім алуы мен денсаулығын сақтауға кепілдік береді. Әрқайсымыз осыны есте сақтауымыз керек.

Үйге тапсырма: «Ата заңым – айбыным» тақырыбында эссе жазу.

Сен және сенің құқықтарың

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: оқушыларға заң білімі саласынан мағлұмат бере отырып, өз құқықтарын жете білуге, өмірде қолдана білуге үйрету, құқықтық білімдерін толықтыру.

Дамытушылық: адамгершілік, адалдық, әділдік пен мейірімділікке баулу арқылы саяси саналығы мен таным белсенділігін арттыру.

Тәрбиелік: еліміздің Ата заңын құрметтеуге,сыйлауға тәрбиелеу. Патриоттық тәрбие беру.

Сабақ түрі: Семинар сабақ

Сабақтың көрнекілігі:Қазақстан Республикасының Конститутциясы,  «Бала құқығы» конвенциясы, «Сенің құқықтарың» кітабы, қанатты сөздер, Заңдар жинағы.

Қанатты сөздер:

«Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды»

Б.Момышұлы.

«Ата заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалған да ғана, ортақ мақсатқа қол жеткіземіз»

Н. Назарбаев.

«Балаңды беске дейін ештеңеден тыйма,

Бестен он үшке дейін құлыңдай қина,

Он үштен ары сырласыңдай сыйла».

«Жақсы бала-сүйеніш, жаман бала-күйініш»

Сабақтың барысы:

I.Мұғалімнің кіріспе сөзі:

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөзді атамыз бекер айтпаған. Әр адам мемлекеттік заңдарды құрметтеп, ата-бабамыздың тәжірибесін үнемі назарда ұстап отыруы тиіс. Халқымыз он үш жастағы баланы «отау иесі» деп атады. Ал қазіргі  Қазақстан Республикасының Ата заңы бойынша, қылмыс жасаған баланы 14 жастан жауапқа тартады. 16 жастан бастап толық әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік басталады, азамат жеке куәлік алады.

Заңды білу – заман талабы. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағыттталған құқықтық мемлекет құру идеясын жүзеге асырып, ондағы әрбір азаматтың құқықтарын жете біліп, соған сай сана-сезімдерін қалыптастыру. Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз – өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы-атында емес, адалдығымен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттарының бірі –  қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.

Жылдар сөйлейді:

1.1787 жылы-Дүниежүзіндегі тұңғыш Конституция «Адам құқығы туралы билль» АҚШ Конституциясы.

2.1789 жылы 26 тамызда – «Адам және азаматтардың құқықтары» Декларациясы қабылданады.

3.1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ-да «Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясы» қабылданды.

4.1959 жылы 20 қарашада – БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында «Балалар құқығы» Декларациясы қабылданды.

5. 1989 жылы «Бала құқығы туралы» Конвенциясы қабылданды.

6. 1993 жылы 28 қаңтарда егеменді еліміздің алғашқы Конституциясы қабылданды.

7.1995 жылы 30 тамызда референдум арқылы бекіткен екінші Конституциямызды қабылдадық.

8.2002 жылы 8 тамызда «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңы қабылданды.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясынан баптарды талдау.

1-бап.

Барлық адам болмысынан тең  құқылы және азат болып туады. Барлық адамға ақыл-ой берілген, сондықтан бір-бірімен бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс.

3-бап.

Әр адамның жеке басының ісіне басқаны араластырмауға, өмір сүруге және еркіндікке құқығы бар.

6-бап.

Әр адам, қайда жүрсе де, заңмен қорғалуы тиіс.

15-бап.

1.Әр адамның азаматтық алуға құқығы бар.

2.Ешкімді де азаматтығынан немесе оны өзгертуге деген құқығынан еркінен тыс айыруға болмайды.

20-бап.

1.Әр адамның бейбіт жиналыстарға еркі бар.

2.Ешкімді де қайсібір топқа немесе ұйымға зорлықпен енгізуге болмайды.

23(1,2)-бап

1.Әр адамның еңбек ету, жұмысты еркін таңдау әділ еңбек жағдайы және жұмыссыздықтан қорғалу құқығы бар.

2.Әр адам бірдей еңбегі үшін бірдей еңбекақы алуға құқылы.

26-бап.

1. Әр адамның білім алуға құқығы бар. Бастауыш және жалпы білім беру тегін болуы тиіс. Бастауыш білім баршаға міндетті, ал техникалық кәсіптік білім көпшілік қолы жетерліктей болуы керек.

2.Білім беру адамның жеке басының кемелденуіне, сонда-ақ халықтар арасындағы өзара түсіністікке және достыққа ықпал етуі тиіс.

3.Ата-аналар балалары үшін білім беру түрін таңдауға құқылы.

29-бап.

1.Әр адамның қоғам алдында міндеттері бар.

2.Кез келген адамның құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда ғана белгілі бір дәрежеде шектелуі мүмкін.

3.Осынау бостандықтар мен құқықтарды жүзеге асыру Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаларына қайшы келмеуі тиіс.

III. Қорытынды.

Көрнекілікпен жұмыс.

1.Оқушылардың құқықтары.

2.Оқушылардың міндеттері.

IV. Үйге тапсырма:

Қанатты сөздердің мән-мағынасын ашу.

БҰҰ-ның Адам құқықтары туралы маңызды құжаттары

Мақсаты: Адам құқықтары мен бостандықтарын Конституцияның баптарымен түсіндіру. Халықаралық аса маңызды құжаттармен  таныстыру,білімдерін тереңдету. Әрбір жеке азаматты өз құқығын білуге тәрбиелеу. Демократиялық көзқарас қалыптастыру.

Өткізу түрі : Семинар

Көрнекілігі: ҚР Конституциясы,ел рәміздері. Плакатта Н.Ә.Назарбаевтың «Егер біздің құқық идеялар салтанат құратын өркениетті қоғам орнатқымыз келетіні рас болса,онда әрбір азамат мектеп қабырғасында жүргенде-ақ  құқықтың қарапайым бастауларын біздің әрқайсысымыз қарапайым есеп-қисапты білгеніміздей игеріп алуға тиісті». Сызба «Адам құқықтары мен бостандықтары»

I.Мұғалімнің кіріспе сөзі:

Жеке адам құқығы мәселесіне аса зор үлес қосқан,тарихта өшпес аттарын қалдырған ойшылдар Т.Гоббс,Ш.Монтеське,Ж.Ж.Руссо,И.Кант,Т.Джефферсон,т.б адам құқықтарының негізгі қағидаларын ең алғаш  анықтап белгілеп берген.Олар барлық мемлекеттік  өкімет халықтың мүддесіне жұмыс істеуі тиіс дейді.Қазақ ойшылдары да Төле би,Әйтеке би,Қазыбек би  бабаларымызбен бірге Абай атамыз да адам құқықтарын қорғаған.Ол 1885 жылы Шарда өткен билердің  төтенше  съезіне қатысып,сот жүйесіне өзгерістер еңгізген.Шоқан Уәлихановта «Сот   реформасы» еңбегінде адам бостандықтарын жазған.Қазіргі кезде адам құқықтары мен бостандықтарына арналған қағидалар мен ережелердің ерекше жүйесі-«Халықаралық құқықтық  құжаттардың» маңызы ерекше болып отыр.

II.Негізгі бөлім

Оқушылар Халықаралық құқықтық құжаттар және ҚР Конституциясының баптары бойынша сөйлейді.

БҰҰ –ның Бас Ассамблеясы қабылдаған 1948 жылғы  «Адам құқықтары туралы жалпыға бюірдей Декларацияның» ережелерін үш топқа бөлуге болады:

Бірінші топқа адамдардың табиғи және айырғысыз  құқықтары жатады.Бұл-өмір сүру құқығы,жеке  басының бостандығы,құлдықтан азат болуы,адамды азапқа салуға,қаталдық көрсетуге немесе намысын қорлайтын шаралар қолдануға жол бермеу.

Екінші топқа азаматтықпен байланысты ережелер жатады.Бұлар-азаматтық алу,некеге отырып,отбасын құру,меншік иесі болу,баспана алу,ар-ождан  бостандығына ие болу, бейбіт жиналыстар.Үшінші топқа өкономикалық,әлеуметтік және мәдени  құқықтар жатады.

«Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтық приціптерімен нормаларын құрметтейді» деп Конст-ияның 8–бабында жазылған.Адам мен азамат құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде ҚР –ның Президенті жанындағы «Адам құқықтары жөніндегі комиссия»  маңызды рөл атқарады.Бұл комиссия адам мен азаматтық құқықтар мен бостандықтар жөнінде Президентке және комиссияның өзіне жолданған хаттарды қарайды,құқықтарды қорғаудың жөн жобасын жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді.Бұл міндетті орындау үшін комиссия органдар  мен лауазымды тұлғалардан адам құқықтарын қорғауды жайы туралы қажетті мәліметтер  құжаттарды тындай  алады.

3-оқушы:  Діни наным сенімдер

Қазақстан Республикасының Конституциясының  әркімнің ар-ождан,діни-наным және діни көзқарастарын жариялау бостандығына кепілдік береді.Бірақ ол жалпы азаматтық және азаматтық құқықты, міндеттіліді шектемеуі керек.Діни наным бостандығы бойынша ешкім де Үкімет тарапынан арнаулы  шіркеуді,мешітті, мойындауға міндеттелмейді.Балалар белгілі діни  мектептерге баруға күштелмейді.

4-оқушы: Қазақстан азаматтарының қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар құруы туралы.

«Демократиялық мемлекетте азаматтар өз таңдауымен мемлекеттен тыс бірлестіктерге кіреді,сол арқылы қоғамдық өмірге еркімен қатысады.Қазақстан Республикасының азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. «Қоғамдық бірлестіктердің  қызметі  заңмен реттеледі» деп 23 бапта көрсетілген.

5-оқушы: Адамның бұлжымас құқықтары

Қазақстан Республикасы-көпұлтты мемлекет.Конституцияға сәйкес әрбір азамат ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға , қарым-қатынас жасауға, тәрбие алуға құқығы бар.

Қорытынды:

Сұрақ-жауап,пікірлер алмасу:

Сұрақтар:

1.Адамдардың туғаннан еріксіз саналған кездері бола ма?

2.Бір – біріңмен бауырмалдық рухта қарым-қатынаста болу дегенді қалай түсінесіңдер?

3.Әлемнің барлық балалары өздерінің құқықтары жөнінен бір-бірімен тең бе?

4.Қол сұғылмайтын дербестік деген не?

Мақсаты:

Білімділік: оқушыларға мораль ұғымын ашатын түсініктер мен моральдың қасиеттері туралы мәліметтер беру.

Дамытушылық: оқушылардың моральдық санасын жаңа материал беру арқылы дамыту.

Тәрбиелік: оқушылардың моралы жоғары және адамгершілік қасиеттері мол болып өсуіне бағыт беру.

Сабақ түрі: Аралас сабақ

Әдісі: Топтық жұмыс, әңгімелеу, сұрақ-жауап.

Көрнекілігі: Дидактикалық материалдар

Сабақ барысы.

Ұйымдастыру.

Оқушылармен амандасу, түгендеу, фигуралар арқылы топқа бөлу.

Жаңа сабақ.

Оқушылардың күнделікті өмірдегі мораль туралы түсініктерін білу үшін таратпа материалдар ұсынылады. Ол материалдарда ізгілік, зұлымдық, жақсылық, жамандық, қайырымдылық, адамгершілік, арлылық, арсыздық, ұят, ұнамсыздық, т.б. ұғымдары берілген. Оқушылар өз түсініктерін ортаға салады.

Мораль – адамдардың бір-бірімен және қоғаммен қарым-қатынастарын анықтайтын қауымдық өмір сүру ережелерінің, адамдардың өздерін ұстау нормаларының жиынтығы.

Моральдың құқықтан айырмасынн түсіндіру үшін оқушылар төмендегі кестемен жұмыс жұргізеді.

Топтық тапсырма

1-топ: Мораль номасы адамдардың қандай адамгершілік әрекеттерін негіздейді?

2-топ: Моральдық тұрғыдан адамдардың қандай әрекеттері құпталады?

3-топ: Моральдық тұрғыдан қандай әрекеттер құпталмайды?

4-топ: Мораль қандай адамгершілік қасиеттерге үйретеді?

Әр топ өз тобына берілген тапсырманы бірігіп, дайындап, ортаға салады.

Бекіту:

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан үзінді оқып, төмендегі сұрақтарға жауап беру.

Мораль ұғымын қалай түсіндің?

Мораль нормасы мен құқық нормасы деген не?

Құқықтық актілерге, негізінен, қандай адамгершілік ұстанымдар жетекшілік етеді?

Үйге тапсырма:

Моральдық қасиеттер мен ұстанымын өздері бағалайтын кейіпкерлер туралы қысқаша шығарма жазып келу.

Еңбек тәртібі

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: қоғамдық өндірістік үрдіске қатысушылардың ішкі еңбек тәртібі туралы түсінік алады.

Дамытушылық: жағдаяттарды талдай отырып,жүйелі ойлау,өздігінен жұмыс жасау дағдысын дамытады.

Тәрбиелік: құқықтық сауатының артуына ықпал етеді.

Сабақтың түрі: Аралас

Әдісі: Интерактивті, әңгімелеу, ойталқы, заң баптарымен жұмыс.

Көрнекілік: ҚР Конституциясы,ҚР Еңбек кодексі (15.05.2007ж №252)

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі

Оқу құралын тексеріп түгелдеу. Оқушылар зейінін сабаққа аудару.

Жаңа сабақ

1.Еңбек тәртібі және оның мәні

2.Еңбек тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік

«Мағынаны түсіну»

1-топ: Еңбек тәртібі және оның мәні(6тарау,69-75бап)

«Тәртіпке бас иген құл болмайды,тәртіпсіз ел болмайды»  Б.Момышұлы

1.Еңбек тәртібі деген не?

2.Еңбек тәртібінің әдістері?

3.Жұмыс берушінің міндеттері?

4.Қызметкерді жұмыс беруші көтермелей ме?

5.Еңбек кітапшасы деген не?

6.Мемлекеттік марапаттарды ата.

Еңбек тәртібі-жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек тәртібіне мойынсұну,белгілеп берген талаптарды орындау міндеттемелерінен көрініс табады. Еңбектегі табысы үшін көтермелеу

2-топ: Еңбек тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік

«Адамды тәртіпсіздік жасағаны үшін емес,оны тағыда қайталамауы үшін жазалайды»                                                                      Сенека

1.Тәртіптік жауапкершілік неліктен беріледі,қандай тәртіппен жауап беріледі

2.Тәртіптік тегіс қылық белгілерін ата

3.Тәртіптік жазаның түрлері

4.Еңбек тәртібін бұзуда қолданылатын ең ақырғы шара қалай жүзеге асады

5.Тәртіптік жазаны қолдану тәртібін ата

6.Материалдық жауапкершілік ,қылмыстық жауапкершілік деген не

3-топ: Тәртіптік теріс қылық белгілері

1.Кәсіпорынның ішкі еңбек тәртібін  қоғамға қауіпті емес сипатта бұзу.

2.Кәсіпорынмен еңбектік құқықтық қатынаста тұратын қызметкерлер жасайтын тәртіп бұзушылық

3.Қызметкердің еңбек міндеттемесін орындамауынан туатын тәртәп бұзушылық.

4.Кінәлілікпен құқыққа қарсы іс –әрекеттің немесе әрекетсіздіктің арасындағы себепті байланыстыр: Еңбек тәртібін бұзғаны үшін қолданылатын тәртіп жаза

Ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу

Бекіту:

1.Кәсіпорынның  ішкі еңбек тәртібі деген не?

2.Жұмыстағы табысы үшін көтермелеудің түрлері қандай ,оған еңбек кітапшасының қатысы не

3.Тәртіптік теріс қылық ұғымын түсіндір

4.Жұмыстан шығарудың тәртібі қандай

Үйге тапсырма:

Еңбек туралы мақал-мәтелдер жинақтап келу.

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілінбей.

Еңбек ет те, міндет ет.

Ердің атын еңбек шығарады.

Жылай –жылай жер қазсаң, күле-күле су ішерсің.

Байлықтың атасы –еңбек, анасы –жер.

Құқық әлемінде

Мақсаты:

Оқушыларға заң білімі саласынан мағлұмат бере отырып, өз құқықтарын жете білуге, өмірде қолдана білуге үйрету, құқықтық білімдерін жетілдіру;

Заңды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру;

Оқушылардың жауапкершілігін арттыру.

Сабақтың түрі: сайыс сабақ

Сабақтың көрнекілігі: интербелсенді тақта, слайд, ҚР-ның Конституциясы, үлестірмелі тапсырмалар.

Сайыстың барысы:

1.Ұйымдастыру кезеңі

Егеменді, өркениетті елдің бүгіні мен ертеңін өрге бастар – жас жеткіншектер. Бүгінгі сайыс сабағымыздың мақсаты – құқықтық тәрбие бере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жас жеткіншектерін азамат ретінде көрсете білу.

Оқушыларды екі топқа бөліп, сайыстың ережесімен таныстыру. Сайыс 7 кезеңнен тұрады. Сынып 2 топқа бөлінеді.

1.Таныстыру

2. «Тікелей сұрақтар»(2 топқа 10 сұрақ, әр жауап 1 ұпаймен бағаланады)

3. «Мықты болсаң тауып көр»(деңгейлік сұрақтар)

4. «Сенің құқығың» ертегілер елінде (әр сұрақ 10 ұпаймен бағаланады)

5. «Адасқан әріптер»(берілген әріптерден құқықтық терминдер құрастыру керек)

1.Таныстыру

2.Тікелей сұрақтар

І топ сұрақтары:

1)Конституция сөзінің аудармасы қандай?(лат. құрылым,өкілім)

2)ҚР мемлекеттік биліктің бірден – бір бастауы? (халық)

3)Республика заңдары қай кезде күшіне енеді? (Президент қол қойғаннан кейін)

4)Егемендік алғаннан кейін ҚР Конституциясы қанша рет қабылданды? (2рет, 28.01.1993ж,30.08.1995ж)

5)Республикадағы жоғарғы заң шығарушы орган?(Парламент)

6)Адам құқығы қай кезден пайда болды?(Туылғаннан)

7) «Қасым ханның қасқа жолы» қанша бөлімнен тұрады?(5)

8)Президент биліктен кеткеннен кейін қандай атаққа ие болады?(Экс-президент)

9)Балалар құқықтары конвенциясының мақсаты не?(балалардың құқықтарын қорғау, оларға тәрбие беру)

10.ҚР-ның төл теңгесі қашан қолданысқа енгізілді?(1993ж. 15қараша)

ІІ топ сұрақтары:

1)Демократия грек тілінен аударғанда қандай мағына білдіреді?(Халық билігі)

2)ҚР басқару құрылымы қандай?(Президенттік республика)

3)ҚР әкімшілік құрылымы жағынан қандай мемлекет?(унитарлы мемлекет)

4)ҚР–да ресми түрде қолданылатын тіл?(орыс)

5)ҚР-ның Тіл туралы тұңғыш заңы қашан қабылданды?(1989ж. 22 қыркүйек)

6) «Жеті жарғыны» қабылдаған қазақ ханы кім?(Тәуке хан)

7)ҚР «Баланың құқықтары туралы заң» қай жылы күшіне енді?(2002ж. 8 тамыз)

8.Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы қашан қабылданды?(1948ж. 10желтоқсан)

9.ҚР өзін қандай мемлекет ретінде орнықтырды? (демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік)

10)ҚР-ның қазіргі Конституциясы қай елдің Конституциясына ұқсас?(Франция)

3. Тәуелсіз Қазақстан

Мықты болсаң тауып көр.(деңгейлік сұрақтар)

10.Еліміздің өз тәуелсіздігін қашан ресми түрде жариялады?(1991ж. 16 желтоқсан)

20.Отанымыз ҚР-ның тәуелсіздігінің символына айналған Алматы қаласындағы ескерткіш қалай аталады? (Тәуелсіздік монументі)

30.Еліміздің тәуелсіздігін бірінші болып таныған мемлеке: (Түркия Республикасы)

40.ҚР БҰҰ құрамына өтті?(1992ж. 2наурыз)

Ата Заң

10.ҚР–ның алғашқы Конституциясы қабылданды?(1993ж. 28қаңтар)

20.Қазіргі кездегі қолданыстағы Конституция қашан қабылданды?(1995ж. 30тамыз)

30.ҚР-ның Конституциясы неше бөлімнен, неше баптан тұрады?(9 бөлім, 98 бап)

40.Конституция баптарындағы заң нормаларының сақталуын, өзге заңдардың Конституцияға қайшы келмеуін қадағалайтын мемлекеттік орган:(Конституциялық кеңес)

Құқықтық терминдер

10.Еңбектің күрделілігіне, саны мен сапасына сәйкес төленетін сыйақы? (жалақы)

20.Қылмыстық құқықта қылмыс жасауда кінәлі деп танылған адамға сот үкімі арқылы тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы? (жаза)

30.Талдап түсіндірілген заңдар жинағы? (кодекс)

40.Мемлекетте нақты түрде қолданылып отырған нормативтік-құқықтық актілердің жиыны? (Заңнама)

4. «Сенің құқығың» ертегілер елінде

1-ертегі. «Қырық өтірік ертегісі»

«Тазша бала» ертегісін білесіңдер ғой. Хан жарлығы бойынша жетім өскен тазша бала тапқырлығымен «қырық өтірік әңгіме», «өтірік өлең» құрастырып, халқын, ханын риза қылады. Бала құқығы бұзылды ма? Бұл жерде қандай құқық жөнінде айтылған? (Бала құқығы бұзылған жоқ, өйткені бала өз пікірін емін-еркін білдіруге құқығы бар) ҚР Бала құқығы заңы 11-б,1-т

2-ертегі. «Ұр, тоқпақ» ертегісі

«Ұр, тоқпақ» ертегісінде кедей шал Қазбайға жасаған жақсылығы үшін алған «Піс,қазанын», «Құс,есегін» алып қалған балалары «Ұр, тоқпақтың» көмегімен өздерінің теріс қылықтарын түсіндіріп, «Піс, қазанын», «Құс, есегін» қайтарып алды. Бұл жерде қандай құқық жөнінде айтуға болады? Құқық бұзылды ма? (Иә, егер бала тәртіп бұзса да,оларды қанау түрлеріне жол бермейді).

3-ертегі. «Алтын сақа» ертегісі

Сақасын алуға келген баланы Жалмауыз кемпір ұстап алып, өлтірмекші болып, баланың өміріне қауіп төндіреді. Оқушылар, бұл туралы конвенцияда не айтылған? Бала құқығы бұзылды ма? (Иә,бұзылды. Әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және өміріне қол сұғылмауы тиіс) ҚР Бала құқығы заңы 10-б,1-т

4-ертегі. «Керқұла атты Кендебай» ертегісі

«Керқұла атты Кендебай»  ертегісінде Кендебай ата-анасынан айырылып қалған баланың әкесі Мергенбай батырды, қолға түскен басқа да адамдарды зынданнан шығарды. Бұл жерде ата-анасынан айырылып қалған баланың құқығы бұзылды ма?(Иә бұзылды. Баланы ата-анасынан күштеп айырып алуға болмайды. 22-б,2-т

5.Адасқан әріптер(берілген әріптерден құқықтық терминдер құрастыру)

І топқа

Азамат – аталмыш елдің азаматтығын алған,конституцияда көрсетілген құқықтар мен міндеттердің барлық жиынтығына ие адам

Сайлау – заңмен белгіленген ережелер жиынтығы,олардың көмегі арқылы дауы беру нәтижелері анықталады

Қылмыс – құқықбұзушылықтың бір түрі, … – өтеуі жаза

Үкімет – ҚР жоғарғы атқарушы органы

ІІ топқа

Отбасы – қоғамның маңызды әлеуметтік институты, … – ошақ қасы

Заңгер – заң саласының қызметкері

Мәміле – азаматтар немесе ұйымдардың азаматтық құқықтары мен міндеттерді белгілеуге,өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған іс-әрекеттер

Міндет – парыз, борыш.

Қорытынды: Жеңімпаз топты марапаттау.

Экономикалық құқықтар мен бостандықтар

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: ҚР азаматтарының экономикалық құқықтары мен бостандықтарын ашып түсіндіру.

Дамытушылық: тұлғаның ерікті қоғамда дамуы барысында экономикалық құқықтар мен бостандықтардың маңызын маңызын көрсету.

Тәрбиелік: оқушылардың қазіргі кезеңдегі экономикалық қатынастарға деген көзқарастарын қалыптастырып,дамыту.

Сабаққа қажетті материалдар:

«Адамның экономикалық құқықтары мен бостандықтары» кестесі, «Экономикалық құқықтар мен бостандықтар» салыстырмалы кестесі,Жалпыға бірдей адам құқықтары Деклрациясы,ойынға қажетті материалдар,еңбекпен қамту қызметінің ақпараттары.

Сабақта кезедесетін ұғымдар:

Экономикалық құқықтар мен бостандықтар,жұмыссыздық,төменгі жалақы.

1.Сабақтың бірінші нұсқасы

Сабақтың бастапқы кезеңінде «Жұмыссыздық» ойыны ойналады. Ойын төрт сатыдан тұрады.

Бірінші саты (10-15 минут)

Оқушыларды рөлдерге бөлу.Жұмыссыздар кәсіпкерлермен мейілінше қолайлы жағдайда келісімшарт жасасуға тырысады.Келісімшартқа отырғызғаннан кейін ол жұмысшы болып еңбекақы алады,ол табысын жеке есепшотқа енгізіп,біліктілігін көтеру мақсатында әрекет етеді.

Екінші саты:

Мұғалім ойынға қатысушылардан жағдайға қатысты экономикалық талдау жасауларын сұрайды,яғни олар өткен қаржы жылының қорытындысы бойынша көрсеткігтер беруі керек.

Кәсіпкер: фирмаға қабылданған жұмысшылар саны, олардың біліктілік дәрежелері, фирманың жылдық табыс пайдасы. Бұл жерде кәсіпкер мынадай көрсеткішті басшылыққа алады: кәсіпкердің жұмысқа қабылдаған әрбір бірінші разрядтағы жұмысшы айына -1000 теңге,екінші разрядтағы жұмысшы – 2000 теңге, үшінші разрядтағы жұмысшы 3000 теңге пайда әкеледі.

Жұмысшы қанша табыс тапқанын яғни,есепшоттағы  ақша сомасының мөлшерін анықтайды.

Жұмыссыз – бірде бір келісімшарт жасаспаған жыл бойынша жұмысқа орналаса алады.

Үшінші саты:

Мұғалім оқушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, келесі қаржылық жылдың басталғанын хабарлайды. Бұл «жыл» өткен жылға қарағанда 2-3 минутке кем болады. Содан кейін жылдың аяқталғанын хабарлайды, оқушылар оның қорытындысына талдау жасайды,ары қарай жаңа қаржылық жылы жалғасады.

3-4 «жыл» (саты) өткеннен кейін соңғы қорытынды жасалып, ойын аяқталады. Ойынға қатысушылар барлық өткен жылдардағы алынған ақша сомаларын есептейді.

Төртінші саты:

Қорытынды сатысы. Бұл сатыда ойынға қатысушылар ойыннан алған әсерлерін ортаға салады. Ойынға қатысқандардың барлығына  сөз беріледі. Алдыңғы қатарға шығып, дараланғандар жоғары дәрежеге қалай жеткендерін, ол үшін қалай  әрекеттенгендерін айтса, ойын барысында  сәтсіздікке ұшырағандар өз жолдарында қандай кедергілердің болғанын, оны жою үшін не істеу керек екендігін, төменгі көрсеткіштер алуына  не әсер еткендігін айтады.

Оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, ойынның нәтижесін қорытындылау.

Үйге тапсырма.

ҚР Конституциясынан  экономикалық құқықтар туралы баптарды тауып оқу.

Қазақстан Республикасының Президенті

Мақсаты:

Білімділік: оқушылардың  Елбасы туралы тарих пәнінен алған білімдерін толықтыру.

Дамытушылық: тапсырмалар орындау арқылы білік-дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік: Елбасының өмірі мен қызметін өнеге тұту.

Сабақ түрі: Семинар сабақ

Әдісі: Әңгімелеу, сұрақ-жауап, топпен жұмыс, галерея

Көрнекілігі: АКТ, баспасөз материалдары, оқулықтар, қанатты сөздер.

Сабақ барысы.

Ұйымдастыру.

Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу. Оқушыларды топқа бөлу.

Жаңа сабақ.

Президент лауазымы туралы түсінік беру. Мемлекет басқарудың 3 буыны мен Президенттің байланысы, Президенттің органдар жүйесіндегі орны туралы түсіндіру.

Қазақстан халқының мемлекеттік тарихынан Президент басқаруға дейінгі даму тарихына шолу жасау үшін оқушыларға сұрақтар қою арқылы жаңа сабаққа бағыт беру.

1.Алғаш рет Түрік қағандығында елді кім басқарды? Қаған

2.Шыңғыс ұрпақтары тұсында елді кім басқарды? Хан

3.Кеңестік жүйе тұсында мемлекетті кім басқарды? Кеңес Одағы Орталық Комитетінің Хатшысы

4.Қазақстанда Президенттік лауазым қашан енгізілді? 1990 ж.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевың өмірі мен қызметі туралы видеофильм көрсетіледі.

«Галерея» әдісі арқылы 3 топ постер қорғайды.

1-топ: Президенттің  Парламентпен байланысы

2-топ: Президенттің Үкіметпен байланысы

3-топ: Президенттің Сот билігіне қатысы

Бекіту:

Терминдермен жұмыс: Президент, Парламент, үкімет, сот, министр.

Үйге тапсырма:

«Егер мен Президент болсам» эссе жазу.

Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары

Сабақтың мақсаты:

Білімділік:  оқушылар республикамыздағы құқық қорғау органдарымен олардың атқаратын қызметтері, қызмет барысында өзара тығыз байланыстары туралы түсінеді.

Дамытушылық: құқық қорғау органдарының мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтудағы маңыздылығы жөнінде өз көзқарастарын дамытады.

Тәрбиелік: құқық қорғау органдарының қызметтерін өмірде қолдана білуге және олардың атқаратын істерін құрметтеуге,азаматтыққа тәрбиелейді.

Сабақтың көрнекілігі:

–         ҚР Конституциясы

–         «Құқық қорғау органдары туралы» ҚР заңы,таратпа материалдар;

–         Интерактивті тақта;

–         Тірек-сызбалар;

Сабақтың түрі: Семинар сабақ

Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, түсіндіру

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру.

ІІ.Жаңа сабақ:

Сыныпты төрт топқа бөліп, әр топқа сұрақтар таратылып беріледі.(өзара оқыту стратегиясы)

1-топ. Құқық қорғау органдары жүйесінде полицияның алатын орны қандай?

2-топ. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда прокуратураның рөлі қандай?

3-топ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының қызметіндегі басты бағыттары туралы не айтасың?

4-топ. ҚР-дағы Әділет министрлігінің қызмет жүйесі?

Құқық қорғау қызметі негізі үш нысанда жүзеге асырылады:

а)Құқық бұзушылық сақтандыру жөніндегі әр алуан шаралар жүргізу жолымен.

в)Заңды істерді қарау және шешу жолымен.

с) Құқық бұзушыларды заңмен жауапқа тарту жолымен.

Полиция органдары: Полиция – Ішкі Істер министрлігінің құқық қорғау органдар жүйесінде басшылық орын алады. Оған құқықбұзушылықтың алдын алу,анықтау және болдырмау жөніндегі анағұрлым міндет жүктелген. Сондықтан полиция жүйесінде толып жатқан полициялық органдар құрылған. Олар:1)Қылмысты істер полияциясы.ол қылмыстарды болдырмау және ашумен айналысады;2)Патруль полициясы-көщелер мен елді мекендерде,басқа да қоғамдық орындар да қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастыру;3)Жол полициясы жол қозғаолысы ережелерін сақтауды және оның қауіпсіздігін қадағалайды;4)Әкімшілік полициясы,оның мәндеті-әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу;5)Полицияның арнайы отрядтары-күзетілген маңызды объектілерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету.

Заң бойынша полиция қылмыстар,әкімшілік бұзулар туралы өтініштерді,хабарлауларды қабылдауға және тіркеуге,қылмыстан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге, қылмыс жасаған адамдарды іздестіруге,кәмелетке толмағандардың панасыздығы мен құқық бұзуларын анықтауға,шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағында болу кезінде ережелерді сақтауға бақылауды жүзеге асыруға және т.б міндетті.

Заң полицияға құқық бұзулары жасағаны жөнінде сезікті азаматтардың құжаттарын тексеруге;әкімшілік құқық бұзулар туралы хаттамалар жасауға;заңда көрсетілген жағдайларда азаматтарды ұстауға және қамауға алуға;қылмыс жасаған адамдардың ізіне түсу кезінде азаматтардың тұрұғын үйлеріне кіруге,оларды тексеруге және т.б құқық береді.

Қазақстанның полициясы басқа еларалық келісімдер негізінде басқа елдердің полициясымен өзара әрекеттестікте жұмыс істейді.Қазақстан өз аумағында қылмыс жасаған адамдарды іздестіруге,ұстауға және ҚР-на көмектесетін халықаралық полиция ұйымының-интерполдың мүшесі болып табылады.

Прокуратура ҚР-ның құқық қорғау органдары арасында айрықша орын алады. Оның қызметі көпқырлы және көптеген бағыттарда жүзеге асырылады. Прокуратураның басты міндеті – барлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпорындардың,мекемелердің және лауазымды адамдардың заңдарды, Президенттің жарлықтарын, құқықтық-нормативтік актілердің мүлтіксіз және біркелкі қолдануына жоғарыдан қадағалауды жүзеге асыру болып табылады. Прокурорлық қадағалаудың мақсаты – республиканың бүкіл аумғында біртұтас және берік заңдылықты қамтамасыз ету, заңнамалардың талаптарын бұзу фактілерін анықтау және кінәлілерді жауапқа тарту.Ол өз қызметін ҚР Президентіне тікелей есеп беретін тек қана Бас прокурорға бағына отырып,басқа мемлекеттік органдарға тәуелсіз атқарады.

Прокуратураға кең өкілдіктер берілген. Мысалы, ол мыналарды қадағалауды жүзеге асырады.

а)Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;

ә)Полициялық органдардың тергеулер мен анықтаулар кезіндегі заңдылығын;

б)Азаматтарды әкімшілік жауапқа тартудың заңдылығын;

в)Сот белгілеген жазаларды орындау мен Азаматтық істер бойынша сот шешімдерін орындау заңдылығын;

г)Сот органдарының үкімдерінің,шешімдерінің заңдылығын.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті құқық тәртібін қорғауда үлкен рөл атқарады. ҰҚК басшылығымен облыстар мен қалаларда құрылған аумақтық органдарға жұмыс істейді.

ҰҚК органдары тікелей ҚР Президентіне бағынады.Оның басты міндеті – ҚР қауіпсіздігіне қатер төндіретін шетелдік мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен жекелеген адамдарының барлау және дұшпандық қызметімен күрес болып табылады. Бұл күрес заңға сәйкес жария, сондай-ақ жария емес, құралдар мен әдістерді қолдану жолымен жүргізіледі, ҰҚК органдарының қызметіндегі басқа маңызды бағыт-лаңкестікпен, заңсыз қару айналысымен, нашақорлықпен, жемқорлықпен, контрабандамен, пара алумен, басқа да ауыр қылмыстармен күресу болып табылады.

Лаңкестікпен күресу – 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі және 2002 жылы қазанда Мәскеудегі театр орталығына жасалған шабуылдан кейін ерекше міндетке айналды. Сондықтан ҚР ҰҚК–ны лаңкестікпен күресу жөніндегі өз қызметін басқа мемлекеттердің мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен әрекеттесу арқылы жүзеге асады.

Әділет министрлігінің құқықтық мәртебесі  Қазақстан Республикасының Үкіметі 11 наурыз  1999 жылы қабылдаған Әділет министрлігінің туралы ережеде бекітілген. Әділет министрлігі  өз қызметін ҚР  Конституциясына, ҚР бекіткен халықаралық келісімдерге, заңдарға нормативтік  актілерге және Әділет министрінің  бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырады.Аумақтық Әділет органдарына басышылық етеді.

Әділет министрлігі туралы ережеде Әділет министрінің парызы әдеттілік пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында халыққа және ҚР Президентіне қызмет ету екені көрсетілген.

Құқықтық көмек  және заңгерлік қызмет көрсету саласында Әділет министрінің мыналары жүзеге асады:

АХАЖ органдарының  қызметін нормативтік-құқықтық,ұйымдық,кадрларымен қаржылық жағынан қамтамасыз ету.

Мысалы, адвокатураның қызметі, сөз жоқ, құқық қорғауға жатады. Ол кәсіпкерлікке жатады. Негізгі мақсаты ретінде пайда табуды көздемейді және қылмыстық істер бойынша қорғауды,азаматтық, әкімшілік,қылмыстық және басқа да істер борйынша өкілдікті, азаматтармен заңды тұлғаларға өзге де заңгерлік көмек көрсетеді.

Нотариат – ол жеке және заңды  тұлғалардың құқығы мен заңды мүддесін нотариалдық әрекеттер арқылы қорғаудың бекітілген жүйесі. Ол құқықтармен фактілерді куәлендруға,заңда қарастырылған өзге де міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған, яғни мәмілелерді куәландырады, мұрагерлік мүліктерді қорғау шараларын қолданады, құжаттар көшірмелерінің дұрыстығын растап куәландырады.

III.Қорытындылау. Венн диаграммасын қолдану.

IV.Үйге тапсырма.Құқық қорғау органдарының мемлекет тәуелсіздігін нығайтуда үлесі туралы өз ой-пікірлерін жазу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *