Эссе «Тәрбиеші-шығармашылық мамандық» Іс-шараның сценариі


Төлеуқоңыр Жадыра Құнанбайқызы

Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп – лицей – интернатының  қосымша білім беру педагогі

        Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиешілік. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық ұландарды тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адамгершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, қосымша білім беру педагогі ол ең алдымен –  тәрбиеші маман. Тәрбиеші болу деген айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.
Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Әскери лицейде қосымша білім беру педагогі болып жұмыс істегендіктен қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеп келемін. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, қосымша білім беру педагогінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін. Әскери лицейде лицейде қосымша білім беру педагогі елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелейді, отансүйгіштік қасиеттерді дамытады.

Қиындығы мен қызығы, ауартпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр ұланның бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, баланы жан-тәнәмен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқыған жоқ» дегенекен.
Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз болашақ елін қорғайтын сарбаздар мен ерлік көрсететін батырлар тәрбиелеуге әрдайым жауаптымыз.

Кеш барысы:

1-жүргізуші:

Армысыздар, өнер сүйер, өлең сүйер қауым, ұландар және кеш қонақтары!  ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мәңгілік ел идеясы – ұлттың ұлы мұраты»  атты лицейішілік ақындар мүшайрасына қош келдіңіздер!

2-жүргізуші:

Мүшәйраның мақсаты –  Тоныкөк абыз тасқа қашап, Асанқайғы армандаған, кешегі Алаш қайраткерлерлі өсиет еткен,  бүгінгі  қазақ ұрпағы жүзеге асыруға серт беріп,  бел буған  «Мәңгілік ел» мұратын жас ұрпаққа насихаттау; «Мәңгілік ел» рухы жолында қасық қаны қалғанша шайқасып, атамекеннің сынық сүйем жерін дұшпанға бастырмай кеудесімен қорғаған батыр бабаларымыздың, қаһарман хандарымыздың, елдің бірлігін даналығымен ұйытқан би-шешендеріміздің ерлік істерін, отансүйгіш өнегесін жастарға үлгі ету; қазақ халқының әрдайым  татулық пен ынтымақты  үлгі еткен дархан мінезін, ауызбіршілік пен  адалдықты, еңбекқұмарлық пен ақыл-ойды  қасиеттеген ізгілікті дәстүр-салтын жыр тілімен кестелеу.

1-жүргізуші:

Ақындардың бабы мен бағын сарапқа салатын әділқазы алқасымен таныс болыңыздар:

1. «Тас түлек ақындар үйірмесінің жетекшісі, «Халықтық ақындар орталығының ұстазы Молдабеков Серік Рысбекұлы

2. «Сезім сырлары» ақындар орталғының жетекшісі Каримов Адлет

3.  Дамыту орталығының жетекшісі Алкеева Ляззат Қасымқызы

2-жүргізуші:

Ендеше, мүшайраның шарттарымен таныстырып өтейік. Мүшайра екі кезеңнен тұрады:

І кезең. «Мәңгілік ел идеясы – ұлттың ұлы мұраты» («Мәңгілік ел идеясы», «Тәуелсіздік», «Елін сүйген елбасы», «Отан», «Туған жер» тақырыптарының біріне) – 1 өлең

ІІ кезең. Импровизация (Мүшайрада берілген кез-келген тақырыпқа                        10 минуттың ішінде суырып салма өлең шығару) – 1 өлең

Мүшайра жас ерекшеліктер бойынша екі топқа бөлініп, өткізіледі:

–         5-8 взвод ұландары

–         9-11 взвод ұландары

Мүшайраға қатысушы ұландарды ортаға шақырайық:

1. Cағадиев Мейіржан  112-топ

2. Мақсат Ердана 112-топ

3. Төлеубаев Темірлан 92-топ

4. Абраимов Қанат 82-топ

5. Болат Заңғар 92-топ

6. Бағдат Ерсұлтан 102-топ

7. Канабиев Владимир 82-топ

8. Асқаров Бақдаулет 102-топ

9. Бекенұлы Мұрат 72-топ

10. Сарқытбай Әділхан 52-топ

11. Ерлан Әділ 52-топ

12. Тұраров Әділет 92-топ

13. Еркінбеков Мейіржан 82-топ

14. Кенжеканов Ерканат

15. Серғазы Ильяс

1-жүргізуші:

Маржан жырларды жанына серік қылған ақындарымыздың сайысқа қатысатын реттік санын анықтау үшін жеребе тартуларын сұраймыз. Ақындарымыз сайысқа шығуға дайындалғанша «Көңіл құсы құйқылжыр шар тарапқа» демекші әсем әнге кезек берейік.

Ән: «Елім менің» әні

2-жүргізуші:

Сонау сақ,  ғұн, түркі бабаларымыздың алтын  аңызымен әспеттелген Қазақ елінің тәуелсіздігі, елтаңбасы, көк байрағы, әнұранындағы рәміздерді ұлықтай білетін, Қазақстанның кең байтақ шекара шебін қас қақпай күзетіп тұрған ержүрек сардарларымыз бен  жауынгерлерімізге жігер беретін, намысын қайрайтын толғаулар мен дастандар тудыратын,  кеңірек айтқанда «Мәңгілік ел» ұлы мұратымыздың мағыналық   кеңістігіне түпқазық болып тұрған   ана тілімізді,  ата ділімізді, әдет-ғұрпымызды, шежірелі тарихымызды, мәдени мұрамызды  көздің қарашығындай сақтауға жастарды шақыратын  мәйекті өлеңдер тудыратын ақындарымызды мүшайраның І кезеңі бойынша өлеңдерін оқуға ортаға шақырамыз.

2-жүргізуші:

(Ұландар І кезеңге арналған өлеңдерін оқиды)

Ұландар ІІ кезеңге дайындалғанша ән көңілдің ажары деп әсем ән тыңдайық.

Ән: «Үшқоңыр» әні

1-жүргізуші:

ІІ кезең. Импровизация (Мүшайрада берілген кез-келген тақырыпқа                        10 минуттың ішінде суырып салма өлең шығару) – 1 өлең

Мүшайраға қатысушы ақын ілінген тақырыптардың ішінен біреуін таңдап соған 10 минуттың ішінде суырып салма өлең шығару қажет. Тақырыпты таңдау реттік саны бойынша жүзеге асады.

Сайыс қорытындысы шыққанша тағы да кәусар жырдан сусындап, өлеңнен шашу шашуға келген  кеш қонақтарына кезек береміз.

2-жүргізуші:

Сайыстың қорытындысын шығаруға әділ-қазылар алқасын ортаға шақырамыз.

Марапаттау.

Қорытынды сөз:

Президент Н.Назарбаев болашақта Қазақстанның ұлттық идеясы «Мәңгілік ел» болады деп жариялады. Шынында қай ел, қай халық болмасын жер бетінде мәңгі жасауға ұмтылады. Соңғы мың жылдықтың ішінде тарих сахнасына шыққан, басынан талай аумалы-төкпелі замандар өткізген, ақын тілімен айтқанда «мың өліп, мың тірілген» қазақ жұртының мәңгілік жасауға құқығы бар.

Ғаламдық жаһандану дәуірінде алыстағы алпауыт мемлекеттердің әсері күшейе түсуде, ал іргеде отырған державалардың империялық пиғылы да әсте төмендеген жоқ. Оны әлемде соңғы кездерде болып жатқан оқиғалар айғақтауда. Сондықтан, Мәңгілік ел сөзі – Мәңгілік тәуелсіздік ұғымымен астасады. Бұл үшін тек елді қорғау, жерді қорғау, тілімізді сақтау аздық етеді. Еліміздің болашағы – жас ұрпақ ұлттық сана-сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы таза, салауатты, жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азамат болып тәрбиеленуі тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *