Пробация қызметінің маңызы мен қызметі


Қарашорова Әсел Қуатовна
Қазтұтынуодағының Павлодар  экономикалық колледжінің психология магистрі, қоғамдық-құқықтық пәндер оқытушысы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» жоспары Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі жаһандық кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін стратегиялық кешенді бағдарлама екені анық. Әсіресе, аталған жоспардың 33 қадамында «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау» көрсетілген.

Бұл қызметтің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – істі болған жандарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа дәл келеді. Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді екен. Яғни сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге тықпай, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.[1]

Қазақстанда пробация жеке институт ретінде толық қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен оның кейбір элементтері қылмыстық атқару жүйесінде байқалып қалады. Мәселен, шартты түрде бас бостандығынан айыру, жүкті әйелдердің жаза мерзімін азайту, кішкентай баласы бар әйелдерді уақытынан ерте босату секілді. Алғашында Қазақстанда шартты түрде сотталғандарға қатысты шартты үкімдік пробация қалыптастыру көзделген. Өйткені шартты түрде сотталғандар сынақ мерзімінде жүреді. Ал сынақ мерзімін беру – пробацияның негізгі белгісі

Жалпы, пробация қызметі мемлекет  басшысы Н.Назарбаевтың 2012 жылғы 15 ақпанда қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында және қылмыстық-атқару жүйесіндегі қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында құрылған болатын.

Еліміздегі «түрме халқы» санын азайту өзекті мәселелердің бірі. «Түрме халқы» деңгейінің жоғары болуы, бүгінгі таңда көптеген мемлекеттерге әлемдік рейтингте кері әсерін тигізіп отырған мәселелердің қатарында. Бұл жағдайдың біздің елімізде де көрініс тауып отырғандығы жасырын емес. Бәріңізге белгілі, бүгінгі таңда  Қазақстанның қылмыстық саясаты әлемдегі дамыған мемлекеттердің тәжірибесін есепке ала отырып, еліміздегі бірқатар қылмыстық жазаларды ізгілендіру, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың ауқымын кеңейтуге бағытталған.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің Ішкі істер министрлігі тарапынан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды дамыту бағытында көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Соның бірі – пробация қызметі.
Жалпы пробация қызметінің түпкі мақсаты – жазаға тартылған адамның қателігін, мінін бетіне басу емес, орын алған қылмыстың  себеп  салдарын зерттеп,  мүмкіндігінше сотталушының қайталап қылмыс жасамауы үшін оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға психологиялық тұрғыдан көмек беру.

Бүгінгі таңда пробация қызметінің тиімділігі қылмыстық-атқару инспекциясы мен жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының сотталғандарға бірлесіп көрсеткен әлеуметтік-құқықтық көмегінің деңгейіне тікелей байланысты. Осыдан-ақ, пробация қызметінде қылмыстық-атқару инспекцияларының жеке дара  жұмыс істей алмайтындығын көруге болады. Жергілікті органдардың тікелей қолдауынсыз пробация қызметі жемісті болмайды.
Пробация қызметінің басты бағыты – құқық бұзушы мен қылмыстық профилактиканы қайта әлеуметтендіру, сондай-ақ, мемлекет бюджетін үнемдеу болып табылады.

Жалпы, пробацияға қатысты жұмыстар 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы бекітілгелі бері бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ, бір жылғы қарқынды жұмыстан кейін 2012 жылы ақпан айында Қылмыстық атқару инспекция құрамында пробация қызметі бөлімдері құрыла бастады. Бұл бөлім мамандарының міндетіне шартты түрде сотталғандарды бақылау ғана емес, сондай-ақ, құқықтық көмек көрсету де енді. Нәтижесі жаман емес. Сотталғандардың қайта қылмыс жасау санының бірнеше есеге азаюы соның айғағы.[2]

Сырт көзге пробация жүйесі жазасын өтеушілерге белгіленген тым жеңіл жаза түрі болып көрінуі мүмкін. Бірақ шынында осы жүйенің арқасында қаншама адам тәртібін түзеп, келесі жолы қылмыс жасамауды толық түйсінеді.

Пробацияның тек екі моделін қолдану арқылы қайта жасалатын қылмыстарды азайтуға қол жеткіздік. Қазіргі таңда бұл қызметтің тиімділігін одан әрі жандандыру, сондай-ақ, пробация қызметінің жаңа моделін құру бойынша жұмыстар жалғастырылып келеді.

Пробация қызметінің басты көздегені – шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық, медициналық көмек көрсету арқылы олардың қайта қылмыс жасауларына жол бермеу. Өмір болған соң, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ал сотты болып жазасын өтеп жүргендерді өмірге қайта бейімдеудің мәні зор. Өйткені, сотқа дейінгі пробацияның негізгі мақсаты – қылмысқа барған адамның әлеуметтік маңызды байланысын сақтап қалу болып табылады. Ал сотқа дейінгі баяндама қылмыстық қудалау органдары, сот өтініші бойынша жасалады. Бұл құжат сотталушының жеке мінез-құлқын толықтай ашып береді. Сондай-ақ, оған қатысты бас бостандығынан айыруға балама жаза түрлерін қолдануға мол мүмкіндік туады. Аяғын шалыс басып, сүрінген адам үшін осының өзі түзеу, оң жолға салу.

Егер сот бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарса, пенитенциарлық пробация қолданылады. Бұл кезде пенитенциарлық пробация қызметкері сотталғанды үкім шыққан күннен бастап қоғамға қайта бейімдеуді қолға алады. Қазіргі таңда жазасын өтеп жатқандарды әлеуметтік қайта бейімдеуге бағытталған арнайы бағдарлама дайындалуда. Бағдарламада сотталғандарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетумен қатар, білім беру, кәсіп үйрету кешені қарастырылған. Темір торда телміріп, торығып отырғанша орта және кәсіби техникалық білім алып, бір кәсіптің қыр-сырын үйрену сотталғандардың ертең бостандыққа шыққанда да босқа сенделмей, қоғамда өз орнын тауып кетуіне сеп болары анық. Осының бәрі, тіпті, абақтыда отырған кездің бәрінде сотталғандарға психологиялық көмек беру тәртібі қазіргі қылмыстық атқару заңнамасында толықтай жазылған.[3]

Алайда, түрме телі-тентекті тезге салып, түзу жолға түсіре ме? Мәселе осында. Жасыратыны жоқ, жұрт түрме тіршілігін көріп келген жанға күдікпен қарауын қойған емес. «Сотталып келген» деген сүрең сөз соңынан сүйретіліп, бойын тіктер кезде аяғынан шалып, өмірінің соңына дейін қара таңба болып қалғандар қаншама?! Түрме толықтай түзеу мекені бола алмайтынын осы тар қапастан шыққан талайдың қырын кеткен тағдыры дәлелдеп берген. Себебі, тауық ұрлап түрмеге жабылып, шыққанда кісі өлтірудің «қыр-сырын» «меңгеріп» алғандар, өкінішке қарай, аз емес. Ендеше, өмірде сүрінгендердің бәрін түрмеге тоғытпай, қоғамда бейімделуіне мүмкіндік берудің де игілікті іс екенін естен шығармаған жөн болар.

 

Библиографиялық тізім

Әдебиеттер тізімі

1.ҚР Қылмыстық атқару кодексі (өзгертулермен  толықтарулар енгізілген 15.02.2012 )

2. «Қазақстан Республикасының заңнамалық пробация қызметі мәселелері» ҚР Президентінің Жарлығы  № 556- VI ҚРЗ 27.02.2012

3.Ким Д.Вопросы развития пробации в Республике Казахстан. Исполнение наказаний №8, август.-2012год – 59с

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *