Баланың мектепке дейінгі мекемеде бейімделу ата-ана мен тәрбиешінің арасында психологпен байланыс орнату


Аханова Маржан Тлеубековна

КМҚК  №134 «Гауһар» балабақшасының педагог -психологі

Қазіргі заманда балаларды балабақша жағдайына бейімдеуді тиімді ету қажеттілігі жылдан жылға артып отыр. Бейімделу кезеңінің тиімділігі бұл үрдіске отбасының араласуы барысында тиімді бола түсетіні анықталды. Мазасыздану, бейімделудің ауыр формасы әдетте ата ананың баласының жаңа өмір жағдайына эмоционалдық дайын болмауымен байланысты түсіндіріледі, әсіресе оларда мектепке дейінгі мекемеге қатысты мазасыздану басым болады.

3-5 жас аралығындағы балаларда өздеріне тән ерекшеліктер бар. Бұл кезең балалардың ата- анасынан айырылу мен жаңа жағдай алдындағы қорқыныш сезімдерінің өткір болуымен сипатталады. Мектепке дейінгі мекемедегі жағдайға бейімделу аса ауыр өтеді. Сондық тан бұл кезең балаға аз жарақат әкелетіндей ұйымдастырылуы тиіс. Баланың балабақшаға келуі күйзеліске түсіреді. Өзіне бөгде адамдар мен көп балалардың болуы, айналадағы таныс емес жағдай осының бәрі олардың стрессінің негізгі себебі.

Бейімделу үрдісінің алғашқы кезеңінде қиындықтар болмас үшін баланың отбасынан балабақшаға өтуі біртіндеп жүруі тиіс. Сондықтан мектепке дейінгі мекеменің қызметкерлері мен ата – ана арасындағы өзара әрекет пен ынтымақтастық баланың балабақша жағдайында жеңіл бейімделуінің негізгі кепілі болмақ. Мұндай ынтымақтастық балада ғана емес ата-аналардың да балалармен айырылысудағы мазасыздануын азайтады.

Бұл тақырыптың өзектілігі  осы мәселе бойынша жалпы балабақша жағдайындағы бейімделу үрдісіне  негізделеді.

Психологиялық кеңеске деген сұранысты талдау  баланың балабақшаға келуімен байланысты ата – аналар тарапынан уайым мен мазасызданудың артатынын көрсетті. Бұл ең алдымен ата – ананың  баланың жаңа жағдайға бейімделуі туралы, педагогтардың мүмкіндіктер мен мекеменің іс әрекет мазмұны туралы ақпараттануының төмендігімен байланысты.Сонымен қатар ата – аналардың мекемемен байланысқа түсуге деген ынта тілектерінің тұрақсыздықтары да анықталған. Бұл олардың бала тәрбиесінен алшақтап тәрбиешілерге, педагогтарға итере салуынан байқалады.

Мектепке дейінгі мекеменің мамандарының бақылауы мен талдауының  нәтижесі балалардың  соматикалық, психологиялық, физиологиялық өзгерістермен бірге жүретін және баланың денсаулығына кері әсер ететін мектепке дейінгі мекемеге орташа және ауыр бейімделу оқиғаларының артқанын анықтады және осыған байланысты бейімдеу бағдарламасын жасау қажеттілігін туғызды.

Сондықтан біздің ойымызша балалардың мазасыздану деңгейін төмендетіп, сәтті бейімделуі үшін қажетті жағдай ата аналар мен тәрбиешілердің ынтымақтастығын арттыру, отбасы мен балабақшада балаға деген қатынасты  жақындастыру.

Біздің бағдарламаның мақсаты балалардың мектепке дейінгі мекемеге бейімделуі кезінде балабақша қызметкерлері мен  ата – аналар арасындағы өзара байланысын нығайтуға қажетті ашық кеңістік құру.

  1. Ата – аналарды баланың бейімделу кезеңіне деген қызығушылықтарын оятып, жауапкершілігін арттыру.
  2. Баланың жаңа жағдайға бейімделуі кезінде ата – аналарға кеңес беруді ұйымдастыру.
  3. Мектепке дейінгі мекеме мен отбасында тәрбиелеудің ортақ стратегиясын жасау.
  4. Ата – аналардың өздерінің педагогикалық мүмкіндігіне сенімін арттыру және оларды қолдау, мазасыздану деңгейін азайту.
  5. Білім беруге қатысушыларды психологиялық жақындастыру.

 

Жеңіл бейімделу – баланың жүріс – тұрысының 10 – 15 күн ішінде қалыпты жағдайға оралуы, соған сәйкес салмақтың артуы, ұжымда өзін дұрыс ұстауы, мектепке дейінгі мекемеге барған бірінші ай ішінде ауырмауы.

Мектепке дейінгі мекемеге барудың 20 күнінде баланың ұйқысы қалыпты нормаға келеді, өз уақытымен тамақтана бастайды. Көңіл – күйі сергек  және қызығушылығы болады, бірақ мұның бәрі таңғы жылаумен сәйкесінше жүреді. Жақын адамдармен және ересектермен қарым – қатынасы бұзылмайды. Балаларға деген қарым-қатынасы қызығушылықпен немесе немқұрайлылықпен сипатталады. Ортаға деген қызығушылығы үлкендердің қатысуымен екі аптада өз қалпына келеді. Сөйлеу мәнерінің дамуы тежеледі, бірақ бала үлкендердің айтқан нұсқауларын орындауы мүмкін. Бірінші айдың соңына қарай сөйлеу мәнерінің белсенділігі қалпына келеді. 10 күннен артыққа созылмайтын, ешқандай ауыр салдарға соқтырмайтын аурудың болуы мүмкін. Вегетативтік жүйке жүйесінде өзгерістер немесе невротикалық реакциялардың белгілері болмайды.

Орташа бейімделу – қозғалыстар бір ай көлемінде қалпына келеді, психикалық стресстің белгілері бар. Жалпы жағдайының бұзылуы айқын және созылыңқы түрде көрініс береді. Ұйқы және тәбет тек 20 – 40 күннен кейін ғана қалпына келеді. Бір ай көлемінде көңіл – күйінің тұрақсыз болуы тән. Жүріс – тұрыс реакциялары мектепке дейінгі мекемеге келгеннен 30 күнде өз қалпына келеді. Баланың жақын адамдармен қарым – қатынасы эмоционалдық қозу жағдайында болады (жылау, кездескен кезде немесе қоштасқан кезе айқайлау). Балаларға деген қарым – қатынасы немқұрайлы, сирек жағдайда қызығушылық болуы мүмкін. Сөйлеу мәнері қолданылмайды немесе белсенділігі төмендейді. Ойында бала өзінде қалыптасқан дағдыларды қолданбайды, жағдайға байланысты ойнайды. 10 күннен артық созылмайтын, ауыр салдарсыз екі рет ауруы мүмкін. Салмағы өзгеріссіз немесе төмендейді. Невротикалық реакциялар көрініс береді: үлкендермен және балалармен қарым – қатынаста таңдау, нақты бір жағдайларда ғана қарым – қатынас жасау. Вегетативтік жүйке жүйесінің өзгерісі: бозару, терлеу, бет терісінің жарылуы, көздің астының көгеруі, беттің албыртып тұруы – 1,5 – 2 апта көлемінде.

Ауыр бейімделу – ұзақтығы 2 айдан 6 айға дейін. Бала жиі ауырады, алған әдет – дағдыларын жоғалта бастайды, физикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар психикалық жағынан үдеуі мүмкін. Бала жақсы ұйықтай алмайды,  ұйқысы қысқа және жылап немесе айқайлап оянып кетеді, тәбеттің тартпауы ұзаққа созылып, тіпті тамақтан бас тартуға алып келуі мүмкін, невротикалық құсу, функционалды дәретке отырудың бұзылуы. Көңіл-күйі немқұрайлы, бала өте көп және ұзақ жылайды, жүріс-тұрыс реакциясы мектепке дейінгі мекемеге келген күннің 60-күнінде өз қалпына келеді. Жақындармен қарым-қатынас эмоционалды қозу күйінде болады және олармен бірлескен әрекет жасаудан бас тартады. Балаларға деген қарым-қатынасы: олармен қарым-қатынастан бойын аулақ ұстайды немесе агрессиялық қарым – қатынас көрсетеді. Бейімделудің ауыр жағдайы 2 нұсқа бойынша көрініс беруі мүмкін:

  1. Жүйкелік-психикалық дамуы 1-тоқсанға артта қалады, респираторлық аурулар 10 мөлшерінде болып, үш реттен көп қайталанады. Соның әсерінен бала 1-2 тоқсан уақытында өспейді және салмақ қоспайды.
  2. Жүйкелік-психикалық даму 2-3 тоқсанға артта қалады, бойының өсуі және салмақ қосуы баяулайды, жиі ауырады.
  3. Әлсіз көрініс фазасы – баланың адекватты жүріс-тұрысымен сипатталады. Психикалық жағынан жетілуі орташа жағдайдан баяу болады. Фаза 3-5 айға созылады.

Ауыр жағдайдағы бейімделудің симптомдары. Балабақшаға бару баланың осы уақытқа дейін қалыптасқан стереотиптерін қайта құруға мәжбүр етеді. Ол үшін бұл қиын соғады және көп жағдайда стреске алып келеді. Л.Н. Галигузова бейімделудің ауыр түрінің симптомдарын бөліп көрсетті :

  1. эмоционалды жағдайдың бұзылуы;
  2. қарым-қатынас сферасының бұзылуы;
  3. амбиваленттік мінез-құлық;
  4. заттармен жұмыс жасауда іс-әрекеттің әлсіз жетілуі өмір сүру барысының өзгерісі бірінші кезекте баланың эмоционалдық жағдайының бұзылуына алып келеді.

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Әубәкірова Ж.К. Мектеп жасына дейінгі балалармен қарым қатынас тренингін ұйымдастырудың педагогикалық психологиялық негіздері. Автореф.к.пс.н. – Алматы, 2001, -88б.
  2. Возрастная и педагогическая психология: Хрестоматия: Учеб. пособие для студентов пед. учеб. заведений /Сост. И.В. Дубравина и др. – М.: Изд. центр Академия, 1998. – 313 с.
  3. Немов Р.С. Психология. Учеб. для студентов вые. Пед. Учеб. заведений. В 2 кн. Кн.2. Психология образования.- М.: Просвещение: Владос, 1994.- 496с.
  4. Общение детей в детском саду и семье. / Под ред. Рониной Т.А., Стеркиной Р.Б., -М.: Педагогика, 2000.-260с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *