Түстер әлеміне саяхат

Сисекенова Дидар Набидуллаевна 

БҚО, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылы, МКҚК «Балбұлақ» бөбекжайының логопеді

2017-2018 оқу жылы

Тақырыбы: түстер әлеміне саяхат

Логопедиялық сабақтың тақырыбы:

С-Ш дыбыстарын буында, сөзде, сөйлемде ажырату.

Сабақтың мақсаты:

Түстер тақырыбын меңгерте отырып, С-Ш дыбыстарын буында, сөзде, сөйлемде бір-бірінен ажыратып, анық айтуға үйрету.

Оқу қызметінің міндеттері:

1. С-Ш дыбыстарын буында, сөзде, сөйлемде ажырату.

2. Балалардың ұсақ қол моторикасын, тыныс алуын, сөйлеу мүшелерінің қимыл-қозғалысын дамыту.

3. Фонематикалық естуін арттыру.

4.   Ойлау қабілеттерін жетілдіру.

5. Байланыстырып сөйлеуін дамыту.

6. Қосымшаларды дұрыс қолдануға үйрету.

7. Түстерді ажыратып үйрету.

Көрнекілігі: айна, артикуляциялық жаттығулардың суреті, С-Ш дыбыстары бар суреттер, табиғат суреті, Дымбілмес пен Мыстан кемпірдің суреттері.

Оқу қызмет  барысы

І Ұйымдастыру бөлімі.

Сәлемдесу (балалар хормен)

Сәлемдесейік иіліп,

Жылы жүзбен жымиып.

Қызығы мол сабақта

Ойнайық та күлейік.

ІІ Негізгі бөлім.

1.        1. Ұсақ қол моторикасын дамыту.

«Саусақтар сәлемдеседі»

Орындалу тәсілі: Бас бармаққа қалған сасақтарды сәлемдестіріп, түйістіру. Екі қолдың саусақтарына орындау.

«Жұдырық, тақтай, алақан»

Орындалу тәсілі: Алақандарды алдымен жұдырыққа түйіп, одан соң тігінен ұстап,сосын алақанды үстел үстіне қою. Осы қимылдарды кезектестіре, тез орындау.

 

1.        2. Артикуляциялық жаттығулар орындау.

«Күрекше»

 

Жаттығудың дұрыс орындалу тәсілі: жалпақ тілді ауыз қуысынан шығарып, төменгі ерінге салып, 10-15 сек. ұстап тұру керек.

 

«Алтыбақан»

 

Жаттығуды дұрыс орындау тәсілі: тілді жіңішкертіп, кезекпен мұрынға, иекке қарай созу, бірақ ауызды ашып ұстап тұру керек. Бұл қалыпта тілді оңға дейін санап тілді қозғалту қажет.

 

«Ат шауып келеді»

 

Жаттығуды дұрыс орындау тәсілі: ауызды кең ашып, тілді таңдайға жабыстырып, баяу, жылдам қағу керек. Тіл асты желбезегін созу. Осы жаттығуды бір ден беске-оңға дейін қайталау қажет.

 

«Кесе»

 

Жаттығудың дұрыс орындалу тәсілі: ауыз кең ашық, жалпақ тілді жоғары тіске қарай көтеріп, бірақ тіл тіске тимеуі керек, 10-15 сек. ұстап тұру керек.

 

«Сылақшы»

Жаттығуды дұрыс орындау тәсілі: ауыз кең ашық, тілдің ұшымен қатты таңдайды сылау. Бағытын өзгерте отырып, 10-15 рет қайталау.

 

1.        3. Тыныс алу жаттығуларын орындау.

«Көбелекті гүлге қондыр» ойыны.

Жіптің бір жағына көбелек, бір жағына гүл байланады. Бала көбелекті гүлге қондырғанша мұрынмен дем алып, ауызбен үрлейді.

ІІІ Жаңа сабақ.

Балалар, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Түстер әлеміне саяхат» деп аталады. Ендеше, балалар қандай түстерді білеміз?

–  Балалар, жарайсыңдар. Түстер адамға сән береді, айналаны құбылтады. Егер түстер болмаса барлығы көңілсіз болар еді. Сондықтан түстер бізге қажет екен. Бірақ, балалар, мына суретке қарайықшы. Бұл суретте не бейнеленген?

– Дұрыс айтасыңдар. Табиғаттың және Дымбілмес дейтін баланың жылап тұрағанын көріп тұрмыз. Ол неге жылап тұрғанын білеміз бе?

– Өйткені, балалар, мыстан кемпір кемпірқосақтың түстерін ұрлап алған екен. Сол себепті табиғатта мұңайып отыр. Ал Дымбілмес оларға қалай көмектесу керек екенін білмейді. Себебі мыстан кемпір түстерді оның тапсырмаларын орындаса ғана береді екен. Сендерден көмек сұрап отыр. Түстерді тауып, кемпірқосақты бояп берейік. Қанекей, көмектесеміз бе, балалар?

– Ендеше, бастаймыз.

– Түстердің түрін атап өттік, енді сол әрбір түсте бір тапсырма бар. Кім түстердің тапсырмасын жақсы орындаса сол кемпірқосақты бояйды.

1-тапсырма. Қызыл түс.

С-Ш дыбыстарын ажырату. С-Ш дыбыстарының айтылуын еске түсіреміз. С дыбысын қалай айтамыз? С дыбысын айтқанда еріндер жымияды. Тістердің арасы сәл ашық. Тілдің ұшы төменгі тістерге тіреледі, салқын ауа пайда болады. Ш дыбысын айтқанда еріндер түтікшеге ұсқсайды. Тілдің ұшы жоғарғы тістерге тіреледі, жылы ауа пайда болады.

Тілді төмен са-са-са – би билейді жараса!

Тілді жоғары ша-ша-ша – біздің шана тамаша!

2-тапсырма. Көк түс.

«Кім зейінді?» ойыны.

Әр түрлі буындардың ішінен С мен Ш дыбыстарын естігенде жалаушаны көтеріп, буынды қайталайсыңдар.

са, се, па, му, қа, ша, су, ма, ле, ше, ба, ме, шу, лу, .

3-тапсырма. Сары түс.

Логопед: Кім жақсы естиді екен? Мен С мен Ш дыбыстарына сөздер айтамын. Сендер сол дыбыстардың сөздің басында, ортасында, аяғында кездесуін қолдарыңдағы сандар бойынша көрсетіп анықтайсыңдар.

Мысалы: сана, сағат, Асан, асық, шана, қуыршақ, шалбар, ағаш, шаңырақ, шар, машина.

4-тапсырма. Жасыл түс

Дидактикалық ойын: «Қай баған?» (сурет бойынша «с» дыбысынан басталған сөздерді «с» бағанына, ал «ш» дыбысынан басталған сөздерді «ш» бағанына орналастыру қажет)

Ш С

 

5-тапсырма. Қызғылт-сары түс

[С]-[Ш] дыбыстарын сөздерде ажырату.

Ұста-ұшта

Аласа-алаша

Өсу-өшу

Қас-қаш

Сал-шал

Сана-шана

 

Сабақ-шабақ

Істі-ішті

Сала-шала

Асу-ашу

Сақ-шақ

Асық-ашық

 

 

6-тапсырма.  Алқызыл түс

«Бұл қалай өзгереді?» ойыны.

Логопед балаларға түбір сөздер айтады, балалар түбірге тиісті жұрнақ жалғау арқылы жаңа сөз жасайды.

-шы     немесе     -сы

 

Мал……         бала……

Сауын……     ана…..

Оқу…….        аула…..

 

7-тапсырма. Күлгін түс

«Мен бастаймын, сен аяқта» ойыны.

Логопед: Мен сөйлемді бастаймын, сендер суреттен көргендерің бойынша сөйлемді аяқтайсыңдар.

1.        Шора мен Самал (шанамен ойнады).

2.        Пештің қасында сары (мысық отыр).

3.        Саягүл сары (сиырды сауды).

ІV Сергіту сәті.

Орнымыздан тұрайық,

Дөңгелекті құрайық.

Қолымызбен шапалақтап,

Алақанды ұрайық.

Бір отырып, бір тұрып,

Сауық-сайран құрайық.

Бас, иық, тізе, саусақ,

Аяқ, аяқ, аяқтар,

Саусақ, саусақ, саусақтар.

Логопед:

– Балалар, жарайсыңдар! Барлық тапсырманы орындап, Дымбілмеске көмектестіңдер. Енді, түстерді атап шығайықшы.

– Дұрыс айтасыңдар! Балалар, Дымбілмеске ертегі айтып берсек қайтеді. Ендеше, «Арыстан мен тышқан» ертегісін тыңдап, әңгімелейік. Және с-ш дыбыстарын барынша дұрыс айтайық.

 

V Оқу қызметін бекіту.

[С]-[Ш] дыбыстарын мәтінде ажырату.

«Арыстан мен тышқан»

(ертегі)

VІ Үй тапсырмасы.

С-Ш дыбыстарын әріппен таңбалап, бастырып келу.

VІІ Бағалау.

VІІІ Қорытындылау.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published.